«Балауса» бәйгесі жарияланды.
Сәуірдің 2-ші жұлдызы – Халықаралық балалар кітабы күні. Осыған байланысты Қазақстан Жазушылар Одағы және «Қазақмыс Тобы» бірлесіп, мектеп жасына дейінгі балалардың әдеби шығармаларына «Балауса» атты бәйге жариялады. Бәйгенің мақсаты-қазақтың қаршадай балаларына туған жеріне, еліне деген махаббатын ояту, ұлттық тәрбие мен тәлімді бойларына сіңдіріп, заманауи балаларға арналған әдеби туындылардың өмірге келуіне ықпал ету.
Ғалым Жайлыбай,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын:
- Қазіргі бабалар әдебиетінің жағдайы мәз емес екендігі баршамызға белгілі. Ал балалар әдебиетін көбейтіп, ұрпаққа дұрыс тәрбие беруге атсалысып жатқан «Қазақмыс» корпорациясына алғысымыз шексіз. Біз бұрындары да бірлесіп біраз жүмыстар атқарғанбыз. Ьұл жолы да осындай маңызды істердіабыроймен атқарармыз деген үміттеміз-, деді.
Бәйгеге кәсіпқой жазушылар да, әуесқой авторлар да, сонымен қатар шетелдегі қазақ диаспорасы да бақтарын сынауға мүмкіндігі бар. Басты талап – 2-8 жас аралығындағы бүлдіршіндерге арнап әдеби шығарма жазу. Конкурсқа көлемі 3 беттік, туындылар қатысып, авторлар бақтарын сынай алады. Кен өндіру ісіндегі жетекші компания 700 мың теңгені бас жүлдегердің қанжығасына байлапты. Үміткерлер еңбектерін 2012 жылдың 31желтоқсанына дейін тапсыра алады. Қорытынды 2013 жылдың 2 сәуірі күні шығарылмақ деп жоспарлануда. «Балауса» бәйгесінің толық ережелері жақын арада қазақ тілді бірқатар БАҚ- да жарияланады.
Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы, балалар жазушысы Сұлтан Қалиұлының айтуына қарағанда, Қазақстандағы балалар әдебиетінің 90%- ы оқулықтар. Кішкене бөбектерге арналған кітаптар бар болғанымен аз және қымбат тұрады. Классиктердің романдарының құнымен бірдей тұратын кітапты ешкім алғысы келмейтін көрінеді.
Бүгінде балалар әдебиетінің көркеюін «тежеп» отырған біраз мәселелер бар. Солардың бірі бүлдіршіндерге арнап жазатын жазушылар қатарының сиреп бара жатқаны және артқы буыннан бұл салаға қосылып жатқан азаматтар қатарының аздығы. Бір жағынан балалар әдебиетіне жаңа туынды қоспақ болса, екінгші мақсат қаламы қарымды жандарды аталмыш салаға жақындату. Екінші мәселе, кітаптардың аздығы мен сұраныстың төмен болуы. Көптеген кітаптар ресейден шығатын көрінеді. Суретінің өзі қымбат тұратын кітап қарапайым тұрғындардың қалталарын көтертпей жататын көрінеді.
Игі істің бастамасы болған жобаға сәттілік пен конкурсқа қатысушыларға табыс тілейміз.
Рысгүл Мәтжанқызы
Мінбер-ақпарат
қазақстан жазушыларының қаламын сынар уақыт келіп жетті ғой деп ойлаймын! көрейік қалай боларын…………….