Қазақтың киелі 7 саны күміс жүлдені еншіледі!
Қазақ елі үкілеп аттандырған спортшылардың арасындағы ең үлкен көрсеткіш – 29 жасар Қазақстандық биатлоншы Елена Хрусталеваның жеңіп алған күміс медалі болып шықты. Бұл жүлдені Қазақстан 12 жыл бойы сарыла күткен болатын. Соңғы екі қысқы олимпиада ойындарында қолдары бос келген Қазақстандық спортшыларымыз осы жолы алғашқы медальды олжалады.
Қазір бүкіл әлем назары 2010 жылы қысқы ХХІ Олимпиада ойындарын өткізу құқығына ие болған Ванкувер қаласында болып отыр. Онда спорттың 15 түрі бойынша әлемнің 91 мемлекетінің спортшылары өз бағын сынауда. Қазақ елі үкілеп аттандырған спортшылардың арасынан әзірге ең жоғары көрсеткішке ие болған 29 жасар Қазақстандық биатлоншы Елена Хрусталева. Ол ақпанның 19-ында күміс медальды қанжығалады.
2002 жылғы Солт-Лейк Сити мен 2006 жылғы Туриндегі қысқы Олимпиадалардан кейін медаль сыңғырын естімеген еліміз үшін бұл үлкен жетістік деп айтуға болады. Мүмкін бұған қазақтың киелі 7 саны да бір көмек көрсетті ме, кім біледі. Елена Ванкуверде Олимпиаданың 7-ші күнінде 7-ші нөмірде өнер көрсеткен болатын. 15 шақырымдық қашықтықта бағын сынаған биатлоншымыз 41 минут 13 секундтың ішінде өз нысанасына жетті. 29 жастағы жерлесіміз нысанаға атуда 20 оғын діттеген жеріне тура дарытып, біреуінде де мүлт кетпеді. Нәтижесінде Елена Хрусталева 85 бәсекелесінен оқ бойы озып, қарсыластарын шаң қаптырды. Алтынды норвегиялық Тура Бергер еншіледі, ал қола медаль Хрусталеваның бұрынғы отандасы беларусьтік Дарья Домрачеваға бұйырды.
Өзге отандастарымыз Анна Лебедева 38-ші, Любовь Филимонова 57-ші және Марина Лебедева 71-ші болып мәре сызығын кесті. Хрусталеваға 2-ші орынға тағайындалған 150 мың АҚШ долларының 10 пайызы Уистлер қаласында табысталды. Сондай-ақ, оған алдыңғы 5-ші орны үшін 10 мың доллар көлемінде ақшалай сыйақы берілгенін де айта кету керек.
- Мен Олимпиада жүлдегері болғанымның маңыздылығын әлі жете түсіне алар емеспін. Бірақ бойымды бір қуаныш кернеп, өзімді қоярға жер таба алмай жүрмін. Сенімді ақтай алғаныма қуаныштымын. Мен бүгінгі бәйгеде жамбы атуда мүлт кеткен жоқпын. Соның арқасында жүлдеге іліктім,- деп өз сезімдерімен бөлісті Хрусталева «Аламан.КЗ» сайтында.
Айнұр Ерубаева, ҚазҰУ-дың студенті
Пікір жазу