Ақын Несіпбек Айт мырза басқаратын «Алтын тамыр» журналының 6-шы саны бүтіндей жетпіс жасқа келген Мұхтар Мағауиннің қаламгерлік тағдыры мен шығармашылығын талдауға арнайтындығын бұдан бұрын да естіп, құлағдар отыр едік. Міне, «Абай» порталы бүгінен бастап сол журналға жарияланған материалдарды бере бастапты. Бұл ары қарай ұласатынын да айтыпты. Біз де осы үрдісті өз оқырмандарымызға жалғастыруды жөн көрдік. Журналдың әуелгі сөзі Мағауин мырзаға жолданған хаттан бастау алса керек. Ендеше сол хатқа назар аударыңыз!
ҚЫМБАТТЫ БАУЫРЫМ, МҰХТАР!
Біз бәріміз де кешегі дүниенің төрт бұрышына мәңгілік ел орнатамыз деген түріктің ұрпағымыз, қазақ халқының перзентіміз, екеуміз Бейсенбай Кенжебаев дейтін қасиетті қара шалдың баласымыз. Сол кісінің жетекшілігімен ғылымға бардық. Сен бергі Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан, тарихымыздың аса бір елеулі кезеңінен диссертация жазып, дәуірді тірілттің. Мені Бейсекең түрік кезеңіне салды. Сөйтіп, ағайынды екеуміз біле білген кісіге қазақ әдебиетінің тарихын он екі ғасырға тереңдеттік. Мұны жұрт айтып та, жазып та жүр. Оның үстіне сен біздің қазақ ойының, санасының, әдебиетінің бағына туған қайраткерсің. Сенің қаламыңнан туған шығармаларың да қазақ тарихының, санасының мәртебесін көтеруге қызмет етіп келеді.
Кеше кім едік, құдайға шүкір, бүгінде Қазақстаныңды әлем танып, мойындады. Елордаң еңсесін көтеріп, Ақ Ордаң асқақтап келеді. Тәубә дейік.
Мұхтар бауырым, сен елден Еуропаға кеткелі де біраз жылдың беделі болды. Ол жақта қазақты ғана емес, жалпы адамзатты таң қалдыратындай шығармалар жазып жатқан да боларсың мүмкін. Қалай дегенде де, қатар жүрген, бірге жүрген азаматымыздың, бауырымыздың, қайраткеріміздің сыртта жүргені бізге батады, қабырғамызды қайыстырады.
Біз сені сағынамыз, Мұхтар! Сен де бізді, еліңді, ел-жұртыңды, туған жеріңді сағынбайды деп ойламаймын, сағынасың, әрине.
Жасы жүзден асып жатқан бір әкемізден інілері: “Өмір деген қандай екен, көке?” – деп сұраған екен. Сонда әкеміз басын көтеріп: “Оның несін сұрайсыңдар, шырақтарым?! Өмір деген есікті ашып-жапқандай-ақ” деген екен. Мен жетпістен астым, сен де жетпіске келіп қалдың. Ініміз Несіпбек өзінің журналының кезекті санын түгелге жуық саған, сенің жетпіс жылдығыңа арнап отыр. Журнал беттерінен де сарғайған сағынышты сездім. Осынысы үшін Несіпбекке “Көп жаса! Тәңірі жарылқасын!” деп ағалық алғысымды айттым.
Қадірлі Мұхтар бауырым!
Адам баласын дәм айдап, қайда апармайды дейсің, бірақ бәрібір туған елден, туған жерден ыстық, туған өлкеден қымбат ештеңе жоқ.
Сен өз еліңе, өз туған халқыңа керек адамсың.
Мінез кімде жоқ дейсің, “битке өкпелеп тоныңды отқа салма” деген бар емес пе, баз біреудің кінәсі болса болар, бірақ елдің кінәсі жоқ – еліңе орал!
Бұл фәни дүниеде бір-бірімізді қолдап, бір-бірімізді демеп, қол алысып, сәлемдесіп, бір-бірімізге тілектес болып жүргеннен артық ештеңе жоқ, бауырым.
Сәлеммен, Мырзатай Жолдасбеков
30 Қаңтар 2010 - 2:34
>>Сен өз еліңе, өз туған халқыңа керек адамсың.
шынымен де солай болса, Мұхтар ағамыз Франц Кафканың отанына кетіп қалмаушы еді ғой..
бөтен елде жүріп, халықтың жүрегі, намысы болып қала беруге болатынына көзіміз жетті емес па.
30 Қаңтар 2010 - 23:29
Ол күрескер емес, санатшы-қаламгер, сәулесі бізге түсіп тұрса қай жерде жүрсе де борлады.
30 Қаңтар 2010 - 23:31
Мағауинге алла тағала тек айт деген ғой. Ол тек қана айтады. Болды. Бізге, мұндағы қазақтарға енді Ту ұстар керек.