Қай әулиеге табынып жүрміз?


11 Ақпан 2010 - Бұл мақала 585 рет оқылды, 2 рет бүгін

20091118034Сіз бұрын-соңды жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романын оқыған ба едіңіз? Оқымауыңыз мүмкін емес. Әдебиеттің алып әлеміндегі мәңгілік махаббат жыршысындай жан тебірентер мөлдір, нәзік сезімнен сыр шертер ғажап шығарма әлдеқашан қалың оқырманның бойтұмарына айналған. «Інжу теңіздің терең түбінен алынады. Теңіздің суығына тоңып, суына тұншықпағанның інжу мен меруертке қолы жетпейді. Махаббат та сол сияқты. Жылтыраған кішкентай ұшқыннан лапылдаған өрт тұтанады. Махаббат та сол сияқты», – деген үзінді бар туындыда. Соғыста Отаны үшін жанын шүберекке түйген ер мінезді Ербол мен гүл мінезді Меңтай арасындағы баға жетпес асыл сезімді баян етеді.

Қалай ойлайсыздар, достар, өмірде шын махаббат бар ма? Әдетте, бұл сұраққа әркім әр түрлі жауап береді. Біреулер «бар» десе, біреулер «жоқ, тек одан туған эгоистік сезімдер ғана бар» дейді. Ғашықтықтықты құмарлықпен шатастыратындар көп. Бүгінгі біз сияқты жастар арасында махаббаттың құны арзандап кетті ме деп ойлайсың. Иә, дәл солай. «Неліктен?» дейсіз ғой, кеше танысып, бүгін бірге жүріп, ертеңгі күні көрместей боп екі жаққа айырылып кететін жағдайлар арамызда әдетке айналғаны қашан?! Мойындайықшы, солай емес пе?! Ал осының себебін дөп басып айта аласыз ба? Сыртына құмартамыз, ішіне үңілмейміз. Асығыс шешім қабылдаймыз. Мектептегі «алғашқы махаббаттың» шеңберінен шыққан емеспіз. Анау маған күлімдеді, анау маған смс жіберді, анау мені кездесуге шақырды деген сөздер – кешегі ол маған қарады, ол маған хат жазып жіберіпті, ол маған кешке үйдің артына келемін деген сөздермен бар болғаны ауыстырдық. (Бәрі емес, әрине.) Ақын Ибрагим Исаев жырлағандай: «…Түсінемін. Қозы менен Баяндай аңыз болып қала алмаймыз елге біз», алайда, нәзік сезімнің құнын біз де білеміз дегенге сенгіміз келеді.

Ортамызда қазір мынандай пікір қалыптасқан: «Жаңа жылды да асыға күтіп, ел болып тойлаймыз ғой. Валентин күнін де тойласақ, онда тұрған не бар?» – деген. Дұрыс, Жаңа жылды да тойлаймыз. Бірақ, бір байқағаным, ол мерекені де атап өту бәсеңдеп келе жатыр. Көктеммен құлпыра келетін Наурыз мерекесі біз үшін әлдеқайда ыстық екенін түсініп келеміз-ау… Иншаллах, ертеңгі күні «Әулиелеріне» де әуселемізді көрсетер күн жетеді!

Қарағанды университетінің студенттері 15-сәуір Ғашықтар күні мерекесін тойлап келе жатқанына біраз уақыттың жүзі болды. Бәлкім, еліміздің өзге де өлкелерінде осы бір төл мерекені тойлайтын шығар. Айтайын дегенім, әркімнің жалғыз ғана сүйген адамы болатын сияқты, өзіміздің де жалғыз ғана ғашықтар мерекеміз болуы тиіс. Солай емес пе?! Және ол шыңылтыр аяз кезіндегі өзге ұлттың аңызына құрылған мейрам емес, көктемнің шуақты күніндегі, мәңгілік махаббаттың символына айналған Қозы мен Баян күні. Ойлап қарасаңыз, Валентин туралы бүгінгі күнге жеткен аңыз ғана ел арасында ауызша таралғанмен, Қозы Көрпеш пен Баян сұлудай ғасырлар бойғы жалғасқан ғашықтық жырдың бары баршаға аян. Бір молада жерленген ғашықтарды басқа жерден кезедестіріп көрдіңіз бе? Жоқ. Ендеше, «Әулиесін» тойлаған жастар тойлай берсін, ал сіз бен біз боп Ғашықтар күнін асыға күтейік, тойлайық….

Гүлсаян Ыбырай
ҚарМУ студенті

3 пікір - “Қай әулиеге табынып жүрміз?”

  1. Гастарбайтер

    Жаңа Жыл мен Валентин күні жасасын!

  2. Ердоға ОТАМАН

    Валентин күні деген сөз енді ауыздан шықпасын. ол қазақтың төл мерекесі емес. жалпы ол біздің қасййетті йсылам дінімізге де жат наным. бізді болшектеу, ара-жігімізді бадырайтып ашып, өз-өзімізді жат қылып көрсету ұшін жасалған қйтұрқы әрекен. оның қақпанынан аулақ болайық!

  3. Жания Байгазина

    махаббат қызық мол жылдар романын интернеттен оқуға болады ма.

Пікір жазу