Блогосфераға арналған «нұсқаулар»

3233 рет қаралды


«Блогосфера» термины блог әлемінің жалпы бейнесі және Интернеттегі олардың жеке бөлігі саласында қолданылады. Негізінде, блогосфераның құрылымында мазмұнынан тәуелсіз әр жеке блог орналасады. Олардың саны күн сайын ұлғаюда, ал ішінен жақсысын, қызықтысын таңдау оңай шаруа емес. Көбінде танымал блогтар (мысалы, Google reader-де ең көп оқылған блогтардағы жазбалар), тақырыптық блогтар, достарыңыз бен таныстарыңыз оқитын блогтарға қарап, таңдау жасауға болады. Егер де өзіңіз блогшы болсаңыз, қай блогты оқимын деген мәселе туындамауы да мүмкін, алайда, сіздің жеке блогыңыз болмаса, бірақ веб-бет бастауға ниетіңіз бар болса, онда төмендегі ақпаратпен танысуыңызға тура келеді.

– Блог бастау – бұл автокөлік немесе жылжымалы мүлік сатып алу деген сөз емес. Жеке бетті жүргіземін деп шешім қабылдау және осы шешімді іске асырудың арасында 10 минут уақыт болуы мүмкін және мұнда еш әбестік жоқ.

– Жеке бетіңіз дайын болғаннан кейін, блогыңыз бірден оң нәтиже әкеледі деп ойламаңыз. Себебі әр блогшының өзіндік тактикасы болған дұрыс. Адам блогингке келгенде бір мезеттік сезімнің не эмоцияның құлы болуы мүмкін, яғни көкейінде жүрген пікірін не ойын жариялап, кейін бұл тақырыпқа оралмай, басқа жаққа бұрып әкетіп, блогтың біріңғайлығын, идеялығын бұзады. Стильдерді таңдау біраз уақытты алады. Басында блог бірнеше адаммен жүргізілгендей болып, кейін жеке, содан мүлдем жабылып, біраз уақыттан жаңа тақырыппен қайта ашылған блогтардың өмір сүру үрдісі көптеп кездеседі.

– Ақыры блог мүлдем жабылып қалған жағдайлар да болады, себеп – бір тақырыптан екіншісіне көшу арқылы блогтың негізгі тақырыбы байқалмай қалады. Бұны блогшының өзі де, оқырмандары да тез түсінеді. Оқырманның осындай блогқа қайтіп келуі екі талай.

– Байқасаңыз, қазіргі кезде блогосферадағы танымал блогтардың барлығы жайдан-жай, ойламаған жерден пайда болған жоқ. Олардың әрқайсысында негізгі тақырып, бағыт әуел бастан-ақ анықталған еді. Сондықтан жоспар құру (ойша болса да) сапалы блогинг үшін – қажеттілік!

Студент кезімізде оқытушымыз: «Өлең жазып, ақын атану үшін алдында жүздеген өлең шумағын жаттап алу керек»,-деп айтатын, шынымен де, мысалы, жазушы болу үшін алдында көптеген әдеби кітап оқып, талдап, ұлы классиктердің туындыларымен танысқан жөн, ал блогшы болу үшін не істеу қажет? Меніңше, біріншіден, басында блогтарды оқып тұру керек, олардың жазылу формасы, тақырыбы, қажеттілігі, қызықты мәселелердің талқылануы мен көзқарастардың әртүрлілігін сезіну керек деп ойлаймын. Яғни, блогосфераның атмосферасымен танысып, жазбаларға пікір қалдырудан бастау қажет.

Сонымен қатар, блогтарға байланысты [жария емес] ережелердің бар екенін де ескерген жөн. Бүгінгі күнде кәсіби блогшылардың көбісі өз веб-беттері үшін арнайы «кодекс» жасайды. Оны жария етпесе де, әр кез ойларында сақтайды. Себебі, Блогосфера да қоғамның бір түрі, оған да кейде тәртіп қажет.

Негізгі ережелер төмендегідей:

Сілтемелер – Жазбаңызда біреудің материалын жариялайтын болсаңыз, ақпарат көзіне сілтеме жасауға ұмытпау. Онсыз да түсінікті, бірақ…. беделіңізді түсірмеу үшін, жадыңызда жүрсін. Кейін сіздің блог жазбаңызды біреу жарияласа немесе үзіндісін ғана алып, авторына сілтеме жасаса, сіз де марқайып қаласыз.

– Сілтемелер түрлі акциялар мен эстафеталар өткен кезде де жасалынады. Мысалы, эстафетаны сізге кім берді және сіз оны кімге тапсырдыңыз.

Контент

– Мақалаға түрлі суреттер мен видеоны көптеп жариялаған кезде лимиті немесе баяу интернеті бар адамдар жайында ойлау керек. Медианы катқа жіберіңіз, ал фотоларыңыз тым көп болса, фотохостингіңізге сілтеме берген жақсы.

– Сауатты жазу. Пікір не пост жазған кезде оны бірнеше рет оқып, содан кейін ғана «жариялау» түймесін басқан жөн. Қателерді минимумға жеткізуге тырысыңыз.

– Бейәдеп сөздер жайында. Блогта оларды қолданасыз ба, әлде жоқ па, бұл өз еркіңізде. Бірақ оқырмандарыңыз «ондай сөздерді» қалай қабылдайды, жазбаларыңыз дәл солар үшін жазылады емес пе? Мысалы, орыс блогосферасында белгілі Лебедев пен Давыдовты танымал еткен бейәдеп сөздер емес, яғни мәселе басқада.

– Оффтоп. Пікіріңіз жазбаға байланысты болған дұрыс. Қалғаны жеке диалогтарда.

– Арсыздық. Авторға деген құрмет болу қажет. Оны жек көрсеңіз де, тек әділ сын жазу – саналы адамның «парызы». Егер де блогыңызға жамандау, балағаттау, жеке басқа қатысты нәрселер жазылса, мүмкіндігіңіз болса, осы қолданушыға бан қойып немесе сөз жарыстырмай-ақ жауап бермеген дұрыс.

Айтпақшы, кейде блогосфераға жаңа келген блогшылар мынадай сұрақ қояды: «Барлық пікірлерге жауап беру қажет пе?»

Әрине, жоқ! Бірақ салмақты пікір немесе сұрақтарға жауап беруді ұмытпаңыз. Бұл толық тізім емес, себебі әр блогшының өзі жасаған ережелер мен жеке «заңдары» болуы ықтимал. Ал кейбіреулері оларға мүлдем бағынғысы келмейді.

– Ұмытпаңыз, Қазақ блогосферасы ана тілімізде жазылған қызықты, пайдалы блогтарды әрқашан да қуана-қуана қарсы алады. Блог әлеміндегі әрбір бастамаңызға сәттілік!

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі