/

Ататүрік

1 мин. оқу

«Euronews» ертеңнен бастап түрік тілінде де хабар таратуға көшеді. Кәрі құрлықты қойып, өрісін күллі дүниеге кеңейте түскен іргелі телеарнаның тек көрермен көбейтуді көздемейтіні беп-белгілі.

SSL20404Еуропаның Брюссельден бастау алатын байламын жер-жерге жеткізетін ақпарат құралы ол. Орайы келгенде айта кетейік, бұл арнаның президенті Филипп Кайла былтыр газетімізге арнайы сұхбат берген. «Бес миллион еуро төлесеңдер, «Euronews» қазақша сөйлейді» деген кәнігі капиталистің әккі әдетімен («Жас қазақ», №10, 2009 жыл). Есіктен кірмей жатып, «төр менікі» дейтін ресейлік хабар-құралдарына ақша беріп те қазақша сөйлете алмай жатқанда, алыстағы французға өкпе арту әбестік, әрине.
Ал Кәрі құрлықтың үні енді түрікше естіліп жатса, бұл – елін Еуропамен етене етуді көксеген Мұстафа Кемал Ататүріктің тағы бір аманатының орындалғаны. Бұған бұл жетіде Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының төрағасы болып тұңғыш рет Түркия азаматы Мәуліт Шауышоғлының сайланғанын қосқан орынды шығар.

Ататүрік – шартарапқа танымал тұлға. Анадолыны айтпағанда, жырақтағы түрік жұрағаты да оны «біздің атамыз» деп айтады. 1999 жылы Балқан тауында солардың баз біреуімен кездескенбіз. Ол кезде Косоводағы қанды қырғыннан қашқан албандар алдымен Алладан, сосын НАТО-дан жансауға сұрап жатқан. Үдере көшкен елдің бір бөлігі алақандай Македонияны паналады. Сол соғыстың сипатын жазуға барған біздер, тілшілер, ел астанасы Үскүп (Скопье) тұрғындарымен тілдескенбіз. Македондарға қоса мұнда түріктер де баршылық. Өз тілінде газет шығарып, салт-дәстүрін сақтап отырған жайы бар. Бәрі тарихи Отан – Түркияны ту көреді, Ататүрікті ұлт айбыны деп біледі. Патшалық тұмында «османдық» деп аталған түрікке ұлттың атауын қайтарып бергенін ризашылықпен ауызға алады. Мұстафа Кемал осындағы Манастыр кентінде әскери мектепті бітіріп, соғыс өнерінің қыр-сырын меңгерген. Көргеміз жоқ, бірақ бір көйдегі (ауыл) түріктер өздерін ұлы тұлғаның туысқанымыз дейді екен. Бет-әлпеті, түр-тұлғасы да ұқсайды деседі.

Кеңестік тарих оқулығы «коммунистердің тілеуқоры» ғана деп таныстыратын қайраткер қазір қазақ қауымына да жақын. Оның өмірбаяны мен қызметі хақында кітап жарық көріп, бірқанша мақалалар жарияланды. Зайырлы республика құру жолында жүргізген реформалары да жұртшылыққа таныс. Сондықтан бүгінгі әңгімеде Мұстафа Кемалдың түрік елін өркениет көшіне сүйреудегі еңбегіне, әсіресе, жас мемлекеттің кәрі құрлықпен қалтарыс-бұлтарысы мол қарым-қатынасына тоқталуды жөн көрдік. Мұстафа Кемалдың жаңа мемлекет құруы мен Шығыстың геосаяси келбетін өзгертудегі еңбегін сөз еткенде Осман патшалығына тоқталмау мүмкін емес.
Мысырдан соң Таяу Шығысқа қоныстанған халифат түрік жерінде сұлтандық жойылғанша сақталды. 9 млн шаршы шақырым аумақта 55 млн адамды бір ту астына бағындырған империяның әлемдік өркениетке берген үлесі сүбелі. Көз жауын аларлық небір ғимараттар мен атағы алысқа жайылған сәулетші Мимар Синанның есімі аңғартады. Ыстамбұлда шығатын «Аксион» журналы Осман иелігіндегі өңірлерден 280 астроном шыққанын жазады. «Бұл мемлекеттің тағы бір өзгешелігі – өз аумағында немесе басып алған жерлерінде тіл мен дінге тиісіп, сіңістіру (ассимиляция) саясатын жүргізбеуі», – дейді түрік зерттеушілері. Бұған қоса тұрған жерінде көзге шыққан сүйелдей үнемі шеттетілген, қала берді қырғынға ұшыраған яхудилерді (еврей) өз қанаты астына алуы. Түрік жеріндегі осы ұлт өкілдері туралы зерттеу-кітабын жариялаған доктор Әбдірахман Күчүк еврейлердің 1492 жылы Еуропадан Осман мемлекетіне қарасты аймақтарға қоныстану тарихын баяндайды. Испанияда қуғынға ұшыраған оларды сұлтан ІІ Баязит Ыстамбұл мен Селаникке орналастырады.
Осман мемлекеті берте-бірте бұрынғы қуатынан айырыла бастады. Мұны бірқатар зерттеушілер бөгде ұлт өкілдерінің сарай саясатын айқындауға тікелей араласа бастауынан деп те түсіндіреді. Басты себеп бұл емес, әрине. Орта ғасырларда ғылымда ірі төңкерістер жасаған ислам дүниесі Осман патшалығының соңғы дәуіріне таман ілім-білімде мешеу қалды. Техника мен технологияда Батыс үстемдігі барған сайын күшейді. 1908 жылға дейін Ыстамбұлда электр жарығын пайдалануға тыйым салынған. Әскерде оқшантай бос, теңіз флоты қауқарсыз, сауатсыз қолбасшыларды жұрт мазақтайтын. Түрік армиясындағы мүшкіл күйді Чанаккале шайқасында қолбасшы болған неміс фон Сандерс те айғақтайды. Ол бекініс жасауда құм толтыру үшін әкелінген қаптарды әскердің киімiнің жыртығын жамауға пайдаланғанын айтады.
Жалпы, Еуропаның өркениеттен кенже қалған Осман империясын «Сырқат адамы» деуі де соңғы ғасырлар үлесінде. Адамзаттық ілгерілеуде (прогресс) тек шығыстың батыстан артта қалуы ғана алып патшалықтың құлауына әкеп соққан жоқ. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басында жаңа жерлерді басып алу арқылы өрісін кеңейткен үстіне кеңейте берген ірі мемлекеттердің діні бөлек империяны іштей қаусату мақсатымен соғыстан басқа айла-амалдарды да қолдануы нәтижесіз қалған жоқ. Үндістанға алақандай жер сатып алу арқылы кірген ағылшындар заманында Палестинаға жаппай қоныс аударуға ниеттенген еврейлерге қолдау көрсеткен екен. Ол тұста Палестина Осман иелігінде-тұғын. Тек Палестина емес, қарамағындағы өзге өңірлерден де айырылған Осман мемлекеті баста шарықтап, артынан әлсіреген, сөйтіп, тарих қойнауына көмілген империялардың кебін киді. Оның үстіне, ілім жетістіктерін көрмейтін, жаңалыққа жаны қас ағымдар мен топтар өздерінің кертартпа қылықтарымен, әбден тозған заңдарымен ислам дініне көлеңке түсірді. Олар осы әрекетімен мұсылмандықты қалайда аяқтан шалуға тырысатындарға қолдау көрсеткендерін өздері де байқаған жоқ.
Отаны тарихынан мағлұматы мол Ататүрік Осман жүйесінің салға ұшырағанын, оны тірілту мүмкін еместігін жете түсінді. Шығыс пен Еуропаның бірнеше тілін меңгерген, 21 жасында Византия тірегі – Константинопольді құлатқан Фатих немесе мұсылман әлемінің қамын күйттеген Явуз Сәлім сияқты сұлтандар сарайдағы тақта енді жоқ еді. Мемлекеттің тарихи дәстүрін жалғастырушылар емес, сауық-сайраннан қолы босамайтындар, әтеш төбелестіретіндер сұлтандықты басқарды. Тіпті ақыл-есі кем сұлтан жұрт мазағына айналып, ақыры тақтан кетіп тынды. Енді бірі электр жарығы, автокөлік және телефон сықылды техника жетістіктерін елге жолатпаймын деп халықты надандықта ұстауға барын салды. Ең сорақысы – сурет пен музыка өнеріне де есік жабық еді.

Түркияны шимал (терістік) мен жануб (күнгей), машриқ (шығыс) пен марұбтан (батыс) қысқан басқыншылардан Отанды құтқару үшін Самсун сапарына шыққанда Ататүрік тұс-тұстан қыспаққа алынған мемлекетті құтқаруды ғана ойлаған жоқ. Заман ағысы мен ғасыр талаптарына қиюы кеткен ескі жүйенің сәйкес келмейтінін өзгеден бұрын түсінген ол елдегі қоғамдық құрылысты қайта құру, ең бастысы, жұрт санасында төңкеріс жасау қажеттігін ойлады. Төңкеріс жасау – қай қоғамда да машақатты мехнат. Мұнда оны іске асыратын бұқараның дайындығы, санада серпіліс болуы – бұлжымас қағида. Үстіміздегі ғасырдың 20-жылдарында жер-жаһан тарихтан екі үлкен төңкерісті білетін. Бірі 1789 жылғы француз, екіншісі 1917 жылы дүниені дүр сілкіндірген Ресейдегі қазан төңкерісі еді. Алғашқысына келсек, Вольтер, Монтескье, Дидро және Руссо сияқты пәлсапашы-ойшылдар Францияда түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыру пікірін ұзақ жылдар бойы «пісірді». Олардың шығармалары бағдарламалық сипат алды. Ал Ресейдегі саяси жүйені өзгерткен Лениннің марксизмді басшылыққа алғаны әмбеге аян. Түрік төңкерісі алдыңғыларға мүлдем ұқсамайтын. Басты айырмашылығы – азамат соғысы болған жоқ. Бұл оның жүгін жеңілдете қоймады. Себебі ірі діндердің мүдделері үнемі текетіреске толы Таяу Шығыста бір мұсылман елінің келешегі айқындалуы тиіс. Ал осы мемлекет Африканың Ақ теңіздегі бүкіл жағалаулары, Дунайдан Қара теңізге дейінгі өңірде, Адриатика мен Эгей теңізіне шейін созылған Балқанда, күллі араб жазирасы, Месопатамия, Сирия, Кавказ бен Қырымда бірнеше ғасыр бойы билік орнатқан Осман империясының орнына құрылуы керектігін ескерсек, әлгі пікірдің астарында не жатқаны түсінікті болар.

Әлі аты жоқ Түркия мемлекеті Мұстафа Кемалдың 1920 жылғы 30 сәуірдегі тарихи жолдауымен Еуропа мемлекеттеріне таныстырылды. Француз тілінде жазылған бұл хаттың бір нұсқасы ағылшын сыртқы істер министрі лорд Гурзонға да жіберілді. Онда мынадай жолдар бар еді: «Ұлы Ұлттық Мәжіліс 1920 жылғы 23 сәуірде өткізілген алғашқы отырысында сұлтан мен Ыстамбұл қаласы шетелдіктер бақылауында тұрған кезде халықтың тағдырын өз қолына алатынын ресми түрде білдіреді. Ұлы Ұлттық Мәжіліс мүшелері қаланы басып алу әрекетін батыл түрде айыптайды. Осыған орай 1920 жылғы 23 сәуірдегі жиында қолдау тапқан ұлтымыздың төмендегі тілек-ниеттерін сіздерге жеткізуді парызым деп санаймын.
1. Осман ұлысы, халифат және сұлтанның орталығы болған Ыстамбұл және ондағы үкіметті одақтастар қолында ұстап тұр. Сондықтан басып алынған Ыстамбұлдан шыққан бұйрықтар мен фәтуалардың (діни үкім) ешқандай құқықтық әрі діни күші жоқ. Халық Ыстамбұлдағы үкіметсымақ тарапынан жасалған келісімдерді мойындамайды.
2. Осман ұлысы өзінің ұлағатты ұстаным мен байыпты бәтуа сақтаумен бірге, әрі тәуелсіз мемлекет ретінде тамыры жүздеген жылдарға ұзайтын ұлттық құқықтарын қорғауға әзір. Сонымен қатар әділетті және абыройлы бейбітшілікті де қалайды.
3. Осман христиандары және елге қоныстанған өзге ұлыстар ұлттың қорғауында болады. Мұнымен қабат, олар Отанымыздың жалпы қауіпсіздігіне қарсы қандай да бір әрекеттерге төтеп беруі тиіс».
Маусымның 21-iнде осы мақсатты жүзеге асырудың алғашқы адымы ретінде «Конгресс өткізіледі» деп Амасиядан жан-жаққа хабар таратты. Бір жағынан үмітсіздік мазалаған жұртты жігерлендірді:
– Армиямыз жоқ. osmsn
– Құрылады.
– Ақшамыз жоқ.
– Табылады.
– Дұшпанымыз көп, қаруы да мықты.
– Бола берсін. Жеңіледі.

Бірінші дүниежүзілік соғыста империялардың дүниебөліс үшін жүргізген қанды қырғында патшалықты қорғаған Мұстафа Кемал халықты соңынан ертіп, бақайшағына дейін қаруланған жаудан туған топырақты азат етті. Бұл аса маңызды сауда жолы болып табылатын бұғаздар мен Ақ теңізді алу үшін әскеріне қоса қыруар қаржысын төккен империалистерді есеңгіреткен соққы болды. Соның айғағындай, түрік әскерінің қарсыласына ес жиғызбай, ғаламат соққы беруі, екі апта ішінде 400 шақырымға созылған аумақты азат етуі Ллойд Жорж басқарған ағылшын үкіметін салға ұшыратты. Кабинет ақыры қызметтен кетіп тынды. Түрік қолдары 1922 жылы грек әскерін Ақ теңізге тықсырғанда Англия парламенті үлкен жиын өткізді. Жұрттан бұрын мінберге ұмтылған Жұмысшы партиясы жетекшісі Макдональд зілді дауыспен: «Қайда, премьер-министр Ллойд Жорж? Қане, бізге берген уәдесі? Қазынадан қыруар қаржы алып, желге шашты. Бұғаздарды бізге алып беретіні, Анадолыны бөліске түсіретіні қайда? Бірі де іске аспады. Бізге мұның есебін берсін!» – деді. Ол сөзін бітірер-бітірмес Л.Жорж мінберге жақындады.
– Мырзалар, – деді ол жайлап, – ғасырлар данышпанды тым сирек береді. Жолымыздың болмағанын көрмейсіз бе, үстіміздегі ғасырда ұлы тұлға түрік ұлтынан шықты. Мұстафа Кемалдың данышпандығына қарсы қолдан келер не бар?..

Тәй-тәй басқан Түркия Республикасы алдында тұрған ең биік асу – экономиканы оңалту міндеті. Халықтың қарны тоймайынша, экономика тәуелсіз болмайынша, саяси яки әскери жетістіктің ғұмыры келте. Сол тұста қаржы тапшылығы мен тозған құрал-сайман – басты қолбайлау. Сырттан түсетін қаражат тағы жоқ. Мұстафа Кемал Азаттық күресінде секілді экономикада да тек өз күшіне сену керектігіне түріктердің көзін жеткізді. Ол әлі соғыс оты лаулаған жылдары-ақ өндіріс пен ауыл шаруашылығын дамытуды қарастырды. 1923 жылғы ақпанда Измирде Экономикалық конгресс өткізілді. Кемалистер мануфактура мен ұсақ өндірістен ірі зауыттар мен фабрикалар салу, өндіріс орындарын ашуға күш салды. Диқанға ауыл шаруашылығы мәшинесін тауып берді. Мемлекет шаруаны бастапқыда қолтығынан демеп, жаңа заңдар қабылдады. Кооперативтер үшін бидай, жеміс, көкөністі тасымалдау құны төмендетілді. Тоқымашыларды қолдау мақсатымен шенеуніктерді тек жергілікті фабрикада тігілген киімді киюге міндеттеді.
Кез келген шаруашылық нысаны ісін алға бастыру үшін қаржылай демеуге зәру. Кемалистер 1924 жылы-ақ «Түркия іс банкісін», бір жыл өткенде «Түркия өнеркәсіп және кен банкісін» құрды. Бұларға экономиканың сан-салалы буындарына несие тауып беру міндеті жүктелді. 1929-1932 жылдары ғаламдық экономика орасан зор дағдарысқа ұшырады. Ауыл шаруашылығы үлесі басым Түркия осы аласапыранда пәлендей зиян шекпесе де, халықаралық базарларда шикізат бағасының құлдырауы ықпал етпей қоймады. Зардаптарды азайту мақсатында үкімет жеке қожалықтарды да өз қамқорлығына алды. Алғашқы он жылдағы түрік экономикасы нарықтық қатынастармен қабат мемлекеттік басқару үрдісінің қатар өмір сүруімен ерекшеленді. Социализмге тән бесжылдық жоспар бойынша меже белгіленді. (Мемлекеттік жоспарлау мекемесі қазір де бар). Бұл тек өз қажыр-қайратына арқа сүйеуге мәжбүр жас мемлекетке капитализмнің долы толқынында ескегін қолдан шығарып алмауына септігін тигізді. Ататүрік тәжірибеден өткізген мұндай «аралас экономика» үлгісі 80-жылдар соңында Қытайда қолданылды. Нәтижесі көз алдымызда. Он жыл бұрын миллиондаған тұрғынын қалай тойдырарын білмей басы қатқан Қытай бүгінде әлемде екінші мықтыға айналды.
Ататүріктанушылар оның экономикалық саясаты үш негізді басшылыққа алғанын айтады. 1. Мемлекет бюджетіндегі қос қоржын (кіріс пен шығыс) тепе-тең. 2. Мемлекеттік инвестициялық қаржылар бюджет кірісі мен ішкі және сыртқы қарыздар арқылы түскен мемлекеттің табыстары жиынтығынан не артық, не кем емес. 3. Импорт пен экспорт мөлшері бір деңгейде.
Қаржы жүйесіндегі бұл қағидалар ХХ ғасыр аяғында көкейкестілігін титтей де жоғалтпай отыр. Ататүрік және 20-жылдардағы түрік экономикасы туралы атүсті әңгімені түйіндесек, күні шикізатқа қараған Түркия аз уақытта заман талабына сай индустриялы мемлекет атанды. 80-90-жылдарда Еуропада марқасқа мемлекеттермен бәсекеге түсетін қуатты экономикаға берік негіз қаланды.

Ататүрік бастамасымен өткен Измир Конгресі ұлтты ортақ мүдде төңірегінде топтастыру мұратын ұстанды. «Экономикалық ант» қабылданды. Ұлттық теңдікті ұран етіп, таптық күреске тосқауыл қойған осы құжатта «Таптық тірегі мен көзқарасына қарамастан, түріктер бір-бірін жан-тәнімен жақсы көреді» делінген. Бұл айтыла салған қызыл сөз емес. Түрік қауымы өзара қырқыстан талай таяқ жегенін білетін Ататүрік ауызбірлік пен ұлт тұтастығын сақтады. Сондықтан түріктер бай-кедей боп төбелеспеді. Езілген еңсені тік ұстау жолында үлкен істер тындырылды. «Керемет тек шетелде ғана емес. Сырттағыға табынғанша, Батыс жұмысшысы, инженері және банкирінен кем түспейтінімізді дәлелдейік» деген ұран көтерілді. Халықты өз күшіне сендіру тәжірибесі, шын мәнінде, көпке ортақ. Толассыз соғыстарда зиялы қауымның елеулі бөлігінен айырылса да, түріктер жаңа құрал-сайманды тосырқамай, технология тілін тез меңгерді. Туған ұлтына Ататүрік қалай сенсе, халқы да оны медет тұтты. Осы ұлы сенім қыруар қиындықтарды жойды. 1933 жылы Түркия Республикасы 10 жасқа толғанда, Ататүрік халайыққа арнаған лебізін «Түрікпін деу қандай бақыт!» деген сөзбен аяқтады. Ұлтына деген зор мақтаныш пен сарқылмас сүйіспеншілік сезімін ол осы бес сөзге сыйғызды.

Ғасыр жүгін арқалап, тарихта өшпес із қалдырған ұлы тұлғалар аз емес. Ғибратты ғұлама, қаһарлы қолбасшы, дарабоз дарын, дүниені дүрілдеткен төңкерісші (революционер) деп тізе беруге болады. Уақыт атты қатал сыншы бар. Күні кеше мерейі көкке көтерілген данышпан қоғам мен жүйе өзгерісінде сын мен мазақ қарауылына ілігеді. Арадан талай кезең өтсе де, қадір-қасиеті, халық құрметі титтей кемімеген қайраткер некен-саяқ. Түрік халқының біртуар перзенті Мұстафа Кемал Ататүрік – құйрықты жұлдыздай жарқ еткен сондай сирек асылдың бірегейі.

Срайыл Смайыл,
«Жас қазақ» газетінен

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Latest from Blog

eGov.kz порталынан жүргізуші куәлігін алуға болады

Егер тегіңіз өзгерсе, жоғалтып алсаңыз, уақыты аяқталса жүргізуші куәлігін eGov.kz порталынан рәсімдеуге болады деп мәлімдеді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз-қызметі.  Ол үшін eGov.kz порталына кіріп, «Көлік және