Қытай феноменi

192 рет қаралды

juldyz_toleu_-kitaiБейжiңге баратын ұшаққа отыру үшiн Астанадан Алматы әуежайына келдiм. Төлқұжатымды тiркетiп, «ұшты» деген мөр бастырып, аман-есен ұшаққа кiрдiм. Тезiрек заттарымды орналастырып, өзiм жақсы көретiн терезе жақтағы орынға жайғастым. Жол жүрiп келгендiктен бе, бiрден көзiм iлiнiп кетiптi. Сәлден кейiн, көзiмдi ашсам, жаныма екi қытайдың жiгiтi жайғасыпты. Басымды көтерiп, жан жағыма қарадым. Кiлең қытай. Өз тiлдерiнде бiрнәрсе деп шүлдiрлеп жатыр. Көзiммен қазақтарды iздей бастадым. Жалт бұрылып, терезеге қарасам, әлi көтерiле қоймаппыз. Алматы әуежайында тұрмыз.
Өз жерiмде тұрып, өмiрiмде бiрiншi рет қатты қорықтым. Шағын ғана ұшақтың iшiнде қытайдың санының көптiгiнен, тiптен қазақтар көзге iлiнбедi. Бiрер уақыттан кейiн, қытайдың баласын құшақтаған орыс қызы мiн¬дi. Жанында қытай жiгiтi. «Күйеуi болуы керек», – деп ой¬ладым iштей. Артынан мiнген бiрен-саран қазақтарды көрген соң барып, жүрегiм орнына түсiп, қайтадан ұйқыға кеттiм.
ҚЫТАЙ БАЛАСЫМЕН АСПАН АСТЫНДАҒЫ ӘҢГIМЕ
Түс көрiп жатыр екенмiн. Түсiмде, қытайлардың шырмауында жүрмiн. Жан-жағымнан жалмап бара жатыр. Тiлдерiн түсiнiп болмайсың. Бiраздан кейiн орыс тiлiнде сөйлеген адамның даусын естiп, соған қарай жүгiрiп барам. Оянып кеттiм. Сөйтсем, жанымдағы қытай жiгiтi менi түрткiлеп, орысшалап «кушаем» деп жатыр. Расында, жолсерiк қыз тамақ ұсынып тұр.
Тамақ жеп әлденiп алғаннан кейiн, жанымдағы қытай жiгiтiне «Оятқаныңыз¬ға рақмет, орысша жақсы сөйлейдi екенсiз», – дедiм. Ол орысшалап «ас болсын!», – деп жымиды. Осыдан ұшақ Бейжiңге қонғанша әңгiме-дүкен құрдық. Ол өзiн Валя деп таныстырды. Ақтауда бiраз жылдардан берi мұнай компаниялардың бiрiнде жетекшi маман болып жұмыс iстейтiндiгiн айтты.
– Менi мұндағылар Валя дейдi, қытайшасына бәрiбiр тiлiңiз келмейдi, – деп, расында қытайша ұзын-сонар сөздердi айтты. Есiмде қалмады.
– Қазақстанда тұрып, қазақша ат қойып алмағаныңыз қалай? Мысалы, Валя емес Бақыт секiлдi, – деп мен де әзiлдедiм.
– Осындағы орыстардың қойып жүргендерi ғой, – деп жымиды.
– Орыс тiлiн қайдан үйренiп жүрсiз? Акцентсiз сөйлейдi екенсiз, – дедiм тағы да.
– Сан-Петерборда екi жыл оқыдым. Өте қиын. Бiрақ Қазақстанда мұнай саласында жұмыс iстеу үшiн орыс тiлiн үйрену керек болды, – дедi.
– Орыс тiлi, ол Ресейдiң тiлi ғой, сiз Қазақстанда iстейсiз, неге қазақша үйренбейсiз?, – деп мен де астарлап сұрадым.
– «Жақсы», «рақмет». Мiне, осы сөздердi ғана бiлем. Қазақша үйренуге уақыт жоқ. Бiрақ үйренгiм келедi, – деп ол да өте дипломатиялы жауап қайтарды.
– Сiздi Қазақстанда жұмыс iстеуге не итермеледi? Мұндай қызметтi Бей¬жiңнен табуға болмай ма?, – дедiм. Ол бiр сөзiнде өзiнiң Бейжiңде туып-өскенiн айтып қалған едi.
– Сiздерде мұнай көп. Халық аз. Ал бiзде қанша халық барын бiлетiн шығарсыз. Бiз энергетикаға тәуелдiмiз. Сондықтан да сiздердiң ресурстарыңызды алуға мәжбүрмiз. Осы ұшақта отырғандардың көпшiлiгi мұнай компанияларында жұмыс iстейтiндер, – дедi.
– Сонда бiзге не қалады?, – дедiм.
– Бiздiң ақша, – дедi.
– Ол ақшаны бiздiң халық көрiп жат¬қан жоқ қой, – дедiм.
– Ендi ол сендердiң проблемаларың, – дедi.
– Расында, қытайда жiгiттер өте көп екен. Мына ұшақтан бiр қытай қызы көзiме түспедi, – дедiм.
– Иә, бiзде ондай проблема бар. Ал сендерде қыздар көп, – деп тағы жымиып қойды.
– Бейжiңде қанша халық бар?, – деп мен әңгiме ауанын басқа жаққа қарай бұра бастадым.
– Он алты миллион, – дедi де, маған қарап тағы күлiп, – Қазақстан хал¬қының саны болады, – дедi. Мен үндемедiм. Ол әңгiменi әрi қарай жал¬ғастырып:
– Бейжiңге барғанда мiндеттi түрде Бейжiң үйрегiнен дәм татпай кетпеңiз. Қытай сырын ұғынғыңыз келсе, Жабық қалаға, Аспан ғибадатханасына барыңыз. Сосын мiндеттi түрде Хайуанаттар бағына барыңыз. Бiздiкiндей хайуанаттар әлемi ешбiр елде жоқ , – деп маған Бейжiңнiң көрнектi жерлерiн аузының суы құрып, әңгiмелеп бердi.
– Ал сiз бiздiң Астананы көрдiңiз бе?, – дедiм.
– Теледидардан көргенiм болмаса, әлi бармадым, – дедi.
– Қазақстанның Астанасы сiздi қызықтырмады ма?, – деп шамданып қалдым.
– Онда мұнай жоқ қой, сосын күнi суық, – деп салқын жауап бердi. Сосын бiраз үнсiздiктен кейiн маған:
– Шыңғыс хан туралы қытайлар түсiрген фильмдi көрдiңiз бе?, – деп сұрады.
– Иә, – деп жауап бердiм.
– Мен негiзi өзiм Шыңғыс хан қытай деп есептеймiн. Сiздер де оны бабаларыңыз деп есептейсiздер ғой. Сондықтан да сiздер мен бiздерде онша айырмашылық жоқ деп ойлаймын, — дедi.
Әлем тарихын керемет бiлмесем де Шыңғыс хан ұрпағы Юань династиясының Қытайға бiрнеше жылдар бойы әмiрлiк еткенiн оқығам. Бiрақ көршiмнiң түбi түркi қазақ халқын қытайға ұқсас еткенiне қатты налып қалдым. Әрi қарай дауласпай, үндемей қоя салдым.
Осы сәтте жолсерiк қыз ұшақтың Бей¬жiңге жақындағанын ескертiп, толтыру үшiн мағлұмдама қағазын тарата бастады. Қазақстандық декларацияда ең алдымен «Канша ақша әкетiп барасың?» деген сұрақ жазылса, қытайдi¬кiнде «Құс тұмауымен ауырдың ба?» деген сұраққа жауап жазуың мiндеттi екен.
Түнгi сағат 23.30 шамасында ұшақ Бейжiңнiң әуежайына қонды. Сол-ақ екен, ұшақтың iшiнде отырған қытайлар ду қол шапалақтай бастады. Жанымда отырған Валя да «Ұлы Отанымызға жеттiк» деп алақайлады.

АРБАУЫНА ТҮСIРГЕН ҚЫТАЙ АРБАСЫ

Әуежайдан түскеннен кейiн, Бейжiңде оқитын құрбымның Әйгерiм атты сiңлiсi күтiп алды. Онда бiздердегiдей «такси, такси» деп айқайлап жүрген ешкiм жоқ. Тек такси тоқтайтын арнайы аялдамаға барып, кезекке тұрасыз. Кезегiмiз келгенде көлiкке отырдық. Әйгерiм жүргiзушiге қытайшалап, қонақүйдiң атын айтты. Онда бiр жақсысы ешбiр жүргiзушiмен ақшаға саудаласпайсыз. Арнайы такси тұратын аялдамаға барасыз да, баратын жерiңiздi айтып отыра бересiз. Жүргiзу¬шiнiң жанында қанша шақырым жүрге¬н¬iңiз, ол қанша юань болғаны бәрi көрi¬нiп тұрады. Дiттеген жерге жеткен кезде, анықтағышқа қарап, тиiстi ақшасын ұсынып, жүрiп кете бересiз. Ал жүргiзушi қолыңызға бiрден чек ұсынады.
Ертеңгiсiн Әйгерiм сабағына кетiп бара жатып, маған баратын жерлерiмдi тәптiштеп түсiндiрiп бердi. Мен Әйгерiмге қарап, «баратын жерлерiме жаяу-ақ бара салам ғой, бiр жағынан қаланы көремiн» дедiм. Ол бiрден «Сiз Бейжiңдi оң жағалау мен сол жағалауға жаяу жүгiрiп барып келетiндей, Астанамен салыстырмаңыз, бұл 16 миллион халқы бар қала екенiн ұмытпаңыз» дегеннен кейiн барып, ойлана бастадым. Таңғы асты iшiп болған соң, қонақүйдiң астындағы ресепшеннен қаланың картасын сұрадым. Үстелдiң үстiнде «Менi ….жеткiзiп салыңызшы» деген ағылшынша жазуы бар кiшкентай карточкалар бiрден көзге түстi. Көп нүктенiң орнына баратын жерiмнiң атын ағылшынша жазып, ресепшен жiгiтке ұсындым. Ол бiрден басын изеп, келесi бетке оны қытайшалап жазып бердi де, қонақүйдiң алдында тұрған жүргiзушiге ұсынды. Содан Әйгерiмнiң «мұнда жүргiзушiлер¬дiң көбi сауатсыз, олардың көбi иероглифiн танымайды» дегенi бар едi. Сондықтан да ресепшеннен олардың қытайша аталуын да сұрап алдым.
Жүргiзушi менi Тяньаньмэнь алаңына жеткiзiп салды. Бұл жер әрбiр қытай тұрғыны үшiн қасиеттi алаң болып саналады екен. Мұнда 1989 жылдың маусымында студенттер бейбiт шеруге шыққанда, Қытай үкiметi оларды қалың армия мен танктердiң көмегiмен қанға тұншықтырған. Бiрне¬ше мыңдаған жас қыршын кеткен. Содан берi бұл алаңда бүгiнгi күнге дейiн қауiпсiздiк шаралары қатаң сақталатын көрiнедi.
Көлiктен түсiп, алаңға қарай жүре бергенiм сол едi, велосипед мiнген қытайдың жас жiгiттерi қолдарындағы фотокамераларын көрсетiп, қытайшалап сөйлеп жатты. Мен олардың «суретке түсiрейiк» дегендерiн бiрден түсiнiп, басымды изедiм. Сол-ақ екен, бiр жiгiт велосипедiн тастай салып, қолындағы фотокамерасымен олай да кеп, бұлай да кеп түсiре бастады. Маған қарап, «Russian, Russian» деп қояды. Мен бiрден басымды шайқаймын. Содан ол қолындағы фотокамерасын көрсеттi де, велосипедiне барып, артындағы тиелген арбасына отыр деп меңзедi. Мен барып отырдым. Ол алаңның шетiндегi шағын ескi үйшiктердiң бiрiне тоқтап, маған «күте тұрыңыз» деп ымдап, өзi әлгi ескi үйшiкке кiрiп кеттi. Жан-жағыма қараймын. Бейжiңнiң дәл ортасы болса да, мұндағы үйлер тым ескi екен. Адамдардың киiмi де жұпыны. Көшелерi өте тар. Соған қарамастан ығы жығы. Көшеде тұрған адамдар маған қарап, қолдарымен бiрнәрсенi көрсетiп, қытайшалап айқайлайды. Түкке түсiнбеймiн. «Мен қытайша түсiнбеймiн» деп ағылшынша сөйлеп қоям. Оны түсiнiп тұрған олар жоқ. Тек ымдарынан, бұл жердiң шағын қызмет көрсету жерi екенiн, өздерiнiң қызметтерiн ұсынып тұрғанын түсiндiм. Сүт пiсiрiм уақыттан кейiн, әлгi бала шығып, маған қолындағы өзi түсiрген суреттерiн ұсынды да, қолындағы қағазға 200 деп жазды. Мен 200 юань ұсындым да, бiрден бұл жерден кетуге асықтым. Алайда, әлгi жiгiт күлiмсiреп, маған «арбаға отырыңыз» деп қолымен ишарат көрсеттi. Мен «е мына жiгiт кеңпейiл екен, алаңға дейiн жеткiзiп салмақшы екен» деп ойладым да, арбасына отыра кеттiм. Ол менi расында алаңға дейiн жеткiзiп салды. Мен мәз болып, рақмет айтып кетiп бара жатқаным сол едi, ол артымнан қытайшалап айқайлады. Керi бұрылсам, қолымен «ақша» дегендi көрсетiп тұр. Мен де қолыммен «қанша?» деп сұрадым. Ол бiрден 300 деген жазуды көрсеттi. Сол кезде барып, ұялы телефонымдағы есептегiшпен 300 юаньның қанша теңге болатынын есептей бастадым. 6600 теңге. Қытай жiгiтiнiң менi алдап тұрғанын бiрден түсiндiм де, басымды шайқап кете бердiм. Бiр уақытта ол одан сайын дауыс көтерiп, бiрнеше нөкерлерiмен жетiп келдi. Жан жағымды қоршаған әлгiлер, маған қарап, сес көрсетiп тұр. Өзiмдi бiр жыртқыш аңдардың ортасында қалғандай сезiндiм. Арбалып тұрып қалдым. Сол-ақ екен, жанымыздан өтiп бара жатқан бiр жiгiт келдi де, әлгiлерге қытайшалап қатқылдау сөйлеп, менi жетектеп шығарып алды. Үстi-басына қарасам, өте зиялы киiнген жiгiт. Ол бiрден ағылшынша, «қорықпаңыз, олар сiздiң шетелдiк екенiңiздi пайдаланып тұрған болу керек» дедi. Осыдан кейiн барып, мен бiрден көзiме жас тығылып, оған болған жайтты айтып бердiм. Ол «300 юань олардың бiр жетiлiк табыстары. Олар жергiлiктi тұрғындар емес. Көршi ауылдардан ақша табуға келген қытайлар» деп түсiндiрдi. Өзi Сеулден келген кәрiс жiгiтi екен. Есiмiн Мун деп таныстырған ол, телефон шығаратын корей компаниясының Бейжiңдегi өкiлдiгiнде жұмыс iстейтiнiн айтты.
Тяньаньмэнь алаңына өтерде, алаңды ұзына бойы күзетiп тұрған полиция жасақтары арнайы аппаратпен үстi-басымызды тексерiп, сөмкемiзге дейiн бiртiндеп ашып, қарап шықты.
Мун да бiрден «Ресейден келдiңiз бе?» деп сұрады. Мен шамданып бiрден, «жоқ, Қазақстаннан келдiм, қазақпын» дедiм. Ол сосын күлiп, «хорошо» дегендi тiлiн бұрап айтты да, «Қазақстанда да бәрi орысша сөйлейдi ғой» дедi. Сосын ол өзiнiң Астанада, Алматыда, Өзбекстанда, Ресейде болғанын айтып, мұнда посткеңестiк елдерден келгендердi көбiнде «орыс» деп атайтынын жеткiздi.
Мунның әңгiмесiне қарағанда, мұнда 100 доллардың өзi әжептеуiр айлық екен. «Есесiне, қызмет көрсету орталықтары мен тамақтары өте арзан, тек саудаласа бiлу керек» деп үйретiп қойды. Мун менi жабық қалаға билет алатын кассасына дейiн жеткiзiп салып, кетiп бара жатып, «Сеулге де саяхаттаңыз, бiздiң халық өте мәдениеттi» дедi.
Кассадағы қыз бiрден түрiме қарады да, тағы да «russian» деп, қолыма орыс тiлiндегi аутоматты тiлмаш ұсынды. Бұл жолы қуанып қалдым. Ешкiмнiң көмегi қажет емес. Әлгiнi құлағыңызға тықсаңыз болды, сiздiң қай жерде тұрғаныңызды, қолыңыздың неге тигенiне дейiн орысша сайрай жөнеледi. Тiптен керi бұрылсаңыз да, қай жерге қарай кетiп бара жатқаныңызды айтып бередi.
Содан құлағымдағы аутоматты тiлмаш маған Қытайдың алғашқы императорлары Мин мен Цин әулетi билiк құрған кезде салынған бұл жабық қала соңғы императоры Гугунның атымен аталатынын, Гугунның тоғыз мың тоғыз жүз тоқсан тоғыз бөлмеден тұратынын баяндай жөнелдi. Сол кезде оларда аспан тәңiрi он мың қабат әлемде өмiр сүредi деген ұғым бар екен. Сондықтан да император сарайын аспан тәңiрiнен бiр кем дүние етiп салған. XV ғасырдың басында он бес жыл бойында салынған жабық қалаға миллиондаған жұмысшы күшi тартылған екен. Тек кейбiр бөлме¬лерi ғана келушiлерге ашық. Қалғаны құпия.

КОНФУЦИЙ ДАНАЛЫҒЫНА ҰМТЫЛҒАН КIШКЕНТАЙ СӘБИ

Қытай тарихынан сыр шертетiн тағы бiр жер – ежелгi қытай iлiмiнiң атасы саналатын Конфуций ғибадатханасы. Конфуцийдiң құрметiне салынған бұл ғибадатхананың бiр бөлiгi қазiр колледжге айналған. Мұнда Конфуциймен бiрге оның он екi шәкiртiне де толық құрмет көрсетiп, дәрiсханалардан тұратын жеке-жеке музей арнаған. Келушi қытайлардың көбi балауыз тұтатып, бастарын жерге тигiзiп, оларға мiнәжат етiп жатыр. Қытайдың үш жас шамасындағы баласына көзiм түстi. Ол әке-шешесiмен келiптi. Әке-шешесi мiнажат етiп, шығып бара жатты. Бiр уақытта әлгi кiшкентай сәби отыра қалып, жер тепкiлеп жылай бастады. Сондағысы «маған да мiнажат еткiзбедiңдер» деп жатыр екен. Баланың әкесi оны жетектеп, сәжде ететiн жерге апарды. Әлгi кiшкентай бала көзiндегi жасын тыя салып, екi қолын жерге қойып, басын қайта-қайта сәждеге апарды. Содан кейiн барып, орнынан тұрып, әкесiне қарап, мәз болып күлдi. Анасы мен әкесi де балаларының бұл қылықтарына мәз. Конфуцийдiң «Сенiң кұштарлығың таза әрi шынайы болса, жүрегiң ашық әрi шыншыл болады. Егер жүрегiң ашық әрi шыншыл болса өзiңдi түзете аласың. Егер өзiңдi түзетiп, жақсы адам болып қалыптассаң, оның отбасыңда тәрбие болады. Егер отбасыңда тәрбие болса, онда елiң көркейедi. Егер елiң көркейсе, онда әлемде бейбiтшiлiк пен келiсiм орнайды» деген iлiмi есiме түстi.

Мен осыған дейiн Астанаға алғаш келгендердi бiрден бәйтерекке емес, «Думан» мұхитаралына апаратынмын. Бұл әлемдегi ең iрi мұхитаралы деп мақтан тұтатынмын. Себебi, осы мұхитаралы ашылған кезде президенттiң өз аузынан «ендi әлемдегi ең iрi мұхитаралы бiздiң Астанада» деп айтқаны есiмде. Бейжiңдегi мұхитаралын көргеннен кейiн, «бiздiкi ең үлкен» деп ешқашан айтпайтын болдым.

ЖАСТАР АҚША ТАБУ ҮШIН ЕУРОПАҒА ЕМЕС ҚЫТАЙҒА ҰМТЫЛУДА

Бiз тоқтаған қонақүйдiң астыңғы қабатындағы мейрамханада кешкiсiн екi орыс қызы скрипкада ойнайды. Бiрiнiң есiмi Оля екен. Өздерiнiң туып өскен жерi Ресей. Ресейдегi жоғары музыкалық оқу орнын тәмамдапты. Қытай астанасына ақша табуға келiптi. Осындай мейрамханаларда, тойларда қызмет көрсетiп, тиiстi қаламақыларын алады екен. Оляның сөзiне қарағанда, бүгiнде ресейлiк жастар еуропаға емес, қытайға келiп табыс табуға ұмтылуда. Себебi, оның айтуынша, қытайда бай адамдар өте көп. Әрi олардың iшiнде музыканы шын бағалайтындар жетерлiк екен.
Расында, бүгiнде қытайда ресми емес дерек бойынша, миллионердiң саны миллионнан асып жығылады. Ал миллиардерлер саны екi жүзге жуық. Оның денi осы Бейжiң қаласында, сосын қаржы мегаполисi Шанхайда тұрады екен. Жақында Forbes журналында жарық көрген мәлiметтерге сүйенсек, қаржы дағдарысы Қытайдағы миллионерлер санын бiрнеше есеге көбейткен. Олар экономикалық дағдарыстан пайда тапқан. Жуырда үкiметте жасаған баяндамасында да елдiң экономика және бюджеттi жоспарлау министрi Бақыт Сұлтанов «әлемдегi қаржыгерлер ең бiрiншi экономикалық дағдарыстан Қытайдың шығатынын болжап отыр», – деген болатын.
Расында, Бейжiң дүкендерiне кiрсеңiз, сiз елден Италияда, Францияда жасалынған деп алған киiмдерiңiздiң бәрi шын мәнiнде Қытайдан шыққанына көз жеткiзесiз.
Алматыға қарай ұшу үшiн Бейжiң әуежайына тарттым. Әуежайға келiп, тiркеуден өтiп, «ЭйрАстана» компаниясының ұшағын күттiм. Әдеттегiдей, бұл компанияның ұшағы техникалық себептерге байланысты деп бiр сағатқа кешiгiп ұшты. Бiрақ, бұл жолы қуанғаным, жолсерiктерiмнiң денi қазақ болды. Таңертеңгiсiн ұшақ Алматы әуежайына қонды. Ұшақтың өз жерiне қонғанда, қытайлардың қалайша қол шапалақтағаны есiме түстi. Менiң де тұла бойымды Отаныма деген сағыныш баурап, өз жерiме табан тiредiм деп қуанып, қол шапалақтадым. Жанымдағы көршiм маған түсiн суытып бiр қарады да, отыра бердi. Жан-жағыма қарадым. Қазақтардың жүзiнде қуаныш жоқ.

P.S. Бейжiңге барар алдында бiрер ай бұрын, үйге қонаққа келген құрбым аждаһаның басы бейнеленген қытайдың тамақ жейтiн екi таяқшасын сыйға тартқан едi. «Фен-шуй бойынша, бұл жақсы ырым, бақыт әкеледi» дедi. Бастапқыда қызық көрiп, тамақты сол екi таяқшамен жеп жүрдiм.
Өткен жазда жолым түсiп, Еуропаның бiрер қаласына барып келген едiм. Сол Еуропадан әкелген базарлығымды iнiме апарып бергенiмде, оның «Прагаға барып тұрып, маған қытайдың киiмiн әкепсiң ғой» деп ренжiгенi бар едi. Кейiн өзiме алған киiмдерiмнiң де шығарылған қағазына қарағанымда бәрiнде «Қытайда жасалынған» деген тауар белгiсi болды.
Аспан асты әлемiнен үркiп жүргенде қытайдың әлдеқашан санамызды да, тұрмысымызды да жаулап алғанын 1 жарым миллиард халқы бар қытай жерiне табан тигенде сезедi екенсiң.

Жұлдыз ТӨЛЕУ,
Астана-Алматы-Бейжiң-Алматы-Астана
Жас Алаш №15 (15473) 23 ақпан, сейсенбі 2010

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Мағауия Cарбасов, “Отандастар” қорының вице-президенті: Қандастарға Қазақстан азаматтарымен бірдей мәртебе беретін “Қазақ куәлігін” дайындап жатырмыз

 Еліміз үшін шетелдегі қандастарымызбен мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас өте маңызды. Өзге ел қазақтарына қолдау көрсететін  “Отандастар қорына” карантин

Алмат Қодасбаев, Алматы Кардиология орталығының директоры: Біздің адамдардың көбінде Қазақстан медицинасы туралы түсінік сонау 90-шы жылдардың деңгейінде қалып қойған

Жүрек қан-тамыры аурулары әлемде ең кең таралған дерттің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл

Еңбекшіқазақ ауданының ұстаздары: Интернеттің жылдамдығы нашар, бұл оқуға кәдімгідей кедергі келтіріп отыр

« – Камераны қос.                                                                                                           – Микрофоныңды өшір.                                                                                                         – Сендер көпсіңдер, мен