//

Қазақтың қас өнерінің қамқоршысы

1 мин. оқу
7

Шілденің 1-інде Моңғолияның еңбегі сіңірген қайраткері, дауылпаз күйші, музыка зерттеушісі Қабыкей Ахмерұлы ақсақал дүние салды.

Қабыкей Ахмерұлы 1927 жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы Бұлғын сұмынында дүние есігін ашқан. Сталиндік қызыл зұлмат кезінде әкеден жастай жетім қалды. Әке түгілі 18-ге жаңа толған ағасы Қызырдың өзін байдың баласы, діндар молда деп айдап кете барған екен қызыл жандайшаптары. Ел ішінде домбырашы бала атанған Қабыкей Ахмерұлы өнерге ерте ден қояды. Алты жасынан домбыра ұстайды, 10 жасынан күйші бала атанады. 1958-1959 жылдары Алматыда Ұлт аспаптары оркестрінде білімін жетілдірген ол Баян-Өлгий аймағында жаңадан құрылып жатқан ұлт-аспаптар оркестрінің негізін қалаушылардың бірі болады. Әрі сол оркестрдің директоры және дирижері қызметтерін атқарады.

Осы бір абыройлы қызметті атқара жүріп, Қабыкей Ахмерұлы ел арасында жатқан небір жауһар туындыларды, халық әндері мен күйлерін, халық композиторларының әндерін жинауды мақсат етеді. “Осы мақсатпен ел ішін көп араладық. Көптеген ән, күйлерді таптық. Жазып алуға тырыстық. Ол кезде жоғары сапалы жазып алу құрылғылары болмағандықтан, көбін өзіміз үйреніп алып, қайтадан орындаушы едік” дейтін бізбен кездесу барысында. Алтайдан Қобдаға ауған елдің түп тамыры ата жұртта жатқанын тарихшылар бағамдап үлгерген жоқ. Олар жай ауған жоқ, өзімен бірген қазақтың рухани қазынасын ала кетті. Моңғолиядағы халық революциясының алғашқы жылдарында, сталиндік репрессияның жойқын кезінде мұндағы халықтың да есеңгіреп қалғаны рас. 1940 жылы Баян-Өлгий қазақ ұлттық аймағы дәрежесіне қол жеткізгеннен кейін, ондағы қазақтардың өзіндік мәдениеті қалыптаса бастады. Газет-журналдар, баспахана ашылды және ең басты олжа ретінде Баян-Өлгий аймақтық музыка-драма театрын атауға болатын.  Ес жиып, еңсесін тіктеген ұлт зиялылары ел арасындағы өнер туындыларын жинап ел кәдесіне жаратуды мақсат тұтты. Сөйтіп 1984 жылы Өлгий баспасынан “Моңғолия қазақтарының халық әндері” атты сүбелі еңбек жарық көрді. Әрине, бұл кітапқа қатысты сын айтушылар арамыздан әлі табылып қалады. Біріншіден, халық әндерінің нотасын жазуда қателіктер кеткен екен деген ойларды естіп жүрміз. Екіншіден, кітапқа идеологиялық тұрғыдан жетекшілік жасаған Имашхан Байбатырұлы ондағы партиялық идеологиялық мақсаттан болар бәлкім, немесе кейбір әндердің түп нұсқа сөздері ұмытылып, тек әуені жетіп, оған халық арасында жатталып қалған өлең шумақтарын пайдалана беретін үрдіс қалыптасқандықтан болар, әйтеуір біраз әннің сөзін ақындарға қайта жаздыртады. Сөйтіп ұлттық ән мұрамызға табылмас, таптырмас жауһар болып енген, 365 ән топтастырылған еді бұл жинаққа.

Қазақ “біткен іске сыншы көп” деп жатады. Жұрт осы  кітаптағы олқылықтарды сынағанымен, соны Қазақстан тарапынан қайта басып шығаруға ешкім құлықтылық танытпады. Осы кітапты Алматыдағы Мәдениет саясаты және өнертану институтының директоры қызметін атқарып тұрғанында Ерлан Сайыров мырзаға апарып бердім. Сұхбаттарында ел мен жердің, халықтың мұңын мұңдайтын азамат болып көрінгісі келгенімен, оның да бұл іске бел шешіп кіріскенін көре алмадық. Кейіннен кітапты қайтарып алғым келген еді, өзін таппай қалдым. Баян-Өлгийдің қазақ руханиятына қосқан үлесі мен бергені жайында “Азаттық” радиосына өнертанушы Базаралы Мүптекемен арнайы сұхбат өткізген едім. Ол-дағы Қабыкей еңбектерінің бағаланбай жатқанын айта отырып, оның күйлерін жеке, жоғарыда аталған кітапты жеке бастырып шығару үшін Мәдениет министрлігіне сан рет жоба жасап ұсынғанын, бірақ қолдау таппай отырғанын жеткізген болатын. Мәдениет саясаты және өнертану институтының бөлім меңгерушісі Қайырғазы Төленмен жасаған радио сұхбатымда да Қабыкей Ахмерұлының кітаптарын басып шығаруды қолға алмақ ниетте екендігін айтты. Сол кезде Қабыкей Ахмерұлының науқас екенін айтып, көзі тірісінде шығарып берсеңіздер деген өтініш айтқанмын. Алайда, аталған кітапты Қазақстанның Мәдениет министрлігі қайта басып шығаруды қажет деп таппаған секілді. Бірақ осы кітапта топтастырылған әндердің біразын Қазақстанның өнер жұлдыздары орындап жүр. Атап айтар болсақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дауылпаз әнші Бекболат Тілеухан “Жорғатай” әнін, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева “Керім-ау, айдай” әнін, Жанар Айжанова “Әсем әнім сырнайдай” әнін орындаса, Ұлту Қабаеваның репертуарында  “Балапан қаз” әні берік орын алған болатын. Кейін қазақстандық блогбастер “Көшпенділер” фильмінде осы ән орындалды. Жақында “Ел арнадағы” “Бәрі есімде” бағдарламасында осы “Балапан қаз” әні туралы сөз болды. Сонда жазушы Дулат Исабеков халық әндеріне сөз жазған дұрыс емес деген ой айтты.

Жалпы бұл кітапты құрастырушылардың негізгі мақсаты халық арасындағы жауһарларды жинау және оны халық игілігіне жұмсау болғанын екінің бірі біле бермейді. Бүгін сол рухани қазынаны бүгінгі заманның игілігіне жарату, жаңа технологияларға көшіру әзірге ешкімнің ойына келмей отыр.

Қабыкей Ахмерұлы – халық арасындағы 120 күй, 365 әнді жинап, нотасымен кітап етіп бастырған, музыка зерттеушісі. Ол 30-дан астам күйдің авторы, күйші. Ол  саналы ғұмырының 30-дан астам жылын Баян-Өлгийдегі ұлт-аспаптар оркестріне басшылық етуге және дирижерлікке арнаған көшелі басшы. Ол Алдаберген Мырзабеков, Шамғон Қажығалиевтерден тәлім алған, сол тәлімін қазақтың жырақта жатқан шаңырағы Баян-Өлгий қазақтарының зердесіне зерделей білген өнер қайраткері. Қазақстанға қоныс аударғаннан кейін, 2000 жылы ол кісінің “Ақ тілек” атты концерті ұйымдастырылды. 2006 жылы “Алтын қобыз” байқауына қатысып, “Алтын қобыз” иегері атанды. 2011 жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мұрындық болуымен “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды. Қазір Қазақ радиосының алтын қорында ол кісінің орындауындағы және өз күйлерінен 30-ға жуық күйі бар. “Қазақтың мың әні”, “Телқоңыр” дискілерінде Қабыкей Ахмерұлының шығармалары енді.

Бүгінде Алматы облысы Алакөл ауданы Қабанбай ауылында мәңгілікке көз жұмған Қабыкей Ахмерұлының қайтыс болуына орай, қайғысына ортақтаса отырып, туған-туысқандарына, жақындарына көңіл айтамыз. Топырағы торқа болсын, орның жаннатта, жатқан жерің жайлы болсын!

7 Comments

  1. Өмір бойы қазақтың,
    Қас өнерін кемірген.
    Ақсақалым, абызым,
    Сен де өттің бе өмірден?!

    Жарықтығым, бақұл бол!
    Ізің сенің мәңгілік.
    Әуеніңмен әр таңда,
    Алтай тұрар жаңғырып!

  2. Ақмерұлы Қабыкей атамыздың дүниеден өткенін естіп қатты қайғырдық.

    Қабыкей атамыздың өмірі аса мәнді өтті. Туған халқының рухани мұрасын жинап, хаттап кейінгі ұрпаққа жеткізумен қатар қазақ өнерінің өркендеуіне аса мол олжа салды. Атамыздың күйлері халықтың мұңы-зары, қуаныш-сүйініші ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады.

    Ол өзінің тума ұлтытының алдында парызын еселеп орындаған адам. Ағамыздың екінші өмірі енді басталды. Туған ұлт Қабыкей атамыздың осы өмірін жалғастыруға атсалысады деп сенемін. Атамыздың туған-туыстарына, ұрпағына қайғырып көңіл айтамын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Тіріде халқының құрметіне бөленіп еді, ол дүниеде Алланың нұры жаусын!
    Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ, Халықаралық Шыңғысхан Академиясының академигі,Филология ғылымдарының докторы, профессор, Түрколог-ғалым

  3. Аққу ұшып көлге кетті
    Сұңқар ұшып шөлге кетті.
    Ол адасып кеткен жоқ,
    Әркім барар жерге кетті (Ә.Диваев)

    120 күй, 365 әнді жинап, нотасымен кітап етіп бастырған, музыка зерттеушісі, 30-дан астам күйдің авторы билік тарапынан елеусіз өмірден өтіп, бақилық болды! Өкінішті-ақ! Жаны жаннатта, марқұмның жатқан жері жарық болсын, бейіт бейішті, көр нұрлы болсын!

Leave a Reply to Қаржаубай Сартқожаұлы Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Latest from Blog

eGov.kz порталынан жүргізуші куәлігін алуға болады

Егер тегіңіз өзгерсе, жоғалтып алсаңыз, уақыты аяқталса жүргізуші куәлігін eGov.kz порталынан рәсімдеуге болады деп мәлімдеді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз-қызметі.  Ол үшін eGov.kz порталына кіріп, «Көлік және