///

Айыр шоқ, сылдыр моншақ

13 рет қаралды
6

Arkalik_oblojka2Соңғы кездері баспасөздер де болсын, радио, телеарналардан беріліп жататын үлкенді-кішілі көлемді түрлі сыр-сұхбат, хабарларда болсын «қазіргі кезде кітап жазушылар көбейіп кетті, бұрын мемлекет тарапынан жарық көретін шығармаларды екшеп, тексеріп, сан-сапасына қарап, бір орталықтан реттеп отырушы еді, енді болса қолында қаржысы бар кім-болса сол кітап жазып, көркем әдебиеттің де, тарихи шындықтың да шырқын бұзып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін қарапайым оқырман біле алмай қалды, әуесқой тарихшы көбейді, ақын-жазушы біткен тарихшы болып алды, шежірешілер шектен шықты» деген сөздер жиі айтылатын болды. Шынында да жазғыштар жалғандықққа барып, жоқтан бар жасап, ойдан ойына келгенін құрастырып, ат-атағын шығару үшін қолдан тарих тудырып, жазылған нәрсенің ақ-қарасын, шын-өтірігін дәлелдеп, дәйектей алмай жатса айтар жоқ, жоғарыдағы уәжге шүбә бар ма? Ал егер, тарихшылар саясаттың сілтеуімен,  кертартпа идеологияның құрсауынан шыға алмай, біреудің жұмсауымен шындықты бұрмалап, ақиқаттан айналып, аттап өтіп жатса, олардың айта алмағанын ақын-жазушы айтса, кәсіби тарихшының ақ дегені алғыс, қара дегеніні қарғыс деп, басқалар қол қусырып қарап отыруы керек пе? Олардың жазбаларын көзге ілмеуге бола ма? Болмайды екен. Жуықта менің қолыма Талдықорған қаласында тұратын зейнеткер ұстаздың көлемі жиырма баспа табаққа жуық ғұмырнамалық-тарихи қолжазбасы түсті. Жазбаның тартымдылығы сондай қолыма алған жерде бас көтермей бір деммен оқып шықтым. Маған редакторлыққа ұсынған қолжазбаның ат-атауын ауыстырып, айдар-тақырыптарына аздаған өзгерістер енгізгенім болмаса қолжазбаға қалам ұшын тигізбедім десем әбден болады. Өйкені автордың жазу мәнері, келтірілген дәлел-дәйектеріне дейін өте-мөте нанымды, иландырады. Автор алғысөзінде «Мен шежіреші, ғылымға терең бойлап мұрағат қазған тарихшы немесе жазушы, «ата тегім» дейтін құр айқайшы да емес, қарапайым ұстазбын. «Көрген көз, естіген құлақта жазық жоқ»- деген қағиданы еске ала, ойда жүргенді ортаға салып, ұрпаққа айтып кетуді өз парызым деп санадым» деп ағынан жарылады. Ал жазбалары еш жерде жарияланбаған, жарық көрмеген, тарихшылардың көзіне ілікпеген тұнып тұрған тарих, этнография зерттеушілердің де назарына ілікпеген  ұлттық жәдігер, ескі дүниелердің ат-атаулары, жасалу жолдарының өзі бір зерттеуге тұрарлық бай мұра екеніне көз жеткізеді.

Әр бір адам бір тарих. Өйткені ол қоғамнан тыс, қоршаған ортадан аулақ өмір сүре алмайтындықтан бір адам басындағы тағдыр қоғамның барлық мүшесіне айна қатесіз тән болмаса да оладың тыныс-тіршілігімен сабақтасып, байланысып, енді біреудің басында қайталанып жатуы әбден мүмкін. Демек, қоғам тарихы дегеніміз әр бір адамның басынан кешкен тағдыр жиынтығы. Ал оны асыра сілтемей, аттап, айналып өтпей, бұрмалап бұзбай, біреудің жұмсауымен жұмыстап, саяси идеологияның жетегінде кетпей шынайылықпен көркем, нақышын тауып жатық баяндап беру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ал қолынан келген күннің өзінде әлгінде атап өткеніміздей әлде кімнің жұмсауымен жазылған, әлде кімнің нұсқауымен етілген еңбектерде ала-құлалық, жасырып-жапқан, айтылмай қалған ақ таңдақтар көп болады. Осы тұрғыдан келгенде біздің назарға алып отырған тақылеттес саясиланбаған, біреуге қолбалалық қызмет атқармаған, шикілігі жоқ, қоқаң-лоқысыз адал жазылған туындыларда шынайы өмірдің ақиқаты, нағыз  тарихы ашылады.  Олар тапсырыспен жазылған жасанды, жылтырақ дүниелерден, жүз мыңдаған есе артық болса керек. Сондай кітаптың бірі, міне оқырманға жол тартқан зейнеткер-ұстаз, Талдықорған қаласының тұрғыны Арқалық Сүлейменұлының «Айыр шоқ, сылдыр моншақ» атты тарихи деректі  еңбегі. Автор мұнда кәсіби тарихшылар әлі күнге дейін айта алмаған ақтаңдақты ашып, зерттеушлердің зердесі жеткенмен, жігері жетпеген өткен беймаза заманның зар-мұңынан сыр шертеді. Шығарманың ат-атауының өзі бірден оқушы назарын өзіне тартады. Көкейге бірден «Айыр шоқ, сылдыр моншақ» дегеніміз не деген сұрақ туындайды. Баяғы өткен замандарда ел ішінде өз өнерімен аты шығып, атақ-абыройы көпке тараған адамдардың лақап аттары болғанын білеміз: Сегіз Сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Біржан сал… «Айыр шоқ, сылдыр моншақ» Алтай-Боғда өңірінде Қытай мен Моңғолияның арасында 1945 жылға дейін тартысты тағдырлы өмір сүрген, Ай қасқа атының төрт аяғын бірдей жіліншігінен алтын-күміспен аптап білезік таққан, алаштың ең соңғы атақты Серісі болса керек. Ол айтулы сері ғана емес, оң қолынан өнер тамған қайқы бармақ ұста, оюдан ой өргізген зергер болыпты. Қолындағысын айналасындағы жоқ-жітікпен бөлісіп, ел-жұртының көңілінен шыққан жомарттығы үшін «Көпес» те атаныпты.

Туындыгер «Айыр шоқ, сылдыр моншақ»  атанған Көпес Жұмажан Бүлтікейұлының жүріс-тұрысын былайша суреттейді: «Шынтақ жең, құлын жарғақ құла түс мешпеттерін жалпақ күміс белбеумен қынай буынып, сары ала қамшыны кең бүлдіргесінен білектеріне іліп, кестелі шалбардың кер езу балағын сірі өкшесін құймалап, тіреме қаққан, оюлы саптама етіктің сыртына салып, сегіз қабат үзеңгібауға шірене тіреп, айқасқа ердің артқы қасына қисая жамбастай отырып, даланы әнге бөлеп, боз атын тербелте жол жорғалатып келе жатқанда таңданып тамсанбайтын, таңдайын қағып, көз салмайтын жан қалмайтын». Мұндай көркем, келіскен суретті мен бұрын соңды еш жерден оқымаппын. Осы бір ауыз сөздің өзінде қаншама этнографикалық атау-теңеу жатыр. Ал кітаптың іші тұнып тұрған маржан, көнерген, ескірген, ұмыт болған лағыл сөздер.

Мен осы кітапты оқып шыққаннан кейін бас кейіпкер Көпес Жұмажан туралы осы жөн біледі-ау деген бірнеше адамнан тарихшы, этнограф, өнер зерттеушілерінен сұрағанымда еш қайсысы ештеме тіс жарып айта алмады. Ал бізге, оқырман қауымға осындай құнды дүниені қарапайым зейнеткер-ұстаз Арқалық Сүлейменұлы ұсынып отыр. Ел іші кеніш деген міне осы болса керек.

Бақытбек  Бәмішұлы                                      

 

 

6 Comments

  1. Расында керемет көркем әдеби тілмен жазылған, сондай-ақ қилы кезеңдердегі ұлт тағдыры туралы көп мәлімет береді. Ғұмырнамалық туынды болғандықтан бір әулетке қатысты баяндалады, бірақ этнографиялық жағынан құнды дүниелер жетерліктей берілген, 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың ортасына дейінгі кезеңдегі тұрмысты өз көзіңмен көргендей әсер аласың.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Алдыңғы жазба

Сырттағы ағайындардың ассимиляцияға ұшырау қаупін тоқтату мүмкін бе?

Келесі жазба

«Ер Төстік және Айдаһар»

Соңғы жазбалар

49 жылға жалға алды

“Іле–Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне” қарайтын Үлкен Алматы көлі, Алма-Арасан, Асы үстірттері, Есік және Солдат шатқалдары,

Вирустың беті қайтар емес

Қазақстанда өткен тәулікте 272 адам коронавирус індетімен ауырғаны белгілі болды.Өсім 2,9% құрады.Аймақтар бойынша:Нұр-Сұлтан қаласы – 56

eGov.kz порталынан жүргізуші куәлігін алуға болады

Егер тегіңіз өзгерсе, жоғалтып алсаңыз, уақыты аяқталса жүргізуші куәлігін eGov.kz порталынан рәсімдеуге болады деп мәлімдеді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз-қызметі.  Ол үшін eGov.kz порталына кіріп, «Көлік және