///

«Хан» табақ – қастерлі мұра

20 рет қаралды

Бұрын естімеген қасиетті табақ хақында редакциямызға келген заңгер оқытушы Мұқағали Әбдірейімұлы қызықтыра әңгімелеп берді. Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан бұл жәдігер табақты ел «Абылайдың табағы» немесе «Хан» табақ деп атайды екен.

O O

Табақ мәрмәр тастан (доломит мраморированный) қашап жа­салған. Салмағы – 3,5 кг, диаметрі – 45 см, шұңғылдығы – 3,5 см. Жие­­­гіне Құран Кәрімнің Фатиха сүресі айналдыра жазылған. Жасалғанына шамамен 250 жылдай болған.

Табақтың соңғы иесі – таяуда ғана дүниеден өткен халық емшісі, М.Нострадамус академиясының академигі, Халықаралық экология академиясының Дәрігерлік экология-космоэнергетика ілімі бойынша толық мүшесі, ҚР құрметті кәсіби емшісі, 1998 жылы Алматыдағы республикалық Шығыс медицина орталығында аттестациядан өтіп «Теопсихобиоэнерготерапевт» ата­­­­­ғын алған, Шығыс және қазіргі медицина орталығының Маңғыстау облыстық филиалының директоры болған, «Всемирная ассоциация психологов врачей духовных и народных целителей мира» және Қазақстанның «Ардагер емші» медальдарымен марапатталған, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында жатқан МАРАЛ-ИШАН әруағын пір тұт­қан көріпкел-ем­ші Әбдірейім Қайымұлы болған көрінеді.

Бүгінде «Хан» табақ оның ұлы Мұқағали Әбдірейімұлының иелігінде. Марқұм Әбдірейім емші – әйгілі Балуан Бозан емші­нің немересі. Бұл әулеттің ата-бабалары 1720-1730 жылда­ры Қазақстаннан Өзбекстан Рес­пуб­ликасының Бұхара, Науаи облыстарына қарайтын Шо­фир­кан, Тамды, Кенимех аудандарына қоныс аударып, мекендеген дәулетті шонжар және емші көріпкелдігімен ел ішінде кеңінен танылған дейді.

Мың-мыңдап төрт түлік мал өрбіткен Жүзбанбет байдың ұлы Шағатай бай мен оның ұлы Бозан хан-сұлтандардың тұқымдарымен, сондай-ақ, Бұхара әмірлігімен етене араласқан.

Енді хан табақтың бұл әулетке қалай келгеніне тоқталайық.

Қазақтың соңғы ханы Кенесары ұрпағы Сыздық сұлтан кек алу мақсатында орыс-қырғызға қарсы соғысқа дайындалмақ болып Қазақ­тау тауының Қызылқұм шөлімен тұтасқан жеріне қос түзеді. Бұл жер – бүгінгі Науаи облысының Тамды ауданындағы Аяққұдық ауылының аймағы. Сыздық сұлтан осы аймақты мекендейтін Кіші жүз руларының рубасыларымен байланысып, әскерге адам жинап, соғысқа әзірленеді. Тереңдігі қырық құлаш құдық та қаздырады. Бұл құдық әлі күнге дейін «Сыздық сұлтан құдығы» деп аталады.

Шағатай байдың әулеті Сыздық сұлтанды әскермен қамтамасыз етіп, азық-түлік жеткізіп, ай­рықша көмек қолын созады. Өйт­кені, Сыздық сұлтанның шық­қан жері Көкшетау екені белгілі. Шағатайдың да ата-бабалары Көкшетаудан шыққан. Байға аса риза болған сұлтан оған «Хан» табақты сыйға тартқан деседі. Жүзбанбет бай – Кіші жүз­дің Керейіт руының Ақбет аталығынан.

Шағатай, Шағатайдан Бозан, Бозаннан Қайым, Қайымнан Әбдірейім, Әбдірейімнен Мұқа­ғали, тағы басқалары өрбіген. Сөйтіп, қасиетті «Хан» табағы атадан балаға мұра болып қалып, біздің күндерге жеткен. Ел ішінде қасиетті атанған бұл «Хан» табақтан «Көктемнің алғашқы жаңбырының суын ішкен адам ауруынан айығады» деген наным бар.

Бұл киелі табақтан кезінде Бұхара ханы болған Әмір Әлімхан ас жеген. Сондай-ақ, «Хан» табақ­ты Әбдірейім емші күнделікті ас табақ ретінде де пайдаланып, шаңырағына мейман болып келген Тұманбай Молдағалиев, Ғиб­ратулла Досқалиев, Заманбек Нұр­қаділов, Құдайберген Сұлтан­баев тағы басқа елге танымал азамат­­тарға дәм татырған.

Ауыр науқасқа шалдығып, жо­лы болмай жүрген адамдарға су ішкізіп, ас беріп емдеген. «Хан» табақтың осындай қасиет-киесімен аталмыш әулеттен ем­ші-шипагерлер көп шыққан. Өткен ғасырда Ақбет Керейіт ұрпа­ғынан Дәуіт әулие, сонымен бірге Наркүл, Бозан, Рыскүл, Әбдірейім емшілер шығып, ерекше қасиетімен елге танылған. Қасиетті Құран Кәрімнің сүресі жазылған «Хан» табақ, осындай аса құнды және қасиетті жәдігер жайында жұртшылықтың біле жүргені де ғанибет болар.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

––––––––––––

Суреттерде: «Хан» табағы.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Алдыңғы жазба

«Ер Төстік және Айдаһар»

Келесі жазба

Сауатсыздық синдромы

Соңғы жазбалар

49 жылға жалға алды

“Іле–Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне” қарайтын Үлкен Алматы көлі, Алма-Арасан, Асы үстірттері, Есік және Солдат шатқалдары,

Вирустың беті қайтар емес

Қазақстанда өткен тәулікте 272 адам коронавирус індетімен ауырғаны белгілі болды.Өсім 2,9% құрады.Аймақтар бойынша:Нұр-Сұлтан қаласы – 56

eGov.kz порталынан жүргізуші куәлігін алуға болады

Егер тегіңіз өзгерсе, жоғалтып алсаңыз, уақыты аяқталса жүргізуші куәлігін eGov.kz порталынан рәсімдеуге болады деп мәлімдеді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз-қызметі.  Ол үшін eGov.kz порталына кіріп, «Көлік және