///

Көңіл жарасымы немесе сырттан тон пішу

8 рет қаралды

434_a9152569d0e4e2805f93e4098a841600

Заманалы гуманитарлық білім мен ғылым деңгейі әлеуметтік сананың ажарлы көрінісі іспеттес. Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан жоғары мектебі академиясының академигі Қансейіт Әбдезұлы –  сол адамияттық саланың белгілі өкілдерінің бірі. Ал гуманитарлық мектептің беткеұстар бір саласы – журналистика қисыны мен тәжірибесі  қоғамдық танымды да, жеке танымды да әртүрлі тәсілдермен бейнелей алады. Практика жүзінде көп қолданыла бермейтін әдістердің бірі – тікелей пікірлесудің орнына кейіпкердің төл еңбектеріне жүгіне сөйлеу. Кейде бетпе-бет, жүзбе жүз тілдескенде айтыла бермейтін пікірлер мен сырлар жанама тілдесу форматына жараса кетеді, тіпті визавидің интеллектуалдық көкжиегі де қылаң береді. Сұхбат авторы монтаж тәсілін қиыстыра отырып, ешкімнің қас-қабағына қарамай, еркін сілтей алады. Сондықтан біз 60 жасқа ентікпей-шалдықпай, жігіттік жарасымынан айнымай жеткен ғалым, ұстаз, публицист, жоғары мектеп менеджері Қансейіт мырзамен әңгімені осы траекториялармен өрбітуді жөн көрдік.

Кәкен Қамзин: Қансейіт мырза, әңгімемізді қазіргі қазақ қоғамына аса қажет, аса зәру проблемадан бастасақ. Мақұлдайтын шығарсың. Мен оны, бір сөзбен, ұлттық намыс дер едім. Қара халық та, ел бастаған серке де ұлттық құндылық энергетикасынан алыс қонса, қаншама технологиялық жобалары, инновациялық ілгерілеуді күн тәртібіне қойғаныңмен, ол ұмтылыстың көсегесі көгере ме? Тап қазір ұлттық намыстың наркескенін жанитын қандай қайрақ бар?

Қансейіт Әбдезұлы: «Қазақ халқын, қазақ елін сандаған ғасырлар бойында басын біріктіріп, аман алып келе жатқан, яғни оның ел ретінде, ұлт ретінде біржолата жойылып кетпеуіне, немесе тарих көшінің біз кезеңдерінде басқа алпауыт ұлттардың жұмырына жұтылып кетпеуіне себепкер болған, осы қатерге бой алдырмай келе жатқан бір құдыретті әрдайым есте ұстауымыз қажет. Ол – қазақ халқының ұлттық намысы. Ұлттық намыс – бабадан атаға, атадан балаға, баладан немереге арқауы үзілмей келе жатқан біздің ұлттық болмысымыз. Қасиетті қанымыз. Тектілігіміз.

Қазақтың атақты батырлар жырының ең басты идеясы не дегенде, тағы да осы құндылықтарымыз ойға оралады. Ұлттық намысты қолдан бермеген қазақ батырларының тұлғасы – күллі фольклорымыздың, күллі эпостық жырларымыздың алтын арқауы. Басты көркемдік идеясы. Осынау жырлардағы суреттелетін барлық сюжеттік оқиғалар, көркемдік теңеулер, даналық ой-толғамдары, т.б. толып жатқан көркемдік компоненттердің түгелімен бір ғана көркемдік жинақтауға, көркемдік шешімге келіп тіреліп жатқандығын аңғарамыз. Ол – арманына, мақсатына жанқиярлық күреспен жеткен, осынау мақсат жолында талай арпалыстарды басынан кешіп, сонда да бір елі шегініп көрмеген қазақ батырларының ерлігін, каһармандығын жырлау. Ұлы күрес рухы бұл жырларда бір толастамайды. Туған жер, Отан, туған ел, ата-ана, қарындас-бауыр, солардың Азаттығы үшін күреске шыққан, осы жолда барлық азапқа төзген, ауыртпалыққа шыдаған, керек болса басын бәйгеге тігіп, жалғыз жүрегін нысанаға қойып, өмірін берген тұлғалар әрқашанда халық ауыз әдебиетінің бас кейіпкердері болған.

Ұлттық намыс жолында кеудесін оққа төсеп, қайрат жанып, жанын қиған, отқа түскен осынау тарихи тұлғалар тағдырын бейнелеу дәстүрі қарап отырсақ, сонау біздің арғы ата-бабаларымыз – сақтардың каһармандық дастандары: «Алып Ер Тоңға», «Шу батыр» (б.зд. ІХ-ІІ ғасырлар) жырларынан бастап, сәл беріректегі ғұндардың батырлық жырлары «Атилла», «Оғыз-қаған», «Көк бөрі», «Ергенекон» (б.з.д. ІІ-І ғасырлар) т.б. дастандарымыздың басты идеясы, алтын арқауы бір арнада сабақтасып жатыр.

Тағы да ұлттық намысты биік көркемдік деңгейге көтеріп жырлаудың асыл үлгілері ретінде біздің заманның ҮІ-ҮІІІ ғасырлар аралығында ғұмыр кешкен ұлы бабаларымыздың ерлігін, каһармандығын, тәуелсіздік жолындағы қасиетті күресін жаңа тыныспен жырлайтын «Күлтегін», «Тоныкөк» жырларына бүгінгі күні күллі түркі жұрты, қала берді, күллі әлем бас иеді. Біз, қазақтар, бұл эпостық жырларды өзіміздің ұлттық символымызға балаймыз».

К.Қ.: Айтпағыңды, арғы жағыңды ұқтым. Бек түсіндім. Ұлттық идеологияның бастау-бұлағы, от шығарар тарихи қайрағы ауыз әдебиеті, жыраулар дәстүрі, тас бітіктердегі руна жазбалары демексің ғой. Жарайды. Дұрыс. Құп. Онда әрі кеттік. Енді кез келген адамның бойына біте бермейтін талант феномені, көркемөнердегі жеке адамның ролі туралы сөз айқастырайықшы. Онан соң көркем әдебиеттегі дарын пен әлеуметтік сахнадағы даралық мәселесін таратып көрелік.

Қ.Ә.: «Жиырма бірінші ғасырдың есігін ашып, табалдырығынан аттап тұрсақ та, өткен ғасырымыздан алыстап кете алмаймыз. Артымызға қайта-қайта қарайлай береміз. Әсіресе әдебиетіміздің өткенін түгендегенімізде осындай ой келеді…

Шын мәнінде, өткен, жиырмасыншы ғасырдың 70-90 жылдар аралығында дүниеге келген қазақ әдебиеті, оның шыққан биігі біз үшін әлі күнге дейін арқа сүйейтін асқар бел. Қарап отырсақ, сол тұстағы қазақ әдебиеті барлық жанрда бірдей қаулай көтеріліпті. Әдебиетіміз әралуан тақырыпты қамти алған. Әртүрлі стильде жазатын, әрқилы қолтаңбасымен көрінген қаламгерлер қатары да сол кезеңде қалың қазақ оқырманымен қоян қолтық болған. Өмірдің заңы. Сол тұс – теңіздің толқынындай бірде көтеріліп, бірде басылып отыратын әдеби-шығармашылық тіршілігіміздің де бір дәуілген шағы екен.

Айталық, ұлттық әдебиетіміздегі өз орнын анықтаған, үлкен шығармаларымен оқырманға жол тартқан кесек тұлғаларымыздың бірі Т. Ахтанов екені белгілі. Оның «Шырағың сөнбесін». «Махаббат мұңы», «Боран», «Ант». «Ана дауысы», «Күшік күйеу» т.б. прозалық, драмалық шығармаларының көркемдік құндылығы сол тұстағы қазақ әдебиеті дамуыныңы арнасында бағаланады. Жазушының тақырыптық ізденістері, кейіпкерінің ішкі адамгершілік, рухани әлемі, тартыс, шығарма құрылымы, шығарма тілі, осының барлығы Ахтанов сомдаған нақты типтік бейнелер арқылы ашылады. Сол арқылы Т. Ахтанов туындыларының өзіндік көркемдік ерекшеліктері тайға таңба басқандай көрінеді».

К.Қ.: Қансейіт, сен өз ғылыми-танымдық мақалаларыңда сыншылық дәстүрге, қолтаңбасы дара қаламгерлерге арнайы көңіл бөлесің. Солардың арасында бірегей талант Тәкен Әлімқұловты, қазақ сын жанрының ірі өкілі Төлеген Тоқбергеновті жиі-жиі ауызға аласың. Екеуінің арасына рухани, шығармашылық желі тартасың.

Қ.Ә.: «Тәкен Әлімқұлов қаламынан проза жанрында алпысқа жуық әңгіме, 7 повесть, 2 роман дүниеге келіпті. Жазушының прозашы ретінде көбірек танымал болғандығы да осы дүниелердің арқасы. Оның үстіне жарық көрген төрт поэтикалық жинақты қосамыз. Бұлар да – қаламгер талантының бір қырын танытатын аса құнды көркем туындылар. Ал енді барша ақындардың ұстазы Абай жайынан жазылған «Жұмбақ жан» атты зерттеу – бітімі бөлек дүние. Тұтастай айтсақ, Тәкен Әлімқұловтың қаламынан қазақ әдебиетіне аз мұра қалған жоқ.

Т. Тоқбергеновті қаламгер ретінде, сыншы ретінде қалыптастырған, әрине, өз заманы, Сол кезеңдегі қазақ әдебиеті, әсіресе қазақ прозасы қарқындап өркендеген, барлық тақырыпты қамтыған, жаңашыл туындыларға жол ашқан тұсқа тап келді. Сол тұста талантты қазақ жазушыларының сандаған жаңа туындылары бірінен соң бірі жарық көріп жатты. Соның ішінде әсіресе тарихи тақырып, өнер тақырыбы жаңа белеске көтерілді. Қарап отырсақ, осынау тақырыптарды арқау еткен шығармаларға да Т. Тоқбергенов бірнеше кітабы мен үлкен-үлкен мақалаларын арнапты.

Әр қаламгердің өзгеге ұқсамайтын, өзгені қайталамайтын қолтаңба ерекшелігі екшеледі. Осы жерде өз кезегінде сыншының да терең білімі, үлкен теориялық дайындығы, көп оқығандығы, үзбей ізденгендігі тайға таңба басқандай көрінеді.

Сыншының «Рауан» баспасынан «Сенің сүйікті жазушың» атты сериямен жарық көрген жеке кітабында да, барлық жинақтарындағы мақалаларында да Т. Әлімқұлов туындылары әр қырынан сөз болады. Тәкенді қаламгерлік тағдырында өзіне ұстаз санағанын сан қайтара айтады. Тіл үйренуді, суреттің бояуын табуды, қазақ сөзінің құнарын ажыратуды – өнер тақырыбынан өмір бойында бір сәтке де көз жазбаған бекзат болмысты Т. Әлімқұловтан алғанын, оның шығармашылығын жандүниесімен қабылдағанын, соның шеберлік мектебінен өткенін жасырмайды.

Т. Әлімқұловтың әйгілі «Ақбоз ат» романынан бастап, беріде жарық көрген «Жұмбақ жан» атты зерттеу-эссесі, сонымен бірге бәрімізге жақсы  таныс «Қарой», «Көк қаршыға», «Саржайлау», «Телқоңыр», «Сейтек сарыны», «Қаралы қобыз», «Кертолғау», «Күржік», «Тұлпардың тағдыры», «Қош бол, Абсент!» сияқты біртуар туындылардағы тарихи тұлғалар – өнер саңлақтарының тағдыры, қазақтың дәстүрлі мәдениеті мен күйшілік өнерінің сыр-сипаты, тұлпарлар өмірі мен адам тіршілігінің сабақтастығы, қоғам мен заман шындығы, осының барлығын сыншы шығарманың ішкі жүйесін, көркемдік құрылымын, суреткерлік әдіс-тәсілдерін жіліктей отырып оқырман жүрегіне жеткізеді.

Шын мәнінде Тәкен туындыларын талдайтын тұста Т. Тоқбергенов шешен сөйлейді, еркін көсіледі, қолтығы сөгіле құлашын кеңге салады. Сондықтан да болар, автор өзінің бұл дүниелерін сыншылық еңбектен гөрі эссе жанрына жатқызған».

Қ.Қ.: Рас, біз өткен шаққа әлсін-әлсін ой көзін тастап отырамыз. Ол әлсіздігіміз емес, біз де Жер-анадан күш алатын Антейдейін тарихтан қуат аламыз. Дегенмен сәл бертінге оралып, өзіңе ұстаз болған филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-нің академигі, жазушы Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесін, оның ішінде  өзіміздің студенттерді, оқырмандарды елең еткізетін тұстарын қамти кетсең.

Қ.Ә.: «Роман-эсседе Мұқаңдай, Мұхтар Әуезовтей қаламгердің, суреткердің күллі жан дүниесі, адамдық болмысы, ұстаздық еңбегі автор көзімен бағаланып, авторлық баяндаулар арнасында ашылады. Романның негізгі оқиғалық арқауы – М. Әуезовтің 1930-60 жылдар аралығында Қазақ ұлттық университетінің (сол кездегі С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің) қазақ әдебиеті кафедрасында ұстаздық қызмет еткен кезеңінен бастау алады да, ары қарай лирикалық шегіністер, авторлық ремаркалар, кейіпкерлер диалогы арқылы арқылы ұстаздың осыған дейінгі тағдыр белестеріне де шолу жасалады.

Әсіресе Мұқаңның балалық кезеңі өткен туған жері – Шыңғыстау, Бөрлі өңірінің суреттемелері, атасы Әуездің, немере ағасы Қасымбектің болашақ жазушыға әсер-ықпалы, Абай және оның ақындық айналасы, Мұқаңа үлгі болған Алаш арыстары, яғни оның ұлттық дүниетанымын оятқан, тарихи тағылым ұсынған ұлы ұстаздары туралы ой-толғамдар, 1920-30 жылдардағы белең алған тарихи, саяси оқиғалар тізбегі, сол тұстағы әпербақан, асыра сілтеушілердің кесірінен жазушының қудалауға түсіп, азап шеккен кезеңдері, барлығы роман ішінде терең арналы, бірнеше тарауларды қамтитын әсерлі баяндаулар ауқымында сөз болады. Осы эпизодтардың барлығын да жазушы бірде авторлық көзбен, бірде лирикалық шегіністер арқылы іштей сабақтастыра, жымдастыра отырып, кейіпкері Әуезовтің көзімен жіті қадағалап, жігін тауып, шығармасының екінші, үшінші, төртінші, бесінші тарауларына енгізіп отырады. Тұтас бір желінің бойында шебер қиюласқан ғұмырбаяндық сюжеттер, авторлық толғамдар қамшының өріміндей жарасым тауып, күрделі тұлғаның бүтін ғұмырын, қайшылықты тағдырын терең поэтикалық аяда суреттеп жеткізеді. Образбен ойлау, төгілген тіл кестесімен сөйлеу автордың суреткерлік стилін, қаламгерлік қарымын анық аңғартады.

Ең бастысы, романның барлық тарауларында сол романның өз кейіпкерлерінің бірі автор-студенттің танымы, көзқарасы арқылы университет ғалымдары мен ұстаздарының өміріндегі көп сырлар, көп шығармалар өте әсерлі баяндалады, Әсіресе осы оқиғаларды баяндау үстінде автордың өткір де ұтқыр юморы, кей тұста сарказмға айналып кете баратын, оқырманын селт еткізетін терең сатиралық бейнелеулер ағыны, күлкілі эпизодтар мен адамдардың пұшайман кешуі, тағы да басқа тосын суреттемелер оқырманды өзіне тартып, сюжеттік арналарды ширата түседі.

Бас кейіпкердің бірі – Мерген (өмірдегі прототипі – қаламгер Сафуан Шаймерденов) төңірегінде өрбитін қайшылықты қалың оқиғалар тізбегі түптің-түбінде келіп қаламгер Әуезовке келудің, оның жан дүниесін ашудың жолын іздеген. Роман кейіпкері, университет оқытушысы белгілі Бегеймен (прототипі – профессор Белгібай Шалабаев) сабақ үстінде ұстасып, өз дегенінен шегінбей отырып алатын Мергеннің (ол да роман авторы сияқты студент) іс-әрекеттері насырға шауып, бұл іс ушыға келе, қазақ әдебиеті кафедрасының мәжілісіндегі бүкіл ұстаздар қатысқан үлкен жиынға ұласады.

Осы жиында барлығының сиынары да, сүйенері де Әуезов болды. Осы эпизодтарда, әсіресе Мұқаңның ұстаздық келбеті, ғалымдық болмысы, кемеңгерлігі, ең бастысы суреткерлік тағдыры, трагедиясы, өмір белесі, жүрек қуаты, барлығы дараланып көрінеді. Жазушы, осынау бір қарағанда, студент пен ұстаздың арасындағы тартысты романына саналы түрде енгізіп, оның көркемдік шешімін үлкен арналарға, биік белестерге көтеріп алып кетеді. Осының барлығын автор Әуезов тұлғасын танытуға түгелдей бағындырған.

Белгілі Бегеймен ұстасқан студентті Мұқаң қорғауына алады. Осы арқылы күллі қазақ әдебиетіне олжа салған ұлы қаламгердің жай пендешілік, күнделікті тұрмыстық тіршілігінің өзінен ұлағатты, тағылымды оқиғалар өрбітетін автор өз ой-толғамдарын әрдайым ұлы Мұқаңның сөзі арқылы, ой-пікірі арқылы бағалатып отырады. Әсіресе осынау оқиғалар үстінде көрінетін ұлы қаламгер Мұқаңның күллі ой-арманы, үлкен мақсатьтар тереңіне тартады. Жазушы Мұхтар Әуезовтің өзін көбірек сөйлете отырып, оның күллі ішкі сырын ашуға тырысады».

К.Қ.: Жөн делік. Өз басым өткен  ғасыр алпысыншы жылдары аяғында, жетпісінші жылдары басында қазақтың маңдайына біткен жалғыз университетінде білім алдым. ХХ ғасырдағы қазақ прозасы пәнінен профессор Белгібай Шалабаев дәріс оқыды. Кейініректе көрнекті қазақ қаламгері Сафуан Шаймерденовпен сапарлас болғаным да бар. Осы арада біздің типтендіру әдісін ұмытпағанымыз жөн болар, өмір шындығы мен көркемдік шындықтың ара-жігін ажыратып алғанымыз дұрыс шығар. Екеуміз осы сырттай сұхбатымызда қазақ әдебиеті мен ақпараттық кеңістігінде өзіндік орын сайлаған тұлғаларды іріктеп, сұрыптап алып отырмыз. Ұлт мәдениетіне, жаңа сипаттағы қазақ интеллигенциясының қалыптасуына зор ықпал еткен сол алыптардың және бірін ауызға алып кетуге мүмкіндігіміз бар сияқты.

Қ. Ә.: «Нәзір Төреқұлов – тарихи тұлға. Оның асыл бейнесін, ел алдындағы ересен еңбегін, әсіресе түркі тектес ұлттардың тарихын, әдебиетін, өнерін, ғылымын өркендетуге, насихаттауға қосқан үлесін келер ұрпақ ешқашан ұмытпауға тиісті. Өткен ғасырдың басында Түркістан автономиялық мемлекетінің негізін қалап, соның басшыларының бірі ретінде қыруар еңбек сіңірген, қазақтың атын халықаралық деңгейге алып шыққан арысымызды әрдайым есіне сақтағаны жөн.

Н. Төреқұловтың адам, азамат ретіндегі жеке басы, кісілігі, адамгершілік қасиеті, терең білімпаздығы мен оқымыстылығы, биік парасаты мен ақылы, барлығы оны қоршаған ортасына, әріптестеріне, керек болса жаулары мен дұшпандарына да оның беделін мойындатты. Бойға біткен ақсүйектік, қанмен келген тектілік Нәзір Төреқұловты дара феномендік, тұлғалық деңгейге көтерді».

К.Қ.: Біз не делік?.. Жасаған ием сені көрер қызықтан айырмасын. Өзіңді жоғарыда аты аталған дара тұлғалардың рухы желеп-жебеп жүрсін. Мерейтой иесі – саған   Сәкен Иманасов ағамыздың «Шабыт қайрау» өлеңінің бір шумағын тарту етемін. Аз да болса, көптей көр.

                                                     Асқақтап,

                                                     Айнала өктем жайды ұқтырып.

                                                     Қарамай,

                                                     Қарсы келсін қай «мықтылық»,

                                                     Тұршы бір дос төбесін көкке тіреп,

                                                     Жүрегін дұшпаныңның шайлықтырып!

Кәкен Қамзин, филология ғылымдарының докторы, профессор

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Алдыңғы жазба

«Қазақ елі» экспедициясы өз жұмысын бастады

Келесі жазба

Бар мақсатым - чемпион болу

Соңғы жазбалар

49 жылға жалға алды

“Іле–Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне” қарайтын Үлкен Алматы көлі, Алма-Арасан, Асы үстірттері, Есік және Солдат шатқалдары,

Вирустың беті қайтар емес

Қазақстанда өткен тәулікте 272 адам коронавирус індетімен ауырғаны белгілі болды.Өсім 2,9% құрады.Аймақтар бойынша:Нұр-Сұлтан қаласы – 56

eGov.kz порталынан жүргізуші куәлігін алуға болады

Егер тегіңіз өзгерсе, жоғалтып алсаңыз, уақыты аяқталса жүргізуші куәлігін eGov.kz порталынан рәсімдеуге болады деп мәлімдеді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз-қызметі.  Ол үшін eGov.kz порталына кіріп, «Көлік және