«Шағала – жырды бағала»

11 рет қаралды

15-20.1jpgБерімбай Ысқақұлы – ақын, сазгер, ұлағатты ұстаз, ардақты әке, шахматтан спорт шебері. 1943 жылы маусым айының 24-де Баян-Өлгий аймағының Улаанхус сұмынының Қызылтөбе деген жерінде дүниеге келген. Берағаң жағымпаздықты білмейтін,  көңіліне жақпағанын бетке айтатын, турашыл, шыншыл, адал ақын.

1992, 2002 жылдары Дүниежүзі қазақтары құрылтайына қатысып, ақындар мүшайрасынан бас жүлде, 1-орынды иеленген. Жазушы Құрманханның мерейтойына арналған ақындар мүшайрасында бас жүлде т.б. мүшайралар жүлдегері. «Сезім селі» қатарлы бірнеше жыр кітаптарының авторы. Б.Ысқақұлының атажұртта жарық көрген «Сезім селі» атты жыр жинағына жазған алғы сөзінде Мемлекеттік сыйлық иегері, ақын Несіпбек Айтұлы «ақын егіле, төгіле сөйлейді. Жырлары табиғи, сыршыл, шыншыл, тілі өткір де, орамды, жүрекке жылы. Берімбай ақын өзгеге ұқсамайтын тағдырымен де, өлеңдеріндегі ойлардың тосындығымен де, өзекті өртеген сюжеттерімен де оқырманын ойға қалдырады, толғандырады. Жинақты оқып шыққан адам сезім лирикасымен сусындап, тәуелсіздікті аялап, атамекенді жете сезініп, туған елге, туған жерге, ана тілге – деген ылтипаты, құрметі, сүйіспеншілігі арта түсері хақ» десе, ақын Сұраған Рахыметұлы «Берімбай Ысқақұлы табанда тура отыра жаза салатын құдай берген табиғи дауыл дарынды, арқалы ақын. …Өлеңнің жілігін шағып, майын тамызып, жүрекке жеткізе жырлайды. …Көзді ашып-жұмғанша күркіретіп, сіркіретіп құйып-құйып жібереді. …Ол – асқақ үнді, үлкен жүректі, көкірегі – күйге, жүрегі – жырға толы ақын» дейді ақынынң шығармашылығы туралы.

Ал ақын өзін төрт жол өлеңмен былай суреттеген:

 

Талады талай қасқыр пұшпағымды,

Ақынмын буырқанған күшті ағынды.

Ұстазбын сұрасаңыз іс-бабымды,

Берімбай ақын ағаң Ысқақұлы!

 

Бүгін біз ақын Берімбай Ысқақұлының 70 жасқа толуына орай оның бір өлеңдерін ұсынып отырмыз.

 

Шағала – жырды бағала

 

Самала сағым көк белдер,

Сағыныш, сансыз “өткелдер”,

Сіркіреп жауар жаңбырлы,

сөзіме жомарт көктем бер!

 

Түсімде тартып тұр-тұрлап,

оятып келіп сыр шумақ,

кеудемде толқып жатады:

телегей теңіз жыр тулап!

 

Күмбірлеп көңіл сағама,

көгілдір арман жағама,

кәдімгі құстай шаңқылдап,

қонды ұшып ән-жыр – “шағала”!

 

Кіршіксіз таза арым бар,

жүректе жалын, дарын бар.

Жауқазын жырлар ұшырдым,

ел-жұртым қабыл алыңдар.

 

Шапағы нұрлы таңым бар,

шарқ ұрған сыршыл жаным бар.

Ағысын, қанат қағысын,

Жыр дәмін татып таныңдар.

 

Туған жер, суың арасан,

Шөптерің шипа орасан.

Туған ел! Менде арман жоқ,

кәдеңе сенің жарасам.

 

БОСТАНДЫҚ ТУРАЛЫ ЖЫР

 

…Бұғау бұлты түнерген,

Жылан айыр тіл ерген.

Қасиетімді қазақи

Шегір жойып жіберген.

 

Жон терісін сыпырған,

Қоң етін жеп құтырған.

Шүршіт атып қазақтың

Мықтысынан құтылған.

 

Сорлап шүршіт, шегірден,

Көзден қан-жас төгілген.

Түрмелерде азаптап,

Сүйектерін кемірген.

 

Талай әдіс шығарды,

қанмен қылышын суарды.

Тартып алды басынып,

Туған жерін құнарлы.

 

Сезімдерге сел тұнды,

Көкірекке шер тұнды!

Домбырада мұң боздап,

”Зарзаман” – боп шертілді!…

ҚАЙРАН ҚАЗАҚ

 

Көңілден айқара ашып, кісіге есік,

әр қазақ табысатын кісінесіп.

Қалатын шүйіркелесіп, мауқын басып,

жайнайтын қуат алып, күш ілесіп.

 

Қандастың пейіліне семіретін,

көзінен ықласы төгілетін.

Біріне-бірі ыстық көрінетін,

тұлпарын әңгіменің тебінетін.

 

Сырлары дариядай тоғысатын,

Бірлігі бір арнадан табысатын.

Ойлары қыран құстай шарықтаса,

Намысқа қаны қайнап, шоқ ұшатын.

 

Қазақтың қызы ибалы, ұлы мықты,

жанардан сезетінсің жылылықты.

Мәрт еді жаны-жайлау, көңілі-көл,

Пір тұтқан ағалықты, інілікті.

 

Қонаққа кесіп берген ер қоң етін,

жүрегі ауызын ашса көрінетін,

Мейрімі күн нұрындай төгілетін.

Ұшқыны дархандықтың өрілетін.

 

Бабамыз бағын тапқан көші-қоннан

Шайқасып жаумен қазақ өсіп-өнген…

…Алыс пен айыра алмай ет жақынды,

Миларын, сақта құдай ашығаннан!

 

 

            ЖҮРЕК ЖЫЛУЫ

 

Хас бейбақтар! Талаған кім-көрінген,

жанға ләззат іздесін түндерімнен!…

Қиянаттан у ішкен қуат алсын:

”Менің жыртық көңілімнен күн көрінген”

 

Жетімдердің жүрегі жыртылмасын,

Айналайын, кеудемде бір туласын!

Арсыздардан қаталап шөлдегендер,

Күлкісімен сәбидің сусындасын!

 

Қамыққанды қайнатар жылуым бар,

Нөсеріне жанымның жуыныңдар!

Зар болғандар ақ көңіл, кең пиғылға,

Құшағыма құлаңдар, жылыныңдар!

 

Сұм ажалдан күйзеліп қалғандарға,

Сыңар аққу сұңқылдап зарланғанда,

Жүрегімді сыйлайын маған келсін,

Жеткізейін аңсаған армандарға!

 

Қатыгезден панала зәбір көрген,

Жанарымнан жылу ал, тәңір берген!

Аямайтын қолұшын ағайынмын,

Зәбір көрген пақырға көңіл бөлген!

 

Хас бейбақтар! Талаған кім-көрінген,

жанға ләззат іздесін түндерімнен!…

Қиянаттан у ішкен қуат алсын:

”Менің жыртық көңілімнен күн көрінген”

2002.12.05

 

                      АЙТЫП ӨЛЕМ

 

Төрінде жүрегімнің ай түнеген,

Көгінде көңілімнің ой түлеген.

Болса да бас кеспек бар, тіл кеспек жоқ,

Жасырмай жан сырымды айтып өлем!

 

Көлгірсіп, көпшіліктен алшақтамай,

Қара бас қамын ойлап жан сақтамай,

Барымды сарқып өтем, тарту етем,

Жағымпаз жапалақтай жалтақтамай!

 

Шерімді шемен болған ақтарайын,

Халқыммен ақталайын, мақтанайын.

Аластап арсыздарды! Ұсынайын:

Пәк сезім – үлпілдеген мақтадайын.

 

Жау болса алмас қылыш жарқылдаймын,

Ана тіл, әдеп-ғұрпым, салтым – қайғым!

Ар, намыс, ұлтым үшін бас кессе де,

Ешкімнен тайсалмаймын, тартынбаймын!

 

Төрінде жүрегімнің ай түнеген,

Көгінде көңілімнің ой түлеген.

Болса да бас кеспек бар, тіл кеспек жоқ,

Жасырмай жан сырымды айтып өлем!

 

      

       

 

 

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Алдыңғы жазба

Бердібек САПАРБАЕВ: Мен бұлай деп мәлімдеме жасаған жоқпын

Келесі жазба

Қабдеш Жұмадiлов: “Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?!

Соңғы жазбалар

49 жылға жалға алды

“Іле–Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне” қарайтын Үлкен Алматы көлі, Алма-Арасан, Асы үстірттері, Есік және Солдат шатқалдары,

Вирустың беті қайтар емес

Қазақстанда өткен тәулікте 272 адам коронавирус індетімен ауырғаны белгілі болды.Өсім 2,9% құрады.Аймақтар бойынша:Нұр-Сұлтан қаласы – 56

eGov.kz порталынан жүргізуші куәлігін алуға болады

Егер тегіңіз өзгерсе, жоғалтып алсаңыз, уақыты аяқталса жүргізуші куәлігін eGov.kz порталынан рәсімдеуге болады деп мәлімдеді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз-қызметі.  Ол үшін eGov.kz порталына кіріп, «Көлік және