/

Жеңіс Түркия: Ер Жәнібек тойы – бүгінгі ұрпақтың тарихи-мәдени танымдық әсерін тереңдетуді мақсат етеді

11 рет қаралды

jengis t Жеңіс мырза,  сөз басында өзіңіз вице-президенті болып келе жатқан «Ер Жәнібек» Халықаралық қоғамдық қорының құрылуы мен мақсат-міндеттері туралы айта кетсеңіз.

– Ел тәуелсіздігімен бірге ұлт тарихындағы ұлы тұлғалардың ерлігін, өнегелі істерін насихаттау арқылы жас ұрпақты отаншылдыққа, ұлтжандылыққа тәрибелеу ісі кең етек алып келеді. Соның қатарында аттары ұранға айналған  әйгілі қолбасылар –  Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек, Наурызбай, Батыр Баян сынды баһадүрлер қатарында Абылай ханның сенімді батырларының бірі болған Ер Жәнібек Бердәулетұлының ерлігін ұлықтап, есімін есте қалдыру мақсатында 2009 жылы Алматыда Жәди Шәкен, Ырысбек Тоқтасынұлы, Қойшыбек Мүбаракұлы, Ұлан Бапайұлы қатарлы белсенді топтардың бастамасымен «Еліне ұран болған Ер Жәнібек» атты халықаралық конференция өткізіліп, сол жылы қыркүйек айында кәсіпкер азамат Қанат Сүлейменовтің қаржылай демеушілігімен батыр бабамыздың сүйегі жатқан Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданына қарасты Ортабұлақ деген жерде ескерткіш кесене салынып, ас берілген болатын. Сол шара аясында жас ақын Талапбек Тынысбекұлының құрастыруымен Ер Жәнібек өміріне арналған аңыз-әңгіме, қисса-дастандар мен арнау өлеңдер топтастырылып,  жеке кітап болып шығарылып, алыс-жақыннан келген қонақтарға таратылды. Бұл шараға Жеңіс Қалиязымұлы бастаған Қытайдағы бауырларымыз да көп үлес қосқанын айта кету керек. Сол жылы  ф.ғ.д, профессор Тұрсынбек Кәкішұлы ағамыздың ұйтқы болуымен «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры құрылып, жұмыс бастады. Қордың президенті медицина ғылымдарының докторы, профессор Мақсұт Темірбаев деген ағамыз. Сол кісінің бастамашылығымен  биыл Ер Жәнібек Бердәулетұлының туғанына 300 жыл толуына байланысты мерейтойлық шаралар атқарылып жатыр.

– «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының әзірге дейін атқарып келе жатқан нақты іш-шаралары туралы тоқталып кетсеңіз.

– Жасырары жоқ, «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры мемлекет тарапынан немесе басқалай ұйымдар тарапынан қаржыланып отырмағандықтан, тікелей жанашыр кәсіпкер азаматтардың қаржылай қолдауына сүйеніп жұмыс атқарып келеді. Қор аясында жасалған жұмыстардың бірі ретінде «Алаш» тарих зерттеу орталығымен бірлесіп, қазақ ұлтының құрамындағы іргелі ұлыстардың бірі, Керей руына арналған тарихи-ғылыми жинақ жарық көргендігін атап айтуға болады. Оны жазуға еліміздің іші-сыртындағы танымал тарихшы ғалымдар қатысты, бұл әрине әлі де зерттеліп болмаған қазақ тарихының толықтырылуына қосылған үлкен үлес деп білеміз.  Сондай-ақ, айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлының Астанада өткен «Балбал тастың жүрегі бүлк еткенде» атты жыр кешінде қор атынан темір тұлпар мінгізіп, «Шертолғақ» атты жинағына демеушілік жасадық. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында Алматы қаласында өткен ақын, сазгер Серік Әбілұлының «Әжемнің иісі» атты шығармашылық кеші де осы қордың демеушілігімен өткен болатын. Ал қор аясында Ер Жәнібек батырға арналған жазушы Жәди Шәкенұлының баспаға дайындауымен белгілі жазушы, Қытай мемлекеттік сыйлығының иегері Шәміс Құмарұлының «Ер Жәнібек», «Бөке батыр» романдары,  айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлының баспаға дайындауымен жарық көрді.

– Жеңіс мырза,  Ер Жәнібек Бердәулетұлы – күллі қазаққа ортақ тарихи тұлға. Сондықтан оның есімін ұлықтап, халыққа насихаттау шаралары да ауқымды болуы керек деп ойлаймыз, соған орай 300 жылдық аясында қандай нақты іс-шаралар жасалып жатыр?

–  Қордың вице-президеті болған соң үлкен істің біраз салмағы әрине, маған түсетіні сөзсіз. Қор президенті медицина ғылымдарның докторы, академик Мақсұт Темірбаев ағамыздың тіке тапсырмасымен  жылқы жылы басталысымен белгілі түрколог,  ғалым Нәфіл Базылханұлын, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Әсет Жақыпбековты, мистик жазушы Қойшыбек Мүбаракті, ақын Талапбек Тынысбекті, этнограф Досымбек Қатыранды, Ұлан Бапайды, фотожурналист Қалман Қосжігітті, Тасқын Қабдолланы және Бабақұмар Хинаятұлы  қатарлы азаматтарды  ұйымдастырып арнайы жұмыс атқару тобын жасақтадық. Сонымен Ер Жәнібек бабаға арналатын астың ауқымды жұмыстарын бастап кеттік. Соның негізінде үстіміздегі жылдың қаңтар айында Алматыда пресс-конференция ұйымдастырып, ресми түрде 300 жылдықты жариялаған болатынбыз. Әне, содан бері біраз іс-шаралар атқарылып келеді. Атап айтар болсақ Талапбек Тынысбекұлының бастамасымен еліміздің жоғары оқу орындарында, атап айтқанда, ф.ғ.д. профессор Салтанат Ізтілеуованың жетекшілігімен Абай атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде, профессор Саян Борбасов мырзаның жетекшілігімен Қазақ Аграрлық Университетінде батыр бабамызға арналған, студенттер арасында танымдық-практикалық конференция ұйымдастырыл, бұл шара әлі де жалғасын табады. Нәфіл Базылханұлы, Әсет Жақыпбеков, Қойшыбек Мүбарак үшеуінің  жобалауымен 300 жылдыққа арналған мерейтойлық медальдар мен төсбелгілер жасалып, бағдарлама мен шақыру қағаздары дайындалды. Үстіміздегі жылдың 11 мамырында Алматыдағы «Rixos» қонақ үйінде көлемді ас беріліп, құран бағышталды. Сондай-ақ, тарих ғылымдарының кандидаты, шығыстанушы ғалым Жанымхан Ошанұлы мен жас ғалым Насихат Нәбиоллаұлының құрастыруымен «Ер Жәнібек» атты  энциклопедиялық жинақтың, сондай-ақ, Моңғолияда тұратын жазушы ағамыз Сұлтан Тәукейұлының «Ақыр Жәнібек» атты романының белгілі продюсер Базарбек Атығайдың дайындауымен Ақыт Үлімжіұлының «Ер Жәнібек» дастаны Рысбек Әшімов, Елмұра Жаңабергенова, Мақпал Тоқтағанова қатарлы елімізге танымал жыршылардың орандауында, ақын, манасшы Баянғали Әлімжановтың «Ер Жәнібек батырдың көңілі мен көкдөнені» дастаны автордың өз жырлауында аудиодискіге жазылып, батыр өміріне арналған деректі фильммен қатар «Керейде батыр Жәнібек» деген атпен жарық көрді. Бұған кәсіпкер Біржан Қажығалиевтің демеушілік еткенін ерекше атап өтеміз. Жарық  көрген 2CD+DVD дискінің тұсаукесері өтіп, баспасөздерде таныстырылды, бұл шараға белгілі ақын, жазушы, қоғам қайраткерлері қатысты.  Ал келесі күні яғни, мамырдың 12 жұлдызында Республика сарайында танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен қайырымдылық концерт өткізілді. Концерттің өтуіне Рақат Әбдіқадыр, Ділдахан Дәлел, Асқар Жакулин, Серік Көкенай қатарлы кәсіпкер азаматтар демеушілік жасады.

– Үкімет тарапынан нақты қолдаулар болмаған күнде де, әзіргедейін аз болмаған іс-шаралардың өтуіне мұрындық бопсыздар, қайырлы болсын! 300 жылдыққа орай, жылдың алдағы айларында қандай жұмыс жоспарларыңыздатұр?

– Мерей тойдың жалаң атап өту немесе ас беру ғана емес, оның бүгінгі ұрпаққа тарихи-мәдени танымдық әсерін тереңдету үшін, қоғамда бабалардың ерлік, ізгілік мұратын нәсихаттай түсу үшін алдағы айларға да бірмұнша іс-шараларды жоспарлар отырмыз. Айталық, өздеріңізге белгілі, жыл сайынғы дәстүрлі өткізіліп келе жатқан халықаралық «Шығыс шынары» дәстүрлі жыр мүшәйрасының аясында биыл өткізілетін «Ер Жәнібек – ел қорғаны» атты жыр мүшәйрасы Ер Жәнібек бабамызға арналып отыр. Бұл тұрғыдан ШҚО әкімшілігіне алғысымыз шексіз. Жақынғы күндері қор бастамашылығымен Ер Жәнібек батырға арналған халықаралық прозалық шығармалар мен журналистік зерттеу, мақалаларға бәйге жарияланады. Сондай-ақ, маусым айының 18-күні Астанада Конгресс холда кәсіпкер Толқын Ақанұлымен, айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлының ұйымдастыруымен, Астанадағы бірмұнша кәсіпкер азаматтардың қолдауымен халықаралық ақындар айтысын өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, 19 маусымда Еуразия университетінде «Мәңгілік ел идеясы және Ер Жәнібек батыр» атты халықаралық ғылыми конференция өткізіледі. Бұған қоса, Қоянды ауылында белгілі жазушы Жәди Шәкенұлының ұйымдастыруымен қазақ күресінен жастар арасында белдесу болып, ас өткізіледі. Маусымның 21-22 күндері бабамыз  жатқан ШҚО, Жарма ауданы, Ортабұлақ жерінде көлемді ас беріледі. Онда қазақ күресі, ақындар айтысы, ат бәйгесі және өзге де ғылыми-мәдени іс-шаралар өткізілмек. Аталған бәйгеге темір тұлпар тігіп отырмызі. Бабамыз атындағы  қор халықаралық  қор болғандықтан 9-маусымда Берлин қаласында өткелі жатқан Еуропа қазақтарының кіші құрылтайында да Ер Жәнібек батырға арналған дөңгелек үстел жиналысы мен батырға арналған мәдени шаралар өткізіледі. Тамыз айында Моңғолия елінің Баян-Өлгий қаласында ондағы қазақ диаспорасының ұйытқы болуымен  Ер Жәнібек батырдың 300 жылдығына арналған салтанатты жиналыс пен мерейтойлық шаралар өткізіледі. «ҚазПошта» АҚ тарапынан Ер Жәнібек батырдың 300 жылдығына арналған пошталық марка сериясы мен филателиялық өнімдер шығарылады. Сонымен бірге, Қытай, Түркия елдерінде де батырға арналған мәдени шаралар өткізіледі деп күтілуде.

– Әңгімеңізге рахмет, ойға алған істеріңіз берекелі, табысты болсын!

Божан Есхат

 

 

дерек көзі: kerey.kz

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Алдыңғы жазба

ОРАЛМАН: АЗАМАТТЫҚ АЛУДЫ ҚАЛАЙ ЖЕҢІЛДЕТЕМІЗ?

Келесі жазба

АЛЫСТАН КЕЛГЕН ҰСТАЗ – қанатымен су сепкен алғашқы қарлығаштардың бірі Ораз ұстаз жайлы бір үзік сыр

Соңғы жазбалар

49 жылға жалға алды

“Іле–Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне” қарайтын Үлкен Алматы көлі, Алма-Арасан, Асы үстірттері, Есік және Солдат шатқалдары,

Вирустың беті қайтар емес

Қазақстанда өткен тәулікте 272 адам коронавирус індетімен ауырғаны белгілі болды.Өсім 2,9% құрады.Аймақтар бойынша:Нұр-Сұлтан қаласы – 56

eGov.kz порталынан жүргізуші куәлігін алуға болады

Егер тегіңіз өзгерсе, жоғалтып алсаңыз, уақыты аяқталса жүргізуші куәлігін eGov.kz порталынан рәсімдеуге болады деп мәлімдеді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз-қызметі.  Ол үшін eGov.kz порталына кіріп, «Көлік және