Зобалаң жылдар зардабы (соңы)

662 рет қаралды

Бұл мақала (1931-ші жылғы Адай көтерілісінің, 2006 жылдың сәуір айында басталғанына 75 жыл толуына орай) 2006 жылдың қазан-қараша айларында Атырау қаласынан тиражы 7815 дана болып шығатын «Мұнайлы Астана» газетінің алты номеріне (41–46), 15- қарашада Алматы қаласынан тиражы 5142 дана болып шығатын «Атамекен» газетінің 21-ші номеріне «Адай көтерілісі» деген атпен, қазан-қараша айларында Ақтау қаласынан таралымы 6720 дана болып шығатын «Үш қиян» газетінің  төрт номеріне (42 – 45) «Зобалаң заман зардабы» деген атпен, 2006 жылы Ақтөбе қаласындағы «NOBEL» баспасынан жарыққа шыққан «Жеменей адай, КЕДЕЙ (Нұрмағанбет) ұрпағы» атты шежіре кітапқа (таралымы 1000 дана) «Зобалаң жылдар

зардабы» деген тарау болып және 2007 жылы Алматы қаласындағы «Арыс» баспасынан жарыққа шыққан «Адай – Ата» 3-ші кітабына (таралымы 2000 дана, 407-419 беттер) «Зобалаң заман зардабы» деген атпен басылып шығып, оқырмандар қолына тиді.

Енді, 2011-ші жылдың сәуір айында «Адай көтерілісінің» басталғанына 80 жыл толатындығына орай, осы «Зобалаң жылдар зардабы» мақаласына қосатын тұжырымды ойтүйін мынау:

Адай көтерілісі туралы тарихтық, экономикалық, демографиялық және саясаттық ғылыми талдаулар жасалған жазба туындылар мен монографиялық еңбектер тіпті жоқтың қасы десе де болады. Бұл тақырыптар қасиетті қазақ ұлтының, оның қатпарлы да қасіретті тарихының қастерлі де кесапатты тараулары. Аталмыш тақырыпқа жазылып, баспадан жарыққа шыққан еңбектерді еске түсіргенде, бірінші болып ойға оралатын шығармалар сапының көш басында жазушы полковник, марқұм Ізтұрған Сариевтің «Ойрандалған Адай даласы» немесе мемлекеттік біріккен саяси басқармасының құжаттары негізінде халық қасіреті қақында хикая, деректі очерк кітабы және «Қанды ойран» тарихи очерк кітабы сияқты, айтулы еңбектері тұрады.

Сондықтан бұрынғы кезеңдердегі өтірікті шынға, шындықты өтірікке айналдырып қазақ ұлтының тарихын құрақтап жазып келген жалпақшешей тарихшыларға ұқсамай, егемендік алған тәуелсіз қазақ елінің жаңаша ойлау, тыңнан тиянақты ой қорыту қабілеті бар тек шындықты ғана жазуды мұрат тұтқан, болашақ ұрпақ алдындағы тарихшылық парызын адал атқарып кетуге ынтазар бүгінгінің зерттеуші ғалымы мен зеректі тарих маманын сол 30-шы жылдардағы кеңес үкіметінің қазақ ұлтына орнатқан зардапты саясатының жазықсыз құрбаны болған қарттар мен жастардың, әйелдер мен еркектердің, аталар мен әжелердің, апалар мен қарындастардың, елдің зиялы азаматтары мен біртуар дарабоз боздақтарының Рухы әлі күтіп жатыр. Олардың өлімі жоқтау айтылмай – жылаусыз өтсе, тарихи әлеуметтік құны әлі күнге дейін сұраусыз кетіп отыр.

-14-

Сондықтан да биылғы 2011-шы жылдың сәуір айында басталғанына 80 жыл толатын 1931-ші жылғы Адай көтерілісі бұрынғы кеңес үкіметінің кездеріндегідей жалпылама айтыла, не жазыла салмай тәуелсіз егеменді Қазақстанның тарихына толық тарау болып дұрыстап жазылып, жоғарғы оқу орындары мен орта мектептің тарих оқулықтарына дұрыс көлемде енуге тиіс. Сонда ғана Адай Ата боздақтарының жоқтаусыз кеткен өлімі мен сұраусыз кеткен құнының орны толып, есесі қайтады. 1931 жылы ат ойнатып, ақырып теңдік сұраған Ата ұрпақтың атқарған еңбектері мен ардақтыларының есімдерін тарихқа жеткізе жазып, паш ету, сөйтіп кештеу болса да олардың қақын қайтару – бүгінгі ұрпақтың перзенттік парызы екенін ұмытпайық.

Олардың рухтары мен аруақтары СІЗдердің ескерулеріңіз бен еске алуларыңызға зәру. Тіпті қақылы десек те артық болмас. Себебі, «Өлілер жебемей, тірілер байымайды»,- деген қазақта даналық сөз бар.

Сол сияқты «Адай көтерілісі» деген жеке тарихи кітап жазудың да мезгілі жетті деп білеміз. Тарихшы ғалымдар жазса жазар, ал бірақ оларға қарап жалтақтамай-ақ тарихи тақырыптарға қалам тербеп жүрген кәсіби жазушылар, соның ішінде Адай Ата ұрпақтары шұғыл түрде қолдарына алып, энциклопедиялық деңгейде, айтайын деген ойларын жеріне жеткізіп тұрып дәлелдеп, өзге жұрт айтып, мадақтап жүретіндей қылып кітап жазып шығуға еңбектенулері керек.

Осы орайда, қазақ еліне белгілі Ығылман Шөреков ақынның тілімен айтсақ «Ел қамын жеген ерлердің, сөз білген жанда қақы бар»,- деген ұранды нақыл сөзін ешқашан да ойларыңыздан шығармаңыздар, адайдың арлы ұрпақтары мен жеткіншек жастары.

Өзіңнің жетпесің мен өз арыңды өзің жоқтамасаң, өзге жандар жоқтар, бірақ тап өзіңдей қылып, айызыңды қандырып жоқтай қоймас, Абырой ортақ, Ар ортақ және Намыс ортақ ағайындар.

Жоғарыдағы, жаңа ғана аты аталған еңбектерімен, марқұм Ізтұрған Сариев көзінің тірісінде, Кеңестік қазақстан үкіметінің сұрқия басшысы, ел ішінде «Қужақ» деген атқа ие Ф. Голощекиннің 1930-34 жылдары Маңғыстау еліне зобалаң заман орнатқан саясатының жазықсыз құрбаны болған сол бір қасиетті аталар мен әжелердің, ағалар мен аналардың, елдің зиялы азаматтары мен біртуар дарабоз АДАЙ АТА боздақтарының рухтарын тірілтіп, тарихи шындықты жазуда, оның көпшілік жұрт білмейтін ақтаңдақ беттерін халыққа жеткізуде ешкімге де жалтақтамай батыл түрде ат салысты. Ол жолда Ізтұрған Сарыұлы ешнәрседен қаймыққан жоқ, ЕЛ қамын жеген ерлердің алдындағы перзенттік борышын толықтай ақ- адал орындады. Үлгі аламын десеңіздер, осыдан артық не үлгі керек сіздерге, кәсіби тарихшылар мен жазушы мырзалар.

Осы күндерде не көп, еске түсіру аруақтардың рухына ас беру көп. Әрине бұлар өте дұрыс, құптауға тұрарлық рухани-имани шара және қазақ халқының бұрынғы өткен тарихының қадір-қасиетін білуге ұмтылып, атаұрпақтың жүріп кеткен жолдарының тарихындағы ақтаңдақ парақтарын ақтарып, олардың аттарын атап ақтап алып, жоқтаусыз кеткен еселерін қайтаруға ұмтылған бүгінгі ұрпақтың перзенттік борышын өтеуі болады.

Мұндай шаралардың ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өзі бастама көтеріп, әрі қолдау көрсетіп отырған «Мәдени мұра» бағдарламасы іске асырылып жатқан кезеңінде Қазақстанның барлық аймақтарында өткізілуі, өмір сүріп отырған қоғамдық құрылыстың өзгешелігіне қарамай, қамтылған оқиғалардың тарихи сабақтас екендігінің айқын белгісі.

Міне сондықтан, бүгінгі Адай ата ұрпақтары, бұрынғы кездерде басқарушы билік ескермей, есесін қайтармай және өз дәрежесінде дұрыс саяси бағасын бермей жүрген «Адай көтерілісіне» ҚР Үкіметі мойындап, ресми қабылдаған мән мен мағына алып бергізуге жұмыстанғандары орынды болмақ.

-15-

«Адай көтерілісі» кезінде басты-басты қарулы қақтығыс – соғыс болған жерлерде (Жылыой ауданындағы Иманқара қыратының терістік жағындағы «Мың үй Адай шабылған» жерге, немесе Маңғыстаудағы Қаратүлей, Қызыластау-Жезді жерлеріне және тағы да басқа жерлерге) бірнеше жүздеген адамдар ұрыс даласында ажал құшып шейіт болды, көбінің мүрдесі жерге де көмілген жоқ. Кеңес үкіметінің жазалаушы жасағының қаhарынан, НКВД мен ГПУ-дің елдің ішіндегі қанқұйлы жендет тыңшыларынан қорыққан халық шейіт болғандарды жерлемек түгілі, тіпті шейіт болғандардың ағайындарының өздері мүрденің маңайына жолауға жүректері дауаламады. Сөйтіп ел қамы үшін мерт болған Адайдың боздақтарының мүрделері ит-құсқа жем болды. Олардың сүйектері 1950-ші жылға дейін айдалада, арам өлген малдың өлімтігі сияқты әр жерде шашылып жатты. Мұны білетін адамдар ол жерлерді баспай, айналып өтуге тырысты.

Бейбіт өмір кешіп жатқан елдің мұңы мен мұқтажын тыңдап, келіссөз арқылы елдің толқулы бөлігін өркениет жолымен басудың орнына, халықты қанжоса қылып қырып тастаған кеңестік Қазақстан үкіметін басқарып отырғандар, «адайлар көмусіз қалды-ау»,- деп өздерінің айуандық қылықтарынан ұялған кейіп танытқан жоқ.

Міне сондықтан, жоғарыда айтқан нағыз атаулы қанды қырғын соғыс болған жерлерге, әлеуметтік әділеттілік орнату үшін атқа қонып, қолына қару ұстаған атаұрпақ пен ағаұрпақтың қандары судай шашылыған, ашшы терлері төгілген киелі де қастерлі жерлердің бүгінгі ұрпақтың көзінің алдында елестеп тұруына, арлы ұрпақтың көкейіне құйып алып санасында сақтауына, сөйтіп әлеуметтік әділеттілік орнату жолында ары мен намыстарын жалау қылып қарулы көтеріліс майданында шейіт болған Адай ата ұрпақтарының рухтарына тағзым етіп жүрулері үшін және өздерінің болашағына қазақ халқының басынан өткен осындай кесапатты тарихтан тәлім болар сабақ алуы үшін бағыт сілтеген бағдаршамдай (маяктай) «мемориалдық Ескерту белгi» болсын деп арнайы түрде бағдар бағандар немесе бағдар мосыағаштар орнату керектігі өзінен-өзі сұранып тұр.

Бұл мемориалдық «Ескерту белгілерге» қан қызыл түске боялған темір тақта бекітіп, тақтаға дәнекер құю әдісімен қара түсті әріптерді ұстату арқылы: сол жердің аты, соғыстың болған күні мен жылы, құрбан болған адамдардың саны, халық жасағының қолбасшысының аты-жөні жазылса орынды болады.

Сол сияқты Атырау облысы Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында, Қызылқоға ауданының Сағыз селосында, Маңғыстау облысының Бейнеу, Маңғыстау, Мұнайлы, Қарақия, Түпқараған аудандарының орталық-тары – Бейнеу, Шетпе, Мангышлак, Құрық кенттері мен Форт Шевченко және Жаңа Өзен қалаларында ұрпақтар жадында мәңгілік естелік белгі қалдыру мақсатымен көшелерге «Адай көтерілісі» деген атау беріп, абаттандырылған алаңдар ашып және мемориалдық монумент-тер орнату керек. Бұларға кететін шығынның қаражатын халықтың өзі-ақ жинайды. Осы шараларға аудан әкімдері жетекші болмаса да, тілекші болса жарар еді. Ата-баба бәрімізге де ортақ қой.

-16-

Бүгінгі жер басып тірі жүрген Адай Атаның ұрпақтарының алдында, болатын мезгілін алдын ала анықтап алып, 1931-ші жылы өлімдері жоқтау айтылмай – жылаусыз өткен, адамзаттық құндары әлі күнге дейін тарихтан сұраусыз кеткен «Адай көтерілісінің» шейіт болған бірнеше мың құрбандарына арнап, 2011 жылғы қыркүйек айының ыңғайлы күнінің бірінде үлкен халықтық рухани-имани және танымдық шара – «Құрбандық АС» өткізіп, құран қатым шығарту міндеті тұр. Бұл, Ер мойнында қыл арқан шірімейді күйінде, бүгінгі «бәрін де өзі білгіш» ұрпақтың әлі мойнында ілініп жүрген перзенттік парызы. Азамат деген атақпен, заманында елдің қамын ойлап және сол жолда «ноқталы басқа бір өлім»,- деп  шейіт болған ерлердің аманатын арқалап жүре беру бойында намысы мен ары бар тірі жан иелеріне үйлесе бермейтін қылық, ағайын. Сексен жыл өтіп кетті деп, енді оны кейінге қалдыра беруге болмайды.

Өмір шіркін, адамзат баласында өлшеулі. Қазір «Адай көтерілісін» білетін ұрпақтан, білмейтін ұрпақ жүзмың есе көп, себебі Қазақстан тарихы кітабына бұл оқиға әлі де болса дұрыс және толық жазылып, ресми түрде тарихи-әлеуметтік әділ бағасын алған жоқ. Бүгінгі жас ұрпақ кітапқа не жазылса соны ғана біледі. Олар, болған оқиға қисық немесе бұрмаланып жазылса да кітапта тұрған жазуды дұрыс деп ойлайды, оған жастар кінәлі емес, бұған дейінгі 80 жыл бойы жүргізіліп келген саясат кінәлі.

Мінекей осы олқылықтарды жоғарыда айтылған халықтық шараны өткізудің сабақты ісімен, қазіргі Аға буын саналатын біздер түсіндірмесек, ертеңгі күндерде «орындамасаң саған серт» деп кімге, қалай ғана базына қылып айта аласыз және сенім артып кімге тапсыра бере аласыз. Сөз қадірін білетін жан бұған иланып, тоқтам жасар деп дәметеміз. Керек десеңіздер мәселені қалың көпшіліктің талқылауына да салуға болады деп ойлаймыз.

Маңғыстау және Атырау аймағындағы елдің сөзін ұстаған ауызы дуалы Ел ағалары мен билік басындағы жөн мен жосықты білетін зерделі азаматтар және «Адай көтерілісіне» қатынасқандығы үшін 1931-32 жылдары қуғындауға ұшырап, зардап шекен, елден ауып көшуге мұқтаж болғандардың және сол кезде руы Адай болғаны үшін де қуғындалғандардың осы облыстарда тұратын бүгінгі ұрпақтары мен көпшілік адай әлеуметі бұл ұсыныстарымызды қолдап жатса осы атқарылар сауапты шараға басшылық жасауды қасиетті де киелі жердің – Маңғыстау облысының ардақтылары мен азаматтарына Ноқта ұстау жолын берсек, сонда ісіміз үйлесімді орайын тауып, нәтежиелі мәресіне жетер еді. Маңғыстау және Атырау облыстарының әкімдерінің жанындағы Ардагерлер кеңесінің талқылауына айтылған ұсыныстарды салуды өтінеміз. Ойға түйген жобамыз сәтімен басталған сауапты іске айналсын, ағайындар. Аллаh Та ала бәрімізге жар болғай. Иллаhи Әмин!

Келтір Шәненов – өлкетанушы, инженер-геолог, Каспий

нефть» АҚ-ның Басқарма төрағасының бірінші орынбасары.

Парақшамызға жазылыңыз

Соңғы жазбалар

Махаббат, тізгін және Отан

Нұртай Нұрсапаұлы алдыңғы күні 60-қа толған. Кіндік қаны Алтайдың сонау өрінде, Ертіс бойында тамғанымен, ес біліп,