///

Коронавирус: Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты

124 рет қаралды
1
dav

 

“Дүниенің кеңдігінен не пайда, аяғыңды етік қысса”. Бұл дүние ғажап, кең, әдемі. Адамды қызыл – жасылымен баурап әкететін керемет сыйқырға ие. Бірақ осы ғажап әлемнің екі өкпесін тарылтып, екі иінінен демалтып, коронавирус деген тажал бүріп барады. Әлем қусырылып тұр. Әлемді бір тарының қауызына сыйдырған бұл тажал ертеңге деген сенімді, болжамды мүлдем жоққа шығаруда. Ешкім ештеңе айта алмайды. Жазға қарай бәрі реттеледі делініп еді, енді бәрі шарасыз. Отандық сайттардың бірінен “Қытай короновирусты жеңді”, “Әлем тәжтажалдың емін тапты” деген мақалаларды көзім шалып қалды. Бірақ, Қытай мүлдем жеңіп шыққан болса, неге күн сайын жаңадан ауырғандар шыға береді? Медицинасымен бүкіл әлемді таңдандырған Батыс неге шарасыз? “Коронавирус бізді қорқытпайды” деген Ұлы Британия неге демін ішіне тартып отыр? Жауабы жоқ сансыз сауал. 

 

Ұлы Британиядағы жағдай

 

Қаңтардың басында Ұлы Британияға қайта оралғанда, қауіпті вирус туралы әңгіме енді басталып жатқан еді. Шынымды айтсам, бұл тажалдың әлемді жайлайтыны туралы ойланбаппыз да. Ұлы Британияға ақпанның соңы, наурыздың басында келе бастады. Ел үкіметі де, халқы да бейғам болды. Бұл вирус таралмайтынына сенімді еді. Соңғы кездері вирус жұқтырғандардың саны күн санап емес, сағат санап, сағат санат емес, минут санап өсе бастады. Ел де етек жеңін жия бастағандай. Әр жерден дабыл қағыла бастады. Вирусқа қарсы қандай шара қолданылатындығы айтыла бастады. Бүгінгі мәлімет бойынша Ұлы Британияда 56,221 адам тест тапсырған. Оның 53,595-і вирустан таза, ал 2,626 вирус жұқтырған. Соңғы 24 сағат ішінде 676 адамнан вирус табылып, 34 адам қайтыс болды. Сөйтіп, қайтыс болғандардың жалпы саны 104-ке жетті. О дүниеге аттанғандардың ең жасы – 45-те, ең үлкені – 94-те. Жалпы Үоркшир мен Солтүстік Шығыста вирус жұқтырғандар саны – 74, соның ішінде Ньюкасл өңірінен  13 адам. Статистика бойынша соңғы орындарда. Соған қарамастан Британияда әлі карантин жарияланған жоқ. Университеттердің басым көпшілігі оқуын тоқтатып, онлайн дәріс беруге көше бастады. Сауда орындары жұмыс істеп тұр. Спорт және мәдени шаралар тоқтатылған. Құрылыс алаңдарында жұмыс қызу жүріп жатыр. Мектептер мен балабақшалар Жұмадан бастап, яғни 19 наурыздан бастап жабылатын болды. Дүкендерде азық-түлік тапшылығы байқалады. Дәретхана қағазы, маска, антисептик деген дүниелер де қат болып кеткен. Бары қымбат. Кеше бір кішкентай дүкеннен құны £1,50 (шамамен 800 теңге) тұратын маска сатып алдым. Шүмиген, бір уыс қана дүние. Аузыңа тартсаң, мұрныңа, мұрныңа тартсаң аузыңа жетпейді. Бүгін қасымыздағы дәріханадан £1 (540 теңге) фунтқа кәдімгі медициналық маскаларды сатып алдық. Спекулянттар қайда да бар. Бірақ мұнда заңсыз саудамен күрес күшті. Жалпы, дәретханалардың санитарлық жүйесі бұрыннан жақсы. Вирус гигиенаның жоқтығынан жұғады ғой. Ол жағынан Ұлы Британияның дәретханалары қағазбен және антисептиктермен толықтай қамтамасыз етілген. Біздің кей ақылы дәретханаларымыздың өзі жүректі айнытады ғой. Сонда да мен саған қайтуға ынтықпын, Қазақстан. 

dav

 

Менің алай-дүлей көңілім 

 

Өткен аптада барлық емтихандарымыз аяқталды. Ньюкасл университетіндегі сабағымыз 20 наурызға дейін еді. Бұл аптадағы сабақтың бәрі шегерілді. Енді билетті күтіп жатудан басқа амалымыз жоқ. Ең әуелі Люфтганза әуе компаниясы барлық бағыттағы рейстерін тоқтатты. Сосын менің билетім Turkish Airlines-ке ауыстырылды. Күніне екі рет рейсімді тексерем. Өйткені, 22 наурызда визам аяқталады. Қандай жағдай болса да елге жетуім керек. Желіні ақтарсам, “шетелдегілер елге келмеңдер, ауру таратпаңдар” деген жазба қаптап кеткен. Біздің Қазақстаннан басқа барар жеріміз, басар тауымыз жоқ. Бәріңіз Жапонияның бір азаматын мысалға ала бересіздер. Ал сіздер алты айлық студенттік визаның сақтандыру полисі ештеңеге жарамайтынын білесіздер ме? Оның үстіне Ұлы Британия шетелдік студенттерге еліңе қайт дегенді сипай қамшылап болса да жеткізді. Олар өз азаматтарын қамқорлыққа алуды мақсат етеді. Жығылған үстіне жұдырық дегендей, визаңның да уақыты аяқталып жатса, нағыз салымыздың суға кеткені емей немене. Шетелде жүргендерге келмеңдер дегенді жазып отырған адамдар бір сәт болсын өзін біздің орнымызға қойып көрсе қайтер екен. Сол Жапон азаматының жағдайы Қазақстан азаматының жағдайымен салыстыруға келер ме екен?! 

Сейсенбі таңертең рейсім орнында тұр еді. Түстен кейін ұшты-күйлі жоқ боп кетті. 

Өкінішке қарай, барлық рейс тоқтап жатыр.  Әуе компаниялары хабарласып, жөнін айтуды да ұмытқан. Осы сәтте менің есіме елшілік түсті. Өз азаматтарын далада қалдырмас деп ойладым. Вебсайтта көрсетілген нөмір бойынша хабарластым. Визамның аяқталып жатқанын айттым. Бірақ, елшілік көмектесе алмайды екен. Далада қалғандай құлазып кеттім. Көзімнен ыстық жас ыршып түсті. Абырой болғанда, “Болашақ” бағдарламалар орталығынан кураторым Арайлым Төлегенова хабарласа кетті. Ол мені сабырға шақырып, уайымдамауымды сұрады. “Бүгін кеш болды. Ертең ертемен авиаагентпен ақылдасып, шаруаңызды реттейміз” деді. Бұл маған қаншама демеу болғанын білсеңіз ғой. Ертеңінде Лондоннан тікелей ұшатын Эйр Астана компаниясына билет алынғандығы хабарланды. Қазір екі көзім төрт болып, осы рейсті күтіп отырған жайым бар. Арайлымға да,”Болашақ” бағдарламалар орталығына да, авиаагент Гүлдерайға да мың мәрте рахмет. Әйтеуір, сен үшін күйетін еліңнің, иеңнің болғаны қандай жақсы. Көзіме тағы да жас тығылды. Бұл жолы қуаныштың жасы. 

P.S. Ұлы Британия І санатты елдер қатарына өткендіктен, енді біз де 14 күндік карантинге жатады екенбіз. Мейлі аман болсақ, тажалдан Алла сақтаса, көппен көрген ұлы той. Бұл да өтер-кетер. Барлықтарыңызға амандық тілеймін.

 

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Пневмониядан қайтқан бас санитар қалайша ковидтен қайтқан тізімге еніп кетті? Бұл қарапайым халықты алалау емес пе?

Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Орталық клиникалық аурухананың нейрохирургі Мыңжылқы Бердіқожаевтың  пневмонияға шалдыққан жүздеген, мыңдаған науқасты короновируспен ауырғандардың

Қазақтың ән өнері қара жамылды

74 жасқа қараған шағында Қазақтың маңдайалды композиторы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеев қайтыс болды.