/

Жақсылық Үшкемпіров өмірден озды: Қазақстандықтар аза тұтып жатыр

1496 рет қаралды

Жақсылық Үшкемпіров 69 жасында дүние салды. Ел ағасының қазасы туралы хабар барша қазақстандықтарды дүр сілкіндірді. Барыс”, “Құрмет” “Парасат” ордендерінің иегерін танымал тұлғалар еске алып, аза тұтуда.

Нұрсұлтан Назарбаев Ж.Үшкемпіровтің өмірдегі әрбір қадамы мен  атқарған істері өзінің есіміне сай,  жан-жағына тек жақсылық пен ізгіліктің шуағын шашып жүретін, халқымыздың шынайы мақтанышына айналған ұлы перзенттерінің бірі болғанын атап өтті.

«Ол грек-рим күресі бойынша қазаққа алғашқы болып  әлемнің ең басты атағын сыйлады. Кәсіпкерлікпен де табысты айналысып, ел экономикасының өркендеуіне лайықты үлесін қоса білді. Қайырымдылық іс-шараларға белсене атсалысып, кәсіпкерлік тәжірибесін  өзгелермен бөлісіп, жақсы үлгі мен өнеге көрсетті.

Мен онымен өткізген кездесулерімді әркез ризашылықпен еске аламын. Отандастарымыз да оның есімі мен еңбегін ұмытпайды деп сенемін», – делінген жеделхатта.

***

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемге танымал даңқты палуан, Олимпиада чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі кәсіпкер Жақсылық Әмірәліұлы Үшкемпіровтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, жеделхат жолдады.

«Жақсылық Әмірәліұлы елімізде спорт саласының кең қанат жаюына атсалысты және жастарға үлгі болды. Өңірлерді өркендету мақсатында спорт кешендерін салып, жас спортшылардың өсіп-жетілуі және ауыл шаруашылығының дамуы жолында қыруар іс атқарды. Еселі еңбегімен, азаматтық қадір-қасиетімен ел ішінде құрметке бөленіп, соңында өшпес із қалдырды. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын», — делінген жеделхатта.

***

Парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев ел ағасының қазасы бүкіл әлем спорты үшін ауыр қайғы екенін мәлімдеді.

“Әйгілі палуан, қазақ спортының алыбы, Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың қазасы баршамыздың қабырғамызды қайыстырып кетті. Бұл – тек қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл әлем спорты үшін ауыр қайғы. Өйткені Жақсылық ағамыз – есімі әлемдік спорттың тарихына алтын әріппен жазылған тұлға.

Ағамыз өмірінің соңына дейін ұлттық спортты өркендетуге қызмет етіп, талай тарланымыздың топ жаруына септігін тигізген жан. Отанды сүюдің озық үлгісін көрсеткен Жақсылық Әмірәліұлының ғибратты ғұмыр жолы мен игілікті істері өскелең ұрпақ үшін әрдайым өнеге болып қалады.

Жақсылық ағамыздың отбасы мен ағайын-туысына орны толмас қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын”, – деді ол.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өнегелі өмір иесінің асыл бейнесі мен ерен еңбегі туған-туыс пен қалың қазақтың көңіл төрі мен жүрек түкпірінде мəңгі сақталатынын тілге тиек етті.

“Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігінің атынан даңқты балуан, Халықаралық деңгейдегі спорт шебері, Мəскеу Олимпиадасының чемпионы, Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері, Әлем чемпионы, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіровтің қайтыс болуына байланысты отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.

Жақсылық Үшкемпіров саналы ғұмырында мағыналы тірлік кешкен, бозкілкем төріндегі шеберлігімен халықтың қошеметіне бөленген білекті де жүректі балуан, болмысы бөлек азамат еді. Жақсылық ағамыз сонау Мəскеуде өткен олимпия ойындарында қарсылас шыдатпай, қазақ күрес мектебінің мерейін асырғаны əлі ел есінде. Қазақ спортының қара нары ұзақ жыл бапкерлік жолында көптеген шəкірт тəрбиелеп, күрес спортының дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Марқұмның көзі тірісінде жасаған игі-жақсы амалдары алдынан жарылқасын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа, алды пейіш, арты кеніш болсын. Ұрпағымен мың жасасын”, – деді Ақтоты Райымқұлова.

Аралас жекпе-жектен бірнеше дүркін әлем чемпионы Ардақ Назаров та Жақсылық Үшкемпіровтің жақындарына көңіл айтып, ел ағасын қазығана теңеді.

“Қазақтың бағына біткен қайран ағам-ай, қазыналы ақсақалымыз Жақсылық аға иманыңыз жолдас болсын. Жақсылық ағамның әулетіне қайғырып көңіл айтамыз. Алла алдынан жарылқасын!”, – деді Ардақ Назаров.

“Данамен дана, баламен бала бола білген асыл ағатайым-ай. Жаныңыз жәннәтта шалқысын. Бақұл болыңыз, батыр аға. Сағынатын боламыз”, – деді әнші Сәкен Майғазиев.

https://www.instagram.com/p/CDYiktpp-eM/

 

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Мыңжылқы БЕРДІҚОЖАЕВ: Вирустық пневмониямен ауырғандардың көбінен коронавирустың анықталмауы тестінің сапасына байланысты болуы мүмкін

  Covid-19 бен пневмония статистикасы қосылып есептелетіні белгілі болғанда, еліміздегі пневмониямен ауырғандардың барлығы вирустық пневмония болмауы

Карантин кімге қалай әсер етті?

Коронавирус инфекциясы, төтенше жағдай, карантин барлық қызмет түріне өзгеріс әкелді.Нақты кімге қалай әсер етті? Коронавирус жайлы