///

Жастар ресурстық орталығы қалай Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алады, Салтанат Пархатқызы?

1997 рет қаралды
фото: Жасалаш

Minber.kz ақпараттық порталындағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылықты қалай тоқтатамыз?..» атты ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Салтанат Пархатқызының қатысуымен өткен сұхбатты оқып, тақырып бойынша талдау жасауды жөн көрдім.

2020 жылы «Бақытты отбасы» жобасы шеңберінде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар және балалармен жұмыс жасау бойынша жедел іс-қимыл ведомствоаралық тобы құрамының мүшесінде болдым.

Осы уақыт аралығында біз жасаған қорытындылар бойынша әйел адам тұрмыстық зорлықтың бірнеше түріне ұшырайтынын көрдік. Эмоционалды, физикалық, сексуалды және экономикалық зорлық түрлері. Яғни, бұл жерде нағыз өз істерін білетін аса тәжірибелі психологтар мен заңгерлер жұмыс жасауы керек екені белгілі болды.

Сонымен қатар, зорлық-зомбылық құрбанына тек консультация берумен шектелмей, толық қолдау көрсетіліп, қамтамасыз етілуі керек. Мысалы сотқа ажырасу, полицияға арыз өткізу, сараптаманы қолға алу кезеңдерінің барлығында заңгер жанында болуы керек. Бұл жерде Салтанат Парқатқызының «Ал, аудандардың бәрінде қайғылы жағдайға жеткізбеу үшін, алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы орталықтар ашылсын. Ол орталықтар әрбір азаматқа, әсіресе шалғай ауылдардағы тұрғындарға көп көмек болар еді. Білім беру, құқықтық сауат, тағы басқа кез-келген сұрақ бойынша әр азаматқа жәрдем беру керек» – деген тұсымен келісе алмаймын.

Дағдарыс орталығын облыс орталығында орналастырып, ауылдарда жай ғана консультация беру үшін тек алдын алу орталықтарын ғана ашу бұл жанжақты тиімсіз шешім деп есептеймін. Әрине дағдарыс орталығын барлық аудандарда ашу қаржыға келіп тірелетінін білеміз. Оның үстіне Ішкі істер статистикасына сүйенсек, ауылдық, аудандық жерлерде тұрмыстық зорлық- зомбылық фактісі көп бола бермейді. Сондықтан бұл мәселеде біз өз ұсынысымызды айттық.

Ұсыныстарымыз аудандық ауруханаларда жатын орын бөлу, тұрмыстық зорлық фактісі тіркелген уақытта әйелді, баланы аруханаға орналастыруға қатысты болған еді. Қаржылық жағынан ауданға жаңа орталықты жабдықтаудан гөрі осы ұсыныс әлдеқайда тиімді болар еді. Мысалы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылында 2021 жылы өте ауыр тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелді. Сегіз баласы бар көпбалалы ана күйеуінен қатты таяқ жеген. Облыс орталығындағы дағдарыс орталығына орналастыру туралы келісіп, қалаға кел деп хабарластық. Біріншіден, облыс орталығынан 450 км жерде орналасқан ауылдан келу өте қымбат және сегіз баласымен бір таксиге сыймайды, яғни екі такси алу керек. Оған қаражат қайда? Дәл осындай жағдай Күршім ауылында да, Қалжыр ауылында да болды. Сондықтан ауылдарда ондай жағдай болмайды деп айтуға, шара қолданбауға болмайды.

«Бірақ, кадр мен қаржының жетіспеушілігіне байланысты, Жастар ресурстық орталықтарын Отбасына жәрдем беру орталығы деп қайта ұйымдастырды. Ол жерде жастардың да, қариялардың да, балалардың да, әйелдердің де мәселесі қаралатын болады». Енді жастар ресурстық орталығына келер болсақ, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» 2015 жылғы 9 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 11) тармақшасына сәйкес Жастар ресурстық орталықтары туралы үлгілік ережеде Ресурстық орталықтардың негізгі мақсаты мен функциялары толық жазылған.

« …. 8. Ресурстық орталықтар қызметінің негізгі мақсаты жастар мен жастар ұйымдарын қолдау және дамыту үшін қызметтер көрсету.

  1. Ресурстық орталықтардың негізгі міндеттері: 1) жастар бастамаларын ақпараттық-әдістемелік, консультациялық сүйемелдеу мен қолдау; 2) жастар арасындағы ахуалға мониторинг және талдауды жүзеге асыру».

Өзге тұрмақ, өздерінің қоғамдағы миссияларын жете түсінбей жатқан ресурстық орталықтың атын өзгерту арқылы Отбасына жәрдем беру орталығы ретінде қайта ұйымдастыру қаншалықты дұрыс шешім. Қазіргі таңда біз білетін жастар ресурстық орталықтарының мамандары толықтай жергілікті әкімдіктердің барып кел, шауып келіне жұмсайтын шабармандары емес пе?

Тіпті болмаса жастар арасынан мемлекеттік қызметке даярлықтан өтетін болған соң ресурстық деп аталады емес пе? Қазіргі уақытта жастар өздеріне жүктелген міндетті қанағаттарлықтай орындап жүр ме? Енді оларға Отбасын қолдау деп ат беріп, ұзақ жылдар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болып жүрген мыңдаған әйелдердің тағдырын қалай тапсырамыз? Бұл қылмыс емес пе? Жастар ресурсы жастарды бір шеңберлеп алса қалай? Қоғамдағы өзекті, ең ауыр болып табылатын ірі мәселені, Отбасын қолдауды дәл соларға жүктеу қаншалықты дұрыс? Біз осы туралы әртүрлі алаңдарда айтып та жүрміз.

Сондай кездесудің бірі 2022 жылдың 11 мамырында Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігінде Салтанат Парқатқызы өткізген жиналыс еді. Өзім  қойған бірнеше сұрақ сол бойы жауапсыз қалды. Ол сұрақтар әлі де өзекті. Мысалы «Отбасын қолдау орталығын» ашу туралы үлгі ережесінің жобасын мұқият оқып, танысып, зерттеп шыққан оң мынандай сұрақтар туындайды:

– Орталықтың бюджеттік тәртібін бекіту туралы;

– Орталық нақты қандай іс-шаралар өткізеді;

– Орталықта кім жұмыс істейді;

– Орталықта көмектің қандай түрлері қарастырылған;

– Орталықтардың бағыныштылығы қандай;

– Орталық шешімдерінің заңды күші қандай болады;

– ҮЕҰ функцияларының қайталануы болмайды ма;

– Орталықтардың жұмысына кім мониторинг жүргізеді;

– Үлгі ереженің 8-4 бап 2-тармақта қандай көмек туралы жазылған?

– Жұмыспен қамту орталықтары, әкімдіктер «Отбасын қолдау орталығынсыз-ақ көрсететін қызметтер емес пе?

– Үлгі ереженің 8-5 бап 2 тармақ – полиция жұмысын қайталау болмай ма? Орталықтың құзыры болады ма?

– Үлгі ереженің 8-5 бап 7 тармақ – ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл қандай негізде жүргізіледі?

– Орталық қызметінің тиімділігі қалай қамтамасыз етіледі?

Іс жүзінде орталықтар проблемаларды нақты шешпейді, тек ақпараттық және консультативтік ұйым болады. Екінші маңызды мәселе – Орталықтардың тиімділігі. Тренингтер, консультациялар өткізу бұл ҮЕҰ функционалын алмастыру. Орталықтардың ашықтығын қамтамасыз ету қиын, басқарушы бір, шешімдер алқалы түрде қабылданбайды.

Негізі жағдай директордың барлық салалардағы функцияларын кеңейтуге және директордың ішкі талаптары бойынша жұмысқа орналастыруға арналған. Жалпы алғанда, жоба мен ережелер бірінші оқылымда шикі, аяқталмаған. Отбасында жанжал болатын әдетте әлеуметтік осал топтар екені белгілі, бұл жобаны жалпы солардың есебінен ақшалай қаражатты жылыстатуды жеңілдету жолы деп айтса да болады. Екіншіден, бұл ҮЕҰ қызметін рейдерлік басып алудан басқа ештеңе емес деген пікір бар. Үшіншіден, заң жобасы, әсіресе орталық ашу туралы үлгі ережесі отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заңға нақты өзгеріс енгізуден бұрын, үйлестіруші, ұйымдастырушы және атқарушы органдарды құруға көбірек мән беретін сияқты.

«Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекеме болғандықтан берілген ұсыныстар мен қойылған сұрақтардың маңыздылығы өте зор деп есептеймін. 1 қыркүйекте Президент жолдауынан кейін Ішкі істер министрлігі тұрмыстық зорлық зомбылық туралы заңға бірнеше өзгертулерді енгізуді ұсынды. «Жыл басынан бері полицияға тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы 70 мың хабарлама келіп түсті. Оның ішінде 43 мыңы «есептен шығарылды», өйткені полицияға келгеннен кейін жәбірленушілер өтініш беруден бас тартты. Бұл зорлаушының кек алу құрбанының татуласуына немесе қорқынышына байланысты. Бүгінгі таңда полицияның бұл саладағы өкілеттіктері шектеулі. Полиция «Үй» тирандарын мәлімдеме болған кезде ғана жауапқа тарта алады. Сондықтан қоғамда денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соққаны үшін іс-әрекетті криминализациялау тезисі белсенді түрде алға тартылуда. Әкімшілік қамаққа алу мерзімін ұлғайту (төменгі шегін арттыра отырып), Ал ескертудің орнына – қоғамдық жұмыстарды енгізу қажет. Денсаулыққа зиян келтірумен байланысты қылмыстардың жекелеген құрамдарына –«отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамға қатысты» деген саралау белгісі енгізілсін. Тараптардың татуласу мүмкіндігі тек сотта және тек бір рет болады. Заңнамалық түзетулер пакеті әзірленіп, мемлекеттік органдарға келісуге енгізілетін болады» деп жазды Polisia.kz

Осындай тиімді және нақты қадамдар тұрмыстық зорлық зомбылықтың азаюына әлдеқайда көп әсер етеді деп ойлаймын.

Жұлдыз Ақтанжанова, 

ШҚО

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі