2022 жылдың 23 желтоқсан күні таңертең өнер қайраткерлері Шамғон Сағаддинұлы мен Тілес Шамғонұлы Қажығалиевтердің құрметіне өздері тұрған үйге орнатылған мемориалдық тақтаның ашылуы болды.
Сол күні кешке «Құрманғазы» оркестрінің концерт залында әйгілі дирижер, оның ішінде қазақтан шыққан алғашқы кәсіби дирижер, КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор, аяулы ұстаз Шамғон Сағаддинұлы Қажығалиевтің 95 жылдығына арналған «Серпін» еске алу кеші өтті. Концертке келушілер бірден экран арқылы бейнежазбадағы дарынды тұлғаның сәулелі сәттеріне куә болды. Содан соң дирижердің өнерін жалғастырған ұлы, асылдың сынығы Нарын Қажығалиев ортаға шығып, оркестрді сүйемелдеп, «Серпінді» орындап бір серпілтті. Бұл туынды Базарбай Жұманиязовтың Шамғон Қажығалиевке арнаған «Серпін» күйі еді.
Еске алу концерті одан әрі «Құрманғазы» атындағы қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің Құрманғазының «Алатау», «Кішкентай» күйлерін төгілтуімен жалғасты. Тәттімбеттің «Сарыжайлауы» мен Әшімтай Қарымсақұлы «Қоңыр қазы» да орындалды бұл кеште.
Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсындағы «Серке» ариясы мен Жаяу Мұсаның «Ақсисасын» Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Талғат Күзембаев тарту етті. Қаршыға Ахмедьяровтың «Қуаныш» күйін оркестрдің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мықты күйшілердің бірі Батыржан Мықтыбаев орындады. Ахмет Жұбановтың Абай операсындағы «Зарлының наласы» ариясы мен Абайдың «Ей, халайық» ариясын ҚР Еңбек сіңірген артисі Шаһимардан Әбілов орындады. Шамғон Қажығалиев оркестрге түсірген Қаршыға Ахмедьяровтың «Ақжелеңін», атақты Ахмет Жұбановтың «Абай фантазиясын», Кенжебек Күмісбековтің «Жастық шағын», Сыдық Мұхамдеджанов «Шаттық отанын» да оркестр осы жолғы концерттің репертуарына қосқан екен.
Чайковский, Верди, Бизе секілді әлемдік музыканттардың да шығармалары тыс қалмады. Жәмилә Баспақова, Ғайни Болтаева, Айгүл Қосанова секілді қазақтың өнерлі арулары да келген қонақтарға өнерлерін көрсетті.
Кеш тізгінін алған жүргізуші Мейрамбек Таубалды да арасында дирижер Шамғон Қажығалиев туралы ақпараттармен бөлісіп отырды. «Бұл кісіні таныстырудың өзі артық. Бірақ, біле бермейтін жастардың құлағында қалсын деп айтып жатқанымыз» деді кеш барысында. Осы орайда біз де Шамғон Қажығалиев жайында бірер ақпаратпен бөліссек артық болмас:
Бір өзі бір ғасырдың жүгін арқалап, қазақтың руханияты мен мәдениетіне өлшеусіз еңбек сіңірген айтулы тұлғаларымыздың бірі де бірегейі Шамғон Қажығалиев десек артық айтпаспыз. 88 жылдық ғұмырында ғибратты өмір сүріп,ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан, аяусыз тер төккен тұлға.
Ол өзінің ерекше қабілетінің арқасында 1950-жылы Алматы консерваториясын үш мамандық бойынша бітірген: домбыра мамандығы бойынша Қазақстанның халық артисі Қали Жантілеуовтен, скрипка бойынша профессор И.А.Лесманнан, халық аспаптар факультетінде оркестр мен дирижерлеуден Ахмет Жұбанов пен Л.М.Шаргородский сыныбын тәмамдаған. Сондай-ақ 1964 жылы Ленинград консерваториясының опера-симфония дирижері факультетінде профессор Э.П.Грикуровтың сыныбында дәріс алған.
Ш.Қажығалиев 1951 жылдан бастап Құрманғазы атындағы мемлекеттік халық аспаптар оркестрінің бас дирижері болды. 1953 жылы Румынияның Бухарест қаласында жастар мен студенттердің IV дүниежүзілік фестивалінде оркестр алтын медаль жеңіп алды. Ш. Қажығалиевтың кәсіби дирижерлік және жоғары ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында оркестрдің репертуары жақсарып, оған ұлттық қордың терең қойнауында жатқан халқымыздың атақты композиторлары Құрманғазыдан бастап Динаның, Дәулеткерейдің, Сүгірдің күйлері кірді. Тәжірибелі ұстаз он шақты әдістемелік бағдарлама мен оқу құралының репертуарын жасады.
Шамғон Қажығалиев халық аспаптар оркестрі үшін 200-ден астам қазақ, орыс, шетел сазгерлерінің туындысын өңдеп, Ахмет Жұбановтың шығармашылық мұрасынан 20 күйдің партитураларын жазды. Оның дирижерлік өнері өз уақытымен үнемі астасып, шығармашылығы таңғалдырмай қойған емес. Оркестр көптеген халықаралық және республикалық сайыстарға қатысып, Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Германия, Франция, Швеция, Финляндия, Дания, Португалия, Үндістан, Ауғанстан, Қытай және тағы басқа елдерде өнер көрсетіп, қазақтың оркестін өзге елдерге насихаттап, көрерменді тәнті етті.
Ш.Қажығалиев 1968 жылдан 1971 жылға дейін Қазақстан Республикасы мемлекеттік симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болды. 1971 жылдан Құрманғазы атындағы мемлекеттік халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, 1992 жылы Қарағанды облысының шақыртуымен Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі болды. Өзінің жарты ғұмырлық көркем тәжірибесін ұжымның орындаушылық өнерін өрлету үшін барынша пайдалана білді.
Шамғон Қажығалиевтің 95 жылдығына арналған «Серпін» еске алу кеші оркестрдің орындауындағы Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен жабылды. Өнерді қадірлейтін халқы барда, өнер иесінің есімі ешқашан ұмытылмақ емес.
Ұлы дала мәдениетінің жауһар туындыларын әлемдік деңгейдегі сахналарға алып шығуда айырықша еңбек сіңірген сирек тұлғалар жайында сөз қозғалған тұста, жадымызға бүкіл шығармашылық қуатын ұлттық мүддеге, түп-тамыры халықтық қайнардан бастау алатын дүниелердің өркендеуіне жұмсаған Шамғон Сағаддинұлы сияқты бітімі кесек, жайсаң жандардың алдымен есімізге оралуында үлкен сыр бар. Ол кісінің асқаралы өнер жолындағы ұлан-ғайыр қызметінің қыр-сырын жан-жақты толымды түрде сипаттаудың өзі бір концерт тұрмақ, бір кітаптың жүгі емес…
Эльенора ӘМІР
Парақшамызға жазылыңыз