//////

Бақытбек Бәмішұлы: Ащы жас араласқан ана сүті (жалғасы-7)

1380 рет қаралды

Жыл дегенің жылқы аунап тұрғанша деген. Демде өте шықты бір жыл. Қабақ елге басшы болды. Ел басқару екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Халқың қанша болса сонша адамның тағдыры мойныңда. Оны көтеру ердің ісі.

Кеше әкесін жаусың, жау болғанда халықтың жауысың деп, байлап-матап алып кетіп, Қобда қаласы абақтысына апарып қамап, айға толмас аз уақытта-ақ құмды айдалада қазылған ор жиегіне отырғызып қойып, қара түнде қара құсынан атып, көміп тастаған әлекейдей жаланғандар бүгін оның ұлын партия ұясының басшысына тағайындап жатқанда Қабақ қыңқ еткен жоқ.

Керісінше қайсарланып, үріккен ешкідей үрпиіп қалған үркердей шоғыр үшін барын салып қызмет етуге бел буған. Қоғамды ит қуған қояндай қылғанды иттің етінен жек көрсе де, күні үшін күштінің дегеніне көнбей бұра тартқан жері жоқ. Еңсесі түскен елдің иінін көтеру үшін жаспын деп майыспай, ақсақал болып ақыл айтты, басшы болып бағыт-бағдар берді, өкімет пен партия деп сөйледі, сөйтіп екі жылдың ішінде ел қамын жеген Едігеге айналды.

Алайда Қабақтың бұл қара үзген, қоғамшыл, жаңашыл, қызылшыл қылығы біреуге ұнаса, енді біреуге жақпаған. Жақтырмайтындардың жең ұшымен жалғасатын жер түбінде ордалы ұясы бар ма ойлағандары орындалып оза шауып, одағайланып жүреді…

Іңір. Қазан жақтағы төсегіне арқасын төсей жайғасып, шығарда, есік алдындағы жер ошақта асулы тұрған қара қазанның астынан жанған қызыл жалынға қарап ұзақ телміріп отыр Қабақ. «Қара қазақ қарап тұр, қызыл ошақ жалап тұр. Һім!».

Сол бір жылы жазда атасы Ақымердің ауылына барған. Әкесі атқосшысын қалдырып, Қабақты әдейі ертіп алған. Үш күн болып, ойнап-күліп аттанғаны есінде. Әкесі аяқ астынан бұл ауылға не үшін келді, неге үш күн бойы біраз үлкен кісілер кеңес құрды, ол жағынан мағлұматы болмаған.

Содан бір ай өтті ме, өтпеді ме әкесі ұсталып кетті. Сол сапардың мәнін әкеден сұрап та үлгірмеді. Сонда үлкендер не жайлы кеңесті екен? Бүгінгі басына үйірілген қара бұлттың сол кезде әкесінің де басына түсіп елдің еңселі адамдарына барып ақылдасты ма екен? Салқын қабақпен барған әке, еңселеніп, ширап, ширығып қайтқан.

Ал Қабақта қазір ақылдасар  аңғарлы адам да жоқ. Шеменіңді жарып, шеріңді тарқатып, сырыңды ашып, кең көсіліп кеңесетін кісіңнің барының өзі бір бақыт екен ғой. Бәрі өзі құралыпты, көргендері көкжиектен ары аспайтын жандар. Ақылды алып кел, шауып кел Ақкісіден, сөзінде де, өзінде де қонақ жоқ Сәлімнен, қаныпезер Қаңқабайдан сұрай ма?

… Қабақ ауыр күрсініп иегіндегі пышақ қыры көктеген сақалын оң қолының сыртымен батыра үйкеп-үйкеп жіберді.

Ләззат Қабақтың алдына дастархан жайды. Азын аулақ ас, тағамын қойып, қара шайын ұсынып, тізесін Қабақтың тізесіне тірей жайғасты. Осы кезде Қабақтың ойы да кілт бұрылып естен кеткісіз бозбалалық шаққа әлгіндегі ой отарына қарай бұрыла жөнелді. Ләззат Қабақтың ойының үстінен түскендей:

– Қызық қой, есіңде ме, алғаш рет, жайлауда, көл жағасында, ымыртта, қозы бөліп жүргенде, сен қасыма келіп, – Ләззат, – дегенің де… Ләззат онан арғысын айтпады.

Сонда Ләззат дегенінде денесі ду етіп, тұла бойына шымыр жүгіріп, күйіп жанып, не дерін білмей қалшиып, қозғалуға да шамасы келмей төмен қарап, жіпсіз тұсалып, тұрып қалған-ды.

– Мұтпапсың ғой, есімде… Сонда саған жақындап келіп  саусақтарыңның ұшынан ұстағанымда тіл-ауызым байланып, жүрегім ауызыма тығылып, денем өрт шалғандай дуылдап саусақтарыңды мыти беріп едім ғой… есіңде ме?

–  «Құшағыңа кіре бергім келіп, өзіне қарай тартса деп тілеп тұрсам да өзім сүйіп алуға батпай, сүйіп алса ғой деп тұрғанымда». Қойшы, болды енді, доғара қой.

– Бауырыма қыса тартып сүйейін десем өкпелеп қала ма деп тұреп-тұреп шөп етікізіп бетіңнен сүйіп алып едім ғой. – Ләззат сықылықтай күліп Қабақты иығынан жұдырығымен жай ғана әлсіз нұқып қалды. Қабақ оны ту сыртынан қапсыра құшып емізіп отырған баласымен қоса өзіне қарай тартып маңдайынан иіскеді.

Иіскеді де ауыр күрсінді. Бағанадан басын айналдырған салмақты ой қайта оралды. Жаңа ғана сабасына түскен, жанайын-жанайын деп енді ғана тұтап, анау жер ошақтағы қара қазанын айналдыра шарпыған қызыл оттан қайнап тасып, ес жиған жайдары өмірдің жарқын жарығын тағы сөндірмек ниетті жүргендер жетеді екен…

– Күрсінгені несі?

– Тоныңды ит жеді ме десей.  Жемесе де жейтін бастанып тұрғаны.

– Не деп отыр?

– Көзіме қос көрініп. Арба сынып, өгіз өледі болып тұр ғой.

– Не боп қалды? Сәлімнің бықсығы ма?

– Со Сәлімнің құлағы ұзын-ау…. Қарығы ашылмаған сорлы қазақтың, басынан қара бұлт арылмайтын болды ғой. Сатқын дей ме, мынау арғы беттің жансыздарына тіл жалғап, тіл алысып тұрады дей ме.

Оны қойшы, бәрінен де «Сорқұдықтың басына, Сорға бола қонды атам. Жалмауызға жалғызын, Жанынан қорқып берді атам» деп «Ер Төстік» ертегісінде Кенжекейдің зарланатынындай, қонысымыз Сорқұдықтың басы болды. Ел күдігі ақиқатқа айналатын түрі бар.

– Қабақ күйіп отыр, ішіндегі әдемі естелік өшіп, өртке айналды. Ішіндегі ызалы ойы миына шақ-шақ тиеді. Шаншудай қадалды: «– Бір емес, екі емес… Болды. Жетеді… Әкеңнің  аузын тс…. Қашам! Бауыздап жатса да тұяқ серіппей өлетін қой емеспін!». – Ол Ләззатқа мойын бұрып еді өзіне қарай бүрісіп тығыла түсіпті. – Жанымнан   қорқып сендерді зарлатып кетемін бе деп мен де қорқамын. Жоқ, мен сендерді жылатпаймын! Кейде ойлаймын сен басқа адамға тигенде әлде қайда өмірің тыныш, бақытты өмір сүрер ме едің? Кім білсін?

– Ал сен аманат аттар ма едің?! – Ләззат шап ете түсті де дереу үнін жұмсартып,-  біз сенімен бақыттымыз, не айтып отырсың, Қабай?!

Ләззаттың есінде. Ана бір жылы ел ішіне қауесет көп тарап, екі кісінің басы қосыла қалса «Пәленше ұсталады екен. Халық жауы екен. Түгеншені үйінен алып кетіпті. Жапонның іш-биөні екен. Ал пәленше тыңшы екен» деген сөздер қаулап кеткен. Ақыры соның бәрі шын болып, ауылдың атқа мінерлерін қырғидай сыпырып алып кеткен болатын. Тап сол заманның қайта оралғанына не дерін білмей тілі күрмеліп Қабақтың иығына басын сүйеп, бауырына тығыла, – қорқып кеттім,- деді.

– Қорықпа, несіне қорықамыз. Құдай салды құл көнді. Жанымыз кімнен артық. Жағаласып, жастығымды ала жатайын дейтін бетпе-бет келген жауың жоқ. Шетінен, біртіндеп сүйек кемірген иттей мүжіп жатқаны жанға батады. Бір әрекет қыламыз…, ие күшік,– деп Ләззаттың алдындағы баласының мұрынынан қысып-қысып қойды.

«Бүйтіп кеміріліп таусылғанша, құп көрсе елді алып, Алтай асып, қалың жатқан керейге қосыламын. Қыр соңыма түскен екен құртпай қоймайды. Бәріміз болмасақ та біріміз аман қалармыз» деп бекінген жоғарыдағы ойының жалғасын ішіне бүгіп қалды.

Ләззат болса «Ел тізгінін ұстайтын еркек кіндікті қалдырмайын дегеніме. Болды ғой, тойды ғой. Қашанға дейін қан қақсата береді» деген көкейдегі сөзін сыртқа шығара алмады.

(Жалғасы бар)

Парақшамызға жазылыңыз

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі