Біз Үзүк атауын Ұлы Шыңғыс хағанның анасы Өэлүннің есіміне қосарлана жалғанып айтылатын «үжин» сөзімен байланыстыра қарастыруды жөн санадық. Қасиеттi ананың асқан сұлу, аса ақылман болғаны шежiрелерде айқын баяндалады. Мысалы, «Моңғолдың құпия шежіресінің» 74 бабында тайчуудтар Есукей баһадүрдің бәйбішесі, жесір ана Өэлүнді балаларымен бірге жұртқа тастап кеткенде оны былай деп сипаттайды: «Өэлүн үжин мерген; даңғыл туған Өэлүн; сара туған үжин; құба Өэлүн үжин». Өзінің өмір сүрген заманында ат-атағы шыққан, әйгілі адамдарың есімі көбінесе азан шақырып қойған атымен емес, керісінше лақап атымен тарихта қалып отырғанын ескерсек, Өэлүн үжин де дәл сондай лақап есiм деп жоруға болады. Алайда үжин сөзінің нақты мағынасы әлі күнге дейін ашылған жоқ. Көп зерттеулерде қытай тіліндегі «фүжин» – қатын сөзінінің өзгерген нұсқасы деп көретіндер бар. Моңғолдың кейбір зерттеушілері Өэлүн деген көне моңғол тіліндегі Эгүлэ (бұлт) сөзі деп жорамалдайды. Бұл болжал, құр ұқсастық ғана болар. Ал сақа халқы (якуттар) Лена өзенін Өлүэнэ – Ене (Ана) өзен деп атайды екен. Енесай деген сияқты. Осы Өлүэнэ деген өзен атауы орыс тілінде Лена болып өзгерген екен. Бұл өзен ежелгі Қоңыраттар мекеніне жақын аймақ болып есептеледі. Соған орай осы өзен атауын қоңырат әке қызына есім ретінде беруі әбден мүкін ғой деген тұжырымға келеді. Бұл да нанымды.
Біз осы атаудың түп мағынасын «үз» түбірінен іздеуді махсұт тұттық. Үжин сөзiнiң түбiрiнде сингармониялық қана өзгерiс бар. Моңғол тiлiнде көрiктi, әдемi, сымбатты, сұлу мағынасындағы сөздердің барлығы үнемi “үз” түбiрiнен (үзэмж, үзэсгэлэн, үзэмжтэй) туындап жатады. Егер, үжин сөзiнiң түбiрiн “үз” десек, онда үжин – көрiктi деген мағынаға сай келедi.
Түбірі түркі тілінен тартатын қазақ тіліндегі «үздігу» деген терең, тұңғиық аңсарды білдіретін сөздің түбірінің «үз» болып, «жеке, дара, бөлек» деген мағыналы сөздермен ұштасып жататындығы бар. Ал «үздік» тіпті «өзгеше, озық, маңдай алды» деген мағынаны береді.
Моңғол тiлiнде “з” мен “ж” дыбыстары бiр-бiрiне сусымалы және бастапқы буындағы дауысты дыбыс үндестік заңдылығы бойынша келесi буында сақталады, не жiңiшкередi. Мысалы: хүлүг, төмөр, үзэг (айтылуы үзүг). Ендеше “үжин” сөзін “үзүн” түрiне келтiруге болады. Ал, сөз соңындағы “н” дыбысының “г” не “к” ауысуы уақыт талабы болған десек, “саф алтындай ақ көңiл қатын Алтын үзүг” деп аталады. Демек, «үжин, үжүн және үзүк» сөзері көне түріктің көрікті, сұлу деген мағынаны беретін сөзі дер болсақ, жоғарыдағы сөйлемдегі “саф алтындай ақ көңiл” деген тіркестің орнына “саф алтындай көрiктi” деп жазуға әбден болады деп көреміз. Алтын үзүк – алтындай көрiктi сұлу. Өэлүн ананың жан-тәнiнiң сұлулығына сай берiлген құрметтi лауазым – Өэлүн үжин – Өэлүн үзүк – Өэлүн сұлу болса керек.
Шыңғыс ханның шешесі Өэлүн ана қоңырат елінің қызы еді. Тарихи шежірелер қоңыраттың қыздарының сұлу болатынды жөнінде жазуды әсте тыс қалдырмаған. Адам баласының тыс көркінің де тектік тұқым қуалаушылық жалғастығы Шыңғыс ханның жұбайы Бөрте жайлы сөз болғанда да бірінші кезекте айтылады. Көркіне заты сай қоңырат қыздары сыртқы көркімен ғана жұртты таң қалдырып қоймай әулие ана, ақылды жар, от басының ұйтқысы, құт-берекесі болғанын аңыз, әпсаналарға арқау етеді. Осы тұрғыдан келгенде де «үжин» эпитетінің моңғол тіліндегі «үзэмж» – «көрік» сөзімен сабақтастығын аңдағандаймыз.
Үзүк, үжин сөздерiн сарыұйғыр тiлiндегi – шамандық ұғымда “тәңiр елшiсi”, “әулие рух” мәнiне келетiн – “үзен” сөзiнiң сингармонизм заңы бойынша өзгерiске түскен түрi деп қарауға да болатындай.
Шыңғысхан ата-бабаларының арғы-тегi аңызбен астасып, тәңiр құдiретiмен жаралып жататынын ескерсек, оның анасы Өэлүн де қасиеттi рухты адам болуы ғажап емес. Демек, Өэлүн үжин – Өэлүн үзүк – Өэлүн үзен – қазiргi қазақ ұғымына көшiрсек, Өэлүн әулие.
Махмұд Қашқари сөздiгiнде өлең шөп – өлиан деп аталады. Өлең – тау баурайлары мен бөктерлерiнде өсетiн, малға аса жұғымды, тұяқ тимеген жерлерде басы күлтеленiп қоңыр самалға үкiдей ырғалып, бүкiл бiр беттi толқын жауып кеткендей көрiктi көрiнетiн, жайдары жайсаң жанға теңеу бола аларлықтай өте биязы шөп. Ел құрметiне бөленген дархан мінезді ананы далалық жұрттың осылай суреттеуi әбден мүмкiн. Адамның берiктiгiн еменге, биiктiгiн бәйтерекке, нәзiктiгiн талға, сұлулығын қайыңға, даралығын шынарға, иiсiн – даланың жусанына теңеу – иiсi түркi-моңғолға жат құбылыс емес.
Қазақ жанға жайлылық пен жайсаңдықты “қоңыр” сөзiмен байланыстырып жатады: қоңыр күз, қоңыр үн, қойдай қоңыр, қоңыр самал, қоңыр өлең… Оның үстiне “өэлүн” және “өлйан” сөздерiнiң түбiрi де бiр-бiрiнен алшақ емес, сәл-пәл дыбыстық сөйленістік деп атауға тұрарлық өзгерістер ғана бар. Олай болса Шыңғыс ханның анасының аты да Өэлүн осы тамаша, тартымды өсімдік атауынан шықпады ма екен деген де болжамға келеміз. Бұл болжам бойынша Өэлүн әулие деген атты қазақтың қазіргі ұғым түсінігімен бейнелеп “Қоңыр әулие” деген атау деп көруге болатындай.
Бақытбек Бурылалтай
Парақшамызға жазылыңыз