////

Бақытбек Бәмішұлы. Махмұд Қашқари: Қатун – Афрасиаб қыздарының құрметтi есiмi.

109 рет қаралды

(5-бөлім). Махмұд Қашқари көрсеткен түркі халықтарының мекен-жайлары мен тау, теңіз атаулары қазіргі моңғол тілінде түгелдей ұшыраса бермейді. Бұл ғұламаның қамтыған аймақ-аумағына байланысты екенін жоғарыда сөз еттік. Ғұламаның өзі де барлық топонимдерді толық көрсетпегенін атап айтқан болатын. Кітапқа енген мына атаулар: улуш – ауыл, қыстақ; азығ, абыл – біздің жұрт, біздің ауыл; Атыл – өзен; Ила – өзен; Артыш – өзен; ордұ – хан ордасы; йәтiген – жеті қарақшы (жұлдыз) қатарлы сөздер қазiргi моңғол тiлiнде улс (улус), айл, Ижил, Или (Элээ), Эрчис (Эрчіс), орд-а түрінде кездеседі.

Әр қоғамның өсiп-жетілуіне, өркендеп-дамуына немесе құлап, құлдырауына сай сол заманға байланысты тілдер де бiрде жаңғырып, бiрде өсiп, ал енді бірде мүлдем жойылып отырады. «Сөздік» құрамындағы қазіргі моңғол тілінде көрініс беретін атақ-даңқ, шен-лауазымға байланысты біраз сөздердің қанша ғасыр өтсе де өзінің алғашқы мәнін жоймай сақталып келгендігі көңiл аударалық. Хан – түркi және моңғол халқына тең сөз, ел мен билiк иесi. Қазіргі моңғол тілі грамматикасы бойынша «хаан», ал көне моңғол тілінде «қаған» түрінде жазылады. Моңғолияда «Хан» атауы 1924 жылға дейін қолданылып келді. Моңғолдың соңғы ханы – Богд хаан Жабзандамба хутагт осы жылы қайтыс болды да, «хаан» сөзi тарих бетiнен көшкен-ді. Моңғолдар хан тұқымын «алтан уураг» – «алтын ұрық – алтын  тектiлер» атап келген.

Қатун – Афрасиаб қыздарының құрметтi есiмi дейді М.Қашқари. Бұл сөздiң моңғол тiлiнде бiрнеше мағынасы бар: Ханның әйелін «хатан» десе, бұл сөз «қатыгез, қайтпас, қайсар» деген мағынаны да бiлдiредi. Моңғолдар жаужүрек қаһармандарына «хатан» деген де атақ беріп отырған. Өткен ғасырдың басқы ширегінде моңғол жерiн сырт басқыншыларынан (мәнжi, гоминдан) азат етуде ерекше әйгiленген, ақ сүйектер тобынан шыққан, ұлт азаттық қозғалыстардың бас қолбасшыларының бiрi – Магсаржав «Хатан Баатар Магсаржав» атанған.

«Сөздікте» тархан – iсләмияттан бұрын бек мағынасында қолданылып келген лауазым деп түсініктеме берілген. Бұл сөзді атақ-лауазым атауы екенін, сөздің дыбыстық және мағыналық жағынан да өзгеріссіз жеткенін қазақтың даңқты батыры Тархан Жәнiбек есімінен жақсы білеміз. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» «тархан» ерте замандарда тоғыз рет ерлік жасаған адамға берілген жоғары атақ, лауазым» деп жазылған. Демек Жәнібек бабамыз тоғыз рет ерлік жасаға батыр болса керек. Ал моңғол тiлiнде «тархан» сөзі “дархан” түрiнде кезiгедi, ол “ұста, шебер” деген мағынаны берумен қатар алым-салық төлемейтiн ерiктiлердi осылай атаған. Сонымен бiрге “дархан” – шен, атақ атауы. «Дархан» атағымен қазіргі кезде жауырыны жерге тимес балуандар мадақталады. «Дархан» сөзінің қазақ тілінде «ұста, өнер адамы» деген мағына беретінін Ұлы Абай «Отыз үшінші» қара сөзінде «Егер мал керек болса, қол өнер үйренбек керек…. дархансың ғой, өнерлісің ғой, шырағым…»  деген жолдарынан кездестіреміз. (жалғасы бар).

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар