Біз ұлы ғұлама Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» сөздігін қазіргі моңғол тілімен салыстыра зерделегенде көне түрік тілі мен моңғол тілдеріндегі дыбыстық, мағыналық тарапынан сәйкес келетін сөздердің молдығына көзіміз жете отырып, өткендегі алты реткі жазбамызды шағын ғана мысалдар келтіріп, кіріспе ретінде келте қайырдық. Біздің мақсат тек ой қозғау. Осы мағлұматтарды толықтырып, сұрыптап, сөздіктегі мән-мағынасы, мазмұны қазіргі моңғол тілінде де ортақ мақал-мәтелдерді аударып, топтаса жеке дара бір кітап болары сөзсіз. Мұның өзі бұл тақырыпты ары қарай қаузай зерделеп, тереңдей зерттер адамға дем боларлық, бүгінгі таңдағы кейбір заманауи сұрақтарға жауап табуға иненің жасуындай болса да септік-селбеу болары, сондай-ақ көне дәуірде түрік және моңғол халықтарының ортақ тілде сөйлеуі мүмкін екендігіне аз да болса дерек болатын сияқты. Осы тұрғыдан келгенде, тұтас түркі әлемінің інжу маржан ізімен жүріп, «күллі түрік тілдерінің тұтастығын білдіретін қасиетін, өзара айырмашылық белгілерін айқындап, өзекті заңдылықтарын жүйелеп, түзіп ұсынған» (А. Егеубай), сол бір ежелгі ортағасырлық дәуірде төрт құбыласы тең, аса көркем, бай тілдің қоғам өмірінің барлық саласына қызмет еткен, бүгінгі тілмен айтқанда халықаралық һәм ұлтаралық қатынас құралы болған, шұрайлы да, құнарлы түрік тілін («Түрік сөздігін») жақын туыс, туыстас немесе алыс туыстас тілдермен бүгінгі заман талабына орай салыстыра зерттеу ортақ тілдік мақсат-мұратымызға жетуге, жалпы түріктік тілдік тұтастықты, тарихи тектестікті қамтамасыз етуге негіз болар іргелі құралдардың бастыларының бірі болатынына, егерде жалпы түріктік ортақ тіл жасақталар болса, ол моңғол тіліне де жат, түсініксіз болмасына күманданбаймыз.
Бұл тарауда біз “Диуани лұғат ат-түрік” сөздігінде қамтылған түрік тайпалары мен халықтары атауларын ерекшелеп қарастырамыз. Махмұд Қашқари бұл еңбегінде түрік тайпалары мен халықтары түгелдей қамтылмағаны жөнінде ескертіп кеткені белгiлi. Ол туралы еңбектің кіріспе сөзінде айтылды. Сонымен қатар ғалым бұл кітабында тек «мұсылман түріктері елдеріндегі таулардың, шөлдердің, ойпаттардың, дариялар мен көлдердің аттарын ғана жаздым» дегеніне қарағанда қазіргі моңғол үстіндегі түрік елдері еңбекте енбегенін қайыра еске сап өткендей. Осы тұста моңғол үстіртіндегі түрік халықтары өзінің байырғы ата дінінде Тәңірлік дінімен өмір сүріп жатқанды. Оларға оңтүстігінен түбіттік Будда, батысынан ислам діні ене қоймаған кез еді. Ал Найман мен Керей хандықтарының сол кезеңде несториан дінінде болғандығы нақты дәлелденбеген. Біз ары қарай аталмыш кітапқа енген халықтар мен тайпалар атауларынан моңғол тарихи шежірелерінде өзгеріссіз, өзгеріссіз дегенде тілдің өсіп-өну, не өшу заңдылықтарына орай байырғы қалпында кезігетіндерін ғана іріктеп алып, олардың қазіргі моңғол тілінде жазылуын жақшаның ішіне белгілеп, кейбіреулерінің мән-мағынасына ашуға тырыстық. Бұл тарапта бір ескеретін жай моңғол тілінің грамматикасында орфография мен орфоэпия әрқашанда бірдей бола бермейді. Мысалы қазақ тіліндегі сөздердің бірінші буынынан кейін келген «і» дыбысы моңғол тілінде «э» дыбысына айналады. Бірақ бұл айтылымда қысаң «і» түрінде естіледі. Мысалы: Түрік – түрэг. Қазақ тілінде сөздің барлық буындарында кездесетін «ы» дыбысы, моңғол тілінде жуан дауысты дыбысты сөздердің екінші және үшінші буынындағы көмескі «а» дыбысына айналады. Мысалы: ұйғыр – уйгар.
Сөздікте қазіргі моңғол жұртына мәлім және талдап, түсініктеме беруді қажет етпейтін төмендегідей атаулар ұшырасады:
Ұйғұр – ұйғыр (уйгар), түрүк – түрiк (турэг), түбүт – түбiт (төвд-түвд), татар (татаар), қырғыз (хиргис), башғырт – башқұрт (башкир), оғыз (огыз), бұлғар (балгаар), соғдақ (согд), қыпшақ (хипчак), басмыл (басмал), таңғұт (тангат), хытай – қытай (хятад), түрiкмен (турэгман), байундур (баянөндөр), байат (баяд), чігіл (чигил), хотан (хотон), жапарқалықтар – жапондықтар – япончууд.
Парақшамызға жазылыңыз