Темір келінді кәсіпкер

4981 рет қаралды
1

bfҚазақ халқының бастан кешкен тағдыр талайына, тіршілік қарекетіне байланыты оның төл мақал мәтелдері, пәлсапалық ой тұжырымдары, дүниеге көз қарасы туып, қалыптасты. Сондай бабадан атаға, атадан балаға жалқасқан, Алланың сөзіндей өзгеріссіз келе жатқан әр бір тұрақты сөз тіркестерінің астарына үңілсек ол адамзат балаласының қилы-қилы тарихынан хабар беретіні сөзсіз. Мысалы, «елге ел қосылса құт, елден ел ажыраса жұт», «бір мал егіз туса, бір шөп айыр шығады», «жылғада айырылған жылында бір қосылар», «аман жүрген алтын аяқтан су ішеді» тағысын тағы. Сөзімнің басын қазақтың асыл сөзінен бастап отырған себебім бүгінгі егемен елімізге тұс-тұстан жамыраған қозыдай жиналып жатқан қандастарымыздың тағдырына тікелей қатысты. Біздің ата бабаларымыз бұдан да бұрынғы жылдарда, сонау ұзақ замандарда да қосылу мен айырылудың талайын көргенінің куәсы. Мынау содан қалған кейінгі ұрпағына жөн сілтеген жазып кеткен, айтып өткен заңы болса керек.

Бідің кейіпкеріміз Моңғолиядан келген. Келгенде жай келмеген Қазақ Елі тәуелсіздігін алмас бұрын, егемендікке енді-енді қолы жеткен кезде алдыңғы көштің бірін бастап келген. Келген жері, ақ сарбасын айтып, ақ дастарханын жайып қарсы алған елі – Алматы облысының Ескелді ауданының Қарабұлақ кентінің іргесіндегі сол кездегі Киров атындағы колхоз екен.
Математиканың майын ішіп, басқару қызметінің қызығы мен шыжығын жиырма бес жыл атқарып, алқалы орден таққан азаматтан ат үркер атақ-даңқты тастау қиын болмады ма, деген ебдейсіздеу сұрақ бірден көкейімізге оралды. Ширек ғұмырын жас ұрпақтың тәрбиесі мен тәліміне жұмсаған кешегі ұстаз, бүгінгі кәсіпкер адам жанын айтқызбай қабағынан тани ма бірден би деді:

– Сіздерді менің өткен тәтті өмірімді қалай қиып келгенім қызықтырады-ау. Сол бір тәтті өмірден де тәтті, одан да қымбат, одан да салмақты бір дүние бар. – Биік қабақ, қыран қас, құс тұмсық, ат жақты, әжімі молдау ақ сары жүзі сәл қызара бөртіп,– ол,– деді, ол – Отан, туған ел! Туған жер, туған топырақ, кіндік қаны тамған мекенді сағынбайтын жан бар ма? Сағынасың, аңсайсың, шетте жүрген әр бір қазақ Қазақстанды тап солай сағынады.буркит 3

– Ол елді де сіз отаным дедіңіз ғой.
– «Бұл менің туған жерім, Моңғолдың әсем отаны» деп жырлаған моңғол ақыны болды. Ал мен қара сөзбен болса да «менің» деп айта алмапмын, «біздің» деп жүрдік. Сондықтан да жалғыз күнде, есік ашылғанда ол отанды тастап жүре бердік. Қазір мен «менің елім, менің жерім» деп жүрегімнің қалауымен елжірей айта аламын!
DSC05570
– Патриот екенсіз.
– Ұлтшылмын. Бірақ ол ұраным емес, менталитетім.
Айтса айтқандай ұлшылдық та сүйекке бітетін, қанмен келетін қасиет болса керек. Әкесі Файзулла жетпістен асқан шағында атажұртқа барсақ деген ұлының бетінен қайтармапты. «Өніп, өскен елім, өз басым еш жамандық көрмедім. Енді артымнан алдым жақын шағымда қайда барамын» деп қасарысып отырып алса қайтер еді. Жарықтық бұл күнде баласына тиянақ болып, Абай ауылынан Жалғыз ағашқа шығар жол байындағы төбе бөктерін мәңгілік мекен етіп жатса керек.

Математиктерде сөз аз болады ғой. Бірақ Бүркітбай мырза сөзге де шешен кісі екен. Әңгімеміз енді облыстың белгілі кәсіпкерлерінің бірі Бүркітбай Файзуллаұлының кәсіп- нәсібіне қарай ойысты.
– Байқап отырмын наубайханаңыз бар екен. – Ол арқанды арыдан салды.
– Мынау, жеріміз жер жаннаты Жетісудың қос өзені Қаратал мен Көксудың бойын алып жатыр. Ана тұстан Шажа мен Қора келіп құяды. Қыз ұясы мен Қыз құлаған сонда. Одан ары атақты Қапал. Қапал арасаны. Мына тұсың Мыңбұлақ деп қарасаң көз тоймайтын тұнық табиғат кете береді. Түгін тартсаң май шығар түңкелі өлке. Бүлдіргенін ғана бөліп жеп тіршілік етуге болады. Тошаласын теріп, тері-терсегін жиюдан бастадым. Табан ет, маңдай тер зая кеткен жоқ. Сонымен 2004 жылы бар тапқан-таянғанды салып осы наубайхананы сатып алдым. Ішкі шаруашылықты мына жеңешең Дәригүл басқарады.
Менің назарым Даригүл Мазанқызына бұрылды. Мамандығы дәрігер. Үш баланың анасы. Сыны кетпеген – қара торы бәйбіше. Осы әулеттің бар ырысының бас ұйтқысы екені басқан ізінен ақ байқалады.
– Наубайханамыздан,– деп сөзін жалғады Бүркітбай мырза,– екі түрлі нан, «Алтай», «Алатау», «Зебра» қатарлы бес-алты түрлі тәтті тоқаш шығады. Алды ауданымыздан асып, Алматыға дейін жетіп жатыр.

Он бес адам жұмыс жасайтын шағын наубайхана іші мұнтаздай, тәртіп пен тазалық, техника қауіпсіздігі қатаң қадағаланатындығы бәрі бірден көзге шалынады. «Еңбек етсең ерінбей» дегендей жалақысын уақытында алатын жұмысшылардың да қас-қабағы кірбіңсіз. Бәрі де өз ісінің маманы екені айтпай-ақ байқалады.

Бүкең біздің бағытымыды осы әулеттің «Бұлғын» атты қымызханасына қарай бұрды. Екі киіз үй қатар тігіліпті. Бірі өздерінің, ал екіншісі қымызхана. Табалдырыққа аттаған жерден қымыз иісі қолқаңды жарып, кеңсірігіңді керіп барады. Үйдің іші құлпырып тұр. Құды бір қолөнершілер көрмесіне кіріп барғандайсың. Айналдыра құрылған алуан өрнекті тұскиіз. Тор көзді керегінің арғы жағынан таңдайлап, тақталап тоқыған ши ұсталған. Қары биік, қаламы төрт қырлы оқтай түзу уықтарға ұшын үкідей үлпілдетіп қызыл ала түсті уықбауды төрт жерден салбырата тағыпты. Қыдырған бір уық болсайшы. Айқаса ұстасқан алты күлдіреуіштен бастап ұшы жерге созылып жатқан ені бір қарыс желбаудың өзі қандай. Қошқар мүйіз оюлар қатарласа өрілген басқұр кереге мен уықтың түйіскен басын қапсыра жауыпты. Ал есіктің көзінен төрге дейін төселген сары ала сырмақ. Осының бәрін Дәригүл Мазанқызы өзі жасап шығыпты.

Ал қазан жақта қымыз сапырып тұрған Дәригүл Мазанқызының қолындағы қосбүйірлі, ат басты, алты шығырықты бір ағаштан бітеу ойған сарығайрақ ожауды айтсайшы. Қазақтың қас шеберлерінің өнеріне таңғалмасқа амалың жоқ. Қымыз, қымыз емес, бал екен. Шыны керек қымыз ішіп жүрміз ғой, естігенім болмаса, тап мынадай қоңыр күздің қою сары қымызын бұрын соңдыда татып көрмеппін. «Бір аяқ қымыздың екі аяқ желігі бар» деп аталарымыз осындайдан айтса керек. Екі аяқтан соң біздің де арғы жағымыз белгілі болды, күреңітіп, ай құлақтанып барамыз білем. Осы мезетте үйдің арт жағынан күрпілдетіп тұрып айызыңды қандыра піскен сабаның даусы шықты. Балалық дәурен еске түсіп елең еттім. Қағылез Бүкең, ойымды дөп басып.

– Бір темір келініміз бар, сол ғой,– деді сәл жымиып. «Е…е… бір қаражон келіншекті жұмысқа алған ғой» дедім ішімнен. «Қаражон» келіншек тіпті үдей түсті. Дамыл таппай күрпілдетті-ай келіп. Тағы да… бойымыз сәл жетпеген соң табанға тайпақ бір орындықты қойып ап, сабалап, санап тұрып саба пісетін күндеріміз ойға оралды. Менің елегізіп отырғанымды аңғарған отағасы:
– Жүріңдер, темір келініммен таныстырайын,– дегенде кәдімгідей қысылып қалдық. Айналып киіз үйдің артына шықтық. Саба піскен келін көрінбеді. Тап бір қарақатты нулы сайға енгендей алдымыздан қымыздық иісі аңқыды. Әуелі шошаңдап тұрған піспектің сабы көрінді. Сөйтсек, «темір келініміз» қарапайым, электрлендірілген агрегат екен. 220В-пен жұмыс істейтін, екі шағын генератор, бірінің басына піспек орнатылған. Бар жоғы осы.
– Бәрекелді,– дедік біз,– нағыз «темір келін» екен. Атын солай қалдырыңыз. «Темір келіннің» қалай өмірге келген жолын сұрадық. Бүкең бүкпеді айтып берді:
– Мына кісі,– ол әйелін нұсқап, кейде қымыздың пісуі қанбады, деп бұртыңдап жүреді, сонда екі күн ойлап, «қысылғанда қымыз шығады», тапқаным ғой. Алматыда Айдос деген інім бар. Соған айттым, маған осындай осындай екі генератор тауып жібер деп.
– Нағыз өнер тапқыш екенсіз. Шағын бизнеске шаң жұқтырмайтын дүние екен. Сертификат алдыңыз ба?
– Жоқ.
– Бұндай дүние қолды болып кетуі де мүмкін ғой.
– Әбден мүмкін, соны бір реттеуге, отырып сызуға уақытым шықпай қалады. –Бұл сөзге де иландық.

Талдықорған өңіріне аты шығып қалған «Дауыл» атты қара арғымақты жетелеп Жасұлан, Бүкеңнің кіші ұлы алдымыздан шықты. Алматыда отырған біздің көкейімізді тескен қара жорға осы. Қарабайыр емес, асыл тұқымды да емес, әйтеу шатыс, аяқ қолы балғадай, кеудесі есіктей. Тегін жыға танымасақ та текті жылқы екені көрініп тұр. Сүліктей қара, мінер жақ арты ақ бақай, есікпен төрдей болып алдымызға келгенде амалсыз демімізді ішке тарттық. Мініп көрдік, күші кеудесінде, төрт аяғын тең басқан майталманның өзі екен. Енді күшін сарқымай, жарысқа бейімдеп отыр екен. Бүкең бұны бес биесімен сатып алыпты. Сары қымыздың төркіні осылай анықталды.

Бүркітбай Файзуллаұлының шағын бизнесті ұлттық бағытта, халқымыздың бүгінгі күндері зәрулігіне айналған салада дамытуға ден қойған талабын Текелі қалалық әкімшілік қолдап, жылқы өсіріп, қымыз өндіру үшін бір гектар, ал «қымызхана» ашуына арнап он сегіз соттық жер бөліп, қол ұшын берген. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қолдау қоры қомақты көлемде несие алуына жәрдемдесіп, дағдарыс кезінде қолдап- қолпаштап, жеке кәсіпкердің шаруашылығын үздіксіз, іркілісіз жүргізуіне көп септігін тигізген. Жаңадан салынып біткен атқорасын, ондағы айғыр үйір жылқыны, желідегі тайлақтай құлындарды көріп ата дәстүрден қол үзбей, оны қордаландыруға деген ынта жігеріне тәнті болған біз риасыз көңілден қандасымызға алғысымызды айттық.
– Бұларың ертерек болды,– деп Бүкең сөзімізді бөлді. «Сүт сұрап келіп, шелегін жасырды» дегендей болмай, әйтеу келген соң барымызды түгел көрсетіп қалайық, деп тағы да әзілге басып, қарқылдап күлді. «Аузын ашса жүрегі көрінетін» кең сахараның кең қолтық қазағын көріп тұрмыз.

Бүркітбай Файзуллаұлы бізді дәу теректің саясына қарай жетеледі. Салпы иық, сала құлаш тырнақ пен ала қанат бірден көзге түсті. Бүкең биялайын киіп, бүркітін қолына қондырып, бізге қарағанда құс пен адамның жарасымдылығы бізді еріксіз таң қалдырды. Бүркіт Бүркітбайға, Бүркітбай бүркітке ұқсап кеткендей болды. «Атыңызды да тауып қойған екен» деген сөзді де амалсыздан айтып қалдық. Бүркітбай Файзуллаұлы құсбегілік те атадан балаға жалғасқан дәстүрлі өнер екенін баяндап тұрып, құсын тас тұғырға қондырды.

– Мынау тас тұғыр, анау түбір тұғыр, ал әне біреу шым тұғыр, ол жұмсақ келеді, құс қалағанына қонып тырнағын жетілдіреді. Текелі қалалық туризмді дамыту бөлімімен бірлесіп «саятшылар клубын» құрмақпыз. Ұрпаққа ұлтық кәсіп пен білген өнерімізді насихаттап жас ұрпақтың жадына мысқалдай болса да ұлттық сәуле енгізсек деген ниеттен туындап жатқан нәрсе ғой бәрі. Ал мынау Жетісу өңірі туризмді дамытуға өзі сұранып тұрған жер емес пе. Былтыр қыста Талғарға барып, «қыран құс түлкі алмай ма, салса баптап» деп Абай атамыз айтқандай «Ақиықтың» қабылетін көрсеттік, жаман емес.буркит 2

Қораның ішінде қанжардай қатқан неше түрлі қаншық иттер жүр. Соларға бұрылып едік, Бүкең:
– Қыста, ит жүгіртіп, құс саламыз ғой,– деді Абайшылап.
Біз Бүкеңнің үйіне қайта оралдық. Қора іші қалың құс. Дәригүл Мазанқызы тауық, күрке тауық, үйрек, қаздарына жем шашып жүр екен.

Қымыз іше отырып Бүркітбай Файзуллаұлы қолына Абай домбырасын алып ән салып берді. Жасында аккордеонды әуелете тартып кештіктерде Дәригүл бәйбішесін еліктіретінін есіне алды. Аздан соң әнге Дәригүл Мазанқызы қосылды. Даусы қандай, сыңғырлап тұр екен. Тіпті осы өнерлерінің өзі бір төбе екен.
Сөйлеген сөзінен, істеген ісінен, ішкен асынан, салған әнінен, бәр-бәрінен сахараның салты, нағыз қазақтың иісі аңқыған һәм ұстаз, һәм кәсіпкер, һәм атбегі, һәм құсбегі, һәм өнерпаз ағайынның ауылынан айдарланып аттандық. «Елге ел қосылса құт» деген осы-ау! Бақытбек Бәмішұлы, Алматы-Талдықорған–Текелі–Алматы. Күз, 2009ж.

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері