Бибигүл Төлегенова: Әйел бақытынан гөрі, әнші бақытының дәмін көп тарттым

1442 рет қаралды
2

bibigulКСРО халық әртісі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО Еңбек Ері Бибигүл Төлегенова өнер жолындағы ардагерлеріміздің бірі, жыл сайын сиреп бара жатқан қарияларымыздың шоқтығы. «Minber.kz» интернет газеті Бибигүл апамызды Халықаралық 8-наурыз мейрамымен құттықтай отырып, бірнеше сауал қойған еді.

-Бибигүл апай, елді даурықтырған дағдарыстың әсері сізге қалай болды?
– Бұл «кризис» деген пәле болды. Елдің бәрін қопарып, дүниені көтеріп жатқандай. Бәрінің аузында «кризис-кризис». Менің 45 мың теңге зейнетақым бар, оны менен кім тартып алады. Бүгін 100 теңгеге алған нанды ертең 120 теңгеге алатын шығармын. Бірақ бір нан маған бір күнге жетеді. Әрине, мүгедектер, үлкен кісілерге аздап қиындау, бірақ тепсе темір үзетін жігіттерімізге не жоқ. Ойбай «кризис» деп бақырады. Ал дастарханына қарап, «мынау қай кризистің дастарқаны екен» деп ойлаймын. Адам баласы қанағатты болуы керек. Қазақ басынан бұдан да жаман күндерді өткізді. Мен бала кезімде соғыс уақытын да, 37 жылғы репрессияны да көрдім. Бүгінгі күніміз оған қарағанда әлде қайда тәуір, шүкіршілік қой.
-Балалық шақ демекші, Э. Хемингуэй жазушы болудың алғышарты деген сұраққа, “Бақытсыз балалық шақ” деген екен. Сіздің тұлға болып қалыптасуыңызда балалықтың рөлі қандай?
– Ия, бұл рас. Біздің балалық кезімізде кімнің күні жетісіп тұр еді дейсің. Менің де балалық шағым бақытсыз болды. 37-жылы әкемді алып кеткеннен кейін біздің отбасы да небір қиын күндерді бастан өткізді. “Халық жауының” отбасы болдық. Сол кезде көп мехнат тарттық. Оның үстіне жұдырық болып соғыс оты тұтанды. Ауылдағы жарау жігіттерді әскерге әкетті. Біздер қарияларға көмек беруге егістікке, қара жұмысқа жегілдік. Сонымен не керек, бізде балалық шақ болған емес. Кейде ойлаймын егер сол кезде ысылмағанда бүгінгі дәрежеме жетпес пе едім деп. Себебі менімен бірге оқуға келген көптеген қыз-жігіттер қиындыққа шыдамай консерваторияны тастап кетті. Негізі өнер жолы қиын жол. Көпшілік «Ой сахнаға шығасың да бір-екі өлең айтасың, басқа не істейсің» деп ойлайды. Жоқ олай емес, ән айту үшін де күш керек.
-Шәкірттеріңізден елге кеңінен танымалы Толқын Забирова. Одан өзге кімді мақтан тұтасыз?
– Менің мақтанатын, “Осы бала Бибігүл Төлегенованың шекпенінен шыққан” деп мақтан тұтатын шәкірттерім өте көп. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қарагөз Абдаулетова. Ол қазір Сыр өңірінде. Музыкалық колледжде сабақ береді. Сол жақтың өнерін дамыту үстінде. Самал Байсейтова дейтін дарынды шәкіртім де Қызылордада. Ол да шама шарқынша өнерге өз қолтаңбасын қалдырып жүрген қыздардың бірі. Сонау Атырауда Маржан деген қызым бар. Батыстың өнерін асқақтатып жүрген кәсіби әнші. Жер-жерде шәкірттерім шашылып жүр. Солардың екеуі Астанада. К. Байсейітова атындағы опера және балет театрында жұмыс істейді. Көптеген конкурстардың жүлдегерлері. Олар – Сабақова Гүлжанат пен Низамуддинов Елена деген таланттар. Павлодарда Қаскенова Тұрлыхан деген дарабозым бар. Нағыз, қазақтың таза өнерін көтеріп, жарыққа шығарып жүрген осындай шәкірттерім көп. Оны мен аузымды толтырып айта аламын. Ал Толқынның жөні бөлек. Біз негізі консерваторияа опера және концертті-камералық әншілерді даярлаймыз. Толқын соның концертті-камералық бөлімін бітірген.
– Дегенмен де қазіргі жастарымыздың, оның ішінде эстрадаға қадам басқан жастарға көңіліңіз толмайтын сияқты.
– Олардың жөні бөлек. Сол жастарды кейде тыңдап отырып жыным келеді. Сахнаға шығады да “жылайды” келіп. Неменеге жылайды солар? Астарында машина, үстерінде Қазақстаннан іздеп таппайтын киім. Сонда неге мұңданады? Неге әдемі ырғақты, адамның көңіл-қошын ашатын әндерді айтпасқа. Мен сахнада жылайтын әншілерді жек көрем. Бәріміздің өміріміз жеңіл емес. Енді сахнаға шығып жылауымыз қалып еді. Қазіргі кезде адамдар да мәз емес. Одан бетер олардың мазасын кетіреді. Өздері үшін оны мәртебе көреді. Ал шын мәнінде ол кәсіби өнердің қас жауы. Кәсіби әнші, үйінде қаза болса, оны сахнаға көтерілгенде көрсетпей, жасыра білсе, міне сол нағыз әнші.
-Сіздің атыңызда халықаралық вокалистер конкурсы әр 3 жыл сайын өтіп отырады. Сол шараның әділ қазысы ретінде қандай баға бересіз? Жалпы қаншалықты кәсіби әншілер қатысып, халыққа танылып жатыр?
– Байқау – мақтануға тұрарлық байқау. Бұл елдің абыройын асқақтатар, елдің елдігін көтерер игі шара деп білемін. Себебі көптеген конкурсанттар келді. Олардың әр қайсысы әр жерлерден келеді. 1-ші конкурсқа 38 адам, екіншісіне 58 жас талант, ал 2007 жылы өткен 3-шісіне 87 адам бақ сынады. Біз конкурсты жай өткізіп қана қоймаймыз. Көптеген продюсерлер келіп, тамашалайды. Байқаудан суырылып шыққан дарындармен келісімге отырады. Мұның бәрі жас таланттарды насихатттауда жолға қойылып жатқан шаралар. Қаншама таланттар келеді, бір-бірімен танысады, өнерлерін көрсетеді. Бізден ең алғаш қанаттанып, кейін Болгариядан, Италиядан жеңімпаз атанып келіп жатқан балалар бар. 1-ші конкурста жүлдегер атанған Талғат Мұсабаев деген жігіт еді. Ол сол байқаудан соң қатарынан 3-4 конкурстан қанжығасы майланып қайтты. Қырғызстаннан Жәмила деген қыз лауреат атанған. Ол қазір Германияда жұмыс істеп жатыр. Жалпы конкурс өз деңгейінде өтіп жатыр, бірақ мені бір ашындыратын нәрсе – бұл Күлаш апамыздың атындағы конкурстың елеп-ескерусіз қалып отырғаны. 4-5 жылда бір өткізеді, артында жаны ашитын ешкімінің болмағаны өкінішті. Парижді барып таң-тамаша қалдырған қазақтың бұлбұл қызына ең болмағанда республика көлемінде дүркіретіп тұрып конкурс өткізуді неге қимадық екен. Күлаш оған арзиды.
Алғашқы екі конкурсты қызым өткізген. Кейін қызым қайтыс болғаннан соң, енді өткізбей-ақ қойсақ қайтеді деп ойладым. Жоқ, олай ойлау дұрыс емес екен. Себебі соңғы конкурста керемет әншілер келді. Өзім үшін емес еліміз үшін қайта өткізе беру керек деп ұқтым. Біз тек мұнайымен, кең байтақ жерімен ғана шектелмейміз. Бізде небір жауһар әндер мен билер бар. Соларды насихаттауымыз керек.
-Ән айтудан қолыңыз қалт еткенде немен шұғылданасыз?
– Кітап оқығанды ұнатамын. Кейде газет-журналдарға да қарап қоямын. Заманнан артта қалғым жоқ. Болып жатқан өзгерістердің біреуін құптасам, екіншісіне көңілім құлазиды. Жалпы менде бос кездің өзі аз. Себебі елдің маған берген сенімін ақтау үшін үнемі еңбектеніп жүремін.
– Кітап оқығанды ұнататын әншінің өзінің кітап жазғысы келмес пе екен?
– Менің кітап жазғым келмейді. Онсыз да мен туралы жазған дүниелер көп. Олардың бәрін жинасаң бір емес 3-4 кітапқа жүк болатын дүниелер шығады. Мен кеткеннен кейін басып шығарар…
-Бақытты әркім әрқалай түсінеді дейді. Сіздегі “әйел бақыты” мен “әнші бақытының” қайсысы басымырақ?
– Әнші бақыты! Өйткені мен өмірімде үш рет отау тіктім. Өкінішке орай үшеуі де баянсыз болды. Қазақтың ішінен маған жаны ашитын бір адам табылмады. Тек халықтың ыстық ықыласы мені шабытымды оятты, өнерге шын берілуге жетеледі. Мен халықтың ішінен шықтым, сол себепті үнемі халықтың бел ортасында жүргенді ұнатамын. Халықпен тең болғанды қалаймын. Жоғары да емес, төменде емес, тең болғанды.
– Талантты ақын Ақұштап Бақтыгереева “елу деген не ол, ол екі 25”-депті. Екі қырыққа да жеттіңіз. Айтыңызшы әлі де болса орындалмаған армандарыңыз бар ма?
– Адам баласының өле-өлгенше арманы бітпейді ғой. Кейбіріне қолың жетпейді. Кейбіріне қолың жетсе де ол саған бақыт әкелмейді. Менің ендігі бір арманым – Б.Төлегенова атындағы вокалистер конкурсын Женевадағы халықаралық конкурстар қауымдастығына кіргізу. Бұған кез-келген конкурс кіре алмайды екен. Оған үлкен дайындық, көптеген құжаттар керек екен. Мүшелік жарнасы да жоғары да жоғары – 4-5 мың евро. Аталған ұйымға мүше болып кірсек, бізді бүкіл дүние жүзі танитын еді. Мұхиттың арғы жағындағы Америкамен қарым-қатынас орнататын едік. Себебі бұл қауымдастық бізді бүкіл дүние жүзіне таныстырады. Енді қалған өмірімде осыған тырбанып жатырмын. Қолымнан келсе нұр үстіне нұр болатын еді, ал қолымнан келмесе халқым маған ренжімес.
– Рахмет, апай арманыңыз орындалсын. Келіп жеткен аналар мейрамы құтты болсын!

Нұргүл Нәлтай, ҚазҰУ-дын студенті.

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Бүкіл өмірін өнерге арнаған Бибігүл апамыз,ерге бергісіз қаһарман жан ғой!

  2. Нұргүл мақалан сәтті шығыпты.Құттықтаймын!Ойы ұшқыр,қаламы қарымды журналист болуына тілектеспін!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар