Ғұлама баба –Бабалықұлы Жағда

1058 рет қаралды
3

jagda_bҚажығұмар Шабданұлы өзiнiң алты томдық «Қылмыс» романында Жағда Бабалықұлын адал азамат, бiлiмдар тұлға, нағыз қазақ зиялысы ретiнде суреттейдi. Бiр «қызығы», кейiпкерлерiнiң аты-жөнiн түгел өзгерткен (мәселен, Бұхара Тышқанбаевты Халық Қасқырбаев деп өзгертедi және т.б.) автор Жағда Бабалықұлының аты-жөнiн сол қалпында, өзгерiссiз қалдырған. Шамасы, романдағы Жағда Бабалықұлының жағымды бейнесiне ешкiмнiң де дау айта алмасына сенiмдi болған секiлдi.

Қазiр бiлiп жүрмiз ғой, Қажығұмар Шабданұлы мен Жағда Бабалықұлы тек идеялас, пiкiрлес, рухтас қана емес, сонымен бiрге бiр-бiрiне туысқандық жөнiнен жақындығы да бар адамдар екен. Ж.Бабалықұлы Қажығұмар Шабданұлынан 7 жас үлкен. Бiлетiндердiң айтуына қарағанда, Ж.Бабалықұлы Қажығұмардың азамат ретiнде, жазушы ретiнде қалыптасуына кезiнде көп әсер етiптi.

Осыдан үш күн бұрын Қажығұмардың әйгiлi «Қылмыс» романына енген тағдырлы тұлға, шежiрешi, энциклопедист-ғалым, этнограф, ғұлама ақсақал, ұлтымыздың қадiрлi зиялысы Жағда Бабалықұлы дүниеден озды. 93 жасқа қараған шағында.

Шыңжаңда (ҚХР) iрi қызметтер атқарған, қазiргi тiлмен айтқанда, облыс әкiмi, министр дәрежесiндегi қызметте болған Жағда Бабалықұлы 1962 жылы Қазақстанға оралды. Ата жұрты, туған отанында қарапайым, қатардағы қызметтердiң құлағын ұстай жүрiп, Жағда Бабалықұлы орасан зор iстер тындырды: қазақтың этнографиясына, тұрмыс-салтына, ежелгi шаруашылығына, көне тарихына, дәстүрiне, сөздiк қорына, өнерi мен мәдениетiне қатысты аса құнды материалдар жариялады. «Тұтас институт атқара алмаған iстi

Жағданың жалғыз өзi тындырды» деген пiкiр де осы тұста айтылған едi. Бiр ғана мысал. Қазақтың күбi, бесiк жасайтын, ер шабатын, ағаш үйдiң сүйегiн жасайтын құрал-саймандарының саны 200-ден асатынын және олардың әрқайсысының атын атап, оған ғылыми сипаттама берген де осы Жағда Бабалықұлы ақсақал едi.

Естуiмiзше, Жағда Бабалықұлының артында орасан мол қолжазбалар қалыпты (баспасөзде жарияланғандарынан бөлек). «Ақсақалдың өзi жатқан керуетiнiң асты-үстi түгел қолжазба, сандық та, шкаф та, этажерка да жарияланбаған қолжазбаларға сықасып тұр» дейдi көргендер. Ендi осы аса құнды мұраның ту-талапайға түсiп, қолды болып кетпесiне көңiл бөлiп, мұның бәрi де ақсақалдың өзiнiң атынан кiтап болып жарық көруiне ат салыссақ, қанеки. Рас, бұл қолжазбалардың iшiнде Жағда Бабалықұлының «Мықтың үйi» секiлдi талас тудыратын мақалаларының болуы да әбден мүмкiн. Ж.Бабалықұлының ертеректегi айтуынша, Қазақстанның әр жер-әр жерiнде «Мықтың үйi» деп аталатын көне қорымдар жиi кездеседi. «Соған қарағанда, – дейдi ғұлама қарт, – ежелгi Қазақстанды «мық» деген халық та (сақ, ғұн, үйсiн сияқты) мекендеген секiлдi».

Жағда Бабалықұлының «өз сөзi – өзiнiкi», сондықтан да ақсақалдың мұндай қолжазбаларын сол даулы-дамайлы күйiнде, өзгерiссiз, мұртын бұзбай жариялаған жөн болар едi. Қадiрлi ақсақалдың артында қалдырған аманатына қиянат жасамай, оның ұзақ жылдар бойы жазған-сызған еңбектерiн түгел жарыққа шығару – кейiнгiлерге, яғни тiрiлерге үлкен сын.

Қаза боларынан бес-алты күн бұрын көңiлiн сұрай барған белгiлi саясаткер, мәдениеттанушы Мұрат Әуезовке ғұлама қарт: «Ел мен жерге ие бола алар ма екенсiңдер… Қоғам әбден былығып, бүлiнiп кеттi ғой… Ендi Қазақстанды қара қытай қаптамаса неғылсын…» деп, өзiнiң үлкен өкiнiшiн бiлдiрiптi. Қарап отырсаңыз, бұл да – асыл қарияның кейiнгiлерге аманаты. «Ел мен жердi көздiң қарашығындай қорғаңдар» деген аманаты.
Қош болыңыз, қадiрлi қария! Жаныңыз жәннатта болып, нұрыңыз пейiште шалқысын!

«Ғұлама қария көз жұмды»– «Жасалаштықтар».
«Мінбер.kz» ұжымы: Жағда, ата, жаның жаннатта, топырағың торқа болсын, бақұл бол!

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. қазаққа жаңа тұлға боларлық азамат керек, рухани құндылықтар аяққа тапталып жатыр

  2. *Аманатқа қиянат жасалмауы-үлкен сын* дегенді құптаймын. Өзі кетіп бара жатса да, ұрпағына алаңдаған бабаның жаны жәннатта болсын!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі