/

Microsoft компьютерді қазақша сөйлеткенімен…

680 рет қаралды

Әрбір екінші адамның қолындағы компьютері үшін жауапты болу оңай іс емес. Гюнтер Дам – Қазақстандағы Microsoft компаниясының басшысы, осындай жауапкершілікті өз мойнына жүктеген. Осыдан он жылдан аса уақыт бұрын беймәлім елдің нарығына келіп, туын тіктеген компания тек қана өз өнімін сатумен ғана емес, сонымен қатар Қазақстандағы Ақпараттық Технология кеңістігінің сапасы үшін де алаңдаулы.

Өткен апталарда «Microsoft-тың қазақ тіліндегі өнімі өзге сатылған тауардың бір пайызына да жетпейді» деген уайымға толы мәлімдемесін жасағанда, мұның астарында күрмеуі шешілмеген көптеген дүниелер жатқанын бағамдамаппыз. Ақпараттық технология тек қана компьютер сатып алып, оны іске қосумен шектелмейді. Қазақтың күллі ақпараттық технология кеңістігі бір тұтас болмайынша, технология өмір сүруді жеңілдетті деп айта алмаймыз. «Ала-құлалықты жоюдың бірден бір жолы ол технологияны идеологияның бір тармағына айналдыру» дейді Гюнтер Дам.

Алайда Ақпараттық технология ұлтқа қызмет етуі үшін оны жай ғана қазақшалаумен мәселе шешілмейді. Компания он жылдан аса уақыт бойы Қазақстандағы технологиялық дамуды зерттеп келеді. «Егер дүниежүзіндегі компьютерлік бағдарламалар нарқына көз салатын болсақ, біз оның қаншалықты алуан түрлі екенін бағамдар едік. Біз мемлекеттің қай деңгейде тұрғанын және компьютерлік бағдарламаларды ендіруде қаншалықты дайын екенімізді көреміз. Тізімнің көш басында Сингапур, Израиль, Ирландия және Скандинавия елдері тұр» дейді бұған дейін бірнеше елдерде жұмыс істеп тәжірибе жинақтаған маман.

Гюнтер Дамның жеке жұмыс бөлмесіндегі арнайы картада әлем елдері Ақпараттық Технологи бойынша қай орында тұрғаны көрсетілген. Мәлеметтердің дені ICT маркейтингі зерттеу орталығынан алынған. Аталған картада Қазақстан, Тринидат пен Тагор, Армения тәрізді елмен қатар тұр. Бұл ақпараттық технологияны дамытудың ең қарапайым негізгі салалары бойынша алынған көрсеткіштер негізінде жасалған қорытынды.

«Нақты ақпараттық технология нарығына келер болсақ, Қазақстанда бұл нарық әлі де ояна қойған жоқ. Салыстырмалы түрде алсақ Қазақстанда білім беру жүйесі өте жақсы дамыған. 3 млн. студент, оқытушы, профессор бар. Әйткенмен технология саласы білімді қоғамда дамымай отыр. Аталған азаматтардың технологияның игерген бес аспап кәсіби жанға айналуына уақыт керек. Бұл орайда түйінді мәселе тілге келіп тіреледі» дейді Гюнтер Дам.

Ол апта сайын қазақ студенттермен кездесетінін, орайы келсе, өзі де қазақша үйренуге құштарлығын білдірді. «Мен оларға ағылшын тілі – техника тілі, орыс тілі – бизнес тілі, қазақ тілі – ұлттық мақтаныш, өзіңді танытатын тіл деп жиі айтамын» дейді ол. Себебі ақпараттық технология ұлттық сұранысқа жауап бермейінше толық өз қызметін атқаруы неғайбыл. Осыдан санаулы жыл бұрын үкіметке қажетті компьютерлік бағдарламалардың 20 пайызын отандық мамандардың қолынан шыққан өнімдер құрайтын. Қазір қазақ үкіметінің өзі шетелдік компьютерлік бағдарламалармен жұмыс істейді.

Microsoft компаниясы қазіргі кезде Қазақстанда ақпараттық технологиялық кеңістікті дамытудың тұжырымдамасына ат салысуда. Жыл сайын тренингтер ұйымдастырылып, еліміздегі әртүрлі компанияның мамандарын дайындайды. Әрі жоғары оқу орындарымен де тығыз жұмыс істеуде.

Соңғы жылдар ішінде компания өзінің өнімерін қазақшалай бастады. Бірақ қазақша нұсқалар күткендегідей сұранысқа ие емес болып шықты. Себебі ұлттың өзі компьютерден не қажет ететінін нақты бағамдамайынша технология ұлтқа қызмет ете алады дей қою қиын.

Асхат Еркімбай

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар