/

OSCE: Микроскоптағы Қазақстан

690 рет қаралды
1

Қазақстанның Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етуі елдің сыртқы имиджіне қолайлы екені айтылған. Сондықтан төрағалықтың ресми күні басталмай жатып-ақ, қазақтарға «құрмет көрсеткен» қожайындардың әрекеті таңданыс тудырды. Төрағалықтың жүз күні өтсе де сол таңданыс күннен күнге ұлғайып келеді.

Күллі әлем Қанат Саудабаевтың әрбір қадамын аңдыған жүз күн де өте шықты. ЕҚЫҰ мен Қазақстанға қатысты шетел баспасөзіндегі мақалалар Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық хақында емес, керісінше Қазақстанның өз ішіндегі жағдайларға көбірек ойысуда. «Қазақстан әлі күнге дейін Мадридте берген уәдесін орындамады. Сөз бостандығы мен адам құқы аяққа тапталып жатыр» деген пікірлер көбіне Американың газеттерінен мен мұндалайды. Еуропаның басылымдары болса, керісінше «Қазақстан ядролық қаруды залалсыздандыруға күш салып, Қытайдың батысы мен Еуропаның батысы арасындағы қауіпсіздікке үлкен үлес қоса алады» деген үміттерімен бөліседі. Қазақстанның дәл осы ұйымға төрағалық етуіне қатысы берген бағаларына қарап, Вашингтон мен Еуропалық Одақтың «демократия» деген сөзге әртүрлі анықтама беретіні, әрі екі елдің арасындағы әлемдік геосаясаттағы талас-тартыстарының тереңдеп бара жатқаны байқалды.

Бүгін Вашингтонда Қазақстанның ЕҚҰЫ-ға төрағалығының жүз күні деген тақырыпта арнайы конференция өтпек. Қазақстаннан барған үкіметтік емес ұйымның өкілдері осы отырыста сөз бостандығы мен адам құқығына қатысты өз ойларымен бөліспек. Әрі бұл кездесуді Soros қоры Қазақстан президентінің АҚШ-қа сапары қарсаңында әзірлеуде. Open Society Institute ұйымы Қазақстан мен Орталық Азия өңірінде ашық институт құндылықтарының қалай дамып жатқанын, еуропалық ұйымға төрағалық етуде не өзгергенін талқыға салмақ.

Джеф Голдстейн аталған америкалық ұйыммен тығыз қатынастағы Soros қорының блогында «Қазақстан еуропалық ұйымның ығына көнді ме?» деген сауалға жауап іздеген. «Биыл Еуропаның ынтымақтастық пен қауіпсіздік ұйымы Еуропа елдері арасындағы қарым-қатынаста адам құқығы негізгі мәселе деп бекітілген Хельсинки құжатының қабылданғанына 35 жыл толмақ. Өкінішке қарай, 2010 жылы ұйымның адам құқығы тұжырымдарын елемейтін Қазақстан төрағалық етіп отыр» дейді америка авторы. Дәлел ретінде пост кеңестік елдердің ішінде 2007 жылы парламентті жалғыз партияның дауысымен сайлаған ел Қазақстан болғанын айтады. Бұған интернетті шектеу туралы заңды, әрі тәуелсіз ақпарат құралдарын тұншықтырып жатқан заңдарды да қосыңыз.
«Қазақтар әрине мәртебелі ұйымға төрағалық етіп отырған тұңғыш пост кеңестік ел болғандарымен мақтанады. Әрі бұл жайттың барлығын қазақ баспасөзі Президент Назарбаевтың саясаты арқасында Қазақстанды әлем мойындады деп насихаттауда» дейді америка баспасөзі. Аталған жазбаның авторы Open Society Institute ұйымы Қазақстан өзінің алға қойған міндеттеріне, еліндегі ішкі жағдайларды жөнге келтірмейінше (адам құқы мен демократиялық құндылықтар) жете алмайды дегенге иланады.

Ал енді Neurope сайтында Еуропаның Халықаралық Қатынастар институтының президенті, профессор Ирнерио Семинаторе: «Қазақстанның төрағалық етуі Еруропалық Ұйымының аясын кеңейтті. Енді біз тек қана 56 мемлекеттің арасындағы қарым-қатынасты емес, Қытайдың батысы мен Еуропаның батысындағы ұланғайыр территориядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа жауаптымыз» дейді.

«Біз Қазақстанның Ауған шиелінісін шешудегі талпынысын ескерусіз қалдыра алмаймыз. Қазақстан Ауғанстанда тұрақтылық пен дамудың орнауына, бейбіт өмірдің қайта келуіне мүдделі болып отыр» дейді профессор. Еуропа елдеріндегі саяси ой-пікірдің алаңына айналған аталған сайтта (www.neweurope.eu) сонымен қатар Кавказ бен Орталық Азиядағы НАТО-ның арнайы өкілі Роберт Симмонстың да пікірі жарияланған. Ол да «Қазақстан Орталық Азиядағы тұрақтылықтың орнауына бірден бір мұрындық бола алады, Ауғанстанның гүлденуіне үлесін қосады деп ағынан жарылады. Еуропалық басылымдардағы осыған ұқсас бір жақты пікрлердің көптігін бір есептен ұйымның бюрократиялық ұстындарының көптігімен, әрі Қазақстанның Еуропалық ұйымға төрағалық етуі ешқандай да ынтымақтастық пен қауіпсіздік емес, саяси ойындардың нәтижесі болуымен түсіндіруге болатын шығар.

Ғаламторда сонымен қатар тәуелсіз журналистер мен сарапшылардың да пікірлері бар. Төрағалықтың жүз күндігі тұсында registan.net сайтында Джошуа Фауст «Қазақстанның көзбояу заңдары» атты жазбасы жарық көрді. Ол: «Америка қазір Қазақстанда газеттер (Республика газетін меңзеуде. Авт) жабылып жатыр, сөз бостандығы қыспаққа ұшырауда Қазақстан Еуропалық ұйымның төрағалық ете отырып, өз елінде демократияны тұншықтыруда деген сарында айыптар тағуда. Бірақ батыстың өзінің де сөз бостандығына қатысты көзқарастары екі түрлі. Мәселен, біз қазір Қазақстанда «Республика» газеті заңсыз жабылды дейміз. Ал Өзбекстанда «жыныстық қатынас» деген сөз болғаны үшін спидке қарсы күрес бағдарламасын тоқтатып тастағанына көз жұмамыз. Ресейде жиырма жылдан бері жыл сайын журналистің оққа ұшып жатқанын көре тұрып, көрмейміз» деп күйінеді. «Әрине, мен Қазақстанды ақтап алғым келіп тұрған жоқ. Бірақ біз өз алдымызда арымыз таза ма?» деген сарында сауал тастайды. Батыс сөз бостандығын әлдебір елге қысым жасайтын құрал ретінде пайдаланып жатқанына осындай мысалдар келтіреді. Мақаласының соңын: «Қазақстанның ЕҚҰЫ-ға төрағалық еткен жүз күнін сараптап, оны сынаған сайын біз керісінше бұл елде авторитарлы режимнің берік орнауына өзіміз де ат салысып жатқан тәріздіміз» деген оймен түйіндейді.

Жүз күн бойы Қазақстанның әрбір қадамын бақылаған шетелдік басылымдардағы мақалалар осылайша Еуропа елдерінде қандай өзгерістер болғандығымен емес, Қазақстан демократияға қаншалықты жақындады деген сауалға жауап іздеумен әлек болған. Бұл орайда Америка өзінің демократиясы үшін алаңдаса, салқынқанды Еуропа қазіргі кемшіліктерге көз жұмып, Қазақстанның ұйымға төрағалық етуін көбіне ұзақ мерзімді стратегиялық шешім тұрғысынан қарастырғаны көрінді. Келесі аптада Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа бармақ. Барак Обамамен кездесу де жоспарланған. Сөзсіз, Қазақстандағы демократия мен Еуропалық Ұйым елдерінің ынтымақтастығы мен қауіпсіздігі сөз болмақ.

Мақсат АЯН

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Найзаның екі ұшы болады демекші Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық болуын екі жақтан қарауға болады. Оның жақсы жағы да, әлсіздеу жақтары да бар. Дегенімен “сын” мен “бәсекелестік” әр уақытта үлкен деңгейлерге жеткізеді. Сол себептен енді дамып келе жатқан еліміз әр дайым тек алда, үлгі боларлықтай мемлекет болады деген сенімдемін.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі