Қазақ билігі «путиннің жұдырығын» тиімді пайдалануда

593 рет қаралды

Орталық Азия өңірінде алғаш рет іргетасын қалап отырған әл Хилал ислам банкі осы көктемде лицензиясын алып жұмысын бастамақ. Еуропаның Business New Europe басылымы «қазақ үкіметі Абу Дабилық банктің жұмыс істеуіне бір жылдың ішінде жағдай жасап берді» деп таңқалғанымен, The Wall Street Journal халықаралық экономикалық басылымының колумнисті Қазақстандағы мұнай инвесторларының басына қара бұлт үйіріле бастады деп жазуда. Ғаламдық қаржы дағдарысынан кейін қазақ билігі инвесторларға қатысты екі түрлі көзқарас танытуда.

Қазақстандағы әл Хилал банкінің өкілі Прасад Абраһам «Алғашқы жылғы жұмыстар баяу жүргенімен, бір жылдан кейін қарқынды өсім болады» дейді. Банк қызметкерлерінің бесеуі Астанада, 22-сі Алматыда қызмет етпек. Күллі ТМД кеңістігі ішінде ислам банктің Қазақстанда тұңғыш ашылуының құпиясымен әл Хилалдың өкілі Мұхаммед Джамил Берро бөліскен. Абу Даби мен Қазақ билігінің арасында жоғары деңгейдегі қарым-қатынастары өте жақсы. Бірінші кезекте осы жайт шариғат өкімімен жұмыс істейтін банктің дүниеге келуіне түрткі болды. Еуропалық басылым Қазақстан халқының 70 пайызы мұсылман екенін атап өткен. «Егер басқа елдердің де басшылығы осындай көзқарас танытса, онда ислам банкингі экономиканың дамуына тың серпін берер еді» дейді шетелдік басылым. Осы орайда Business New Europe: «Ұлыбритания халқының бар болғаны 4 пайызы ғана мұсылмандар. Сөйте тұра Тұманды Альбион өздерін Ислам қаржы жүйесінің орталығы ретінде танытқысы келді. Дегеніне жетті де. Қазір күллі Еуропа елдері ішінде Лондон Ислам қаржы жүйесін дамытуда оң жетістіктергі жетті. Дәл осындай «ерлікті» Қазақстанда да қайталай алады» деген мазмұндағы мақалада қазақ билігі биылғы жылдың соңында сукук (ислами құнды қағаз) шығаруға ниетті екенін хабарлаған.

Қазақстанда жұмысын бастағалы отырған әл Хилалдың алдында әйткенмен қазіргі кезде бірнеше мәселелер де туындайды. Жаңа бір істің басында тұрғандықтан жол бастау оңай емес. Халық арасында түсінік жұмыстарыны жүргізу әлі де өзектілігін жойған жоқ. Себебі бұқараның арасында Ислам банкингін пайызыз несие үлестіретін қайырымдылық ұйымымен шатастырушылар көп. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан өңірінде өткен жылдың күзінде әлдебір алаяқ ислам банкингінен үй алып беремін деп, ауылдастарынан ақша жинап, тайып тұрған. Пайызсыз жүйемен жұмыс істейді дегенге алданған ауылдағы ағайын жер сипап қалған. Екінші меселе – мамандар тапшылығы. Абу Дабилік банк әзірге отандық маманадарды қызметке алу жұмысын ашық жүргізген жоқ. Себебі бастапқы жылы жұмыс та ауқымды болмайды. Әл Хилал жеке тұлғаларға қызмет көрсетуді тек бір-екі жылдан соң бастамақ. Еліміздегі жоғары оқу орындарында Ислам банкингінің маманы деген мамандық тұрмақ түгілі, экономиканың мұсылмандық әдісін түсіндіретін қазақ тілінде оқулық та әзірленбеді. Сондықтан ислам қаржы жүйесінің кемел келешегіне үміт артқан жастар шетелдерде (әсіресе, Малайзияда) өз еріктерімен білім алуда. Үшінші мәселе, ислам қаржы құралдарын дамытуға қатысты ұзақ мерзімді бағдарламаның әлі де болса әзірлемегендігінде. Қазіргі кезде ынталы топтың тарапынан әзірленіп жатқан құжатқа билік те өзінің ынтасын таныта түссе құба-құп болар еді.

Егер Сауд Арабиялық инвесторларға деген қазақ үкіметінің қас-қабағы жылы болып, шетелдік басылымдар бұны жарысы жазғанымен, америкалық басылымдар мұнай кеніштеріндегі үлесімізге қазақ билігі қолын сала бастады деп алаңдауда. Осы аптада The Wall Street Journal басылымының интернет нұсқасындағы блог бөлімінде жекелеген авторлар «Назарбаев Путиннің сценариін жүзеге асыруда» деп дабыл қаққан. Путин Ресейді билеп тұрған тұста Royal Dutch Shell, TNK-BP және ЮКОС компаниялары «құрбандыққа шалынған». Енді осындай тәсілді Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та Қарашығанақ мұнай газ кенішінде жұмыс істеп жатқан BG Group, Eni, Chevron және Lukoil компанияларына қолдануда.

Ресей өзінің монополиясын танытуда Газпромды пайдаланса, Қазақ үкіметі Қарашығанақ Консорциумын айыппұлдармен, қылмыстық оқиғалармен және салықтық жүктемелермен «жұдырықтауда». Екі тарап та әзірге бір келісімге келе алмай жатыр. ҚазМұнайГаз «Қарашығанақ» жобасынан өзінің үлесін алғысы келеді. Бірақ шетелдік инвесторлар да оңайлықпен берілгісі келмейтіні түсінікті. Қаңтарда Энергетитка Министрі газ бен мұнайға қатысты келісім-шарттардың салығын көтерді. Одан кейін қоршаған ортаға зиян тигізді деп 21 млн. АҚШ доллары көлемінде айыппұл салды. Бірақ бұл төленген айыппұлдың қайда, яки кімнің қалтасына құйылғаны белгісіз. Наурыздың басында, сонымен қатар, шетелдік компанияларда еңбек және жұмыскерлер құқығына қатысты заңсыздықтардың құлағы қылтия бастады деген хабар таратылды. Каспий қайраңындағы мұнайдан дәмелі шетелдік инвесторлардың мұңын мұңдайтын шетелдік басылымдар жетерлік. Соңғы айлардың ішіндегі ақпараттарды сараптай отырып, олардың әзірге ақпараттық соғысты ашық бастамағанын көреміз. Десе де Путиннің жұдырығын иіскеген алпауыттар біраз тәжірибе жинап, қазақ билігіне де қарсы тұруға шеп жасақтай бастары сөзсіз. Сонымен қатар Қазақстанның жанды жері – демократиялық құндылықтар мен Ауғанстан мәселесін де тырнап өтуі әбден мүмкін.

Бизнес саясатпен астасқан тұста қазақ нарқында инвесторларға қатысты осыдай қарама-қайшылықтар көрінуде. Ислам қаржы әлеміне құшағын айқара ашқанымен, батыс инвесторлармен бөлек ойын жүргізуде. Егер Қазақстанның соңғы кездері Күн шығыс еліне қарай көбірек мойын бұрып жатқанын ескерсек, батыс инвесторлары бұл ойында жеңілуі мүмкін. Десе де қазақ халқы да бұдан ұта қоймас…

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі