Қазақ жеріндегі мадьярлардың ізі

420 рет қаралды

мажарларХалықтардың Ұлы миграция кезеңінде Еуропа жеріне ең соңғы лек болып барып, Карпат қойнауында қоныстанып, мемлекеттілігін ары қарай дамытқан мадьярлар (венгр, унгарн, мадьарска, онгр) орта ғасырдан бастап өздерінің тарихи-генетикалық түптамырын іздеуді қолға ала бастады. Осы мақсатпен алғашқы болып Еуропадан шығысқа сапар шеккен саяхатшы Юлиан фратер 1236 ж. Азия жеріне сапар шекті. Олар Оралдың шығыс жағында өздерінің туыс халықтарын тапты және олармен венгр тілінде ұғысқан деп жазады. Ол мадиярлардың байырғы мекені Магна Хунгария (Прародина венгров) Оралдан шығысқа қарай болған деген болжам жасады. Бұл болжам венгрлердің көне тарихын зерттеуге жаңа бетбұрыс әкелді. Сонан бергі уақытта көп зерттеу мен даудың нысанына айналған бұл тақырып төңірігінде сан алуан болжам, пікір, көзғарастар туындады. Венгрлердің этногенезін фин-угорлардан бастау алады деп көретін бағытты ұстанушылар бұл пікірді теріске шығарды. Ал, керісінше венгрлердің этногенезі, көне тарихын түркі жұрттарымен, ғұн, түрік тілді авар, жужандармен байланыстыратын бағытты ұстанушылар үшін Магна Хунгария туралы жоғарыда аталған пікір дәйекті дәлелдің өзегіне айналды. Бұл пікірді әрі қарай дамытқан ғылымдар “Магна Хунгария қазіргі Башқұрт жері, Орынбор, тіптен Қазақстанның солтүстік батыс өңірлеріне қарай орналасқан” деген пікірге тоқайласты. Оған бағзыдағы тілдік этимологиялық, этникалық тарих, археология, деректану, мәдениет тарихы, этнологиялық қатарлы бірқатар дисциплиналардың зерттеу нәтижелері арқау болды.

Шығыста қалған мадиярларға қатысты антропоним, этноним, топоним мәселелерін ең алғаш зерттеген академик Немет Дьюла Карпат бассейніне қоныстанған мадиярлардың қалыптасу мәселесіне арнаған өзінің фундаменталды еңбегінде жан-жақты пайымдайды. Шығыста қалған magyar-ға (венгрге) ұқсас атаулар арасынан ең жақыны мадиярлардың (венгрлердің) миграциясы заманында пайда болған этнонимін mogyeri деп, ал шығыста қалған шашырандыларды mozserjan атауымен атаған деп пайымдайды.

Мадияр этнонимінің басқа варианттарын Бату ханның 1241 ж. жорығынан кейін зорлықпен мәжбүрлеп алып барған Карпат қойнауының мадиярлары немесе өздерін мадияр деп атаған чингизида қолбасының құрметінен туған дейді. Сондай-ақ Немет көзғарасы бойынша Madzsar Madijar (Magyar) варианттары megyer, mogyerі атауларынан Мажарстанда Арпад заманында, яки ІХ ғ.да пайда болуы ықтимал (Nemeth Gyula. A honfoglalo magyarsag kialakulasa 330-334o). Оның бұл пікірін әріптесі академик Лигети Лайош белгілі дәрежеде өзгертті. Лигетидің ‘‘A magyar nep mongolkоri nevei’’ (Мадияр халқының моңғол заманындағы атауы) атты зерттеуінде аталған megyer атауы тек mogyer-ден ғана емес, mаgyer-ден де тууы мүмкін екендігіне баса назар аударды (Ligeti lajos. A magyar nep mongol kori nevei (Magyar, baskir, kiraly). Magyar Nyelv. 1964, December. 389). Яки, madzsar madiar этнонимдері шығыстағы мадияр шоғырына да қатысы болуы да ықтимал деді. Кейін шығыстанушы Вашари Иштван mozsar (можар) močar варианттары да magyar атауынан туындайтындығын дәлелдеді. Ол Еділ бойы мадиярлары тіліндегі угор заманындағы ńċ –жұрнағынан пайда болған бағзыдағы мадиярлардағы dž сақталуы ықтимал. Арпад заманында Карпат қойнауында Х ғасырда бұл фонема gy-ге өзгеруі де мүмкін (Vasary Istvan. A Volga-videki magyar toredekek a mongolkor utan (Моңғол дәуірінен кейінгі Еділ бойы мадиярларының шашырандылары) // Magyar Ostorteneti Tanulmanyok. Budapest, 1977, 277-290). Шынымен-ақ, Еділ бойында Можаровка, Можарки, Можарово, Можаровская тәрізді ондаған атаулар Еділдің оң жағындағы рязань, тамбов, пенза, нижний новгород, симбирский, қазан, уфа, вятка губернияларында ұшырасады. Дәйекті деректің бірі 1311 ж. Маджар кыпшақ ұлы Исмагилге арнап тұрғызған Чистополдік құлпытастағы жазу (Rona Тas Andras. A magyar nepnev egy 1311-es volgai bolgar feliraton (Этноним мадияр в надмогильном камне Волжских болгар от 1311 г.) // Magyar Nyelv, LXXXII (1986). 78-81).

Мадиярлар (венгрлер) басқа халықтармен бірге сол кезде Шыңғыс империясының қоластында, кейін Алтын Орда билігінде болды. Алтын Орда күйреген соң мадиярлардыңғ бір тобы қазіргі қазақ жеріне қарай жылыстап, оңтүстікке қарай бет алған деген болжамды алға тартуға болады. Мадияр, мажар мадиар түрінде дыбысталатын этнонимге қатысты мәліметтер тарихи жазбаларда баяндалады. Тіптен Мұғаджар топонимін мадиар этнонимінің дыбысталу варианттарымен, тілдік заңдылықтармен байланыстыратын пікірлер бар.

Еділ бойы мадиярларының оңтүстіктегі тобы ХІҮ-ХҮІ ғғ.да Жошы әулетінің қоластында болды, бірқатары Ақ Ордаға қосылды. Дегенмен Еділ бойындағы ізін сақтап қалды. Айталық, баршаға мәлім Жигули тауларын «Мадияр таулары» деп те атағандығын А.Х.Халиков алға тартады (А.Х.Халиков. Татарский народ и его предки. Казань, 1989. 74) Еділдің төменгі ағысында тұратын қыпшақтар Жошы әулетінің билігі астында болды және онымен жапсарлас оңтүстікте көшіп-қонып жүрген шығыстық мадиярлар олардың құрамына енді. Шежірелік аңыздар бүл үрдістің қашан жүрілгендігін шамамен долбарлауға мүмкіндік береді. Әбілғазы баяндаған оғыз-қыпшақ шежірелік аңызы бойынша Оғыздың үлы Қыпшақтың олах, башқұрт, урус және маджарларға жорыққа аттанғандығын айтады (А.Н. Кононов. Родословная туркмен. Сочинения Абул-Гази. Москва-Ленинград, 1958. 43).

Жазба және шежірелік деректер мадиярлардың оңтүстіктегі тобы ХҮ ғ. бас шенінде Орыс ханның өлімінен соң 2-3 ұрпақ өткеннен кейін Еділ бойындағы қыпшақ ұлысының құрамына енген. Кейін Ақсақ Темір қолдары 1391 ж. Тоқтамыстың тас-талқан еткен соң Ақ Орда, Алтын Орда билігі ақыр болады. Моңғолдықтардың езгісінен құтылған соң екпінін ала бастаған москва княздігі мен ұсақ княздіктері мен оның орнында пайда болған орыс патшалық әкімшілігі (саясаты) Орал бойына қарай ығысады.

Сөз болып отырған мадиярлардың оңтүстіктегі тобының тағдыр-талайы Батыс Дәшті Қыпшақ жеріндегі шығысқа қарай бет алған ру-тайпаларының тағдырымен тығыз сабақтастықта өрбіді. Көптеген тарихи қайнақкөздер, ауызша тарихнамалық деректер, ономастикалық материалдар негізінде қазақ халқын құраған 92 тайпаның арасында мадиярлардың ізі бар (Материалы по истории киргизов и Киргизии. Вып. 1. Москва, 1973, 210, 213) Мадиярлар мен қыпшақтар Әбілқайыр мен Шайбани соғыстарында Жайықтан Сырдария аралығындағы аумақта жүрілген әскери-тарихи оқиғаларға атсалысқан. Кейін Қаратау сілемдері мен Түркістан аймағына қыпшақтармен бірге қоныстанып, ХҮ ғ. соңынан ХҮІІІ ғ. басына дейінгі уақытта өмір сүрген. ХҮІІ ғ. бірінші жартысындағы Махмуд ибн Вали ал- Балхи «Бахр ал Асрар» атты еңбегінде «Әбілқайыр ханның (1412-1468) қолдарының ең алдында жүретін тобы ойрат, маджар (ерекшелеу-біздікі) және қыпшақ қолдары болған»,- деп жазады. ХҮ ғ. Ақ Орда ханы Әбілқайырға бағынатын мадиярлардың саны көп еді. ris3_s30

Осындай көшпелі халықтардың көне тарихы мен тарихи-мәдени байланысына қатысты құнды мәселеге ХХ ғ. ортасында алғаш рет ерекше ден қойған венгр антропологы Тот Тибор болды. Тибордың жолжазбасында жазғандай 12.ХІІ.1964ж. Қазақ Ғылым академиясында “Бағзыдағы мадиарлардың генеологиялық мәселелері” тақырыбында баяндама жасап, Зуев, Әбдірахманов, Нұрханов тәрізді ғалымдармен пікір алысқан. Келер жылы ол Торғай өңірінде экспедицияда болды. Қызбел ауылының тұрғыны арғын-мадиярдың арғы атасын Мадиярды Қаратау сілемінде жатқан Түркістан қаласындағы әулиелер зиратына жерленген деген мәлімет берген. 180 өкіліне антропологиялық өлшеулер жүргізгенімен, өкінішке орай, Тотқа экспедиция барысында фотосурет түсіруге рұқсат берілмеген себепті Торғайдағы мадиярлар туралы бұлтартпас антропологиялық деректі Еуропаға әкеле алмаған (Toth Tibor. Az osimagyar mai relictumarol. MTA, Biologiai Osztaly Kozlemenyei 9 (1966); Benko M. A Torgaji magyarok 34). Ары қарай Тотқа мадиарлардың Қазақстан жеріндегі жұқанасы туралы кең зерттеуіне жол берілмеді. Бар гәп “алашордашыл” М.Дулатов осы рудың өкілі екендігіне байланысты екендігін сол кезде ешкім аңдамады.

Тот Тибор зерттеуін басқа жолдармен жалғастыра берді. Ол мадияр тайпалық одақтарының қалыптасуы ғұн мен түрік дәуірлері аралығында Еділдің төменгі бойы мен Мұғаджар таулары аумағында жүрілді деген бұл болжмаға келді. “Бұл пікірімді бірқатар орыс әріптестері Маитинская, Теплашина, Баскаков қолдады” деп жазған күнделігінде. Алайда Мажарстандық ғылыми қауым Тоттың зерттеуіне селқос қарады. Бірақ, Тот 1968 ж. Өзбекстанда Самарқанд төңірегіндегі қыпшақ-мадиярлар арасында антропологиялық өлшеулер жүргізеді. Сол кезде дерек берген ақсақалдың мәліметі бойынша Чим қыстағында тұрған маджарлардың бір тобы бірнеше жүз жыл бұрын қазіргі Астрахан өңірінде Сарай кенті төңірегінде тұрған деген. Бұл мәлімет бір кездегі Магна Хунгарияның мадьярларының оңтүстіктегі тобы Жайық дариясының төменгі сағасынан оңтүстікке қарай көшкен деп пайымдауын қуаттағандай. Шығыстағы мадиярлардың әу бастағы мекені Еділдің төменгі сағасы емес, керісінше моңғолдардан қашқан Магна Хунгариялық шоғырдың келіп бас сауғалаған қонысы болатын.

Бірақ батыстың ғылыми ортасы Мадиарлар туралы пікірі бсқаша еді. “Мадиарлар жыл санауы бастауы кезінде аландармен, ғұндармен ортақ патшалықта болған. Бір бөлігі Дунай аңғарына, екінші бөлігі Кавказға кейіннен Орта Азияға табан тіреген. 1968 ж. Қашқадария бойында 150, Қазақстан жерінде 150 отбасы өмір сүрген. Тілдері өзбек, қазақша, жасы үлкен генерациясының санасында өздерінің шығу тегі туралы ұғым бар” деп жазды француз ғалымдары (ИФЕАК Institut Françias d`Etudes Sur l`Asie Centrale).

Қазақстанның егемендік алуына байланысты қайта қолға алынған ХХІ ғ. бас кезінде Тот экспедициясын қайта жаңғыртқан венгр зертеушісі Бенкө Михай мен осы жолдардың авторы біршама тың деректерге қол жеткізді. Экспедициясы кезінде қыпшақ-мадияр Ш.Базыловтың аузынан “Қаратау өңірінде тұрған мадиярлардың бір шоғыры жоңғарлардан қазақ жерін азат еткен соң солтүстікке ығысып, Торғай өңіріне қоныстанған. Бұл ХҮІІІ ғ. ортасына дөп келеді және шынымен-ақ мадиярлардың бір тобы қыпшақ тайпасының ең көне руы Таздардың бір атасымен бірге Торғайға келген соң арғындар құрамына енген (Таздар туралы толығырақ: Ю.А.Зуев. Ранние тюрки: очерки истории и идеологии. Алматы, 2002). Таздарға қатысты мәліметтер мадиарлар құрамындағы Таз тайпасымен астарлас болуы ықтимал себепті ол да зерттеу нысанына қоса алынды.

5683538 жыл бұрын жүріп өткен Тот Тибор ізімен жүрген экспедиция сапар барысында Мадияр, Құдияр, Алдиярларға байланысты 3 шежірелік аңыз бен екі шежірелік кестені информанттардың аузынан жазып алудың сәті түсті. Қазірге дейін беймәлім болып келген бұл дерек құндылығы аса жоғары және қазақ зерттеушілері үшін де тың дүние (Benko Mihaly. A Torgaji Madiarok. Budapest, 2003, 120-129). Бұл экспедиция нәтижесі қазақ зерттеушілері де мойындағандай ғылым үшін тың кейбір тұстары мүлде жаңа деп айтуға тұрарлық жетістіктер.

Сондай-ақ Мадиярлардың қыпшақ тайпасы құрамына енетін шоғырының арасына да экспедициямен барудың реті түсті. Арғын-мадиярларға қарағанда қыпшақ-мадиярлардың да саны өте көп 15 мыңдай арғын-мадиярлар 1500-2000 шамасында ғана біздің пайымдауымызша. Бір информанттың айтуына қарағанда қыпшақ-мадиярлар Ресейдің Новосібір, Томск, Алтай өңірінде, Қазақстанда Ертіс бойында тұратын көрінеді. Еуропада мадиярлардың қазақтар арасындағы ізі туралы зерттеу, шежіресін, шежірелік аңызын зерттеу алдағы жылдардың міндеті (Benko M.-Кhinayat B. Keleti magyar neptoredekek a kazak torzsszovetsegekben //Eleink-Magyar Ostortenet. 2004, №2. 5-19)

Бабақұмар Хинаят
ҚР Мемлекеттік Орталық музей, Алматы
тарих ғылымдарының кандидаты

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар