Жаттан естiмеген кемсiту

814 рет қаралды
10

habylsayat_kollajЖат жерде жүргенде ұлтшыл, намысқор едiк. Атажұртқа келгеннен соң тағдырдың тауқыметi, өмiрдiң бiрер қиыншылығынан халықтың өр мiнезi аздап басылып қалған жайы бар.
Иә, қиын-қыстау кезеңде бiр елден екiншi бiр елге көшу былай тұрсын, бiр ауылдан – екiншi ауылға қоныс аудару оңай ма! Қазақ елiнiң тәуелсiз¬дiк алғанын ести сала, атажұртқа ат басын елден бұрын тiреген Моңғолиядан көшiп келген қазақ ағайындар алғашында жаппай жұмыссыз қалды. Ресейдiң Мәскеу, Ленинград, Свердловск, Новосибирск, Иркутск секiлдi қалаларындағы жоғарғы оқу орындарын бiтiрiп, жоғары бiлiм алған дипломды инженерлер, ұшқыш мамандар, Берлин, Варшава, Прага, Будапешт, София, Бухарест секiлдi Шығыс Еуропа елдерiнiң белдi университеттерi мен институттарында ядролық физика, биохимия, биотехнология және сан түрлi инженерлiк мамандықтар бойынша оқып, жоғары бiлiм алған, Моңғолияда сол мамандықтары бойынша жұмыс iстеп келген азаматтар Қазақстанда тiптен бағуға қой таба алмай бос қалды. Бiрақ, әйтеуiр үкiметтiң аздаған көмегi арқасында, сол кездегi көшi-қон саласын Ғазиз Есмұханов, Алтыншаш Жағанова сияқты азаматтар басқарып тұрған кездерде халық «бөрi арығын бiлдiрмей» бiрер қиыншылықтарды артқа қалдырды.
Ал Хабылсаят Әбiшев деген адам ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi көшi-қон комитетi¬нiң бастығы қызметiне келгеннен берi Моңғолияның қазағында тақ бiр өшi қалғандай-ақ басымыздан қиқу ке¬тiрмедi. Өткен жылы бiр жиында «Моң¬ғолияның қазағының көк тиынға керегi жоқ» деген едi. Кейiн сол бiр ойланбай айтқан бейпiл сөзi үшiн БАҚ арқылы кешiрiм сұрап, құтылған-ды. Ендi мiне, парламенттiң мiнберiнен «Моңғолиядан келген қазақтардың 98 пайызы сауатсыз» деп соғып отыр. Бiр емес, екi емес Әбiшевтiң бұл қайткенi?
Мен өзiмдi мұндай басынғандыққа Моңғолиядан келген қазақтар атынан жауап қайтаруға мiндеттiмiн деп санаймын. Өйткенi, менi мен еткен – осы қазақтың ары мен намысы. Бiз мұндай сөздi тiптен моңғолдардың өздерiнен де естiп көрген емеспiз. Олар керiсiнше «Бiз¬дiң қазақтар бiлiмдi, еңбекқор ха¬лық» деп мақтан тұтып жүретiн. Онда жүргенде асып-тасып кетпесек те, ең¬бек десе еңбегi, бiлiм десе бiлiмi, үкiлеп өсiр¬ген өзiндiк зиялысы бар ерке халық едiк. Атажұртқа келген соң онда естi¬м嬬генiмiздi Х.Әбiшев деген «данышпан» қазақтан естiдiк. Әрине, өкiнiштi-ақ.
Бес саусақ бiрдей емес. Бiреулер Әбiшевке, Әбiшев бiреулерге жақпайтын шығар, ашынған бiреулер мұң-зарын айтып қинаған шығар. Бiреулер қия басқан шығар. Ол үшiн дүйiм жұртқа күйе жағатын Әбiшев деген кiм ол?! Кiмнен озып, қайдан шыққан кемеңгер?!
Бұл Әбiшев мырзаның саны аз деп Ұлы Моңғол халқын, Моңғол мемлеке¬тiн қорлағаны ма, жоқ әлде елiм-жерiм деп келген қазақты басынғаны ма?!
Ж-о-о-қ мырзасымағым, сiз әуелi Моңғолия, ондағы қазақ деген жұрт¬тың кiм екенiн бiлгенiңiз жөн болады.
МХР – өз елiнде сауатсыздық жойыл¬ғанын БҰҰ мiнберiнде 1951 жылы жариялаған мемлекет. Моңғолия 1961 жылдан берi БҰҰ-ның мүшесi. Мемлекеттiлiктiң XXII ғасырлық дәстүрi бар, дипломатияға берiк ел. Бiздiң қазақтың үш ұрпағын алақанға салып мәпелеп өсiрдi. Қиыншылық көрсе моң¬ғолы да, қазағы да бiрдей көрдiк. Ендi сiздiң шақшадай басы¬ңыз¬ға тар келмесе, төмендегi сан-цифр¬ларға жүгiнiп көрелiк.
1991 жылы Моңғолияда 146 мың қазақ болды. Олардың iшiнде 24 ғылым докторы (олардың бiрi – академик, екеуi – корр. мүше), 61 ғылым кандидаты бар едi. 8 қазақ мемлекеттiк сыйлықтың лауре¬аты атағына ие болды. 26 адам ең¬бек ерi, 70 адам түрлi салаларда Моң¬ғо¬лия¬ның еңбек сiңiрген қайраткерi атағын алды.
Әлем қазағынан шыққан алғашқы екi генерал: Моңғолия әуе қарулы күшiнiң бас қолбасшысы генерал Мұқрас Зайсанов және Дәлелхан Сүкiрбаев – Моңғолия қазақтарының түлегi.
Бiрнеше министр, дипломаттар шықты. Осындай халықты надан санасаңыз, сiз өзiңiз надан болып шықпайсыз ба? Әлде сiз Моңғолия қазақтары Әбiшевтен тамақ сұрап келдi деп ойлайсыз ба? Жоқ, олар атажұртым, қазағым деп келдi.
1991 жылы келiп атажұртта топырақ бұйырған ақын Арғынбай Жұмажанұлының мына бiр өлең жолдарына құлақ салыңызшы.

Хас тарихтың бетке ұрып ағаттығын,
Атажұртым паш етсе азаттығын.
Елiм барда, бойымда жаным барда,
Менiң қалай тұтанбас қазақтығым.

Ұрпақ бердiң ұлтыма айтып барам,
Өнер бердiң, жыр төгiп шалқып барам,
Кешiр менi туған жер, Моңғол елiм,
Пендемiн ғой қаныма тартып барам.

Немесе «неге келдiң?» деген сауалға жас ақын Бекен Қайратұлының берген жауабын тыңдап көрiңiз.
Алтын ордам, көрейiншi деп келдiм,
Қолым ұшын берейiншi деп келдiм.
Шетте тудым, шетте өстiм ағайын,
Дәл ортаңда өлейiншi деп келдiм.

Атамекен нұр алайын деп келдiм,
Шертiп бiр күй уанайын деп келдiм.
Сен жыласаң жоқтау айтып тоқтаусыз,
Сен қуансаң қуанайын деп келдiм.

Қазақ болып жарысайын деп келдiм,
Ағайынмен қауышайын деп келдiм.
Қазағыма көзiн бiреу алартса,
Жаным пида, алысайын деп келдiм.

Мүмкiн сiз бiздi «дайын асқа тiк қасық, арамтамақтар» деп ойлайтын шығарсыз. Тағы да қателесесiз. Өйткенi олардың қазанына сiз ас салып берiп отыр¬ған жоқсыз. Бәрi де малын бағып, отын жағып, өз күнiн өзi көрiп отыр.
Дүниежүзi қазақтарының III құрылтайында президент Н.Назарбаев: «Тарихи отанына оралған аға¬йын, ең алдымен, Қазақстаным маған не бередi емес, мен Қазақстаныма не беремiн деп ойлағаны дұрыс болар едi» деген едi. Бұл әрине, сыпайы да дұрыс айтылған сөз. Келген қазақтар да осылай ойлайды. «Бас¬ты құндылық – адам» деген ұғыммен келiсетiн шығарсыз?
– 1000 адамға шаққанда Моңғолиядан келген қазақтардың өсiмi 3,2 пайызды құрайды. Олай болса Моңғолия қазақтары 1991-2010 жылдары қазағына 100-110 мың қазақ әкелiп қосты. Атажұртқа келiп туған балалардың алды 19 жасқа толды. Ал ендi оларды сауатсыз десек қазақтың өзiне тимей ме!
– Оралған қазақтардың iшiнде 2 халық әртiсi, 8 еңбек сiңiрген қайраткер, 30-ға жуық ақын-жазушы бар. Үш атасынан сыбызғышы Кәлек Құмақайұлы, отбасымен көркемсурет шеберлерi Өмiрзақ Рыстанұлы, Зейнелхан Мұхамеджанұлы осында. Олардың еңбектерi әлдеқашан ұлттың көзайымына айналды емес пе?! Келгендердiң iшiнде ғылым докторы 6 адам (екеуi Моңғолия Ғылым академиясының корр. мүшесi), 24 ғылым кандидаты бар. Солардың жиған-терген еңбегi арқасында тарихтың қаншама жауһарлары ежелгi түрiк, моңғол шүршiт жазуынан қазақшаға аударылып ұлттық ғылымымыздың айналымына ендi.
– Қазақ өнерпаздары атажұртқа 325 халық әнiн ала келдi. Сол әндердiң көпшiлiгi бүгiндер әйгiлi әншiлер Бекболат Тiлеуханов, Бағдат Сәмединова, Жанар Айжанова, Ұлту Қабаева қатарлы көптеген әншiлердiң репертуарын байытты. «Көшпендiлер» киносы Моңғолия қазақтарының «Балапан қаз» әнiмен басталып, аяқталатынын бiлесiз бе?
– Қазақ газеттерi, радиосы мен телевизия саласында 20-ға жуық талантты журналистер қызмет етiп жүр.
– Жоғары оқу орындарында 40-қа жуық адам ұстаздық етедi. Ортамызда 7-8 шет тiлдерiн меңгерген азаматтар бар. Олардың қайсыбiрi беделдi жоғары оқу орындарында ағылшынша, орысша, түрiкше дәрiс оқиды. Олардың iшiнде көкелерiнiң көмегiмен жүрген ешкiм жоқ.
– Қорасында жүздеген жылқы, мыңдаған қой ұстаған фермерлер бар.
Моңғолиядан келген iскер азаматтар бiрнеше облыстарда жиһаз цехын ашып, көптеген отбасылардың сұранысын өтеп, өз күндерiн өздерi көрiп жатыр.
Иә, мұның бәрi аздық ететiн шығар. Бiрақ, ата¬жұртқа келген өскелең ұрпақтың бергенiнен берерi көп екенiне неге сенбеске?!
Ал сiз болсаңыз «Моңғолияның қазақтары сауатсыз, қолынан ештеңе келмейдi» дейсiз. Айтыңызшы, сiз қандай мәлiметке сүйенiп дүйiм халыққа мұндай айып тағып, топырақ шашып отырсыз?
Егер мәжiлiстегi ұлтжанды депутат азаматтарымыз Нұрлан Өнербаев, Бекболат Тiлеухан тосқауыл қоймағанда сiз әлi де арыға кетер ме едiңiз, кiм бiлсiн. Азаматтарға рахмет!
Қазақстанда айтыла-айтыла жауыр болған көшi-қон мәселесiнiң түйткiлдерi мен сан түрлi сұрақтарына қатысты Х.Әбiшев мырза өзiңiздi телеэкранға сөз төбелесiне (клинч) шақырамын. Алдағы күндерi бұл мақаламды моңғол, орыс, ағылшын тiлiне аударып, түрлi ақпарат құралдары арқылы таратуды ойлап отырмын..
Зардыхан ҚИНАЯТҰЛЫ,
Тарих ғылымдарының докторы.
Алматы қаласы.

ХАБЫЛСАЯТ МЫРЗА ТАҒЫ ДА ҚАТЕЛЕСТI…
Қазiр “Көшi-қон туралы” Заң жобасы парламент¬те талқыланып жатыр. Өткен жұмада Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң Көшi-қон комитетiнiң төрағасы Хабылсаят Әбiшев мырза заң жобасының тал¬қылауына қатысқан кезiнде “айды аспанға шығарарлық” сенсациялық бiр мәлiмдеме жасады. Х.Әбiшевтiң парламент қабырғасында жасаған бұл мәлiмдемесiн жұма күнi кешкiсiн бiрқатар қазақстандық телеарналар көрсеттi. Ол “Өзбекстан, Қытай, Моңғолиядан көшiп келген кейбiр оралмандардың квота алған соң, өздерiнiң келген жақтарына кетiп қалатынын, оған өзi бас болып, көшi-қондағылардың ешнәрсе iстей алмай отырғанын айтып, парламент депутаттары алдында зар жылағандай кейiпте болды. Бiздiң естiп-бi¬луiмiзше оралмандар арасында квотаны саудаға салып қыздыратын “ептiлер” сол Әбiшевтiң өз қарамағында iстейтiн облыстағы, қаладағы, аудандағы көшi-қон мекемелерiнiң кейбiр қызметкерлерi және атажұртым деп келген оралмандарға тоң мiнез көрсететiн де сол көшi-қондағылар мен жергiлiктi атқамiнер әкiмсымақтар.
Бар жамандықты тек оралман¬дар¬ға қарай аудара салуға болмайды. Бұл – “елiм, жерiм, атажұртым, отаным” деп келген қазақтарды кеу¬деден итеру. Есiңiзде болсын, бiз онымен еш келiспеймiз.
Бiрiншiден, сiз көшi-қон жұмысын жолға қоямын десеңiз, әуелi келiп жатқан оралмандарға дұрыс жағдай жасауға көңiл бөлiңiз, көшi-қондағы жемқорлықпен күресiңiз, содан кейiн барып iстен гөрi сөзi көп көшi-қон жұмысын iлгерi бастырыңыз, сонда сiздi халық түсiнедi әрi бағалайды.
Екiншi мәселе, жұма күнi парламент мiнберiнен сiз Моңғолиядан келiп жатқан қазақтардың 98 пайыз бiлiмсiз және сауатсыз дегендi айт¬тыңыз. Бұны қандай мәлiметке сүйенiп айтып, ел жұртты шулатып отырсыз. Бiлсеңiз, бұл мемлекеттiк жоғары қызмет сатысындағы сiз секiлдi адамның аузынан шығатын сөз бе едi?
Сiз айтып отырған 98 пайыз бiлiмсiз, сауатсыз қазақтар қайда жүр? Бiз де бiлiп жүрейiк. Әйтпесе “тазы ашуын тырнадан алады” дегендей, Моңғолия қазақтарына кез келген жерде тiсiңiздi көрсетiп, тиiсе бергендi тоқтатыңыз. Бұл сiз секiлдi мемлекеттiк қызметтегi адамның этикасына сай келмейтiн нәрсе. Осы жағдайды есiңiзге сала отырып, бiздiң де сiзге қоятын төмен¬дегiдей ұсыныс, сұрақтарымыз бар.
– Қазақстандағы көшi-қон жұмысын жаппай жем¬қорлыққа алғызып, соған қарсы тиiмдi жұмыс шарасын iстей алмай отырған Х.Әбiшев мырза сiз әуелi осы лауазымды қызметке келгелi не iстедiңiз, қандай жұмыс бiтiрдiңiз? Үкiмет алдында және халық алдында есеп беруiңiздi талап етемiз.
– Басы таудай болған “Нұрлы көш” бағдарламасы неге шеттен көшiп келетiн қазақтар тарапынан қызығушылық тудыра алмай отыр? Оған себеп сiздiң өз салаңызды жеткiлiктi деңгейде басқара алма¬уыңыз емес пе? Қалай ойлайсыз? Президент қолдауына ие болған осы бағдарламаның сұйылып бара жатуы қалтарысында шеттен қазақтарды шақырмау, атажұртына әкелмеу бағытын ұстанушы сiздiң идеяңыздың iске аса бастағаны ма?
Бiз бiр топ оралман ағайын бүгiнгi Қазақстанның көшi-қон саласындағы және оның басшылығындағы қалыптасқан ауыр жағдайды қалың жұртшылық назарына және мемлекет басшылығы назарына аударуды жөн көрдiк.
Моңғолиядан көшiп келген бiр топ оралман атынан
Сиез СЕЙIТҰЛЫ,
Дәлел НҰРКЕНҰЛЫ,
Тиянақ Мұңғұлханұлы және
тағы басқалар
Жас Алаш №31 (15489) 20 сәуір, сейсенбі 2010

Парақшамызға жазылыңыз

10 Comments

  1. Жан айғайларың өте орынды. Енді бұл орында Қабылсаят отыруға қақысы жоқ. Мұндай адам құлқына мас, ұлтына қас.Төмендегі “Қандастар жырын” оқысын.
    Отан десе отқа оранам елбеңдеп,
    Арманыма куә менің жермен көк.
    Қазақстан деген елде әлемде,
    Қазақ ұлты орлы десе сенгем жоқ.

    Шелденгенің неге керек елден жеп,
    Ел жарасын жаза алмассың енді емдеп.
    Алашының арын сатқан сатқынды,
    Анашымнан туылғалы көргем жоқ.

    Өгей елде атақ, мансап, орден көп,
    Опасыздың отын жағып бергем жоқ.
    Атамекен ауасы ортақ бауырым,
    Бай қорасын күзетуге келгем жоқ.

    Баба жырын Айтсам айтам безбендеп,
    Сүйегіңді мұжымайын сөзбен жеп.
    Кең мекенде келіспейік сен, мен деп,
    Ей, бауырым, орынымды бер жөндеп.

  2. “Білік” пен “білімді” шатастырған комитет төрағасына оралмандар өкпелі

    Мәншүк АСАУТАЙ
    Сейсенбі күні Астанада оралмандардың бір тобы Көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішевті ел ішіне іріткі салып отыр деп айыптап, намысқа тиген шенеунікке шара қолдануды талап етті. Ал комитет төрағасы бұны «тырнақ астынан кір іздеу» байбаламы деп бағалайды.

    ОРАЛМАНДАРДЫҢ ШАМЫНА ТИЮ

    Сәуірдің 15-і күні Қазақстан парламентінде «Көші-қон туралы» заңды талқылау барысында Көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішев «Моңғолиядан келетін қазақтардың 98 пайызы сауатсыз, білімсіз» деген сөзді айтып қалған.

    «Алтын қазына» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ербол Бейілханның айтуынша, комитет басшысының бұндай пікір айтуына негіз жоқ.

    – Егер олар сауатсыз болса бүгінде Баян-Өлгей мектептерінің көптеген оқушылары халықаралық олимпиадалардан қалай жүлдемен оралып жүр? Мыңдаған ғалымдар қайдан шықты? Кезінде Бай-Өлкеден қанат қағып, Мәскеуде ғылым докторы атағын қорғаған қайраткерлер білімсіздіктен шықты ма? Моңғолия парламенті төрағасының орынбасары, премьер-министрдің орынбасары қазақ қайдан пайда болды? Жиырма шақты қазақ министр мен жүзге жуық парламент депутаттарын қалай білімсіз деуге болады? – дейді Ербол Бейілхан Азаттыққа берген сұхбатында.

    Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Көші-қон комитеті төрағасының сауатсыз бір ауыз сөзі Моңғолиядағы қазақтардың ғана емес, жалпы қазақ қоғамының ренішін туғызып отыр дейді сұхбаттасымыз.

    – Осыған байланысты атамекеніміздегі, сонымен бірге кейбір шет елдердегі қазақ қоғамдары тарапынан наразылықтар күшеюде. Қазірдің өзінде Қазақстанның көші-қон саясатымен, оралмандар мәселесімен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарға елдің түкпір-түкпірінен, Моңғолияның әр өңірінен қалалық, электронды поштамен және факспен 5 мыңнан астам адамның наразылық хаттары келіп түсті. Сондай-ақ бізге жеткен деректер бойынша, Моңғолиядағы қазақ диаспорасының белсенді өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар Ұланбатырдағы Қазақстан елшілігіне қарсылық хаттарын жолдауда, – дейді «Алтын қазына» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

    Осылардың бәрін алға тарта келе, оралмандардың республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық бөлімі, «Алтын қазына» қоғамдық бірлестігі мен «Отандас жастар одағы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері үкімет басшысы Кәрім Мәсімов пен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықовадан «көш саласында игілікті іс атқарудың орнына, қоғамда шиеленіс туғызушы» Көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішевке шара қолдануын талап етіп отыр екен. Астанадағы баспасөз-мәслихатында журналистерге жария болған жайттар осындай.

    «БАСҚА ПӘЛЕ- ТІЛДЕН»

    Азаттық радиосының тілшілері Көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішевке хабарласқан болатын, шенеунік депутаттар сұрағына жауап беру барысында өз ойымды мүмкін қате жеткізген болармын дейді.

    – Мен «сауатсыз» деген сөздің орнына біліктілігі жоқ деп айтайын дегенмін. Олардың мамандыққа сәйкес емес екендіктерін айтайын дегенмін. Парламенттегі отырыс барысында депутаттар Көкшетау өңіріне келіп жатқан оралмандардың, олардың ішінде Маңғолиядан келіп жатқандардың «Нұрлы көш» бағдарламасына неліктен ілікпей жатқандығын сұрады. Көкшетауда «Нұрлы көш» бағдаралмасы аясында салынған үйлерге 600 адамды қоныстандырдық, алайда бүгінге дейін тұрғын үй комиссиясы оларды комиссиядан өткізбей отыр, банктте олармен келісімге келе алмауда. Себеп – олардың баспана үшін несие төлеп тұруға шамаларының жетпеуі. Жұмыспен қамту мақсатында көшіп келгендердің 98 пайызының мамандығы жоқ екендігі анықталды. Орта білімдері бар, хат таниды, бірақ біліктілігі жоқ, – дейді Қабылсаят Әбішев.

    Жыл сайын Қазақстанға көшіп келемін деуші азаматтарға 20 мың квота беріледі. Оның ішінде 1мың квота 2008 жылы бекітілген «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында.

    Комитет төрағасының айтуынша, «Нұрлы көшпен» келгендерге баспана беріледі, олар ай сайын сол үшін 30 мың теңге көлемінде несие төлеп тұруы қажет. Тиісінше олар келе салғанда жұмысқа тұрып, тиісті жалақылары болуы керек. Ал қалған 19 мың квотамен келушілерге әр отбасы мүшелеріне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір реттік қаржы бөлінеді.

    – Мен бұл жағдайды «тырнақ астынан кір іздеу» деп ойлаймын. Мұның артында біреулер де тұруы мүмкін. Мен көші-қон комитетіне келгелі бері сыбайласқан жемқорлықпен күресудемін, көші-қон заңдарын жетілдіруде көптеген жұмыс жасап жатырмыз, квотамен келіп ақшаны ұрлайтындар да бар, осының барлығымен күресіп жатқаным біреулерге ұнамай қалуы мүмкін. Менің ешқандай кінәм жоқ! Бір сөйлемде ағаттық кетіп «сауатсыз» деп айтыпын, «басқа пәле- тілден» дейді, бірақ ол осыншама шу көтеретіндей мен ешқандай қылмыс жасаған жоқпын, – деді Қабылсаят Әбішев.

    “АҢДАМАЙ СӨЙЛЕГЕН…”

    Сәуірдің 15-і күні болған парламент отырысында Көші-қон комитеті төрағасының сөзін естігендердің арасында депутат Нұрлан Өнербаев та болған екен. Радиомызға түсініктеме берген депутат «Әбішевтің мүлт кетуі бір бұл емес екенін де айтып қалды. Қабылсаят Әбішев өткен жылы «Моңғолиядан қазақтарды көшіріп алуды тоқтату керек» деп айтып қалып, ақыры ақпарат құралдары арқылы халықтан кешірім сұрап құтылған дейді депутат.

    – Көші –қон комитетінің міндеті отанына қайтып оралғысы келген қандас бауырларымызға жағдай жасау. Егер сауаты сәйкес келмей жатса соны сәйкестендіру, еліміздегі қандай сала болсын соның барғына дерлік бейімдеу, Ал онда отырып алып «сенің сауатың жоқ, немесе білімің бізге сәйкес келмейді», деген уәжді айту «сіздің бізге керегіңіз жоқ» дегенмен бірдей. Ондайды айту үшін он рет ойлану қажет, – дейді Нұрлан Өнербаев.

    Қазақстанда 1997 жылғы «Халықтың көші-қоны туралы» заңы қабылданған болатын. Соңғы 13 жылда оған 3 рет қосымшалар мен түзетулер енгізілді. Соған қарамастан «Көші-қон туралы» жаңа заң жобасы қажет дейді мамандар.

    2005-2008 жылдар аралығында әр жыл сайын 15 мың отбасын Қазақстанға көшіріп алуға квота бөлінсе, 2009 жылдан бастап ол 20 мың отбасына ұлғайтылды. Қазір Қазақстанға келген орламандардың жалпы саны 1 миллионға жуықтаған. Қабылсаят Әбішев Көші-қон комитетін соңғы екі жылға жуық уақытан бері басқарып келеді.
    Азаттық радиосы. 20.04.2010

  3. “қабыл” болмағыр, қандастарына “саят” жасаған бастықсымақтың кімге қажеті бар ! Осы бір көші-қон комитетінің төрағалығына қазаққа бүйрегі бұратын жөні түзу пенде бұйырмады ғой.Ылғи бір күліп құшақтап тұрып, іштен пышақ салатындар,қазақты елге тартатындар емес,шетке тебетіндер! Қандай ұлт болсын,жақсы жаман жағымен қосылып барып ұлт деп есептеледі емес пе?Бір қазақтың көзі көрмесе,бар қазақ соқыр аталмайтындығы сияқты !!! ЖЕКЕ ПЕНДЕЛЕРДІҢ ӘРЕКЕТІНЕ БОЛА ,БІР -БІРІҢЕ ТОПЫРАҚ ШАШЫП НЕ АБЫРОЙ ТАБАСЫҢДАР!Мәселе жалғыз Қабылсаяттың қөзқарасында емес,”мысық мұрт биліктің” қазаққа деген қыли көздігінде.Сондықтан бір қара қазақ бірімізді құрметтеп,бар қазақтың күнін жоқтамай айымыз оңынан тумайды.”Оралмандар квотаны пара беріп алады” деп шенеуніктер көп айтады.Егер олар өздері пара сұрамаса,олардың қолын байлап қойып,ешкім аузын айырып ақша тықпайтын шығар,құлқындарың тесіліп,құм қапқыр қорқау қасқырлар. Мұңғылдан Кеңес

  4. Мынау бәтшағарың не дейді-ей? Қорлауын қарашы.Сенің сезім түйсігіңде әлсіз жұмыстайтын, тіпті жұмыссыз қалған қан тамырлары бар секілді.Тұрасын айтқанда сіз емес Қабылсаят, сен осы қорлауың үшін Қобда қазағы аталған біздерден және біздің рухты ата-бабаларымыздың аруағы алдында шынай түрде кешірім сұрап, зар еңіре. Және аз уақыт ішінде өз қалауыңмен орныңды босатта, қайтып біздер сені көрмейтін болайық.
    Сауатсыз тіптен 98 пайызы деуін қарашы мынаның.Тағдырдың талқысында өз ұрпағын һәм болашағын ойлап, Іргелі Моңғол елінде дербес ұлттық аймағының іргесін қалаған қазақтарды сауатсыз дейме? 40-тан астам елдегі қазақтардың ішінде сол елдің саяси билігіне араласатын, өз әкімшілік бірлігін өзі таңдау арқылы сайлап алатын, өзге ұлт,ұлыстардан ұлттық ерекшелігімен дараланатын қазақтарды сауатсыз дей ма мына соқырың? Тағы айтайын.БАҚ-ды арқылы және Қазақстан Ұлттық арнасы арқылы кешірім сұра Қабылсаят.Қабылсаят атыңнан садаға кеткір.

  5. Бұл тек ұана қандастарды ғана кемсіту емес, барлық қазақтарды кемсіту.

  6. Х.Әбішев өн бойыңда қазаққа деген қасықтай қаныңның жоқтығын халық алдында паш еттің! Қазақ деген ұлы ұғымды бұралқы итке тастаған бөлек-бөлек кесектей етіп “моңғолия қазағы” деп бөле қарауың “ала қойды бөле қырыққан жүнге жарысмайды” дегеннің кебін кигізбей ме? Ұлттық деген ұғымнан алшақ қалып, бодандықтың қамыты құрсаулаған таяз деңгейіңе, өзімшіл өреңе сай келмеген соң “сауатсыз” деген айдар тақтың ба? Бодандық пен бұғаулыққа бойы сұнбаған байтақ елдің білімін таразыға салатын кім едің сен?

  7. Mongolia hazahtarin bunday bilimsiz deytin bul handay neme.Hazahtardin arasina irtki salatin bundaylar kerek emes bizderge,orninan alip ttastau kerek.Osinday horlaudi estip hana oira beremizbe?

  8. Bunday hazahardin arasina irtki salatindar kerek emes bizge,osilay horlanip otiramizba?Orninan alip tastau kerek!

  9. Mongoliadagi kazaktar biz eshkashan kazakstannan kandai bir komek suragimiz kelmeid, kazakstanga barip jaman atanip soz estigendi kaitesinder bayan olgei aimagin bar elin jerin bar koshpei ak koindar, kazakstanda parakorlik kandai ekenin bilemin

АСҚАР жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері