«Арпагер» дастанындағы этно-мәдени құндылықтар

1151 рет қаралды

Кәп Құмарұлы. Арпагер. (Өлеңдер мен дастандар) Астана: «Рух» баспасы, 2008.

Kap aga 11Қазақ әдебиетінің тарихынан елеулі орын алатын әлеуметтік- сүйіспеншілік дастандардарда ел аузында жүрген аңыздар, өмірде болған оқиғалар шығыс дастандарының үлгі-өрнегіне салынып, халық ақындары тарапынан әрлене жырланатыны ғылымда дәлелденген. Бұндай дастандарда әдетте ғашық жастардың бірі байдың қызы, келесісі кедейдің ұлы дегендей әлеуметтік қайшылыққа толы тартыс өріс алатынын профессор С.А.Қасқабасов өз зерттеуінде анықтаған еді.

Эпик ақын, қарт ұстаз Кәп Құмарұлының «Арпагер» туындысының жанрлық белгілері дастанның біз айтып отырған осы түріне жатады. Бұнда бас кейіпкер Абзал байдың баласы, ал оның сүйген жары Жансая «күс саусақ, қарға тұяқ» егіншінің қызы. Екі жастың үйленуіне ұлдың әкесі Аусарбай қарсы болады:

Қараңыз тауқыметін сұм жалғанның,
Кедейге бай бұлданып, тұлданғанын.
Аусарды ашу кернеп, арындаған,
Қайнына ұлы алғаш аттанған күн.
Ұлының кедей қызға үйленбегі,
Абзалға ала жіптей тағылған мін.

Алайда анасы ақ батасын беріп қолдағандықтан екі жас отасады, себебі кедей қызы болғанымен Жансаяның рухани бай, көркем мінезді, көкірек көзі ашықтығын Абзал таныған еді. Бір сөзбен айтқанда, дастанда артық дәулетке, дүние-мүлікке адамның жан тазалығы, ар-ұждан биіктігі, білім қабілеті қарсы қойылады. Жансая сұлу қыз ғана емес, көшпелі халықтың ең бір құнды санайтын кәсібі – атбегілікті игерген, алғыр сыншы екендігі жырланады.

Негізінен әлеуметтік-сүйіспеншілік дастанға аңыз сюжеті арқау болатынын айтып өттік. Қарт ақын Кәп Құмарұлы да «Арпагер» (моңғолша Арвайхээр) тұлпар туралы айтылатын байырғы аңызды шығармашылықпен игергені байқалады. Нақтырақ айтқанда, Моңғолияның Өвөрханғай аймағының орталық шаһары Арвайхээр деп аталады, себебі қалада осы өлкеге әйгілі болған Арпагер тұлпарға орнатқан мүсін бар. Ал Кәп ақын Арпагер туралы аңызды көне түрік дәуірінде сол өңірде өмір сүрген қазақ тайпаларының тарихымен сабақтастырып, дастанның кіріспесінде былай деп толғайды:

arpager 1Нар табиғат бұзылмаған қаймағы,
Моңғол жері Өбірханғай аймағы.
Ойға сиыр, тауға жылқы өсірген,
Қойларына сан жетпеген сайдағы.
Бұл ежелгі көшпенділер мекені,
Көш соңында боздаған «Боз тайлағы»

Ел аузында айтылатын Арпагер тұлпардың бапкері сыншы қыз болған деген аңызбен бас кейіпкер Жансаяның тағдыры ұқсас, үндес, себебі ақын халық қазынасының мөлдір бұлағымен оқырманын сусындатып отыр. Ат сыншысы Жансаяның есте қаларлық ерекше бейне болып сомдалуына бірден бір тірек болған жайт – ақын кейіпкерінің аузына халықтың ғасырлар бойы сақтап келген ат баптау өнері мен сыншылық білімінің небір құнды мәліметтерін салғандығы еді. Бұл деректер ескілікті салтты зерттеп жүрген этнолог мамандарға да, ұлттық мәдениетті игергісі келген жас талапкерлерге де беретін нәрі мол, сүбелі дүние деп айта аламыз. Жансая ауылына келген жолаушылардың он бір жылқысының ішінен болашақ жүйрік құнанды былайша таңдап алады:

Бос белбеу, бота тірсек, құлжа мойын,
Ас етіп, алты жұлса, алар тойым.
Кең тынысты, алқалы, омыраулы,
Еңсесі көтерілер жүрген сайын.
Сіңгірлігі көк етті, түйінделген,
Қанша шапса қыздырмас жілік майын.

Бұлшық ет тарамысты, біткен тұнық,
Құс төсті, құлан құрсақ, барыс тұлып.
Буынсыз бітеу біткен омыртқасы,
Артына қарай алмас мойын бұрып.
Мұндайды «Күйсіз күлік» деп атайды,
Болса да әл жібермес ыстық-суық.

Дастанды оқығанда ақын тілінің шұрайлы, құнарлы, нәрлі екендігі көрініп-ақ тұр, К.Құмарұлы жүйрік аттың мүсінін Абай мен Ілиястың ізбасары ретінде шеберлікпен сомдайды. Сонымен бірге ақынның өзі кәнігі ат бапкері болғандықтан да қазіргі тілдік қолданыстан шығып қалған ат өнері туралы небір сырлы ұғым-түсініктерді, атауларды, айшықты теңеулерді жас сыншы Жансаяның аузына салады.

Жалпы, жүйрік атты бос белбеу, күдір, мұзбүйрек, кеңсал, сандал, қызбел, төңірек, желбегей т.с.с. деп кейде тоғыз, кейде он екі түрге жіктеу дәстүрі Баян-Өлгий қазақтарында сақталған. Бұл туралы О.Қалқабай, Қ.Айдаубайұлы, С.Қаржаубайлар қалам тербеген. Біз өз тарабымыздан белгілі атбегі Мақсұл Мәмәлиұлынан 2007 жылы 25 тамызда жүйрік аттың сыны мен бабы туралы ауқымды мәлімет жазып алған едік. Ақын қариялардың аузында айтылатын осынау қазыналы деректерді інжу-маржан жырға айналдырып, ұрпақтың зердесіне ұялатуға үлес қосыпты:

Жер алып шапқан сайын бекіп белі,
Ұмтылса кең тынысты күдірлері…

Екпінге екпін қосса жел жүйріктер,
Тыраштап жер ұтады мұзбүйректер.
Бұлшығы бұлтылдаған шомбалдар да,
Құлашын кеңге созар шыққан соң тер.

Бұл шумақтардағы күдір, мұзбүйрек, шомбал деген жүйріктің түрлері ана тіліміздің байлығын көрсетіп қана қоймайды, этнографиялық категория ретінде мамандар тарапынан арнайы зерттеуді қажет ететін құндылықтар деуге болады.

Дастанда Жансаяның ат баптау өнері де шабытпен жырланады, қыз баланың атсейіс болуы оқырманға тосын, кейіпкер соны. Әйткенмен Жансаяның кейбір қадамдары Тайбурылды баптаған Құртқаны еске түсіреді. Ақыры аста бас бәйгеге ие болған Арпагер кедейдің қызына үйленді деп өсек-аяңға қалып жүрген Абзалды бір сәтте-ақ абыройға бөлейді.

Кейіпкерлердің бойынан қазақы иіс бұрқырап тұр. Ақын ұлттық мінез-құлықты суреттегенде қапысыз шеберлік танытады, мысалы, бәйге алған жүлдегерді емес, керісінше ұтылып опық жеген ат иесінің көңіл-күйіне назар аударады:

байгеБұл елдің той жасаса әр бір байы,
Бәйгесіз өтпеген ғой қазақ тойы.
Он жыл бәйге бермеген кәрі тарлан,
Түсер деп кім ойлаған абыройы.
Өзегі ойран болып айқайлаған,
Қалтырап иесінің тұла бойы.

Жүйрік аттың ендігі иесі Абзалдың даңқы елге дүркіреп жайылады, ал Жансая қазақ қызына тән инабатты да ибалы, текті де дегдар мінезбен ер азаматының көлеңкесінде қала береді:

Көз ұшы Арпагердің қыр асқаны,
Құс қанат жүйріктігін растады.
Кедей қыз сыншылығы, білгірлігі,
Жайында ешбір пенде сыр ашпады.
Тек қана ел ішіне аңыз болып,
«Жас сондай болсайшы» деп мирас қалды.

Дастан намысқойлық пен отаншылдықты үлгі етумен аяқталады. Он бес жыл алдына қара салмаған «кеңсал, тұйғын» Арпагерді шүлдірлеген шүршіттер барымталап, жат өлкеге апарады. Қорлыққа тап болған есті сәйгүлік туған жерін аңсап жадап-жүдейді. Соңынан іздеп барған жоқшылар мынадай жайтқа тап болады:

Құбылыс ерекше іс көңіл бөлген,
Айтарлық оқиға еді көзбен көрген.
Алыс қарап шығысқа құлақ тіге,
Жылқы екен төрт тағандап тұрып өлген.
Ажалдың құшағына кірген тұста,
Қасқая қарап тұрып жанын берген!

Тұлғасын таныған жұрт Арпагердің,
Қимаған топырағын мекен жердің.
Аңыз ғып қариялар айтады екен,
«Ісіндей бір мысал» деп ерен ердің.

Адамдар ой бөлісіп сол бір кезгі,
Жауынан жапа шегіп көрген езгі.
Жануар ескертіпті десті былай,
«Жауыңа тізе бүкпе!» деген сөзді.

Әйелі ерін, ері елін, есті тұлпары жерін қадірлеп кие тұтқан аңыздық дәуірдің ақ самалымен өрнектелген эпик ақын Кәп Құмарұлының «Арпагер» дастаны талай жас ұрпақты бабалар рухымен қауыштыра беретіні хақ.

30-1Той 107 Ақеділ Тойшанұлы,
ақын, филология ғылымдарының кандидаты,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Фольклортану бөлімінің ғылыми қызметкері

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар