/

Ұлтты бөлшектеу саясаты қалай жүзеге асты?

972 рет қаралды
3

Өткенде теледидарға қарап отырып біз сырттай сыйлап жүрген бір ағамыздың “Кейде кеңестік дәуірді аңсаймын” деген әңгімесін естіп қалдым. “Ол кезде бұқараға көп жағдай жасалды, жұрттың көңілі тоқ, көйлегі көк болған еді” дейді әлгі ағамыз. Өкінішке қарай осындай пікірлерді жиі болмаса да ара-тұра естіп қаламыз. Меніңше мұндай әңгімелерді большевиктер жүргізген сұрқайы саясаттан бейхабар адамдар айтатын сияқты.

Бірақ біліп тұрып, наданның сөзін сөйлейтіндері де бар. Мұндайлар көбіне ұлттық мүддені түсіне бермейтіндер немесе уызына жарымаған қандастарымыз екені айтпаса да түсінікті. Егер «қызыл қырғынның» не үшін қолға алынғанын аңғарса есі бар адам Кеңес одағын аңсауын сап тияр еді. Енді сол коммунистердің құйтырқы әрекетерінің кейбіріне арнайы тоқталсақ…

Ресей империясында орысеместердің барлығын әуелден татарлар деп атайтын дәстүр бар. Әсіресе олар шыққан тегі азиялықтарды осылайша жалпылама атайды. Бірде Мәскеу радиосында сұхбат беріп жатқан Расұл Ғамзатов Кеңес Одағының маршалы Климент Ворошиловтың өзімен кездескенде үнемі «Иә татар, қал-жағдайың қалай?» деп амандасатынын есіне алды. «Сосын бір күні,-дейді сөзін ары қарай сабақтаған Ғамзатов, шыдай алмай кетіп, Климент Ефремович, мен татар емеспін, Дағыстандық авармын» дедім. Маршал болса «Жә, қызбаланба Расұл,-сіздерді орысеместердің барлығын бізде баяғыдан татарлар деп атайды»,-деп әңгіменің соңын қалжыңға айналдырып жіберді».

Тарихи деректерге жүгінсек, қазіргі әзірбайжандарды да 1926 жылға дейін татарлар деп атап келіпті. Грузияның алғашқы президенті З.Гамсахурдия жұрт алдында сөйлеген сөзінде Грузияны мекен еткен әзірбайжандарды үнемі татарлар дейтін болған. Мұндай мысалдар өте көп. Кейін большевиктер билік басына келген соң империядағы байырғы халықтарға басқаша ат беріле бастады. Әсіресе қазіргі татарлардың бабалары осы тұста үлкен белсенділік көрсетеді.

Бұқара бас қосқан жерде олар өздерін мұсылмандармыз, бұлғарлармыз немесе ноғайлармыз деп атап жүрді. Кейін аты өзгерген халықтардың маңғол-татарлармен мүлде байланыспайтын жаңа тарихын жасау қажеттігі туады.

Сталиннің бұйрығы бойынша беделді шығыстанушылар мен тарихшылардың тұтас бір тобы осы жұмысқа білек сыбана кіріседі. Бұларға академик В.Бартольдтің өзі басшылық жасады. Кейін кезек Түркістанға келді.

Мұнда большевиктер барша түрік түлек ұшқан жердегі төл халықты ыдырату саясатын жүзесе асырды. Осылайша Қапқаздағы татарлар әзірбайжан деп атала бастады. Ал солтүстік Қапқаздағы татарлар құмықтар, ноғайлар, карашайлар мен балқарлар болып бөлшектеніп кетті. Халықтарға қайта ат беру арқылы большевиктер Қапқаз бен түркістанды мекендеген миллиондаған қыпшақтарды да жойып жібереді. Бұл атау олар үшін өте қауіпті еді. Өйткені Қыпшақтар бір кездері шығыс еуропа мен орталық азияның арасындағы аймақты мекендеген алып этнос болды.

Екіншіден, Түркістандағы қыпшақтар қызылдар қырын қараған Алтын Ордадан шыққан. Олар орталық азиядағы төрт республика Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Қазақстаннның оңтүстік территориясын алып жатқан Қоқан хандығындағы белсенді күш болатын. XIX ғасырдың жетпісінші жылдары Ресей империясы жаулап алған соң, Қоқан хандығы біртіндеп өмір сүруін тоқтатады. Бірақ, Түркістанда қалып қойған қалың қыпшақ Сталиннің түн ұйқысын төрт бөліп, дегбірін қашырды. Ол Түркістанда Қыпшақ республикасын құрғысы келген жоқ. Қысқа қайырғанда, Түркістанда жүргізілген бөлшектеу саясатынан кейін мұндағы қыпшақтар ірі этнос ретінде жойылып, өңірдегі өзге халықтардың арасына сіңіп кетеді. Дәлірек айтқанда оларды өздерін қырғыз, түркімен, өзбек немесе қазақ деп атауға мәжбүрледі. Кейін қыпшақтар Түркістанда тұтас халық болып ғұмыр кешуін түбегейлі тоқтатты.

Бәлкім осыдан кейін болса керек, олардың ұрпақтары Ферғана халифатын құрамыз деп ТМД-ның үш республикасы түйіскен жердегі бүкіл Ферғана алқабын күні бүгінге дейін дүрліктіріп отыр.

Кейін большевиктер «маңғол-татарлардың мәселесін де» біржола шешуге кірісті. Қазірге дейін кейбір ағаларымыз қызғыштай қорғайтын Сталин осы тұста маңғол-татарларды «тағы көшпенділер» қылып көрсетуге құлшынды. Бұл тарихи деректер растайтын жәйт. Мәселен, белгілі ақын әрі аудармашы Семен Липкиннің естеліктерінде Сталиннің бүкіл Русьті жаулап алған «татар» этнонимін варварлар қылып барынша қаралауға тырысқаны айтылады.

Кеңес одағы құлағаннан кейін «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Семен Липкин Сталиннің татар-маңғолдарды жұртқа жеккөрінішті етіп көрсетуге талпынғанын әңгімелеген. Осындай оймен «көсем» ғылым мен кино қайраткерлерін суретшілер мен жазушыларды осы процеске арнайы жұмылдырып жібереді. Нәтижесінде 1939 жылы Василий Янавецкийдің «Шыңғысхан» деп аталатын кітабы КСРО-ның мемлекеттік сыйлығына ұсынылады.

Тарихи шындықтан алыс жатқан, Шығысханды қаралау үшін жазылған бұл роман өз дегеніне жетіп, татар-маңғолдарға жұрт қырын қарай бастады. Ал соғыс жылдары Сергей Эйзенштейннің «Иван грозный» кинокартинасын жарыққа шығарған Иосиф Сталин Шыңғысхан мен оның ұрпақтарына жариялаған күресте біржола жеңіп шығады. Татар-маңғолдарды жұрт осыдан кейін басқыншы, өркениеттен хабары жоқ қара тобыр ретінде қабылдайтын болды. Бұл большевиктер жүргізген «көпвекторлы» саясаттың бірі ғана. Олардың империяны ұстап тұру үшін қандай құйтырқы әрекеттерге барғанын қазір жіпке тізгендей етіп түгел баяндап шығу мүмкін емес. Оның қажеті де жоқ деп ойлаймын. Ең бастысы қызыл империя тарихының Қазақ елі үшін қастерлі кезең болмағанын жұртқа жеткізу.

Жолымбет МӘКІШЕВ

Сурет СС рұқсаты негізінде x-ray_delta_one есімді Flickr қолданушысының мұрағатынан алынды

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. Керемет, өте сауатты жазылған мақала екен. Бұл жігітті қайдан табуға болады? Қазақ журналистикасында осындай сауатты сараптама жасай алатын, өз ойын еркін жеткізетін журналистер саусақпен санарлық. Мақаланың мәтініне қарағанда Жолымбет бұл материалды демде жазып шыққан секілді. Мүмкін болса онымен қалай хабарласуға болады?

  2. Біздің аталарымыз қыпшақтар бірақ біз қазақпыз!

  3. Талас тудыратын тақырыптардың бірі. Жолымбет көп адамдардың кеңес саясатынан бейхабар екенін дұрыс айтады. Тағы бір топ 30-40 жылдары болған жағдайларды санамауға болады, қандайда жүйе құрылғанда құрбансыз болмайды деген пікір айтатын болыпты. Дегенмен қызыл қырғынның Гитлердің адамзатқа қарсы соғысынан асып түспесе еш кем түспегенін біз әлі айта алмай отырмыз. Кеңес одағының саясаты туралы жазылған керемет кітаптардың ешбірі не орыс тіліне, не басқа тілдерге аударылған жоқ.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар