/

БІР ӨЛЕҢНІҢ БАЯНЫ

6257 рет қаралды

тажмахал2003 жылды аяқтап, 2004 жылды қарсы алар түні “Қазақстан” ұлттық телеарнасы “Бір бала” атты телевизиялық фильм көрсетті.

Фильм қазіргі нарық заманындағы қарапайым отбасының жай-күйінен сыр шертеді. Қиын-қыстау кезеңдегі екіге жарылған отбасыдағы жүдеу тірлік, күйкі өмір. 7 жасар Әсеттің қарындасы Әселдің көңілін табу үшін шырша іздеуі, оған Нұрлан Өнербаевтың кез болуы – фильмнің негізгі арқауы осы. Жинап қойған азын-аулақ ақшасына Әселге шырша сатып Әпермек болған Әсеттің бар қаржысын үптеп кететін маскүнемнің Әсеттің Әкесінің қасынан табылуы және оның Әсеттің аяз атаға жазған хатын оқуы оқиға желісін ширықтыра түседі. Әрине, фильм түсірілгелі бірнеше жыл болды. Оған сыншылар кезінде өз бағасын беріп те қойған болар. Ал, біздің айтпағымыз осы фильмнің – өне бойындағы философияға арқау болған “Оралу” әні жайында болмақ. Бұл өлеңдегі небәрі төрт шумақ фильмдегі басты оқиғаның нәрі десе де болғандай.

“Оралу” әнінің композиторы қазақтың талантты ұлдарының бірі Ғалым Боқаш еді. Фильмде әнді орындаушы да – Ғалым Боқаштың өзі. Ал, өлеңінің авторы – Бақытбек Бәмішұлы. Осыдан он жыл Ғалым Боқаш пен Бақытбек Бәмішұлының басы Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының Көкөзек ауылында жазғы демалыстағы сапары кезінде бір жерде тоқайласады. Бақытбек Бәмішұлының өлеңдері жазылған «Көк дәптер» атты қолжазба жинағын парақтап жатқан Ғалымның көзі осы “Оралу” өлеңіне түседі. Ол кезде өлеңде ат болмаса керек. «Оралу» деп Ғалым қойыпты дейді өлең авторы. Өлеңді қатты ұнатқан сазгер аттай қалап жаздырып алып, ән шығаратындығын айтады. Содан көп өтпей бардтық (гитарамен орындау, әні мен сөзін бір адам жазады және орындайды) дәстүрмен шығарған өлеңін әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің 6-жатақханасының 509 бөлмесіне алып келіп, Ғалымның өзі орындап береді.

Өлеңді бастан-аяқ тыңдап шықсаңыз, көшпенді халықтың бүкіл-бүтін дүниетанымдық ерекшелігін сезінесіз. Құлақ салып көрелік:

Жаратқан ием жар болып,
Оралсаң аман сапардан.
Еңкейген белі жазылып,
Қарсы алып тұрса ата-анаң.

Алдымен бұл өзі қай сапар?- деген ой бірден санаңызға оралары анық. Әрине, бұл сынағы мол ауыр да азапты алыс сапар болуы мүмкін. Бәлкім жаугершіліктен оралған болар, бәлкім әскерден қайтқан шығар? Өйткені, ұзаққа кеткен ұлын аңсаған ата-ананың қайғыдан белі бүгіліп те кететіні бар. Енді “Ұлың келді!” деген сүйіншілі хабарды естіген олардың еңкейген белінің жазылып кетуінің өзі төтенше қуанышты жағдайды танытады.
Ал енді өлеңнің екінші шумағына назар аударыңыз.

Қосылған сүйіп ғашығың,
Ағызып жасын жасырын.
Жұрт көзінен қаймығып,
Амандасса ақырын.

Ата-анаңнан кейінгі ет жақының – сүйіп қосылған ғашығың жұрт көзінен қаймығып, жақындауға дәті бармаса да, көз жасы арқылы ынта-ықыласын танытып тұр. Бұл міне біздің алғашқы болжауымызға жауап болатын ыңғай. Өйткені, сапардан оралған жігіттің бұл жары бүгінгінің – үлкен-кішіні елең қылмай бас салып, құшақтайтын жарына ұқсамайды. Ол – сонау ерте заманның, үлкеннен қаймығып, кішіден именетін кездің жары. Оның еріне амандасуын суреттеу арқылы ақын қазақтың болмысын, ұлттық ибалықты хабардар етеді. Демек, этнографиялық өлең деуге тұрарлық.

Өлеңнің келесі шумағында автор оралушының сапарға кеткенде тәй-тәй басып жүрген ұлының қарақұлақтанып қалғанын, әкесін тосырқап барып, әзер танығандығын баяндайды.

Тосырқап барып, нақ танып, DSC04113
Бал-бұл жанып шаттанып.
Мойныңнан түсіп тізеңді
Құлының жатса жастанып.

“Әке” деген ұлы сезімді ардақтап өскен баланың сапардан келген әкесінің тізесінде өзгеден мерейі тым үстем. Махамбеттің «Өзіңнен туған жаса бала сақалы шығып жат болмай» деген жорықтық жырларының өзі осы жырмен сабақтас жатқандай. Сол үшін де бал-бұл жанып, қуанышы қойнына сыймай жатқан ұлы мойнынан түсіп, тізесін жастанады.

Ұрпақ жалғастығы, бүкіл-бүтін пәлсапасын отбасының бүтіндігінен іздейтін көшпенділердің дүние-танымдық ой-өрісінде басты орынды иеленеді. Ер жігіт отаншыл, халықшыл болуы үшін ең алдымен өз отбасының амандығына бас ауыртады. Бұл шығыстық, қала берді ұлттық идея. Басы аман, бауыры түгел ердің артына алаңдауы да аз болады. Сөйтіп, елін-жерін өзгеден ерек қорғайды.

Отбасымен аман-есен жолыққан оның ендігі нысаны елі-жері болуы керек.

Ақ жусан иісі бұрқырап,акку
Ағайын-жұртың шұрқырап.
Елің-жерің дін аман
Алдыңнан шашса нұр шуақ.

Өлеңнің түйіні де ту баста алған нысанадан аулақ кетпейді. Бір-бірімен жымдасып жатқан, бірінен кейін бірі өрілген шумақтардың барлығы осы. Бірақ кішкентай ғана бұл өлеңде қазақтың дүние-танымы мен болмысын түгелдей дерлік танытарлық идея бірлігі бар. Былай қараған адамға өлең тым қарапайым, өмірдің қарабайыр көшірмесіндей көрінуі мүмкін. Бірақ, айтылған ой мен берілген мазмұн ерекше сыр-сипатқа ие. Тіпті, бүгінде ұмыт боп бара жатқан қазақы салттың, өзгелерге тым түсініксіз болып көрінетін, ал біз үшін ерекше қасиетті дәстүріміздің жаңғырығыныдай. Олай дейтініміз қазақтың өткенінен хабары аз біздің киногерлеріміз ХҮІІІ ғасырдың тарихын баяндаған “Көшпенділер” фильмінде де қыз бен жігітті сүйістіріп, жұрттың көзінше бір-біріне артылтып, құшақтатып қоймады ма? Ал, біздің жарлар елдің көзінше еріне тура қарай да алмаған. Ендеше осы бір шағын өлең ұмыт болған көнемізді де көзімізге елестететіні анық.

Енді өлеңнің қайырмасына назар аударып көріңіздер. Бақытбек Бәмішұлының “Тұмарлы таң” (Алматы, “Атажұрт” баспасы, 2003 жыл) кітабында бұл өлең “Бұдан артық тірлікте” (73-бет) деп аталады. Сондағы қайырмасына назар аударсақ, “Бұдан артық тірлікте, сірә да бақыт бар ма екен?” деп түйінделген. Ал, Ғалым Боқаш бұл өлеңнің қайырмасын “Жалғанда мынау тар мекен. Бұдан зор бақыт бар ма екен” деп өңдейді. Өлеңнің құны бұл қайырмасы арқылы тіпті еселене түседі. Оның философиялық жүгі ауырлайды. «Тірлік», «жалған» – қазақ философиясында синонимдік ұғымдар. Демек, бұл өзгерту өлең мазмұнына сызат түсіріп тұрған жоқ. “Жалған” қанша кең болса да, адамзат баласы үшін тарлық етеді. Ендеше осы бір тар жалғандағы бүкіл-бүтін бақытың осы болмай, не болуы мүмкін. Елің-жерің және отбасың. Демек өлеңнің өн-бойында көшпенділік пәлсапа ғана баяндалмайды, сонымен қатар астыртын патриотизм бар.

Қазір біздің әдебиетшілеріміз әлемдік деңгей, “өнер өнер үшін”, “әдебиет әдебиет үшін” деген сонау орта ғасырлар принципі үшін дауласып жатыр. Ал ол өнерден халық ләззат алмаса, оның несі өнер. Өнердің ұлылығының өзі осындай өзің білетін қарапайым өмірді алақаныңда ұстата білуінде сияқты, біз үшін.

Есен Байнұр

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі