/

Көмбе ме, әлде мәре ме?

910 рет қаралды
1

ат 11Алматы облысының Жамбыл ауданының «Көкбастау» атты бәйге үшін арнайы жасалған алаңында Қазақстан Республикасының Конституциясының 15 жылдық мерейіне арналған Президенттік кубок үшін ат бәйгесі өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген жүз елуден астам сәйгүлік жарыстың құнан бәйге, топ бәйге, жорға және аламан қатарлы төрт түріне қатысты. Сонымен қатар бөктерге ине шаншар жер қоймай жиналған халық Көкпар, аударыспақ, теңге ілу және қыз қуар сияқты ат спорты ойындарын тамашалады.
Ұлттық өнеріміздің асқары ат жарысына деген халқымыздың ізгі ниеті мен ынта-жігерін көріп көңіліміз өсіп, көркейіп қайттық. Алайда, әттеген-ай дегізіп, алдымызды орай берген кейбір келеңсіздіктерге тоқталуды жөн көрдік….
кыз кууАтын атамағаннан кейін, түстеп айту қиын. Көкпар сайысының барысын баяндап, түсіндірушінің аспаннан түспегені белгілі. Тілге шебер шешен аттың да, ат үстіндегі көкпаршының да қыр-сырын аңғарғыш адам болуы керек қой. Ал ол бейбақ ақ пен қараны айырмайтын болып шықты. Ол үшін боз да боз, баран да боз екен. Мәселен көкпардың комментаторы баран атты сайыскерлерді қылаң атты деп саңқылдауы құлаққа түрпідей тисе де, соны ойын аяқталғанша түзей салған бір жан болмады.
Осы бәйгені теле дидардан көрсетті, айтты. Бірақ, жанды дүниеге жан бітіре алмаған режиссерлар мен операторлардың рухсыздығы қынжылтады. Бір-екі жорғаның жүрісі мен сораңдай шапқан бір-екі мәстекті экраннан жылт еткізді. Оның есесіне Көкбастауды көрінбестей шаңға көміп бара жатқан қырық-елу аттың қатар құйғытқан қарқынын қылт еткізсе әлде қайда әсерлі болмай ма? Анау бұрылыста аттың екпініне шыдамай ауып түсіп жатқан шабандозды неге түсіріп алмайды. Бір орында қаққан қазықтай қақшиып тұрып алдынан өткенін ғана малданып, аман-сау қайтқан. Жанын салып жұмыс істемеген. Осыдан келіп экранға жансыз сурет шыққан. Бұл біздің мамандарымыздың я жалқаулығын,я кәсібін дұрыс меңгермегендігін көрсетеді. Жалпылама бір сурет көрсетіп, бір адамды сөйлетсе болды. Ізденіссіз, баяғы жартас…

Түркияда болған бір сапарымда елдің Әнұраны айтылған сәтте жүріп келе жатқан бүкіл жан сол орындарында қалшиып қатып қалғанын көріп, қызығып едім. Ал бізде Әнұран ойналып еді, құдайға шүкір, бар жұрт – көрермен орнынан тұрғанымен жүрген тұрғандардың аяғы тиылмады, сапырылыс, күбір-күбір сөйлеген дауыстар басылмады. Бейне бір мазақ қылып тұрғандай қарқылдап күлісіп, құшақтасып амандасып жатқандар да барын көргенде, мәдениеттің жетіспей жатқандығына іш аши тұра Елдік рәміздерді құрметтеу, насихаттау кемшін екен деген ойға қалдық.
кокпарРеті келген соң айту парыз тағы бір жай, ол – тілдік қолданысқа байланысты. Мәселен, атам заманнан бері ат жарыстырып келген қазақ үшін бәйге – ежелгі дәстүр. Сол бір ықылым заманнан бері қазақ ат тосатын жерді көмбе десе, ал ат қайтатын жерді түп деп атап келгенін мына тойды ұйымдастырушылар әлі күнге дейін шатастырып, көмбені “мәре” деп, ал түпті “көмбе” деп атауды қайдан алғанын түсінбедік.

Қарамер

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Өте дұрыс пікірлер, иә, бәрі де Рухқа байланысты болып тұр ғой.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар