Астанаға әлем назары ауа бастады

567 рет қаралды
1

saudabayevҚырғызстанда өткен сайлау елдің әрі қарайғы дамуында шешуші рөл атқармақ. Сондықтан осы елдің өкіметі мен барлық саяси күштерін ЕҚЫҰ іс басындағы төрағасы, Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев жақында ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы мінберінен жауапкершілікке шақырды.

Ауғанстан туралы

Палермода осыдан он жыл бұрын қабылданған БҰҰ-ның ұйымдасқан қылмысқа қарсы Конвенциясының тиімділігі Орталық Азия үшін де маңызды екендігіне тоқталды Саудабаев. Ауған мәселесі бойынша ғана емес, «Қырғызстандағы терең саяси дағдарыс салдарынан» да аймақтағы қауіпсіздік сынаққа түсуде.
«Ауғанстан бұрынғыдай біздің елдерімізге есірткі жеткізетін ірі тасымалдаушы ретінде қалып, осы арқылы ұйымдасқан қылмыстың дамуына жағдай жасап, аймақтық тұрақсыздыққа дем беруде», деп атап өтті министр. Бұл тақырып желтоқсан айында Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммитінде қаралатын негізгі мәселенің біріне айналмақ. Онда соғыстан кейінгі Ауғанстанды қайта қалпына келтіру ісіне ұйымның араласу деңгейін көтеру мәселесі мемлекет басшыларының талқысына ұсынылмақ. Оған қоса министр Қазақстанның Ауғанстанда екіжақты негізде медициналық және білім беру мекемелерін, жолдар салып, елеулі гумантиралық көмек көрсетіп жатқандығын еске түсірді. Мәселен, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ауған азаматтарын бейбіт мамандықтарға оқыту бастамасы аясында Астана 50 млн доллар бөлген.

Қырғызстандағы жағдай жайлы

Әлбетте, Қырғызстандағы жағдай Парламенттік ассамблея депутаттары назарынан тысқары қалған жоқ. «Қазақстан төрағалық қызметті алған кезде ешкім де көрші әрі ағайын Қырғызстанда ауыр саяси дағдарыс болады деп топшыламаған», деп атап өтті Саудабаев. ЕҚЫҰ көрші елде қақтығыс басталған алғашқы күннің ертесінде-ақ өзінің арнайы өкілдерін Қырғызстанға аттандырған.
Министр өз сөзінде «АҚШ, Ресей және Қазақстан президенттері Барак Обама, Дмитрий Медведев, Нұрсұлтан Назарбаевтың үйлестірілген әрекеттері арқасында Қырғызстанның азаматтық соғысқа қарай құлдырауы тоқтатылғанын» айтты. Осы бірлескен іс-әрекеттің өзі ұйымның дағдарысты жағдайларды реттеп, қақтығыстан кейінгі кезеңде оны қайта қалпына келтіру ісінде үлкен мүмкіндігі барын паш еткен.
Алайда 10 қазанда Қырғызстанда парламент сайлауының өтетіндігін еске сала отырып, Саудабаев осы елдің өкіметі мен саяси күштерін халықтың демократиялық таңдау жасауына барынша жағдай жасап, сайлаудан кейінгі кезеңде жауапкершілік пен даналық танытуға шақырды.
«Жаңа биліктің күн тәртібінде – қордаланып қалған мәселелерді шешу, ең алдымен бұзылғанды қалпына келтіру. Бұл тек қана елдің оңтүстігіндегі елді мекендерге ғана емес, мемлекеттік биліктің барлық инфрақұрылымына, қоғамдық келісім мен этнос арасындағы сенімге қатысты», екендігіне тоқталды министр.
Саудабаев Қырғызстан президенті Роза Отунбаеваның маусым оқиғаларына ЕҚЫҰ ПА Орталық Азиядағы арнайы өкілі Киммо Кильюненнің жетекшілігімен халықаралық тергеу жүргізу бойынша бастамасына қолдау білдірді. Оған қоса ол қырғыз басшылығымен жасалған уағдаластық бойынша ЕҚЫҰ полицейлерін парламент сайлауынан кейін бірден осы елде орналастыру бойынша шешімге келгендерін хабарлады.
Қазақстан Президентінің бастамасымен Қырғызстанды қайта жаңғырту бағдарламасы жүзеге асуда. Алғашқы шараларға Қазақстан 11 млн доллар бөлген.

Астана саммитіне дайындық жөнінде

Министр трансұлттық ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлық тақырыбына арналған конференциядан кейін ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблея төрағасы Петрос Эфтимиумен, ЕҚЫҰ Бас хатшысы М.Перрен де Бришамбомен, АҚШ Хельсинки комитетінің төрағасы, сенатор Бен Кардинмен кездесіп, алдағы Астана саммиті жайы талқыланды.
Эфтимиу «ЕҚЫҰ ПА Қазақстанның төрағалығын және саммит өткізу туралы бастамасын ең жоғарғы деңгейде қолдайтынын» білдірді. Ол тіпті ЕҚЫҰ елдері өкімет басшыларының 11 жыл үзілістен кейін ұйымдастырылып отырған осы саммитке өздерінің тікелей қатысуларын сұрап, үндеу жасауға ниет танытып отырғанын жеткізді. Бришамбомен кездесуде Астана саммиті қорытынды құжаттарын дайындау барысы, көптеген елдердің осы ретте өз ұсыныстарын айтып жатқандығы сөз болды. Қазіргі таңда әртүрлі елдердің бұл орайда ұстанымдарын сәйкестендіру мәселесі қаралуда.
Сенатор Кардин де Қазақстанның төрағалығын жоғары бағалап, оның тиімді жүзеге асқандығын жеткізді. Әсіресе, республиканың Ауғанстан мәселесін шешуге айырықша назар салып отырғандығын қолдайтындығын білдірді. Оған қоса Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын қамтамасыз ету бойынша бұған дейін алған міндеттерін орындап отырғандығы айтылды. Саммит қарсаңында 26-28 қарашада Қазақстанда ЕҚЫҰ-ның 3 қорытынды конференциясы өтіп, оған ЕҚЫҰ-ға мүше барлық елдердің үкіметтік емес ұйым өкілдері қатыспақ.
Алдағы Астана саммитінің маңыздылығы Эфтимиудің сенаторлармен кездесуі кезінде де талқыланды. ЕҚЫҰ ПА жетекшісі қазақстандық депутаттарды ортақ мақсатқа жетудегі «Ассамблеядағы ең бір белсенді» жұмыс істейтін топ ретінде бағалап, Қазақстанның «Орталық Азия аймағында тұрақтылықты сақтауда маңызды рөлге ие» екендігін атап өтті.

Сырт көз – сыншы

Астана саммитінің табысты өтеріне сенім мол
Қазақстанның ұйымға төрағалығы мен Астана саммиті Парламенттік ассамблеяның күзгі сессиясының күн тәртібіне енбесе де, үш күнге созылған жиындағы негізгі тақырыптардың бірі болды.
Петрос ЭФТИМИУ, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының төрағасы:
– Біз барлығымыз Қазақстанның төрағалығын қолдаймыз. Астана саммитінің табысты өтіп, онда қабылданатын декларацияның ұйым үшін ең бір маңызды шешімдер әкелетіндігіне сенеміз…
Марк Перрен де БРИШАМБО, ЕҚЫҰ Бас хатшысы:
– Сіздердің саммит арқылы Еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік қауымдастығын құру бойынша саяси ұмтылыс көрсеткендеріңіз маңызды… Қазір Қазақстан тарапынан өте күшті команда жұмыс істеуде. Қазақстанның төрағалығы Алматыда шілде айында министрлерінің ресми емес кездесуін ұйымдастырып, соның нәтижесінде олардың 11 жылдан кейінгі жиынды өткізу туралы келісімге келуі арқылы ұйымның жұмысын алға жылжытты.
Астана саммитіне 2 айдан да аз уақыт қалды. Бұл саммит ЕҚЫҰ мемлекеттері үшін «қырғи-қабақ соғыс» аяқталғаннан кейінгі дәуірдің парағын жауып, жаңа еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздіктің жаңа тарауын бастауға бірегей мүмкіндік береді. Әлем назары енді Астанаға ауа бастады.
Александр КОЗЛОВСКИЙ, РФ Мемлекеттік Дума депутаты, ЕҚЫҰ ПА вице-президенті:
– Қазақстанның төрағалығы – шығармашылық төрағалық. Ол бұған дейінгі осы ұйымдағы төрағалық туралы, оның ұйымда қандай рөл атқаруы тиістігі жайындағы жалпы түсінікке бетбұрыс жасады. Қазақстан көптеген шығармашылық ұсыныстар даярлады. Соның ішінде Астана саммиті – төрағалық кезінде атқарылатын ең бір үлкен шаруа. Осы мәселе көтерілген кезде кейбір елдер: «бұл жиын керек, керек емес, барамын, бармаймын» деп созып жүріп алғандарын білесіздер. Соған қарамастан Қазақстан өз ұсынысын табандап өткізе білді. Қазақстанның ұстанымы құрмет көрсетуге лайық. Тіпті осында жұмыс істеген делегацияның өзі – өзгеше. Олар осында айтылған әрбір пікірге құлақ асады. Олардың жұмысынан өзін-өзі, елді жарнамалау, дабыра көтеру байқалмады. Қазақстандықтардың сөздері істерімен үйлесіп, іскер бастамалары ЕҚЫҰ жұмысын жандандыруға бағытталғаны анық көрініп тұр. Қазақстанның әлемдік деңгейде осыншама жарқын жұмыстар атқарғандарын мақтан тұтамын. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның келесі төрағалары үшін жаңа биікті белгіледі.
Астана саммитінде қандай мәселе қаралуы мүмкін? Шыны керек, қазір мәселе шаш етектен. Ең бастысы, ұйымға мүше елдер жиында бір-біріміздің бетімізге күлімсірей қарап, іле-шала теріс айналып кетпей, қайшылықтардың бәрін артқа тастап, шын ниетімізден ортақ мәселелерді шешуге тәуекел етейік.
Алааттин БУЙЫККАЯ, Түркия делегациясының жетекшісі, депутат:
– Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға болғаны үшін біз бақыттымыз! Бәріміз – түркі тілдес мемлекеттер емеспіз бе?! Қазақстанның төрағалық кезінде айрықша пайдалы, тиімді шаралар қолға алынды. Мәселен, мен ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы бойынша Қазақстанда өткізілген бірнеше жиынға қатыстым. Сонда осы елдің өркениетті, демократиялы, ғажап екендігіне көзім жетті. Астана саммитіне келсек, біз үшін онда армян мәселесінің қаралуы маңызды. Бірақ келешекте қақтығыс мәселесін саясаткерлер емес, тарихшылар қарайтын кезеңге жетуіміз керек. Ол үшін Астана саммиті ұйымның жұмысына жаңа дем беріп, бүкіл әлемнің бейбіт тіршілік кешуіне үлес қосады деп сенемін. Салимзода ОЛИМ, Тәжікстан делегациясының жетекшісі, Тәжікстан Парламентінің халықаралық істер жөніндегі комитет төрағасы:
– Қазақстанның төрағалығы Шығыс пен Батыс арасындағы жаңа кезеңнің басталуына негіз болып, өзара сенімді нығайтуға үлес қосуда. Өйткені лаңкестікке қарсы бірлесе күрес, есірткі және қару-жарақ, адам саудасына қарсы күрес, Ауғанстанды қалпына келтіру ісі Қазақстанның төрағалығында басымдылыққа ие. Қазақстанның төрағалығын осы ұйым тарихындағы ең бір табысты басшылық деп айта аламын.
Қырғызстанда қақтығысты жағдай болған кезде, Қазақстан ұйымның төрағасы ретінде бірден көрші мемлекетке сарапшылар жіберіп, жедел жұмыс атқарғанын көрдік. Қазақстанның Орталық Азия елдері арасынан дүниежүзілік қауымдастықтың назарын аударып, аймақта ЕҚЫҰ мемлекеттік басшылары саммитін өткізуге қол жеткізгені – біз үшін мақтаныш. Астана саммиті ұйымның ғана емес, әлемдік ынтымақтастыққа серпіліс береді деп ойлаймыз.
Алайда саммитте әр мемлекет өзінің жеке мәселесін көтере берсе, одан нәтиже шығуы екі талай. Тәжікстанда да қиындықтар жетеді. Бірақ саммитте мемлекетаралық қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру маңыздырақ. Себебі сонда ғана кез келген күрделі халықаралық мәселені ынтымақтаса отырып шеше аламыз.
ЕҚЫҰ ең бастысы халықаралық қауіпсіздікті, тығыз қарым-қатынасты қамтамасыз етуі тиіс. Бұл ретте әлемдік қауымдастықтың назарын Ауғанстандағы жағдайға аударған маңызды. Осы күзгі сессия кезінде де есірткі тасымалына, ұйымдасқан қылмысқа қалай тосқауыл қою керектігі талқыланып, әрқилы пікірлер айтылып қалды. Меніңше, бұл орайда Қазақстанның Ауғанстанды қалпына келтіру бойынша гуманитарлық бағыттағы жұмыстары маңызды.

Жемқорлық – өркениетке қарсы жарияланбаған соғыс
Сыбайласқан жемқорлық қазіргі жағдайда ішкі мемлекеттік мәселеден ғаламдық мәселеге айналуда. Бұл туралы Қазақстан Парламенттік делегациясының жетекшісі, сенатор Қуаныш Сұлтанов ЕҚЫҰ ПА күзгі сессиясы аясындағы трансұлттық ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықпен күрес мәселелеріне арналған конференция кезінде айтты.
Жемқорлықтың ғаламдық сипат алуы халықаралық қауымдастық ауқымында тиісті шаралар қабылдауды қажет етеді. Сенатордың сөзіне қарағанда, «ұйымдасқан қылмыс, сыбайласқан жемқорлық пен лаңкестік» бір текті әрі көп жағдайда бір-бірінен ажырамайды. «Бұл құбылыс – адамзат үшін сынақ қана емес, өркениетке қарсы жарияланбаған соғыс, ашық қауіп-қатер”. Сыбайласқан жемқорлық деңгейі қоғам санасы мен мәдениетінің деңгейін айқындап қана қоймай, ең алдымен мемлекеттің өзінің, мемлекеттіліктің бәсекелесіне айналмақ. Бұл орайда сенатор итальян тәжірибесінің қызықты болғандығына тоқталды.
«Италия, әсіресе осы Сицилия мафиясы ежелден атағы шыққан. Осында Италия Ішкі істер министрін, Бас прокурорын, Әділет министрін тыңдадық. Сонда олар сыбайласқан жемқорлықпен, мафиямен күрестегі өз тәжірибесімен бөлісті» деді Сұлтанов. Оның айтуынша, итальян құқық қорғаушылары ең алдымен ұйымдасқан қылмысқа қарсы заңдық кеңістік жасап, онан кейін оның сақталуын қатаң қадағалайды.
Итальян делегациясының жетекшісі, ЕҚЫҰ ПА вице-президенті Риккардо Миглиори «Айқын» газетіне берген сұхбатында ұйымдасқан қылмыспен күрестегі ең тиімді жол – олардың ресурстарын тәркілеп, қылмыс жолымен пайда табу көзін тұмшалау екендігін айтты. «Мафияның діні – ақша. Біз олардың ақшасынан айырамыз» деді итальяндық депутат.
Қазақстан өкілдері де сыбайласқан жемқорлықпен күрестегі өз тәжірибелерімен бөлісті. Сенатор Қуаныш Сұлтанов Қазақстанда сыбайласқан жемқорлықпен күреске азаматтық қоғам қоса жұмылдырылып, «заң шығару деңгейінде жемқорлыққа қарсы саясат» алға қойылғанын жеткізді. Қазақстан жемқорлыққа қарсы күрес бойынша заңдарын жетілдіре түсуде.
Ұйымдасқан қылмыс пен сыбайласқан жемқорлықты әлі бірде-бір мемлекет түп-тамырымен жоя алмағанымен, оны азайтуға олардың әрқайсысының үлес қосып жатқандығын баяндады Парламент Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитет төрағасы Әмзебек Жолшыбеков. Дегенмен оның ойынша, жемқорлықпен күресте кейбір еуропалық елдер екі түрлі стандарт қолданып отыр. «Мысалы, біздің елімізде қылмыс жасаған кейбір тұлғалар шетелге кетіп, әр түрлі себептермен сол тиісті конвенцияларға бізді қабылдамау салдарынан оларды отанына, қылмыс жасаған жеріне қайтару мәселесі шешімін тапқан жоқ», – деді депутат.
Мемлекеттің сыбайласқан жемқорлық деңгейін анықтайтын негізгі үш көрсеткіші бар екендігін алға тартты Transparency Іnternatіonal ұйымының Еуропа және Орталық Азия аймағы бойынша директоры Миклос Маршалл. «Бұл – ең алдымен мемлекеттегі ІЖӨ. Яғни экономикалық көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, жемқорлық деңгейі де соғұрлым төмен болады» деді халықаралық ұйым өкілі. Сонан кейін мемлекетте бизнесті еркін жүргізу мүмкіндігі мен қоғамдық бақылау – сыбайласқан жемқорлық деңгейіне әсер етуші факторлар. Оған қоса Маршалл елде терең саяси реформалар жүрмейінше, сыбайласқан жемқорлықпен күрес тиімді болмайтындығына тоқталды.

Айжан Көшкенова, “Айқын газетінен”

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Кім не айтса, оны айтсын, қырғыздар бекерден-бекер қан төкпепті. Парламенттік мемлекет, яғни сол мемлекеттің нақты иесі халықтың өз қадағалауында болатын билік жүйесін құрғалы жатыр. Тек, осы істе Құдай қырғыз бауырлардың тілегін бергей. Әумин!!!

    Жай жатқан адамға, қорқақ тобырға билік басындағылар өз- өзінен жаны езіліп жақсы өмір сыйлай қоймайды, жақсы өмірді қырғыздар сияқты жеңіп алу керек. 2012 жылы бізде Президенттік сайлау, Қырғыз үлгісі Қазақстанға сабақ болар ма екен?!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Жер сілкінген күн

Үйде жалғыз отырғанмын. Бір шыны шай ішейін деп ас үйге кіріп шайымды ауызыма ала бергенім сол

Уақыт тоқтаған күн

  Жалпы адамзат баласын таңмен таласа ұйқысы қанып оянып, тұрып, тамағын тауып жесін, күн ұясына батып,