/

ЕЛ БОЛУ ЕСIМIЗГЕ БАЙЛАНЫСТЫ (өзгеріссіз қалған өзекті тақырып – 13.10.2010)

907 рет қаралды

Қазiр бiзде бiр мәртебелi қонақты қабылдағанда қазақша құлпырып киiнген қыз-келiншектер табақ толған таба нан мен бір уыс тұз тартып жатады. Мұны жасатқан жан да, дәм ұсынып тұрған кiсi де, дәм ауыз тиiп жатқан адам да кiмнiң жора-жосынын iстегенiне мән бере бермейдi. Әрине, нан мен тұз аса қадiрлi дәм. Бiрақ, қазақша қызғалдақтай киiнген бойжеткеннiң қадiрлi қонағына көрсетер ұлттық рәсiмi, дәстүр-салты осылай ма?
Ағалар төс қағыстырып амандасып, аналар шашуын шашып, бозбалалар есiк ашып, бойжеткендер iзет көрсететiн бiр мысал. Осыдан келiп қазiргi рухани байлығымыздың деңгейi қалай дегенге аз-кем тоқтауға тура келедi.

Қазақта “не ексең, соны орасың” дейдi. Бұрын еккенiмiз ендi дәнiн бере бастады. Таңдайға кермек татиды, ащы деп айтуға да ауыз барады. Ол үшiн өскен дән кiнәлi емес. Қазақтың дiлiнiң өзегi ар мен намыстан жаратыла тұра тоталитарлық жүйенiң қасаң да қатты қалыбында соғылған кiрпiштердiң ойлау тетiгi, таным-түйсiгi өзгеше өзгенiкiмен қалыптасты. Ұлттық психология негiзi болатын ұлттық идеология жат болып, жалған интернационализмнiң жаншуында өмiрге дүбәра өнiмiн әкелдi. Аналық мейрiмнен ада, тұқым иiсi мұрынының үшiне де жетпеген инкубатордан шыққан тек жем жеп, бөтегесiн бұлтитуды бiлетiн тауықтар дүниеге келдiк. Жылқыны телiп, сиырмен будандастырған, малыңды былай қойып, адамыңа атомның зардабы сыналған тәжiрибенiң қояндарының көжегiмiз. Аяғы арқасынан, басы бауырынан шыққан бұзаулармыз. Бұның ақыл-есiн сұраудың өзi азаттық, сұрамасаң су түбiне бата беремiз, бата беремiз. Құлықтан айырылып құрдымға құлдырағанда құдайдың қуатымен жан шақырып, жан дүниесiнен табиғи жақсы қасиеттерiнен айырылып, наркоздан тұрғандай денемiздегi зердемiз де жансар.
Бауырдағы басты орнына, арқадағы аяқты бауырға апарып, қақыраған құлықты қайта жинау да бiр күн, бiрнеше жылдың шаруасы емес, сондай тозған қоғамды да төрт аяғынан тiк еткiзiп қоя салам деу де бiр демде қолдан келмейдi. Екеуi егiз, бiрiнсiз бiрiнiң күнi қараң.

Қоғамды шетелдiк инвестицияға сүйенiп күшпен жетiлдiруге ұмтылған тұста, есiмiз ескiнiң шырмауында қалжыраған қалпында, ойлау жүйесiнiң қасаңдығы мешеудей меңiрейiп, құлқымыз жан-дүниемiзге орала қоймай отыр. Осының салдарынан ой өресiнiң өзгешелігі, сана ауласының тарлығынан көптеген iсiмiз ұлттық мүддемен қабыса алмай қайшылыққа ұшырады. Ақыл-ойдың отаны жұртта қалып, ойлау қабiлетiмiз қара көзiлдiрiктi күйiнде бұрынғы шеңберiнен шыға алмай арпалысқан ала құйын тұста, халықтың қауымдық дәулетiнен үлесiн бұрынырақ алып үлгерген, iске шалымды iскер топ қарабайыр халықтан оқ бойы озып шықты. Алайда, олардың заты кешегi көптен шыққан ортасына байланысты Ұлтынан оқшауланған “тұлпарлар тобы” ұлтымен қауыша алмай жатса, ол заманның зауалы, еккен дәнiмiздiң жемiсi. Олар ұлтымен қауышқанша белгiлi бiр уақытты талап етедi. Қазiр басталып кеткен осы мерзiмде “ұлтжандылық танытып”, “өз ұлтының болашағы үшiн” деген желеумен алтын, күмiс араласқан топырағыңды құрбандыққа шалып жiберу, ертеңнiң еншiсiн тәркiлеу – ат төбелiндей топтың ықпалымен, оның қанжығасында шырылдаған ұлттық идеологияның өлiмшi халiн елестетедi.

Ой көзінің отсыздығы, көсiле зерделеу қабiлетiмiздiң күңгірттігі нарық тек жеке бастың баюы деген шикi түсiнiкпен күрделенiп, сана мешеулiгi нарықтың шырғалаңында туындаған заманауи арық ахуалды билеуге өремiздiң кемшiндiгi қолтығымыздан үрлеген әлдекiмнiң желiктiруiмен жер қойнауын талан-таражға салуға икемдеді. Заманына қарай бөркiмiздi кидiк дегенiмiзбен, өзiмiздiң қазақ екенiмiздi, қазақтың жерi қазақтың жаны екендiгiн түйсiнетiн уақыт әлi жеткен жоқ. Ой жүйесi шеңберленгендiктен тек жоғары-төмен қараймыз. Жоғарыда – көк, төменде қара жер, көлбей көз салуға қабiлетсiзбiз. Сондықтан, ой-санамыз әсiресе саяси аспандап, бос кеңiстiкте самғайды. Табаны жер иiскемеген, көкте жүрген “қанатты тұлпарлар” жерге қалай жаны ашиды. Өйткенi, Қазақстан – бiздiкi, менiкi емес, бiздiкiне ешкiмнiң басы ауырмайды. Кешегі Махамбеттің мені мен бүгінгі Бақытбектің мені жер мен көктей. Өзiмiзге өзiмiз өгеймiз. Себебi, бiлiмiмiз болғанымен, саналығымыз самарқау, зейiнсiзбiз. Зиялы тек көргендiлiк – әдептiлiк емес. Ол – жетiлген, жетелi зердемiз. Оқымаған, тоқымаған адамды қазақ “зиынсыз екен, санасыз екен” дейдi. Танымыңның тырнақтай түрiн көрiп түңiлгендiгi. Адамның көргендiлiгi де, көзсiздiгi де өскен ұя ортасында қалыптасады. Топырақтың құнарына қарай өнiмi, жерiне қарай дәнi болмас па?

Өзiңдiкi өзгенiкiмен мидай шатысып, ұлттық құндылықтарымыз табан астында жаншылып, басқаның балынан молырақ өзектенiп өскен ұрпақтан ұлттық нышан iздеп, оны талап етудiң өзi артық болар. Қоғам дамуының табиғи жолынан зорлықпен бұрылып барып оралған бiз үшiн идеялық осалдықты жеңiп алмай тұрып, айға ауыз бiлеп, жұлдызға жол салам деуiмiз әсiре құлшыныс әрiсi тым қомағайлық. Құлқын қамын толтырудан бұрын құлықты қайтару харекетiне құлшыныс керек. Аспаннан салбыратып iлiп қойған әшекей әдемi, бiрақ топырағыңнан өнген ағаш нәрлi әрi өмiршең. Шетел капиталистерiнiң инвестициялары енгiзер озық техникалар мен технологиясына жұмыстап, оны меңгерiп, үйрену бiр басқа. Ой тоқырауын бұзып, соңғысына басым назар аударылмайынша ұрпақ жаңа өндiрiстi қабылдап ала алмайды. Орыс, немiс кетiп қалса, өндiрiсiмiз тоқтап қалады-ау деп кiбiртiктеп отырған көбiмiз кейiн де кеюiмiз әбден мүмкiн. Өзiңнен тумай ұл болмайды деген аталы сөздi еске салады. Бұл өзгенiкi нәр болмайды, ол бiр үкiдей бұлғақтаған сұлу деген сөз. Машинаны меңгеру – роботтың iсi. Дарынның бойынан ұлттық құлық табылмаса, ол басқаның бақыты. Құлықшын, сана мен зерде – ұлттық идеологияның жемiсi. Онсыз халық жерiне де, елiне де ие бола алмайды.
Баяғыда ат басындай алтынға айырбастаған Аляскасын Ресей ендi атан түйедей алтын берсе де қайтара алмайды. Екатерина патшасын сонысы үшiн кешiрмейді. Бұл Ресейдiң өзегiн өртеген ең үлкен өкiнiшi. Сонда қатын патшаның жомарттығына Алясканың алыстығы себеп болған жоқ, халқын жан-тәнiмен сүйе алмаған санасыздығынан алып территориясынан айырылған. Қандай өкiнiш, қатын патшаның пұшайман халiн көремiз. Аянышты!

Бiздiң жер сатамыз деушiлер – бiздiң “қатия ханшаларымыз”. Бұл бесiгiмiз түзелейiн дегенiмен, есiмiздiң кiре қоймағанының куәсi, рухани азғындығымыздың айнасы, патриоттық сезiмнiң иiсi мұрынға жетпей жатқандығының белгiсi. Ұлтжандылыққа қаншама зәру екенiмiздi және ұлттық таным түйсiгi жетiлмесе қанша бай, бiлiмдi болғанмен, оның жасаған жақсылықтары ұлттық мүддемен қауыша бермейтiндiгiн көрсетедi. Ат байлығы мен зат байлығын қатар жарыстырмай, бiз де өкiнiп қалуымыз мүмкiн.
Батыс пен шығыстың байыған елдерi өздерiн “барыспыз” деп жар салып жатады. Бiрақ, барыс – дүниедегi ең азайып бара жатқан аңның бiрi. Ашуы да, айласы да астам, қарпып, қауып асауы да алымды. Әманда осылардың аузынан сақтануымыз керек. Сақтану үшiн сақ болуымыз абзал. Ергенексiз есiктен кiм кiрмейдi. Шетел инвестициясының көкейiн тескен – қазақтың жерi. Қазақта жер көп деп күпиемiз. Оның алпыстан астам процентi құм-шөлейт екенiн бiле бермеймiз.

Жердi жалға бердiк. Сонда жалдайтынымыз Маңғыстаудың мұнайы, Қарағандының көмiрi, Текелiнiң темiрi, Алтайдың алтыны! Капиталистер Бетпаққа бармады, құмға қарады ма?!…
Кезiнде бiр американдық “ақ нәсiлдiлерден жалшы салған жапандағы жалғыз халық” деп мұңғылдарды “мақтапты”. Сонда, ол сол ақ нәсiлдiлердiң мұңғылдың отымен кiрiп, суымен шығып жүрген сыңайымен қырық емес-ау, айналасы оншақты жылда күмiс төбесiн күл төбе етiп кеткенiн қайдан бiлсiн.

Жер мәйегi мәңгiлiк емес. Мәйегi таусылған күнi жалдаушы жалт бередi де, бөтегесi безденген жер өзiмiзде қалады. Мәйексiз жер – ол да бiр көр.
Нарық жолымен баюдың дәстүрлi негiзi қалыптаспаған халқымыз кедейдiң бiр тойғаны шала байығаны деп, шетел инвестициясына да иек артып, лезiмде iркiлдеудi көздер бұрын, жер мәселесiне келгенде iштарлық танытуымыз артық болмайды. Ойып отырып опырып жеуiмiз он жетi миллион халқымыздың бойы мен ойына шақталмаса, асыл жерден алғанымызды қайтарып бере алатын ақыл-ойымыздың саналығы шамалы. Бес-он жылда бес-бес машине мiнiп, Шолпанға барып шомылып, Марсқа малдас мiнiп отырмайық қоқиып. Ел – жерiмiздiң иесi. Құм-шөлiмiздiң қожасы болу – ұлттық рухани байлығымыздың бай мұрасына сүйене отырып, ой-сананы ескi жөргегiнен жаңа бесiгiне бейiмдеп, жалпы отандық (кеңестiк) құрсаулы патриотизмнен жалғыз отандық (қазақстандық) еркiн ұлтжандылықты қалыптастыру.
Ұлттық идеологияның мәйегi – ұлтжандылық. Ұлтжанды ұрпақ зейiндi зерделi, сауатты, саналы. Ол ел мен жерiнiң дербес иесi. Ел болу есiмiзге байланысты.
“Шалқар”, 04.08. 1995. N 29

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар