Нұрмедиа: Кім ұтты, кім ұтылды?

5353 рет қаралды
2

untitled2009 жылдың жаңа жылынан «Нұрмедиа» холдинг жұмыс істейді. Оның құрамына«Литер», «Айқын», «Түркістан», «Нұр Астана», «Дала мен қала», «Известия-Қазақстан», «Астана» телеарнасы, «NS» радио станциясы секілді ақпарат құралдары енеді. Естеріңізде болса, холдингтендіру ісі басталған кезде шығыстағы журналистеріміз «Шығыс медиа» холдингіне енуге қарсылық танытып, жеке ақпараттық саясат жүргізуді жөн көретіндіктерін білдірген еді. Бірақ, олардың қарсылықтарынан ештеңе өнбеді. Билік дегенін істеді. Міне, содан бері бір жарым жыл уақыт өтті. Қазақ ақпаратын холдингтендіру бізге не берді? Біз осы тұрғыдан зерттеу жүргізіп көрген едік.

«НҰР ОТАННЫҢ» НАСИХАТЫ КӨБЕЙДІ

Ең әуелі газетте бұрыннан қызмет істеп келе жатқан қызметкерлермен жүздесіп, сөйлесіп көрдім. Әрине, бұл тұрғыдан біз бұрын барынша тәуелсіз саясат жүргізуге тырысқан –«Айқын», «Түркістан» газетінің тілшілерімен сөйлесуді жөн көрдік. Әрине, олар аттарын көрсетпеуді талап етті.

image2 «Айқын» газетінің тілшілері:

– «Нұр отан»партиясын насихаттайтын материалдар өте көбейіп кетті. «Нұр отан» өткізген барлық жиындар мен конференциялар ақпарат ретінде міндетті түрде берілетін болды. Саяси сараптамамыздың өзі «Нұр отан» партиясының саясатына үйлестірілетін болды. Сын материалдар азайды. Балама пікірлер берілмейтін болды. Мемлекеттік тапсырыспен даярланатын материалдар көбейді.
Бір жақсы жағы «Литер медиа» кезінде кейбір саяси сарапшыларға тыйым салынатын еді. Мәселен, Айдос Сарым, т.б. арнайы фамилиялар болатын Бұл сол кездегі басшылардың жеке көзқарасына қатысты болса керек. Айдос Сарым, Әлихан Бәйменовтерге қазір орын берілетін болды. Бұл да біз үшін үлкен жетістік.
– Бұрын «Литер медианың» тұсында президентті ғана сынауға болмайды, қалғанын сынай беруге болады дейтін. «Нұрмедиа» құрамына енгеннен кейін бүкіл билік тармақтарын сынаудан ада қалған секілдіміз. Үкіметтегі де, партиядағы да олқылықтар ауызға алынбайтын болды. Шын мәнісінде олар да қателеседі ғой. Партиялық насихат көбейді. Қазіргі жүргізіліп отырған мемлекеттік саяси курс қана насихатталады. Мәселен, «Жолдауға – қолдау» жыл бойы жүргізіліп отыратын болды. Оппозицияға эфир берілмейтін болды. Бұрын Жармахан Тұяқбай, тағы басқа да оппозиция серкелері ара тұра газетке шығып тұратын еді. Қазір оппозиция туралы ауызға да алмаймыз.

«Түркістан» газетінің тілшілері:
ТуркестанМенiңше, «Нұрмедиа» құрамына енгелi берi «Түркiстан» газетiнде шығармашылық тұрғыда айтарлықтай өзгерiс не серпiлiс болған жоқ. Материалдық жағынан алғанда да, қызметкерлер жалақысына азын-аулақ тиын-тебен қосылғаны болмаса, тiлшiлер қауымының қалтасы қалыңдады деуге келмейдi.
Есесiне, журналистердiң шығармашылығына бақылау мен қадағалау күшейiп, билiктiң тапсырысымен жазылатын науқандық материалдар (мысалы, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы, Президенттiң немесе Астананың туған күнi т.б.) қатары артты. Сорақысы сол, бұрын онсыз да төбеге үнемi төнiп тұратын «ұртоқпақтан» ығып, сөздердi «жұмсартуға» тырысатынымыз аздай, ендi қарапайым сөздердiң өзiне синоним iздеп, әбiгерге түсетiн болдық. Билiкке немесе ықпалды кей тұлға, кәсiпорынға қатысты сәл қатқылдау айтылған сөздердiң негiздiлiгi мен орындылығына, фактiлердiң айқындылығына қарамастан, сөйлемдердi «жұмсартуға», көп жағдайда мақаланың құлақ-мұрнын құнтита қысқартуға құмар. Сөз жоқ, психологиялық тұрғыда жасалатын мұндай қысым журналистi «сен тимесең, мен тименнiң» керiн келтiретiн жалпылама сөйлемдерге жүгiнуге мәжбүрлейдi. Әрине, бұл тек бiр бiздiң ғана емес, отандық БАҚ-тың басым бөлiгiне тән проблема. Бүгiнде әрiптестерiмiздiң көпшiлiгi қоғам үшiн түйiндi түйiткiлге айналған кез келген мәселенi батыл қаузауға қауқарсыз. Өйткенi, редакцияның ұстанатын бағытына қайшы келмеу саясатымен бiрге сәл мүлт кеткен сәтiңдi аңдып тұратын (көп жағдайда көзге көрiнбейтiн) «ұртоқпақ» бар. Осының салдарынан журналистiң айтар ойы – шашыраңқы, пiкiрi – жалтақ, мақсаты – бұлыңғыр.

Тобықтай түйін:

Екі газеттің қызметкерлері де бірдей проблеманы сөз етіп отыр. Олардың пікірін қорытындылай келіп, мынадай түйін жасауға болады:
1. ішкі цензура күшейген
2. Балама пікірлер азайған.
3. «Нұр Отан» партиясының насихаты күшейген
4. Оппозицияға эфир берілмейтін болған
5. сыни мақалаларға орын жоқ
6. материалдық жағдай жақсарған

БӘСЕКЕЛЕСТІК АЗАЙДЫ

Осы ретте біз тәуелсіз сарапшылардың пікіріне жүгінуді жөн деп санадық. Олардың арасында саясаттанушы, орыстілді және қазақтілді журналистер бар.

Айдос Сарым, саясаттанушы:
– Өз басым қазақтың бұқаралық ақпарат құралдары нарығындағы холдингтену үдерістеріне оң баға бере алмаймын. Бұның бірнеше себептері бар.
Медиа-холдингті жасақтау белгілі бір мақсаттарға қызмет етуге тиіс. Мысалы, Қазақстанның кейбір нарығы жеткіліксіз, журналистік күштері аз облыстарында холдингтену дұрыс нәтиже беріп отырған сияқты. Осы арқылы онсыз да аз журналистердің басы қосылып, ақпараттарды дайындау, тарату, баспагерлік инфрақұрылымды арзандату сияқты технологиялық циклдер біршама жеңілдеді, арзандады деуге болады. Бірақ, еліміздің барлық аймақтары бірдей емес, яғни бір облыста жүзеге асқан технология, келесі облыста мүлдем басқа нәтижеге апаруы ықтимал. Бас көзсіз холдингтену тіпті теріс нәтижеге апарады.
Холдингтенудің сан түрлі себебі бар. Мәселен, табиғи түрде, бизнестің даму логикасынан шығатын холдингтену болады. Бір газет ия журнал қосымша өз оқырмандарының ауқымын көбейту үшін жаңа өнім, жаңа нарық іздей бастайды. Сол кезде бір газет бірнеше жеке-жеке жобаларға, сырт көзге бірінен-бірі тәуелсіз басылымдарға бөлінеді. Бұны шартты түрде «эволюциялық холдингтену» дейік. Мысалы, «Жұлдыздар отбасы» атты журналдың айналасындағы жобалар осы бағытпен дамып келеді. Оның иесі өзіне тиімсіз жобаларды қаржыландырмайды, нарықтың ырқымен жүріп отырады.
«Саяси холдингтену» бар. Мысалы, сан алуан басылымдар мен баспасөз көзінің иесі өзінің медиа-ресурстарын біріктіріп, оларға белгілі бір бағыт-бағдар беріп, белгілі бір мақсаттарға қызмет етуге тырысады. Бұл жерде нарықтың заңдары емес, саяси мүдде мен саяси мақсат бірінші орынға шығады. Меншік иесі кейбір жобаларды қаржылық тұрғылан тиімсіз екеніне көз жеткізсе де, олардың артында тұрған аудиторияны ескеріп, оларды қаржыландыруды жалғастыра береді. Мысалы, бүгінгі күні жұмыс істеп жатқан республикалық және аймақтық холдингтердің барлығы дерлік осы принциппен құрылған. Олар үшін ең бастысы және негізгісі бүгінгі күні жүзеге асып отырған мемлекеттік саясатты бірауыздан қолдап, соны халық арасында насихаттау. Алайда, оларға рұқсат етілген «саяси дәліз» өте тар, бүгінгі көпшіліктің мақсат-мүддесіне пара-пар емес. Сондықтан да оларға деген сенім жоғалады. Егер белгілі бір басылымдар ұлтқа қажетті тақырыптарды көтермесе не болмаса жеткілікті деңгейде айтпаса, оларға деген сұраныс төмендейді, олардың оқырмандары басқа да «балама» ақпарат көздерін іздеп, таба бастайды.
Сондықтан да болар, бүгінгі күні мемлекеттік холдингтерге кірген қазақ басылымдары негізінен оқырман үшін емес, биліктің назары мен көңілін аулау үшін таласады. Ұлттық тақырыптарды «қажетті деңгейде» насихаттау газеттердің таралымына әсер ететіні белгілі, алайда оның орнын мемлекеттік органдар мемтапсырыс пен аймақтық, ведомстволық жаздыру жүйесі арқылы толтырып отыруға үміттенеді. Бұл өз кезегінде, қазақ басылымдарының сапасына кері әсерін тигізіп, басылым мен оның тұтынушысы арасындағы табиғи-нарықтық қатынастардың әлсіреуіне әкеліп соғады. Басылымдардың басшылығы қиын таңдауға тап болады: тұтынушылардың саны бір адамға не бір мекемеге дейін қысқарған жағдайда журналистік, азаматтық позицияны, ұстанымдарды сақтау қиындап кетеді.
Топшылай келгенде, холдингтену бүгінгі қазақ баспасөзіне үлкен пайда әкелді деп айта алмаймын. Рас, дағдарыс кезінде олардың жанын сақтап қалуға, оқырманын алып қалуға мүмкіндің берді. Ал болашақта не болмақ? Нарықтың заңына бағынбай өмір сүрудің басты кеселі рухани, кәсіптік, адами деградация болып табылады. Сондықтан алдағы уақытта билік органдары, яғни холдинг иелері мықтап ойлануы тиіс. Негізінен кейбір аяғынан тік тұрған, аты мен тәжірибесі бар басылымдар «еркін жүзуге», нарықтық стихияға жіберілуі тиіс. Өйтпесе, олардың орнына басқа басылымдар келіп, бір басылымның емес, бар холдингтің құлауына әкелуі ғажап емес.

Серік Малеев, «Алтынорда» интернет газетінің жетекшісі:

– Мен тек қана «Нұр медиа» холдингіне енген «Түркістан», «Айқын», «Дала мен қала» газеттері жайында ғана айта аламын. «Түркістан» жайында айтар болсам, газет соңғы кездері өте күшейіп келеді. Сапалы мақалалардың саны артты. Қазақ тарихына қатысты қызықты дискуссиялардың саны артты. Көптеген мақалалар сапалы және жоғары журналистік деңгейде жазылған. Егер, редакция газеттің позициясын әлі де күшейтемін десе, тағы да екі-күшті журналисті жұмысқа алуы керек.
«Айқын» туралы айтар болсам, мұнда әрбір айтылған сөз үшін жауапкершлік күшейді. Газетті министрліктер мен ведомстволар өте қатты қадағалап отырады. Егер қандай да бір сыни мақала немесе қоғамдық пікір туғызатын материалдар жарық көре қалатын болса, дереу жоғарыдан шара қолданыла бастайды. Әрине, мұндай жауапкершілік журналистерді тәртіпке шақыратыны рас, бірақ, сонымен қоса, шығармашылық тұрғыдан шарықтауға, ойлануға мұрша бермейді. Бірақ, өзге амал жоқ. Менің ойымша, «Айқын» республикалық басылымдардың ішінде маңдай алды газет дер едім.
«Дала мен қала» газетінің қызметкерлері Нұрмедиаға енуі арқылы қызметкерлерінің матерниалдық жағдайын реттеп алды. Бұл да маңызды мәселе.

Жұлдыз Төлеу, Стан тв ақпараттық бейне порталының қазақ редакциясының жетекшісі:

Ақпараттық саясат алдымен оның қаржылық құрылтайшыларына тікелей байланысты болады. Республикалық деңгейі жоғары санаулы қазақтілді газеттер биліктің қол астындағы медиахолдингке кіргендіктен, әрине ең алдымен тәуелсіздігін жоғалтады. Газет биліктен ақша алып отырғандықтан, басылым басшылары мемлекеттік тапсырысты алдыңғы кезекке қояды. Оқырманды тартатын бастапқы беттер ұраншыл мақалалармен толады. Ал сонда істейтін еркін ойын білдіргісі келетін журналистердің мақалалары көбінесе цензурадан өтпей қалып жатады. Немесе, газет беттері толып қалып, нөмірге жіберілмей қалады. Ал келесі санда ол мақала өзінің өзектілігін жоюы мүмкін.

Сол себептен, «Нұрмедиа» және «Арнамедиа» холдингтеріне кірген қазақтілді басылымдардың ақпараттың саясатынан ең алдымен жалтақтықты, «асыра сілтеушілікті» байқауға болады. Еркін ой тәуелді болған кезде қалам әркезде жалтақ болады. Сосын тым иілгіш, ұранды сөздермен билікке жағыну мақалаларын көп көруге болады. Бұл әрине оқырманды тартпайды. Сондықтан қазақтілді басылымдар бәсекелестігін жояды. Қазақтілді басылым бәсекеден қағылу деген сөз, қазақ тіліне де қауіп төнеді деген сөз. Ал мұның соңы мемлекеттілікке, тәуелсіздігімізге қауіп деген сөз. Биліктің қазақтілді басылымдарды уысынан шығармай, құрықтап ұстағысы келетіні де сол.

Екіншіден, сонда істейтін талантты журналистердің сөз еркіндігіне, біліктілігіне де кері әсерін тигізеді. Қазақстанда болып жатқан саяси оқиғаларға еркін қалам сілтей алмағаннан кейін қазақтілді журналистердің көбі мәдениет, өнер, шетел саясаты тақырыптарына қалам сілтеп жатады.

Жұлдыз Әбділда, журналист:

Бұқаралық ақпарат құралдарын ірі холдингтерге, нақтырақ айтқанда «Арна медиаға» біріктіру аса оңтайлы шешім болды деп ойламаймын. Себебі, біріншіден, «Арна медиаға» кіргеннен кейін ілгеріде көп-көрім шығып жүрген бірқатар қазақ газеттері холдингтің саясатын күйттеп кетті. Екіншіден, бұқаралық ақпарат құралдарында президенттің жолдауын насихаттау, оны тәптіштеп түсіндіру, президентті мақтау және мадақтау бағытындағы материалдарға басымдық берілді. «Мемлекеттік тапсырыс» іспетті мұндай материалдар қазақ басылымдарында онсыз да аз шығатын салмақты, салиқалы дүниелерді тасада қалдырып отыр. Үшіншіден, бұрын да бәсекелесіп жарытпайтын басылымдар енді бәсекеге тіптен ұмтылмайтын да болды. Ұмтылуға шамасы да қалмады. Үлкен сараптамалар жоқтың қасы. Болса да, «өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын» сарында. Холдингтерге біріктіру қазақ газеттерінің мазмұнын жұтатып, мәнін кетірді ме деп ойлаймын. Бұл, әрине, менің жеке пікірім.

Сарапшылардың пікірін қорытындылай отырып, тағы да проблеманың бір мәселеде екендігін көреміз.
1. Сөз бостандығының аясы тарылған
2. Ішкі цензура күшейген
3. газеттер бұған дейін ұстанып келген позициясын және тұрақты оқырманын жоғалта бастаған.
4. Мемлекеттік тапсырыспен басылатын материалдар көбейген
5. Бәсекелестік тасада қалған
6. жекелеген басылымдардың материалдық техникалық базасы жақсарған

Бірақ, материалдық техникалық базаның мемлекеттік тапсырыс арқылы жақсаруы да жақсылыққа әкелмейді. Өйткені, холдинг құрамындағы газеттер оқырман үшін күресіп жатқан жоқ, керісінше, биліктің, үкіметтің көңілін табу, солардың қолайына жағу үшін бәсекелесіп жатыр. Оқырманмен санаса бермейді де. Жарнама берушілерді тарту үшін оқырманды көбейту мақсат болуы тиіс. Бұл процесс нарықтық қоғамға бейімделуден гөрі, жатыпішерлікке алып келері сөзсіз. Ал, қоғам медальдің екінші жағынан, оппозицияның ой пікірінен мүлдем бейхабар қалды.

Холдинг құрамындағы газеттердің мүлдем қозғамайтын тақырыптары немесе тек биліктің ауанымен айтылатын әңгімелер:

1. М. Жәкішевтің ісі
2. М. Әблязовтің ісі
3. Е. Жовтистің мәселесі
4. Р. Әлиевтің жағдайы
5. Оппозициялық партиялардың Н. Назарбаевтың орнынан кетуін талап етуі
6. «Азат», «Алға» партияларының мәлімдемелері

Тенденция
• Батыста саяси сенсациялық мәлімдемелерді алғашқы болып беруге ұмтылу басым болса, бізде саяси мәселелерді беруде аңысын аңду, өзгелер бұл ақпаратты қалай береді деп жалтақтау, ресми басылымдардың соңынан ілесу секілді тенденция байқалады.
• Партиялық баспасөз мәслихаттарын насихаттау, мемлекеттік тапсырыспен мақала жазу, медиа планды орындау
Не істеу керек?
1. Газеттердің ішкі цензурасын әлсірету керек. Мысалы, орыстілді газеттердің көбі мемлекеттік тапсырыстан өте көп қаржы алады. Бірақ, олар біржақты ақпаратпен қалып отырған жоқ. Бұл, біздіңше ішкі цензураға да байланысты секілді.
2. Билікке тәуелсіз ақпараттық саясат қалыптастыру
3. «Нұр медианың» бұл газеттерді қанатының астына алып, материалдық техникалық тұрғыдан қамтамасыз еткені жақсы. Бірақ, ішкі ақпараттық-сараптамалық саясатқа араласпауын талап ету.
4. кез-келген мақтау материалдарының кері әсері болатындығын ұмытпау. Үнемі «Нұр Отанның» жақсы жарнамасын бере беру де оқырманға кері әсер етіп, олардың наразылығын күшейте түсетін болар. Сол себепті де сыни материалдарды көбейту
5. Оппозицияға газет беттерінен орын беру, балама ақпаратты мейлінше молайту. Бұл сөз бостандығының аясын сәл де болса кеңейте түседі.
Есен Байнұр.

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Есен немесе Байнұр! (Журналист фамилиясын үлкен әріптермен жазушы еді…Бұл жерде есімі қайсы?)Мақала өзекті,өткір мәселені қозғап отырғандығымен құнды.Басылымдардың бір орталыққа топталуының екі жағы бар:Бірі экономикалық тұрғыда тиімді болғанымен екіншісі сөз бостандығы деген ұғым болмайды.

  2. Нұрмедианың нұрына бөленген, басылымдарда еш өзгешелік жоқ. Материялдық мәселесін шеше алғаныда шамалы. Ал, газетердің бағыты мен саяси салмағы жеңілдеп кетті. Ойы таязадаған, айтары нәрсіз басылымның болашағы бұлыңғыр…

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі