Ортақ тіл – мемлекеттік тіл

722 рет қаралды
1

nn-112010 жылдың қазан айының 20 күні Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының «Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік» атты кезекті сессиясы өтті. Жиынның тақырыбынан-ақ оның өзекті мәселелеріне бірден ой жүгіртуге болады. Ассамблеяның назары аталған төрт мәселеге түскен. Адамзат баласы алға жылжу үшін қоғамның тұрақтылығы ауадай қажет. Оның сол қоғам мүшелерінің бір-біріне деген өзара сенімінсіз жүзеге аспайтыны белгілі. Ал сенім әр бір ұлт өкілдерінің дәстүр-салтына құрметпен қарап, тірлік, іс әрекеттер ашық әрі бүкпесіз жүрілгенде ғана сыйластығы жараса түсетіні анық. Ал төзімділік түбірі «төз» екені бесенеден белгілі. Төз! Қазақтың «сабыр түбі сары алтын, сарғайған жетер» деген мақалы дөп келеді. Ал қазақтың қазақ жерін өзіне мекен еткен барша жұртты жұмылдырушы, біріктіруші ұйтқы, ұлы күш екеніне қоғамның көзі жете түскені байқалды.

Ассамблея жиынының ең айшықты, айдарлы тұсы Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың баяндамасы болды. Яғни, Елбасы Сөзі! Бұл жерде Сөз өз құдыреті мен патшалығын тағы бір мәрте көрсетті. Егер соны жіліктеп ұғар жан болса! Президент көп адамның көкейінде жүрген көптеген көкейгесті сұрақтарға көрікті жауап берді. Біз осы арада Елбасының мемлекеттік тіл – қазақ тілі туралы қағидатттарын оқырман назарына ұсынбақпыз. Президент «әуелі тіл мәселесіндегі өз басының жайын былай деп баяндады: «Менің басымдағы жай өзге бір бірде-бір мемлекет президентінің басында болады дегенге сене алмаймын. Өйткені, әр мінбеден сөйлеген сайын, халықпен кездескен сайын «бір тілде сөйлеп тұрып, екінші бір халықтың көңіліне кірбің салып алмадым ба? Өзімнің Президенттік міндетім мен құқымды толық қамтамасыз ете алдым ба?» деген сауалдарға жауап іздеп отырамын. Екі тілде алма-кезек сөйлеуімнің себебі содан. Иә, қазақ тілі – мемлекеттік тіл…Тәуелсіздіктің жиырма жылы ішінде Қазақстан барлық азаматтарына мемлекеттік тілді меңгеруге тең мүмкіндік берді». Байқаған адамға Елбасы жиырма жыл аз уақыт емес, тіл үйренуге жеткілікті мерзім, ендігі сақаулық, қай сақаулық деген жоқ па?!

Нұрсұлтан Әбішұлы отаршылдық саясаттың қарғысынан құтылмаған құлдық психологиядан арылатын кездің келгенін де ашық айтты. «Біз Кеңестік кезеңде жалғыз орыс тілді адам ортамызға түссе, жаппай орыс тілінде сөйлеуге тырысатын әдеттен әлі күнге арыла алмай келеміз. Содан құтылуымыз керек» деді. Бұған, әсіресе, төрде отырып алып өзара өзге тілде сөйлемек түгіл, өз тілінен жеріген қандастарымыз не дер екен? Олардың құлықсыз құлқы бұны түсіне алар ма екен деген ой қылаң береді. Елбасшысы бүгінгі Қазақстан қоғамының тіл саясатындағы ұстанымын былай деп айқындап берді. Қазақстандағы «Ортақ тіл – мемлекеттік тіл. Ортақ тілді білу қай-қайсымызға да қажет. Осылай ету арқылы ғана біз Қазақстан халқы болып, бір ту астына жиналып, бірігеміз, бір-бірімізге жақынырақ бола түсеміз». Ортақ тіл деп қандай тілді айтамыз. Бұл барша халық бірдей тұтынатын тіл деген сөз. Яғни, қазақ тілі Қазақстан халқының тілі, ұлт аралық қатынас тілі.

Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясының жеңісі. Жемісі қалай боларын уақыт көрсетеді.

Қарамер

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Бұл – Қазақияның асыл мұраты. Біздің жерімізді мекендеген өзге ұлт өкілдері қазақ халқының арман, мұратына құрметпен қарауы керек деп ойлаймын. Ұлтттың мүддесі, тәуелсіздіктің тірегі, егемендігіміздің мерейі – Қазақ тілі!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі