Екі сағатта екі ауыз сөз әрең тиді-ау

851 рет қаралды
3

001Монғолияның Қазақстандағы мәдениет күндері аясында тарих ғылымдарының докторы, академик, жазушы-журналист, бүгінде Ұлан-Батыр қаласында тұратын Ислам Қабышұлымен кездесу өтті. Оның негізгі тақырыбы автордың «Тұран әлемі» атты кітабының тарихи Отанына жеткізілу құрметіне арналған екен. Кездесуді ҚР Мәдениет министрлігінің мәдениет комитетінің шенеуніктері ұйымдастырып, Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханасында өткізді. Онда жиналған жұрт алыстан ат арылтып келген жазушы, ғалымның сөзін тыңдауға ынтызар болды. Алайда, жиналған қауымның үміті жағымпаз кітапханашылар мен жарамсақ әрі «мәдениетсіз» мәдениет комитеті шенеуніктерінің кесірінен ақталмады.

Кітапхана модераторы алғашқы сөзді ҚР мемлекеттік тарих институтының директоры Бүркітбай Аяғанға берді. Бүкең тап бір сөйлеуге мінбер таппай ішқұса болып жүрген жандай-ақ ұзақ көсіліп, бақандай 45 минут сөйлеп, соңында Астанада өткелі жатқан ЕҚЫҰ саммитін ерекше атап өтіп, одан соң Елбасымыздың даналығына тоқталып барып сөзін зорға аяқтады. Ислам аға жайында, ол кісінің кітабы туралы бір ауыз сөз жоқ. Одан кейін ҚР халық жазушысы Әнес Сарайға, ғалым Тұрсын Жұртбайға, ақын Серік Тұрғынбековке, сценарист Бақыт Қайырбековке дегендей кілең өзіміздің күнде көріп жүрген, әр жиын сайын көпіріп бір сөйлемесе кетпейтін кілең бір төл көсемдеріміз бен шешендерімізге берілгенін қайтерсің. Бірі мақтап, екіншісі қостап бір-бірлерін жаңа ғана көргендей-ақ әр қайсы 30-40 минуттан сөйледі. Ал, әлгі негізгі қонағымыз, сонау Ұлан-Батырдан арып-ашып келген Ислам ағамыз туралы бір ауыз сөз жоқ. Тұсаукесері өтіп жатқан кітап та далада қалды. Бәрі Монғолия туралы онан-мұнан үзіп-жұлып оқыған бірдемелерін сағызша созып көсіледі кеп. Шетінен білгір, бәрі оқудың түбін түсірген Монғол тарихының шеберлері екен, өңшең. Тіпті, қайсыбірі Шыңғыс ханды көзбен көрдім дей жаздап, ақыры әйтеу оны «қазақтың баласы» деген «тұжырыммен» зорға аяқтады.

Ал, әлгі Бақыт Қайырбеков дегені атақты жазушы Ғафу Қайырбековтың баласы екен, өзі орысша білім алыпты, шала қазақ атанса да жүрегі қазақ деп соғады екен. Ислам аға келмегенде оны да білмей өмірден зор өкінішпен өткендей екенбіз. Бағымызға қарай Монғолияның мәдениет күндері өте қалып, соның арқасында бір асылдың сынығын танып, «білім деңгейіміз артып» қалды.

«Тектінің ұрпағы, асылдың сынығы» – орысшасы судай Бақыттан кейін Әнес Сарай ағамыз Ғафекеңді мақтап және шалақазақ пен нағыз қазақ туралы әңгіменің шетін шығарып, тақырып тіпті өзге арнаға бұрылып, лағып бара жатыр еді, жазушы Табыл Құлияс залдан Ислам Қабышұлына тарихқа қатысты бір-екі сұрақ қойып жібергені. Сөйтіп ақыры, бізді құтқарып алды сатирик ағамыз. Әйтпегенде кездесудің кіммен өтіп жатқанын да білмей сандалып қалар едік.

Исекең өзі де әбден шиырығып отыр екен, сұраққа жауап бере отырып, келген мақсатын, жалпы киіз туырлықты халықтарының ортақ тарихы туралы майын тамызып, 17 минуттың ішінде біраз мәселенің басын қайырып тастады. Әлі де сөйлеуге бар еді, қонақ ағамыз. Бірақ, дәл сол сәтте Мәдениет комитеті төрағасының орынбасарымын деп өзін таныстырған бір жас келіншектің ойына су етіп регламент түсе қалды да мінберге өзі көтерілді. Академиктің айтар ойы мен кестелер сөзі орта жолда үзіліп, кілт тоқтады. Сонымен не керек, министрлік атынан шапан жабылумен екі сағатқа созылған жиын аяқталды.

Шарапат АСТЫҚБАЕВ,

АСТАНА

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. Жақсыны, барды бағаламайтын біздің Қазақ! Әрине, отандық ғалымдар сөйлесін, бірақ, сөйлемей жүрген жоқ қой олар. Исам ағаға сөз беруілері қажет еді. Ұлы сахарадан атажұртына сағына жеткен, ғалым, іздемпаз жанынның жандүниесінде жатқан ойалрын, ұлттық мәдениетіміздің мәйегі турасындағы сөзін тыңдаған абзал еді, біздерге.

  2. Иә, мәдениет министрі мәдениетсіздігін көрсеткен екен.” Аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесін ” – деген. Қазақ атамнан сөз қалған ба ? Ондайдың талайы болған, бола да бермек. Тек Дана қазағымның дара тұлғалары аман болсын!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар