Халықаралық шиеленістер және ЕҚЫҰ саммиті

9243 рет қаралды
1

ОБСЕ3Енді екі күннен кейін Астанада ЕҚЫҰ Саммиті өз жұмысын бастайды. Саммитке 61 елден ресми делегация келеді. Олардың ішінде 29 елдің – Ресей, Финляндия, Франция, Сербия, Ауғанстан, Армения, Әзірбайжан, Тәжікстан т.б.  президенттері, Италияның премьер-министрі Сильвио Берлускони және Германия канцлері Ангела Меркель, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хилари Клинтон  бар.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАСЫМ БАҒЫТ

ОБСЕ2ЕҚЫҰ саммиті бұған дейін Түркияның Стамбул қаласында өткеннен бері 11 жыл өтіпті. Сарапшылар, саммиттің ұзақ уақыт бойы өткізілмей келгенін ЕҚЫҰ құрылымының дағдарысымен байланыстырады. Әлемдік саясаткерлер Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы ұйымға жаңа серпіліс бергенін және түрлі деңгейде саяси дағдарысты басынан кеше бастаған Еуропадағы ең беделді құрылымның жұмысының жанданғанын айтады.

Елбасының биылғы  Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауының «Сыртқы саясат» атты бөлімінде «Қазақстанның жоғары халықаралық беделі біздің елімізге Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төраға болуға мүмкіндік берді. Бұл – біз үшін үлкен абырой. Бұл – ЕҚЫҰ-ға адамзаттың жаңа тарихындағы аса күрделі кезеңде төрағалық етудің аса жоғары жауапкершілігі. ЕҚЫҰ оған қатысушылардың бірегей географиялық құрамымен – ал бұл үш құрлықта орналасқан 56 мемлекет, мемлекеттердің өзара ықпалдасуының бай тәжірибесімен халықаралық қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың шешуші тетіктерінің бірі болып табылады. Қауіпсіздік жөніндегі аса ықпалды ұйымға қазақстандық төрағалық мынадай ұранмен өтетін болады: “Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік”. ЕҚЫҰ-ға мүше көптеген мемлекеттер Қазақстанның жоспарларына, сонымен қатар, үстіміздегі жылы Астанада ЕҚЫҰ-ның Саммитін өткізу туралы менің ұсынысыма қолдау білдірді. Мен Саммитте ЕҚЫҰ-ның жауапкершілігі аймағында қауіпсіздіктің көкейкесті проблемаларын, Ауғанстандағы жағдайды және төзімділік мәселелерін талқылауды ұсындым» деген еді. Демек, Елбасы Жолдауындағы сыртқы саясаттағы басым бағыт – ЕҚЫҰ-ға төрағалық және ЕҚЫҰ саммитін Астанада өткізу секілді жаһандық маңызы бар мәселенің ойдағыдай өтуі – еліміздің халықаралық беделін тағы да бір асқақтату болып табылады. Ендеше осы маңызды саяси оқиғадан халықаралық қауымдастық не күтеді? Осыған жауап іздеп көрсек.

 ТМД-ДАҒЫ ШИЕЛЕНІСТЕР

 Өзгені былай қойғанда, Саммит күн тәртібінде алға шыққан ТМД кеңістігіндегі даулы мәселелердің өзі біршама. Қырғызстандағы ұлтаралық араздық: елдің оңтүстігіндегі өзбектер мен қырғыздардың проблемасы; Армения мен Әзірбайжан арасындағы Таулы Карабах шатқалы, Молдовадағы Приднестровье, Грузия мен Ресей арасындағы геосаяси ойынның құрбанына айналып отырған Оңтүстік Осетия мен Абхазия мәселесі. Бұған Орта Азиядағы ең тұрақсыз мемлекет Ауғанстанда саяси тұрақтылық орнату, халқын сауаттандыру, қарулануды азайту, есірткі саудасын тоқтату және терактілердің алдын-алу секілді толып жатқан жаһандық проблемалар қосылады. Демек, саммиттің көтерер жүгі ауыр.

 Таулы-Карабах:

НагоныйСарапшылардың пікіріне сүйенсек, 1988 жылдан бері жалғасып келе жатқан Әзірбайжан мен Армения арасындағы жер дауына бұл саммитте нүкте қойылуы мүмкін емес. 1988 жылдың ақпан айында жергілікті тұрғындарының басым көпшілігі армяндар болып келетін Таулы-Карабах автономия облысы Әзірбайжан құрамынан шығатынын мәлімдейді. 1991 жылы осы облыстың орталығы болып саналатын Степанакертеде Таулы-Карабах Республикасы құрылғаны туралы жарияланады. Ресми Баку бұл актіні заңсыз деп танып, кеңес жылдары өмір сүріп келген Карабах автономиясын жояды. Бұның соңы қарулы қақтығысқа ұласып, ол 1994 жылдың 12-мамырына дейін жалғасқан болатын. Дәл осы күні татуласу жайлы келісім күшіне енген еді. Оның нәтижесінде Әзірбайжан Таулы Карабахты мүлдем қолынан шығарып, оған жапсарлас 7 ауданды да бақылау мүмкіндігінен айрылады. 1992 жылдан ЕҚЫҰ-ның Минск тобы аясында шиеленісті реттеу мақсатында келіссөздер жүргізіліп келеді. Бұл топтың тең төрағалары АҚШ, Ресей және Франция.  Әзірбайжан аумақтық тұтастығын сақтауды көздесе, Армения мойындалмаған республиканың мүддесін қорғайды.

Арменияның NEWS.am сайтында осы мәселеге орай үш жақты кездесудің өткені және Әзірбайжан тарапынан Кавказда тұрақтылық пен бейбітшілік орнату мақсатында шиеленісті реттеу жөніндегі «жол картасы» ұсынылғаны жазылады. Өңірдегі шиеленісті шешудің бірден-бір жолы осы дейді бұл мәселеде ара ағайындық жасап жүрген Ресей тарапы. Бірақ, Армения бұл ұсынысты қабыл алуға даяр емес. Армения билігінің тізгінін ұстап отырған  Республикалық  партиясы жетекшісінің орынбасары Галуст Саакян Ереванның өз ұстанымынан бас тартпайтынын, Карабахтың мәртебесін қайтарып алмайынша ешқандай «Жол картасына» қол қойылмайтынын мәлімдеді. «Жол картасы» – дегеніміз желеу ғана, біз үшін ең маңыздысы Карабахтың мәртебесін қайтару» деген еді ол.

Мәскеу мемлекеттік университетінің тарих факультеті деканының орынбасары, саясаттанушы Алексей Власов бүгінгі саммиттің Таулы Карабах мәселесін реттеуде нәтижелі боларына күмән келтіреді. Әзірбайжандық AZE.Az интернет сайтына берген сұхбатында ол: «ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы Қанат Саудабаев Кавказдағы шиеленістерді реттеудің жол картасын бірнеше рет ұсынғанымен, нәтиже бермеді. Сондықтан. Бұл саммитте Таулы Карабах шиеленісі оң шешім табады деу қисынға келмес» деген екен. ЕҚЫҰ-ның шиеленістерді болдырмау орталығының директоры  Херберт Зальбер бұған мүлдем қарама-қайшы пікір ұстанады. Оның ойынша, Астана саммиті Карабах шиеленісін біржақты етуге оң қадамдар жасауы мүмкін. Қалай дегенмен де, қос мемлекет басшылары бұл Саммитте бір үстелде отырып, өз талаптарын ашық түрде мәлімдей алады. Бұл да Саммиттің ірі жетістіктерінің бірі деп қабылдау керек.

Молдова мен Приднестровье:

приднестр Молдова бұл Саммитте Приднестровье мәселесін шешеміз деп үміттенеді. Оның үстіне биыл Приднестровье мәселесінде біршама алға жылжушылық байқалады. Оның бастысы Приднестровьеден Ресей әскерилерін шығару. Молдованың республикалық декларациясы 1999 жылғы Түркияда өткен ЕҚЫҰ саммитінде қабылданып, 2002  жылы Португалияда өзгерістер енгізілген болатын. Жаңа декларация қабылдауға үнемі Ресей әскерилерінің Приднестровье аумағынан шығарылмағандығы бөгет боп келген. Бұл жолы жаңа декларацияның қабылданатындығына сенімді. Молдованың Сыртқы саясат қауымдастығының баспасөз клубының атқарушы директоры Виктор Кирилэ «ЕҚЫҰ саммитінде Приднестровье шиеленісін реттеу мазмұнындағы жетістіктер Молдова Республикасы жөніндегі декларацияда көрініс табады деп үміттенеміз» деген мәлімдеме жасаған.

Грузия мен Ресей

ra Грузия Ресейдің Абхазия мен Оңтүстік Оосетияға күн сайын ілгерілеп еніп келе жатқанын айта отырып, ЕҚЫҰ Саммитінен үлкен үміт күтетіндігін мәлімдейді. Грузия Ресейдің іс-әрекеті бұл саммитте сыналатындығына сенімді.

Қырғызстан:

кыргызҚырғызстандағы саяси тұрақсыздықты реттеуде ЕҚЫҰ мен оған төрағалық етуші Қазақстанның рөлі жоғары болғандығын сарапшылар мәлімдеп отыр. Онда Парламенттік биліктің салтанат құруына да ЕҚЫҰ төрағасының маңызды рөл атқарғаны мәлім. Елдің оңтүстігіндегі  ұлтаралық араздықты ауыздықтау мақсатында ЕҚЫҰ-ның қарулы күштерін Қырғызстанға енгізу көзделіп отыр. Қырғызстанның жаңа билігі ЕҚЫҰ-ның бұл әрекетімен келісетіндіктерін мәлімдеді. Саммитке Роза Отунбаева да қатысады.

P.S.  Демек, екі күннен кейін басталатын мәртебелі жиында Қазақстан мемлекеттер арасындағы шиеленістерді біржақты етуді басты мәселе ғып отыр. Бұның нәтижесін саммит қорытындысы көрсетеді. Ал, елбасы Жолдауындағы басым бағыттын бірі – ЕҚЫҰ-ға абыройлы төрағалық пен ЕҚЫҰ саммитін Астанада өткізу – Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдындағы беделін тағы мәрте өсіретін болады.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ,

Әсет Тұрдығұлов,

Қазақстан Гуманитарлық-саяси

коньюктура орталығының бас сарапшысы.

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Бұл ақпарттық, сараптамалық мақала тамаша жазылыпты. Саммит нәтижесі – бедел, абырой және қисапсыз шығын болды. Біздің билік “Қазақстанның тасы өрге домалады” деп есептейтін болса қателеседі, бұл үлкен күш жігерді, экномикалық шығынды сарып етіп, тауға көтеріп шығарылған бір арқа тас болды. Арқамызды қажады, жонымыз ауыртты, қабырғамызды қайыстырды, алайда, бейнеттен зейнет шықпады.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері