ЕҚЫҰ Саммиті

596 рет қаралды
3

“Тарих бiздi сөйлеген сөзiмiзге емес, атқарған iсiмiзге қарап бағалайды”

Биылғы қыстың алғашқы күнi Н.Назарбаев үшiн жұл­дызды сәт болды. 1991 жылы дәл осы бiрiншi желтоқсанда сайлаудан аты озып шыққан президентке ендi мiне он тоғыз жылдан соң мәртебелi қонақтар қол шапалақтап, құттықтауларын бiлдiрдi. ЕҚЫҰ “осы уақытқа дейiн Қазақстанда бiрде-бiр сайлау әдiл өтпедi” деп санаса да. Бiрiккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Пан Ги Мунның өзi саммитке бiр күн қалғанда “бұл жиынның он бiр жылдан кейiн өтiп жатқаны – Н.Назарбаевтың халықаралық беделiнiң арқасы” деген мақтауын да жеткiздi.

Әрине, жиынға келген әр тiлшi мен өкiлдiң көкейiнде “Н.Назарбаев осындай құрметке қалай жеттi?” деген сауал тұрары анық. Саммиттiң шашбауын көтермекке мыңға жуық журналистпен бiрге таң атпастан “Шабыт” ғимаратына кiре бергенде менiң есiме Серiкболсын Әбдiлдиннiң тоқсаныншы жылдары “Н.Назарбаевтың жолы болды. Мынандай халықты, қойнауы байлыққа толы жердi басқару әркiмнiң уысына түспейдi” деп баспасөз бетiнде айтқаны сап ете қалды. Ол кезде бұл пiкiрдi С.Әбдiлдин қызғанышпен айтқандай боп көрiнiп едi. Себебi, Б.Ельцин “алып берген” тәуелсiздiктiң жарғысын алғаш жариялаған Жоғарғы кеңес төрағасы С.Әбдiлдин де үлкен билiкке қарға адым жерде ғана тұрды емес пе?! Ендi қарап отырсаңыз, “аспаннан түскен” тәуелсiздiк тiзгiнiн өзгелердiң соңында алған Н.Назарбаевтың расымен де “қой аузынан шөп алмас”, кең байтақ далада шашыраңқы орналасқан халқы, ас та төк байлығы бар Қазақстанның билiгiн қолына алуда бағы жанғандай. Егер Құдай берген байлық болмаса, он бiр миллион еуро (бұл қаржының төрттен бiрiн ғана ЕҚЫҰ шығарады) жұмсап, бүгiнде осындай саммит өткiзер ме едiк? Күлшелi баладай сүйкiмдi көрiнбесек, Астанаға ат арытып кiм келер едi? Қазiргi заманда кез келген ел есепке жүйрiк: көбiне алуға ұмтылады. Ал бiздiң алуымыздан беруiмiз көп. Осыдан да болса керек, шикiзаты шектеулi елдер бiздi қолпаштауға құмар: арқамыздан қағып, басымыздан сипап дегендей. Себебi, әр ел ең алдымен өзiнiң экономикалық қауiпсiздiгiн ойлайды. Оның үстiне Ба
тыс елдерiнi
ң бас ауруына айналған Ауғанстанды реттеуге, Орталық Азиядағы сыздауықтай жарылғалы тұрған қақтығыстардың алдын алуға Қазақстанды (сол баяғы “жалпақ шешейдi”) араластыруды жөн көредi. Мәселен, саммитте сөз алған АҚШ-тың мемлекеттiк хатшысы Хиллари Клинтон “Ауғанстандағы күрделi жағдайды реттеуге ЕҚЫҰ-ның қауқарын толық пайдалану керек” дедi.

Саммиттiң алғашқы күнi сөз алған әр елдiң басшылары көрпенi өздерiне қарай тартты. Ресей президентi Дмитрий Медведев аймақтық қақтығыстарды реттеудiң ортақ ережесiн қабылдау керектiгiн айтты. Жалпы, ел арасындағы жанжалдарда қарулы күш қолдануға мүлдем болмайды деп түйдi. Мысал ретiнде 2008 жылғы Грузия мен Оңтүстiк Осетияны қаперге салды. Дәл осы сөзден кейiн Грузия президентi орнынан тұрып сыртқа шығып кетiптi. Алайда, “Шабыт” ғимаратында телеэкранға телмiрген журналистер мұны к< /span>өре алған жоқ.

Алайда кейiнiрек сөз сөйлеу мүмкiндiгiне ие болған Грузия президентi Саакашвили ЕҚЫҰ-ның ешқандай өз талаптарын орындай алмағанын баса айтып өттi. Сонымен қатар Грузияның мемлекет басшысы «осыдан 11 жыл бұрын аталмыш ұйымға төрағалық еткен Стамбулдың шығарған шешiмi бүгiндерi орындалғанда, шетел әскерi сақадай сай Грузияның сыртында тұрмаған болар едi…» деген қынжылысы көп жайттарды аңғартып өттi. Ресейдiң шекара мәселелерiне қатысты ұстанған қағидаларына бұл жиында айтылған сын аз болмады. Грузия президентiнiң сөзiн ЕуроОдақ басшысы Дэвид Лингтон да қолдады. Ресей тарапының шекаралық тұтастыққа байланысты жанжалдарды доғаруы керектiгiн қадай айтқан Дэвид Лингтонның пiкiрi АҚШ мемлекетiк хатшысының сөздерiмен сарындас болды.

Ал Ресей президентiнiң алдында сөз алған АҚШ-тың мемлекеттiк хатшысы Хиллари Клинтон ханым Грузияның территориялық бүтiндiгiн қолдайтынын, М.Саакашвилидiңқаруға жүгiн­беуге” берген уәдесiн жоғары бағалады. Сондай-ақ, Таулы Қарабақ жанжалын Минскiде қабылданған шешiм бойынша реттеу керек дедi.

Сербия елiнiң басшысы Косовоның бiр жақты жариялаған тәуелсiздiгiн мойындамайтындарын алға тартты. Саммитте төбе көрсеткен басшылардың бәрi соңғы он жылда әлемде талай мәселелердiң қордаланып қалғанын, қауiпсiздiк кепiлдiгiн сақтауда осы жиынның рөлi маңызды екенiн атап өттi.

“ЕҚЫҰға мүше елдер қандай да бiр жаңа жауапкершiлiк алсын деп отырғанымыз жоқ, бiз тек осыған дейiн келiсiлген шешiмдердiң жүзеге асуын қалаймыз” дей келiп, Хиллари Клинтон ханым былай дедi: “Тарих бiздi сөйлеген сөзiмiзге емес, атқарған iсiмiзге қарап бағалайды”.

Руслан ЕРБОЛҰЛЫ,

“Жас Алаш” газеті.

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. Хиллари ханымның айтқаны дұрыс қой, бірақ Біздің атқарып жатқан “істеріміз” Тарихтың сынынан сүрініп кетпесе болғаны.

  2. Иә, тарихтан ойып тұрып орын алатын оқиғаны да абыройлы өткізіп шықтық. Десек те, кем-кетік тұстар әлі де болса аяқтан шалуда. Әр бір игі істің соңы жақсылық болар… ҚАЗАҚСТАН – тек алға!!!

  3. Әрине,дұрыс қой!Бірақ,сол,тарихта ізіміз қандай іспен қалады?Жан салып істеген ісіміз сол ата тарихтың сарғайған беттерінде сартап боп қалып кетпей ме деген күдікті де ойлауымыз қажет-ау деймін?! Міне,мәселе осында!!!!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар