Көшке керімсал саясат керек

1076 рет қаралды
4

курултай -1«Көш» қазақ баласы үшін мәңгілік киелі ұғымдардың бірі. «Көш» бір ыңғай бір түсті болмайды. Әр дәуірдің өзіне сай көші, оның заманына қарай тағдыры, қоғамына орай проблемалары туындайды. «Көш» адамзат баласының бір жерден екінші бір өлкеге қоныс аударуы ғана емес, «көш» ұлы қозғалыс, жаңарып сілкінудің, қайта түлеп жетілудің, өркендеп дамудың белгісі. Әр бір көштің туындау себеп салдары, алға қойған өзіндік мақсат мүдде талабы, оны орындау үшін жүктеген міндет іс-әрекеттері, жеткен жетістіктері болады. Қазақ тарихында айтулы көштердің қатары аз болмаған. Сондай Ұлы Көштердің қатарына еліміз егемендік алғаннан кейінгі жылдарда басталып, күні бүгінге дейін жалғасып отырған, әлемнің қырықтан астам еліне зұлматтар кесірінен зұлымдық саясаттардың құрбанына айналып, бытырап, тарап кеткен ғұрбаттарымыздың Атажұрт, Атамекен, Отаны, Қара шаңырағы–Қазақстан Республикасына қайта оралу үдерісін атау лазым. Бұл көштің басқа көштерден ерекшелігі бүтінің бөлініп жарылуында емес, жер жүзіне тараған барлық қазақтарды қамтып, бөлшектің бірігіп, олардың өз ұлт, өз нәсілін сақтап қалу үшін бір отанға, бір тудың астына жиналуға мүдделі болғандығымен айқындалады.

Сондықтан да бұған Елбасы бірден назар аударып, өзі көшбасшы болып, тікелей бақылауына алды. Бұл күнде «Көш» Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының аса маңызды құрамдас бөлігінің біріне айналып отыр. Демек, «Көш» ұғымын шектелетін шеңбердегі өтпелі дүние емес, қозғалыс тұрғысынан қарайтын болсақ, ол, үнемі жалғасып отыратын мәңгілік құбылыс болса керек.

Алғашқы махаббат және аңсар

«Көш» десе көз алдыма кешегі күнім, балалық балғын шағым, бал дәурен күндерім еске түседі…

Шыр етіп жерге түскеннен көкірегіміз күйге толды. Көнімізге көң иісі сіңді. Көк тезегі көмбедей, көрмегенге көрмедей, көк күмбезі шаңырағынан көрінетін, бүкіл тынысы бір сабақ жібінен өрілетін киіз үйде өстік. Салқын самалды сары жондарда жаз жайлауын, көрікті көлді мекендерде күз күзеуін өткіздік. Төрт тоқсанда тобаяқтанып топ болып отырмай, мезгіл сайын жұрт жаңартып, тілеп көшіп, түлеп қонған, «бір ыңғай қой бақпаған, ой да баққан, қан жирен қаз мойыны ойнақтаған, ер елдігі ешкімді жатсынбаған, тереңдігі ешкімді бойлатпаған», басқаның өлшемімен жүрмеген, өзінің мөлшерімен күн кешкен, ертегінің кейіпкері емес, егей күндердің ай таңбалы, айбарлы елінің баласы болдық. Құзды шыңды қалап қаз тұрып, мұзды тауға қарап бой түзедік. Тақымымызды тай жібітті. Аттың жалын, түйенің қомын көрдік. Шудалары жер сызған, екі өркеші баладай Ақ бас атандарға артқан тай-тай теңдерге айқара жабылған сары ала сырмақтар көздің жауын алып көштің сәнін келтіретін. Көшбасында кермаралдай бәйбіше. Ақ бас аттанның ақ бидасын ұстаған. Көркем кимешегі көрікті келбетіне жарасып, қарқара шылауысы ақ самайлы ақ бас шыңдарға ұқсаған. Ақ күмісті ер тұрманы айлық жерден жарқырайды. Ақ боз ат мініп, ақ бесігін алдына алған. Жас жадымызға тасқа бәдіздеп соққандай жазылып қалған көш суреті осындай еді. Сол көш бойын дыр думанға бөлеп, дүбірлетіп өтіп бара жататын шыттай киінген бозбала, бойжеткендер болатын. Арасында біз де бармыз. Ат құлағында ойнадық. Арқырап ағатын, ақ бұйра асау өзенге шомылдық. Аталы сөзді тыңдап, баталы сөзге ұйыдық. Алыс арманға қол сермедік. Кеш сермемедік, дер кезінде, дәл уақытында ұядан ұшырды. Қиялап ұшпадық, қырқалап, биіктеп, самғап ұштық. Сарайымыз ашылды, санамыз кеңейді.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында дүние есігін ашқан баянөлгейлік біздің ұрпақтың бақытына бар міндетті өз мойнына көтерген социалистік қоғамның қормарал кезі бұйырды. Қоғамның тоқырауға ұшырап тоқтап тұрған, тоң мойын тоқпағы мен табан ет маңдай теріңді сығып алғанынша жұмысқа жегетін темір тәртібі ұстасып тұрғанымен биліктің бұрынғыдай өз халқына қырғидай тиіп, қырмандай қырған қанішер мінезінің тас тиылған кезеңі. Қырық жылда қазан, елу жылда ел жаңарды. Қар мен мұз басқан қалың қабат қайғы шердің астынан қасқайып қаракөктің тұқымы көрінді. «Басың бар ма, бар, оқы, ғылым үйрен, білім ал, қайтып келіп қоғамға адал қызмет ет, еңбек қыл, өсесің, өнесің!». Осы талапқа әр кімнің болды таласы, ешкімнің ешкім тауын шақпады, талабын тойтармады. Әр кім өз жүрек қалауымен шама-шарқына сай өмір жолын таңдады. Тіршілік шанасына жегілді. Айналасын барлады. Алысқа қарады. Дүниені таныды, өмірді парлай бастады… Алғашқы махаббаты оянды… Бойды да, ойды да сағыныш өрті биледі. Аңсары айлы аспанға ұлытып, іңкәрлік әлде бір құпия құдырет күшке ынтық етіп қойды. Алайда, асты-үстіңді түгел шырмаған темір тор асқақ арманыңды алысқа жібермеді. Өз кеңістігінде, өз қорасында ұстады. Одан шықсаң жаза қатал. Олай ойлаудың өзі – қылмыс. Отанды сату. «Тауда тудым, таудың нар тақтасында, ай да, күн де, жұлдыз да тап қасымда, қайдан білем бір дәннің өнетінін, көкірегімнің көк орай бақшасында» дейтін жолдар осы жылдар туды емес пе? Сол көкірегінің көк орай бақшасында көктеген дәнді біреу сезінсе, біреу байыбына бара алмады. «Ауыл кешімен» астарлаған Алаш үні Алтайды асып Алатаудaн естіліп жататын. «Маңдайымнан сипап өткен самалды қазағымның алақаны деп білем» деп ат бауырына түсіп шабатынбыз. «Қыз Жібек» фильмі сол өлкеде тап бүгін өмір сүріп, көз алдыңнан өтіп жатқандай әсерленетінбіз. Имандай шыным. Сол алғашқы махаббат та, сол алғашқы сағыныш та Қазақстан еді. Қазақстан деген Ұлы есім шеттегі қандастарын өзіне тартатын ұлы магнит, үлен күш еді. Мен осылай десем, бүгін біру, сенеді, біреу сенбейді. Ақындықтың ақ жал арыны мен жастықтың албырт сезіміне балайды. Бірақ, бұл шындық. Алыс-жақын шетте жүрген, ағайыннан жатта жүрген бауырымыздың барлығының басынан кешкен күй осы. Тап осындай еліккен көңіл күйде отырған шоғыр ХІХ ғасырдың сексенінші жылдардың басындағы СССР (ол кезде орыс империясы осылай аталатын) саяси жағдайын бір сәт назардан тыс қалдырмайтын. Өйткені онда әлгі айтқан зор күш, ұлы магнит Қазақстан бар.

СССР-дің іруі

Сол секенінші жылдары Кеңестер Одағын билеуші орталық, түп аппараты КПСС-тің бюро мүшелері мен партияның бірінші басшылары жаппай қартайып билік саяси дағдарысқа душар болды. Осы кездегі басқа социалистік елдердегі билік жағдайы да тап осындай еді. Өйткені барлық социалистік деп аталатын жүйедегі он бес елдің басқару тетіктерінің құрылымы бірін бірі айна қатесіз қайталап, Мәскеудің сұқ саусағының ұшымен қимылдап, қас-қабағына қарап қам-қаракет жасар еді. Билік тұтқасын ұстаған топтың яғни бірінші башылардың жүйе көлемінде жаппай ұлғайып, ұзақ жылдар бойына жаңаланбауының салдары бір ғана қоғамды емес бүкіл бүтін бір системаны тоқырауға әкеліп тіреді. Осының салдары тақтың өзінен өзі шіруіне жеткізді. Әбден іріп, ылжырап, қайта қалпына келмейтін деңгейге жеткен қоғамды жөндеу Горбачев сиқты жас басшылардың да қолынан келмеді. Олар неше түрлі айла, әрекет жасап қанша тыраштанғанмен тамырынан айырылған алып империя күннен күнге құлдырап бұрынғысынша өмір сүре алмайтындығын көрсетті. Кеңестер Одағындағы күрделі күйзеліс одақтың бір мүшесі болмаса да, бір мүшесіндей біте қайнасқан социалистік Моңғолияға да оңай тиген жоқ. Горбачев таққа отырысымен Моңғолияның Халық Революцияшыл Париясының Бас хатшысы Цэдэнбалды ден саулығына байланысты деген сылтаумен орнынан алып тастап, Мәскеуде мырза қамақта ұстады. Биліктің аяқ астынан өзгеруі халық-бұқараны іштей ірі қобалжуға түсірді. Бірақ түп қопарылып көшеге шықпады. Бұқара билікпен келісті. Қосылғыштардың орны ауысқанмен қосынды өзгермейді. Өйткені ел өзін өзі билеп отыр.

1986 жыл. Желтоқсан. Қарабауыр қасқалдақ.

Ал Қазақстанстанда жағдай басқаша өрбіді. 1986 жылдың желтоқсан оқиғасы Моңғолиялық қазақтардың да санасына салмақ салып, бағытын басқаша бағамдап, болашағын өзгеше болжауға әсер етті. Бұл оқиғаға еш қайсысы бейжай қарай алмады. Қазақ жастарының бұл көтерілісін қуаттайтындығын әрі олармен әр қашанда бірге екендіктері айқын сезілді. Ешкім «Правда», «Литературная газеталарда» жарық көрген айыптауларға сенбеді. Өйткені олардың да өзегінен өктем ұлттың өзімшілдігі әбден өткен еді. Моңғолдардың өзі «хасгууд боч байгаа юм байна шүү» (қазақтар көтеріліс жасап жатыр екен ғой) деп қазақтың көкейіндегі қоламтасын қозғап қойды. Сол сөздің өзі қазақты намыстандырып, жігерін жаныды. Моңғол халқы қазақты еңбекқор, жанкешті ұлт деп танып келсе, енді, өз бостандығы жолында жанын қиятын, азаттығы үшін күресе алатын, басқаға бодан, орысқа отар екенін білетін батыр халық екен деп білді. Моңғолдардың да ұлттық сана сезімі асқына түсті. Олардың да Мәскеу билігінен қол үзгісі келетіндігі жария бола бастады. Сөйтіп, олар 1989 жылы коммунистік халық партиясын төңкеріп тастады. Қазақтардың да ұлтшылдығы олардан қалыспай қатар дамыды. Моңғол демократтарының басында қазақ Қинаятұлы Зардыхан тұрды. Тап сол тұста доктор Зардыхан саясаттағы №1 адам болды. Оның іле-шала Моңғолияның тұрақты парламентінің спикерінің орынбасары және вице премьер министр қатарлы жоғары лауазымды қызметтерді атқаруы қазақтың менін күшейтіп, оған зор сенім силады. Қоғамдағы жариялық қазақтың да саяси сана еркіндігін ұлғайтты. Халық тайлы- таяғымен саясатшыл болып кетті. Ұлттық құндылықтарға деген ынтызарлық күшейді. Бұрынғы қордаланып, қорланып қалған «ой түбінде жатқан асыл сөздер, шер толқытып» жарыққа шыға бастады. Түрлі ұлттық ,қоғамдық ұйымдар құрылды. Ұланбатырда «Рух» (әуелі, жігіттер Жүкел, Ақеділ, Бабақұмар «Ақ жол» деп атамақ болып еді, олар осы жолдардың авторының «Рух» деп атау жөніндегі ұсынысын құптады»), Өлгейде «Қазақ», «Бал дәурен» бастатқан бірнеше қазақ тілді ұлтшыл, рухты газеттер жарық көрді. Елдің, жұртың рухын асқақтатып, намысын оятатын «Қазақпын, қазақтың мен бөлшегімін, Қажетіне басқаның өлшемінің. Айбарлы елдің ұлымын ай таңбалы, Кейіпкері емеспін ертегінің!» сияақты арынды, арқалы өлеңдер осы тұста жазылды.

Ақ тілек

1990 жылдың күзінде Қазақстан Республикасы егемендігін жариялады. Бұл уақиғаны Моңғолиялық қазақтар Қазақстан Кеңестер Одағынан бөлініп жеке мемлекет болып құрылғандай аса зор қуанышпен қабылдады. Әр кім өзінің идеялас, пікірлес тобымен, өз қатарлас, араластарымен атап өтті. Араға көп уақыт салмай Қазақ Елінің президенті Н.Назарбаевтың «Алыстағы ағайындарға ақ тілек» атты жолдауы жетті. «Ақ тілек» ауылдан ауданға, ауданнан аймаққа тарады. Анда да, сүйінші, мұнда да сүйінші! «Шүйінші !!!.. Атажұртына келем деген ағайынға, әр қашан есігіміз айқара ашық!». «Жел де Баян деп сөйлейді, су да Баян деп сыңғырлайдының» дәл өзіндей аспан астында, жер үстінде «Ақ тілек» қана қалықтады. Қазақстан дегенде жергілікті қазақтардың әукесі салбырап, өмешегі үзілді. Халықтың жүрек түкпірде қоздап жатқан арманының орындалатын кезі келді. Кез-келген адамды қолынан ұстап жетектесең еш қарсылықсыз шекара асып Қазақстанға кете берер еді. Бұл әсте кездейсоқтық емес еді. Және бір күнде, кенеттен пайда да бола қалған құбылыс та емес. Бұл ертеден қордаланып, жан-жүйесін ертеден жайлап алған көкейгесті арманның көзге көрінген шағы болатын. Осылайша Моңғолия қазақтарының атамекеніне оралуының психологиялық алғы шарттары қамтамасыз етілген еді.

Күдік, оның пайдасы

Осындай қобалжуды сезген Кеңестер Одағының КП-ның бас хатшысы М.С.Горбачев: “1990 жыл. Сәуiр. Кеңестер Одағының Моңғолиядағы елшiсiне: Моңғолия қазақтары Қазақстанға көшкелi жатыр деген қауесет рас па? ” деген телеграмма жолдаған. Кеңестер Одағының Моңғолиядағы елшiсiнiң кеңесшiсi Қайыр Рахметжанұлы Омаров, “1990 жылы. «Моңғолия қазақтары арасында Қазақстанға көшу туралы бұзық ой мүлде жоқ ” деп жауап береді.

Қазақтың қазаққа қарай көшкен бiр көшiн жетектеп, осы ұлы iстi бастау Тәңірінің қалауы түскен қазағымның қайсар қызының бiрi Сағат Заханқызы «Ұрпақ тоғысы» атты кітабында: “Қайыр Омаровтың бұл iс-әрекетi бiзге пайдалы болыпты. Егер Қайыр Омаров елдiң көшкiсi келетiн ниетiн жоғарыға хабарласа, орыстар шекараны жауып тастауы мүмкiн едi” деп жазады.

№1 жолхат.

1990-жылдарды Моңғолияда жұмыссыздық қарқын алды. Елдегі еңбек дағдарысын ұтымды пайдаланып қалу қажеттiлiгiн аңғарған адам Сағат Заханқызы. Еңбек министрлігінде қызмет атқарып жүрген ол, үкіметке «жұмыссыздарды еңбекпен қамтамасыз ету үшiн шет елдерге шығару, соның iшiнде қазақтарды Қазақстанға шығару керек» деген мәселенi көтередi. Сөйтiп, 1990 жылы желтоқсанның 19-ы күнi С.Заханқызы Моңғолияның Еңбек Министрлiгiнен Қазақ ССР-ына барып еңбек келiсiмшартын жасауға құқық берiлген №1 жолхатқа қол жеткiзедi.

Тарихи күн.

Ұлы көштiң басталуына себепшi болған алғашқы еңбек келiсiмшарты сол кездегi Талдықорған облысының Сары-Өзек кеңшарында 1990 жылы желтоқсанның 27 күнi дүниеге келедi. Келiсiмшартқа Қазақстан тарапынан Кербұлақ ауданының атқару комитетi төрағасының орынбасары В.М.Колупаев, ауыл шаруашылық бiрлестiгiнiң төрағасы Нұрбай Жантiлеуевтер қол қояды. «Келісім қарапайым ғана болғанымен, іс жүзінде 1990 жылдары басталған қазақ көшіне сара жол ашылуына түрткі болған құжат осы» деп жазды З.Қинаятұлы. Мiнеки, осы күн, 1990 жылдың желтоқсанының 27-i қилы замандарда әр қиянға кеткен ағайындардың басын қосуға мұрындық болған тарихи күн ретiнде қазақ тарихында белгiленуi керек деп ойлаймыз.

Алғашқы көш. 96 адам

Моңғолия Еңбек министрi Ц.Цолмонның бұйрығымен С.Заханқызы Қазақстанға баратын жұмысшыларды басқаратын өкiл ретiнде тағайындалады. 1991 жылы наурыздың 12-i күнi құрамында 96 адамы бар алғашқы көш Ұланбатырдан аттанып, атамекендi бетке алады. “Сол 96 адам Ұлы көштiң алғашқы қарлығаштары едi”. Туған елдiң топырағын тұңғышы болып аттаған сол тоқсан алты батырдың есiмi де қазақ тарихынан орын алуға тиiстi деп ойлаймыз. Бұлардың аты-жөнiн С.Заханқызының “Ұрпақтар тоғысы” атты кiтабынан табасыз. Елдi елге қосуда, нар тәуекел етiп, ерен ерлiк көрсеткен ерлердiң есiмi ескерусiз қалмауға керек. Моңғолиядан басталған қой жылғы қоңыр көш жалпы қазақтық, халықаралық сипат алды. Көшті Ресейдің Федерациясының Таулы Алтай өлкесіндегі «Қос ағаш», Қарақалапақстан, Түркия, Ауғанстан, Иран қазақтары жалғап әкетті.1963жылдары үзіліп қалған көшін қытайдағы қандастарымыз қайта жандандырды. Бұл күнде отанына оралғандар саны миллионнан асты.

Оралман не берді?

Көші-қон үдерісі басталған жылдарда мұндай сұрақ қойылмаған еді. Ол кезде қазақтың жыбырлаған жәндігінен жан баласына дейін қазаққа құшағын айқара ашты. Қазағым өз жерінде азшылдыққа ұшыраған этнодемографиялық ахуалын шеттен келетін ағайындар арқылы толтыратынына күманданбады. Бұл мақсат орындалды. Қазақ қаймағы бұзылмаған, ұлттық күре тамыры тулаған құнды капиталмен толықты. Бұл күнде қазақтың саны Қазақстан халқының 70 пайызға жуығын иеленеді. Соңғы он жылдықтың үлесіне тиесілі әлгі сауалды кейбір саясаткерлер де журналистер де қайталап жатады. Еш әбестігі жоқ, бірақ, еш кім де қарынның қамы үшін келген жоқ, қара домалақ баласының болашағы үшін келгендіктен бұған түсіністікпен қарайды. Сол қара домалақтардың атамекенінде дүние есігін ашқаны, төл топырағынан нәр алған жас ұрпағы, Тәуелсіз елдің төл құрдастарының өзі азамат болып Отанын қорғап, азаматтық борышын атқарып жатыр. Олар отанның өз өнімі, өз тумасы, аларын сұрамай алып, берерін сұратпай береді.

Шет елдерден «барымды, күш-қуатымды қазағыма, Отаныма беремін» деп келген пасионерлері аз болмады. Олардың барлығын жіпке тізіп, санамалау мақсат емес. Іздеген адам табады. Бұл туралы ақпарат құралдары көп те жазды. Осы «Түркістан» газетінің беттерінде де жілікті мақалалар мол жарияланды.

Сұрауын сұраймыз, ау сонда, оралмандардың алып келген ұлттық мол байлығын пайдаға асыра алдық па деген де сұрақ туындайды. Мысалы, Алманиядан келген бауырымыз Арыстан Шәдетұлы 1992 жыл атамекенге оралғаннан бері той-томалақта ғана емес, түрлі деңгейде «Қара жорға» биін насихаттап, «бұл қазақ биі, көненің көзі, тарихи, ұлттық мұра, бұның магиялық құдырет күші бар» деп қаншама дәріптеп, төкен тері мемлекеттік орындар тарапынан еленбей, ақыры қытайлар қолға алып бір жолда он үш мың адамға «Қара жорғаны» билетіп Гинес кітабына енгенде аузымызды бірақ бастық. Осыдан кейін барып «көзіміз ашылып» жасап жатқан әрекеттер бар болғанымен не керек. Осы олқылықты жуып-шаю үшін «Қара жорға қазақ биі емес» екен дегенге бардық. Сондай-ақ, бес жүзге тарта халық әнін сөзімен, жүз жиырмадан астам күйін жинап, нотаға түсірген, өз жадынан шығарған жиырмадай күй, осыншама әннің авторы, қазаққа жат жұрта жүріп Затаевичтен артық қызмет жасаған қайраткер ағамыз Қабыкей Ахмерұлының өзі де, еңбектері де ескерілмей бір таудың қуысында қалғанына жиырма жыл болғанын қалай түсінеміз. Тағы да қытайлар не істейді деп қарап отырмыз ба? Қазақтың мәдениеті мен өнерінің қорына қосылған ұшан-теңіз шұрайлы, таза тіл мен этнографиялық салт-дәстүрді немен теңестіруге болады? Кешегі «Көшпенділер» фильміндегі «Балапан қаз» әнінің мәтінін жазған, «Кешір мені, туған жер, Моңғол елім,//Пендемін ғой қаныма тартып барам» деп жырлаған Арғынбай ақын атаусыз Арқада дүниеден өтті. Бұл өнер саласында мысал үшін атағанымыз ғана, ал өмірдің басқа саларындағы кәсіби шеберлігі кемел қаншама қандастарымыздың білім мен ілім қоры пайдаға аспай, істеген істері көзге көрінбей, отанға әкелген қазыналары қараусыз, ескерусіз қалып жатыр.

Көш тоқырады

Бұл күнде кешегідей аспан астын шаңдатқан, айран асыр көш саябырлады. Оның бірнеше басты себептерін атай кеткен артық болмайды. Біріншіден, Қазақстан этнодемографиялық дағдарыстан шықты. Ендігі жерде Қазақстан халқының ұлттық құрамы шет елдерден келетін жасанды өсімге иек артпай-ақ өзінің ішкі табиғи өсімінің арқасында жуық жылдарда 70 пайыздан асатын болады. Екіншіден, Қазақстанның өндіріс, өнеркәсіп мегахолдингтерінің тізгінін қазақтар емес, шет елдіктер ұстап отыр. Ал оларға, магнаттарға жұмыс күші үшін шет елдердегі қазақтарды емес, керісінше, шет елдерден еңбекке жарамды арзан жұмыс күшін әкелу тиімді. Үшіншіден, қоғамдағы экономикалық дағдарыс салдарынан жер мен үйдің бағасы шарықтап кетті. Мұнадай бағамен мемлекеттің өзі көшіп келетіндерді үй-жаймен қамтамасыз ете алмайды. Ал шеттен келетін не капиталы жоқ, не жері жоқ қазақ үшін баспана мәселесін шешу оңайға түспейді. Төртіншіден, Қазақстан кезінде құшағын айқара ашқан кезде алды артына қарамай елім-жұртым дегендері «көзін жұмып» келіп алды. (Қытайдағы қазақтардан басқа елдердегі). Енді, шет елдерде (Моңғолия, Қарақалпақстан, Түркия және Еуропада) қайда жүрседе қазақ болып өмір сүрсе болдыға мойын ұсынған, азып-тозып бара жатсақ арқа сүйер Қазақстанымыз бар дейтін немесе тіршілік жағдайы төмен отбасылар мен екі елдің мүмкіндігін «телі емгісі келетін», азын-аулақ жиған-терген дәулетін қимайтындар, сондай-ақ, Қазақстанның қазақ болуына күмәнмен қарайтын, ал өздерін туған жерінің шын патриотымын өле-өлгенше осы жерде боламын дейтіндер қалып отыр. Осындай себеп салдарға байланысты қазақтың салиқалы көші тоқырап тұр.

Көшке керімсал саясат керек

Қазақстан жиырма жылда көші-қон саясатында мол тәжірибе жинақтады, үлкен сынақтан өтті. Жиырма жылда көш саясатында мемлекет өзінің алға қойған мақсатына жетті. Жүктеген міндеттерін орындады. Ендігі көш жалаң ұран, қызыл сөзбен жүрмейді. Оған басқаша бағыт, сарабдал бағдарлама, жаңа керімсал саясат керек. Шет елдердегі қазақтардың қомақты бөлігі Қазақстан аумағын қоршап отыр. Кейбір саясаткерлер ирриденттер – өз атажұртында отырғандар қазақтың қорғаныс қалқаны болатын сияқты ой айтады. Бірақ, қазақтың басынан кешкен тауқыметі мол тағдыр сабақтары, қазақты қазаққа айдап салған, өз қолыңмен от көсеткен отаршылар саясаты мұндай пікірге қосылуға болмайтындығын дәлелдеген еді. Қазақстан үкіметі келем деушілерді қабылудан, оларға көмек қолын созудан әлбетте бас тартпайды. Барлық елдерде ұсақ ұлттарды ассимиляциялау саясаты жүріліп жатады. Оған ешкім шектеу қоя алмайды. Сондықтан шет елдерде қалып жатқан қандастарымыздың ұлт ретінде жойылып, басқа жұртқа сіңісіп кетудің алдын алатын іш-шараларды айқындап, оған қажетті алғы шарттарға жататын тілін, дінін, ділін, өнерін қорғау үшін рухани ықпалды күшейтудің жаңа жолдарын нығайту жөн. Сонда ғана шет елдердегі қазақтарды әлі де біраз он жылдықтарға сақтап қалуға болады.

Бақытбек Бәмішұлы,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,

филология ғылымдарының кандидаты.

“Түркістан-Қоныс”

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. Орынды сөздер айтылған, “Ендігі көш жалаң ұран, қызыл сөзбен жүрмейді. Оған басқаша бағыт, сарабдал бағдарлама, жаңа керімсал саясат керек”.

  2. Өткен жиырма жылдағы Оралман аталған қазақтардың және оралатын, оралатыны белгісіз қазақтардың Қазақ билігі Көшке үлкен пайым жасап,арнайы бағдарлама әзірлеу керектігін тұтастай топшылап жазған екен.Көш тоқырап тұрғаны-шындық.
    Мақалада негізінен көштің тоқырауы себептерін дөп басып айтқан.
    “….арқа сүйер Қазақстанымыз бар дейтін немесе тіршілік жағдайы төмен отбасылар мен екі елдің мүмкіндігін «телі емгісі келетін», азын-аулақ жиған-терген дәулетін қимайтындар, сондай-ақ, Қазақстанның қазақ болуына күмәнмен қарайтын, ал өздерін туған жерінің шын патриотымын өле-өлгенше осы жерде боламын дейтіндер қалып отыр.”
    Енді осы себептерді талдай отырып,ғылыми негізді бағдарлама жасау Қазақ билігімен қазақ ұлтының еншісінде тұр.Мынауым дұрыс деген көкелеріміздің шимайымен шаипағыан бас изей берудіңде қажеті шамалы.

  3. Бақытбек Бәмішұлы, Ассалаумағаликум! Менің сенің жерлесің тіпті көршіңмін. Есіңде болса Бұлғындық Мәлік деген секелдің баласымын. Сен сөз еткен алғашқы 96 қарлығаштың бірі- Мен. Өзіңменен қалай тығыз байланыс орнатуға болады? Биыл ұлы көшке де 20 жыл толады ғой, мен де бір іске жарармын. Сәлеммен Малик Серхан.

  4. Assalamualeikum! Serxan agha, mende Qitayding Altay ongirinen Qazaq eline qonis audarghanima 5 zhilday uaqit boldi, Allagha shukir el-aman , zhurt-tinsh.
    qazir Astanada EURAZIA ULTTIQ UNIVERSITETINDE oqip zhatirmin, biz Sekelding ishinde BAYBOL degen el bolamiz, tuistarimdi izdep jurmin, mumkindik bolsa xabarlasip , aralasip tursaq degen nietpen iningiz: Zhqsiliq Toqtauxan uli
    Tel:+7757207584
    @mail:zhahan.kz@mail.ru

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар