Президент сайлауы мерзімінен бұрын өтеді

797 рет қаралды
2

31-қаңтарда Қазақстан халқына үндеу жариялаған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев референдум өткізілмейтінін және мерзімінен бұрын Президенттік сайлау болатындығын мәлімдеді.

Естеріңізде болса, 2010 жылы желтоқсан айының соңына қарай, Семей университетінің ректоры Ерлан Сыдықов бастаған топ Елбасы өкілеттігін 2020 жылға дейін сайлаусыз, бүкілхалықтық референдум арқылы өткізу туралы бастама көтерген болатын. Бастаманы Қазақстан халқының 5,5 миллион сайлаушысы қолдап, халықтың 55 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін созу қажеттігіне қол қойған. 2011 жылдың қаңтардың 7-сінде Президент бұл бастаманы қолдамайтындығын, бүкілхалықтық сайлау өтетіндігін мәлімдеді. Бірақ, Парламент палаталары Конституциялық құқын пайдалана отырып, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту және Қазақстан Республикасы президенті деген сөйлемді “Елбасы” деген сөзбен толықтырған еді. 

Елбасы бұл өзгерістердің Конституцияға қаншалықты сай келетін-келмейтіндігін анықтау үшін Конституциялық кеңеске жолдады. 31-қаңтар күні шешім шығарған Конституциялық кеңес бұл өзгерістердің Конституцияға сай келмейтіндігін мәлім етті.

Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде, бұл оқиғалардың Қазақстан халқы үшін саяси дәріс болғандығын айтты.

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. 1 ақпан 2011
    Саяси ойынның сәтсiз жалғасы
    коллаж

    КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕС «КӨЗСIЗ ЕРЛIК» ЖАСАДЫ
    Сонымен, былтырғы жылдың аяғынан берi үлкен саяси дүрмекке айналған референдум мәселесiне бiржолата нүкте қойылды. Кеше Конституциялық кеңес президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкiлеттiк мерзiмiн референдум арқылы 2020 жылға дейiн ұзарту жөнiндегi түзетулер мен өзгерiстер Конституцияға сәйкес келмейдi деген шешiм шығарды. Сөйтiп, Конституциялық кеңес Қазақстан парламентi 14 қаңтар күнi қабылдаған «Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы» заңды Ата заңға қайшы деп таныды.

    ТҰЗ КӨЗIРI ҚОЛЫНДА
    Өткен жұмада Қазақстан халқына кезектi жолдауын арнаған президент Н.Назарбаев референдумға қатыс­ты шешiмдi Конституциялық кеңестiң қорытындысынан кейiн қабылдайтынын айтқан-ды. «Мен парламенттiң референдум өткiзу жөнiндегi ұсынысынан бас тарттым, өйткенi 2012 жылы өтетiн президенттiк сайлауға қатысуға ниеттi едiм. Алайда парламент өзiнiң конституциялық өкiлеттiлiгiн пайдаланып, Конституцияға түзету енгiзу жөнiнде заң қа­былдады. Мен бұл заңды Конститу­ция­лық кеңеске жолдадым. Ендi Консти­туциялық кеңес оның заңдылығы мен Ата заңға сәйкестiгiн анықтауы тиiс. Түбегейлi шешiм содан кейiн ғана қабылданады», – дедi президент. Десек те Н.Назарбаев Конституциялық кеңес қандай шешiм қабылдаса да, халық бiрауыздан қолдаса, ден­сау­лығы мен күш-жiгерi жеткенше президенттiк тақта қалатынын анық аңғартты.
    Демек, ендiгi мәселе «ұлт көшбасшысы» билiкте қандай жолмен қал­мақ дегенге келiп тiрелген едi. Не Конституциялық кеңестiң шешiмiне қарсы шығып, өкiлеттiгiн 2020 жылға дейiн ұзарту, немесе сайлау өткiзу арқылы билiкте тағы жетi жылға қалу. Бiрақ президент жолайрықта тұрмағаны, референдум тағдырын күнi бұрын шешiп қойғаны түсiнiктi болатын. Қалай болғанда да президент екi жағдайда да ұтылмай, тұз көзiрiн қолында ұстап отыр. Өйткенi қайткен күнде де түпкi мақсат бiреу-ақ. Ол – билiктен неғұрлым ұзақ мерзiмге айы­рылмау.
    Демек, 5 миллионнан астам халықтың қолын жинап, жұртты сонша әбiгерге түсiрген референдум науқанының қандай қажетi болды? Бұл сая­си қойылым «ұлт көшбасшысын» халық сөз жүзiнде ғана емес, iс жү­зiнде де бiрауыздан қолдайтынын көрсеткiсi, дәлелдегiсi келгендей. Әйтпегенде, 200 мың қол жеткiлiктi бола тұра, жұртты аязды күндерi мезi етiп, 5 миллионнан астам қол жинаудың қажетi не? Бiр жағынан халықтың басым бөлiгi қолдап, парла­мент­тiң қос палатасы референдумды құптаған күннiң өзiнде президенттiң плебисциттен бас тартып, Батыстың сын-ескертпесiне құлақ асуы оны көзсiз демократ етiп көр­сететiнi анық. Екiншi жағынан ЕҚЫҰ, Еуроодақ, АҚШ және өзге де халықаралық ұйымдардың қарсылығына тап бол­ған референдум идеясынан бас тарту арқылы да президент Батыстың алдында абыройға ие болмақ. Осының барлығы Н.Назарбаевты демократия жақтаушысы, демократиялық қағи­да­ларды берiк сақтаушы президент деген пiкiрдi таңу үшiн жасалғандай. Ал бұл саяси қойылымның бас режис­серi де, сценарийсi де – өзге емес, прези­денттiң өзi екенiн ескерсек, бұл дүрмек бiрiн­шiден, өзi шау тартса да құдiретiнен таймағанын айналасына ескерту болса, екiншiден, жұрт өзiн қолдайтынына көз жет­кiзу үшiн ойлап табыл­ған айла iспеттi.

    ХИЛЛАРИДIҢ ДҰҒАЙ СӘЛЕМI МЕН ТУНИС ОҚИҒАСЫ
    Былтырғы жылдың аяғында бастау алған референдум науқанына қазақстандық электораттың тең жартысы қатысты. Әуелi Өскемен қаласында өткен республикалық жиында 7 шығысқазақстандық белдi азамат референдум өткiзу идеясын көтерiп, бастамашыл топ құрылды. Бастамашыл топ небәрi бiр тәулiктiң iшiнде тiркелiп, Орталық сайлау комиссиясына өтiнiш түсiрiп, бiрнеше тәулiктiң iшiнде қажеттi қол санын жинап бiтiрдi. Ал қаңтардың 10-ына дейiн 5 миллионнан астам дауыс берушiлер­дiң қолын жинап үлгердi. Орталық сайлау комиссиясы небәрi бiр күннiң iшiнде референдумды құптаған азаматтардың қолдарын тексерiп шықты.
    Бұдан ертеректе Қазақстан парла­ментi президент өкiлеттiгiн референдум арқылы 2020 жылға дейiн ұзарту жөнiнде Н.Назарбаевтың атына ұсыныс жолдаған болатын. Алайда президент парламент ұсынысынан бас тартқан-ды. Соған қарамастан, қаң­тар­дың 14-i күнi парламент қос палатасының бiрлескен отырысында Сенат пен Мәжiлiс депутаттары президент ветосын еңсерiп, референдум өткiзу жөнiнде «Конституцияға түзетулер мен өзгерiстер енгiзу туралы» заңды қабылдап жiбердi. Ақыры болмаған соң, президент бұл түзетулердiң Ата заңға сәйкестiгiн анықтау үшiн заңды Конституциялық кеңеске жолдады. Ендi мiне, сонша созбаланған саяси ойын аяқталды.
    Мұның сыртында Батыс референдум идеясын жақтамағанын да қаперге алған жөн. АҚШ үкiметi референдумды «демократиядан керi сыр­ғу» деп бағаласа, ЕҚЫҰ бұл бастаманы «Конституция мен Қазақстанның ЕҚЫҰ алдындағы мiндетте­ме­лерiне қайшы» дедi. Iле-шала Еуро­одақ та референдум сайлауды алмас­тыра алмайтынын айтып, Қазақстанды әдiл сайлау өткiзуге шақырды.
    Осының барлығы саяси ойынның сценарийiне әсер етпей қоймағаны анық. Оның үстiне жақында АҚШ-қа ат басын бұрған Сыртқы iстер министрi, Мемлекеттiк хатшы Қанат Саудабаев Хиллари Клинтонмен кездесiп қайтқан-ды. Осы кездесу кезiнде Хиллари Клинтонның Қ.Сау­дабаев арқылы президентке жолдаған дұғай сәлемiн де ұмыт қалдыруға болмас.
    Араб елдерiндегi соңғы оқиғалар да әлем жұртшылығын дүр сiлкiн­дiрдi. 23 жыл бойы билiк құрған Тунис президентi Бен Әлидi халық бiр күнде тақтан тайдырды. Диктатор президенттi қолдаған Батыс елдерiнiң бәрi одан терiс айналды. Тунисте бұрқ еткен «жасмин революциясының» жаңғырығы өткен аптада Мысыр елiне жеттi. 30 жыл бойы президенттiк тақта отырған Хосни Мүбәрак отставкасын талап етiп, ереуiлдеткен жұртта есеп жоқ. Каир көшелерiндегi жаппай тәртiпсiздiк әлi де жалғасып жатыр.
    Осындай сыртқы факторлар, сөз жоқ, референдум жөнiндегi саяси қойылымның сценарийiне бiршама өзгерiс енгiздi.

    БIЗДI САБЫНҒА АЙЫРБАСТАУ
    Кеше кешкiсiн президент Н.Назарбаев парламент депутаттары мен үкiмет мүшелерiнiң алдында мәлiмде­ме жасап, Конституциялық кеңестiң шешiмiмен толық келiсетiнiн жеткiз­дi. Сөйтiп, «ұлт көшбасшысы» өз өкiлеттiгiн 2020 жылға дейiн ұзарту жөнiндегi жалпыхалықтық референдум өткiзу бастамасынан бас тартты. Алайда референдумнан бас тартқан Назарбаев мерзiмiнен бұрын прези­денттiк сайлау өткiзудi ұсынды.
    «Қоғамды жаратын екi таңдау – референдум немесе сайлаудың арасынан бiздi бiрiктiретiн ортақ форманы таңдадым. Мерзiмiнен бұрын президент сайлауын өткiзудi ұсынамын», – дедi ол. Сөйтiп, президент қалған екi жыл өкiлеттiк мерзiмiн «құрбандыққа шалатын» болды. Тиiстi ұсынысты заңнамаға сәйкес парламент қара­уына жiберетiнiн жеткiздi.

    ЖАРАМСАҚТАР ҚАЙТЕР ЕКЕН?
    Ендiгi кезекте жұрт назары Конституцияға қайшы шешiм қабылдаған парла­менттiң тағдырына ауды. Президент қарсылығына қарамастан Конституцияға түзету енгiзген парламент үшiн ең абыройлы шешiм – өздiгiнен таратылу.
    Олай болса, референдум идеясының басы-қасында жүрiп, президентке адалдығы арқылы ұпай жинаған өзге жарамсақтар да қызметтен алынуы тиiс. Е.Сыдықов бастаған бастамашыл топ, президент өкiлеттiгiн ұзартуды қос қолмен қолдаған үкiмет мүшелерi қызметтерiмен қош айтысқаны жөн. Тiптi референдумды қолдау жөнiндегi «Нұр Отан» бастаған коалицияға бiрiккен партиялар, Қазақстан халқы ассамблеясы да халықтың басын босқа қатырғаны үшiн кешiрiм сұрағаны абзал.

    ПРЕЗИДЕНТТIҢ НЕ ОЙЛАҒАНЫ БАР?
    Президенттiң екi жылдық өкiлеттiк мерзiмi бола тұра, президент сайлауын мерзiмiнен бұрын өткiзгенi қалай? Мұнда қандай гәп болуы мүмкiн? Саясаткер, Коммунистiк партияның бұрынғы хатшысы Серiкболсын Әбдiлдиннiң ойынша, референдум мәселесi тектен-текке көтерiлген жоқ. Президент алғашқыда референдум арқылы өкiлеттiк мерзiмiн ұзартуға бел буған. «Алайда кейiнгi кезде шетелдiк сарапшылар, әсiресе АҚШ көзқарасын бiлген соң, референдумға бармаймын деп шешiм қабылдады», – дейдi саясаткер. Десек те президент­тiң бұл шешiмi оның елдi, Конституцияны сыйлағанын көрсетпейдi дейдi ол. «Референдумға барудың өзiнде онда үрей, қорқыныш пайда болған. Ал сайлауды нелiктен ертерек жариялады дегенге келетiн болсақ, онда да президенттiң белгiлi бiр есеп-қисабы бар, – дейдi саясаткер. – Екi жылда заман қалай өзгередi, бұл жағы белгiсiз. Ал қазiр ол ЕҚЫҰ саммитiн өткiздi, қысқы Азия ойындарын да өткiзiп жатыр, халықтың көзiн әбден боядым, 5 миллионнан астам халықтың қолын жинадым. Осының бәрi маған сайлау өткiзуге тiрек болмақ деген оймен мерзiмiнен бұрын сайлау өткiзуге бел буды». С.Әбдiлдиннiң ойынша, 2 жылда ел iшiндегi ахуал сөзсiз өзгередi. «Ал екi жылды құрбандыққа шалып, сайлауды мерзiмiнен бұрын өткiзу қаншалықты заңды?» деген сұраққа С.Әбдiлдин былай деп жауап бердi: «Назарбаев еш уақытта өзiнiң сайланған немесе реферерендум арқылы ұзартылған мерзiмiн толық пайдаланып көрген емес. Оның себебi – бәсекелестердi тұқырту. Мәселен, қазiр сайлауға ешбiр үмiткер дайын емес. Үмiткерлердiң дайындығы да, қаржысы да, бағдарламасы да жоқ. Сондықтан осындай аласапыран жасау оның үйреншiктi әдетi».
    Ал тiркелмеген «Алға!» халықтық партия­сының жетекшiсi Владимир Козлов болса, iс жүзiнде Назарбаев ештеңенi алмастырған жоқ деп есептейдi. «Шын мәнiнде, ол дәл сол бастаманы – өкiлеттiгiн ұзарту идеясын бас­қа формаға ауыстырды. Өйткенi бiрнеше айдан кейiн өтетiн сайлауға бiрде-бiр үмiткер дайындалып үлгермейдi. Қазiр мерзiмiнен бұрын президенттiк сайлау өткiзудiң негiзi жоқ. Мерзiмiнен бұрын сайлау Польшада өттi. Себебi поляктардың президентi мен үкiмет мүшелерiнiң жартысы оқыстан мерт болды. Демек, мерзiмiнен бұрын сайлау елге қауiп-қатер төнгенде, оқыс оқиғалар кезiнде ғана өткiзiледi», – дейдi ол. Сонда президенттiк сайлауды биыл өткiзудiң қажетi не? В.Козловтың ойынша, референдум идеясы қарсылыққа ұшырап, масқара болғандықтан, президент сайлау өткiзу жөнiнде шешiм қабылдады. «Алайда бұл жолы президент өз өкiлеттiгiн он жылға емес, бес жылға ұзартпақ». В.Козлов та президенттiкке түсетiн үмiткердiң дайындығы үшiн кем дегенде 2 жыл қажет екенiн жеткiздi. «Ал қазiр бәрiмiз президент Н.Назарбаевтың сайлауына баратынымыз түсiнiктi», – дейдi ол. «Оппозиция сайлауға ортақ үмiткер шығара ма?» деген сұрағымызға В.Козлов былай деп жауап бердi: «Н.Назарбаев бiр сағат бұрын ғана сөйледi. Ортақ үмiткердiң шығуы да мүмкiн. Алайда ортақ үмiткер шығару үшiн үмiткер шын мәнiнде ортақ болуы тиiс».
    «Азат» ЖСДП тең төрағасы Болат Әбiлев болса, президенттiк сайлауға түсуге дайын екенiн мәлiмдедi. «Президент әуелi референдум өткiзбек болды. Алайда Мысыр, Тунистегi оқиғалар оған әсер еткендiктен, президент бұдан бас тартты. Оппозиция үмiткерлерi дайын емес, ал мен болсам 5 миллионнан астам қол жинадым, халық менi толық қолдайды деген қорытындыға келiп, мерзiмiнен бұрын сайлау өткiзетiн болды. Ендi сәрсенбi күнi парламент отырысы өтедi. Сол отырыста сайлау тағдыры шешiлуi тиiс. Менiңше, сайлау мамыр айында өтуi мүмкiн. Бiрақ бiз қалай болғанда да сайлауға да­йынбыз, оған қатысамыз», – дедi ол. «Оппозиция сайлауға ортақ үмiткерiн шығара ма?» деген сұраққа Б.Әбiлев бүй дедi: «Бiз әлi өзге партиялармен кездесiп, ақылдасамыз. Десек те қалай болғанда да «Азат» ЖСДП-ның атынан өзiмдi үмiткер ретiнде ұсынатын боламын. Партия жиналады, талқылау болады, және партия менi қолдайды деген үмiттемiн», – дедi ол.
    Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ

    elnur-alimova@mail.ru

    «ЖАС АЛАШТЫҢ» АЙТАРЫ:
    Қазақ елiн, һәм қазақ мемлекетiн және оның басшысын күллi әлемнiң алдында масқара етуге итермелеген жандайшаптарға президент секiлдi алғыс айтпау керек. Керiсiнше, оларды айыптап, ендiгi әрiде мұндай әбестiкке бармайтындай шара қолданған абзал болар едi.
    Ата заңды қолбала заңға айналдырып, Конституцияны бiр кiсiнiң қалауына, қас-қабағына қарай құбылта беруге машықтанғандар – «нұротандықтар», президент әкiмшiлiгiн­дегiлер, мәжiлiсшiлер мен сенатшылар ел алдында жауап берсiн! Референдум өткiзуге құлшынғандар мен оларды құлшындыр­ғандар көздi тарс жұмып, Конституцияға қарсы келетiн әрекетке барды. Конституцияға, заңға томпақ қарекеттiң қанда­йына болсын берiлетiн баға бiреу – ол қылмыстық iс. Бес миллион он алты мың адамның қолын жинап (қалай жинағандары халыққа мәлiм), олардың баршасын Ата заңды белден басып, аяқасты етуге мәжбүрлегендерi үшiн тым болмаса әкiмшiлiк жазаға тартылсын! Референдумға қарсылық бiлдiрiп, Конституцияны сақтауға шақырған журналистердi, азат ойлы азаматтарды орынсыз кiнәлап, әкiмшiлiк соттары айып салды, қамады. Сол соттар ендi оларды ақтап, кешiрiм сұрасын! Олардың орнына жоғарыдағы жандайшаптардың мәселесiн майшаммен қарасын! Президент Н.Назарбаев өзiнiң Конституция кепiлi екенiн еске алғаны секiлдi, соттар мен прокурорлар да заңға қызмет етсiн!
    Сенат пен мәжiлiстiң айыбы үлкен. Соған сәйкес өздерiн-өздерi таратып, депутаттар үйлерiне қайтсын! Астанадағы парламент үйiнiң қайда екенiн мәңгiлiкке ұмытсын! Ал «Нұр Отан» өз көшбасшыларын елмен қоса саясаттың лас көлшiгiне сүйрегенi үшiн, саяси сенiмнен шыққан партия ретiнде бытырап, таратылсын! Ал бүгiнгi президент өз өкiлеттiлiгiн ат­қарудың екi жылын нелiктен «құрбандыққа» шалып, сайлауды аяқ астынан биылғы жылы өткiзгiсi келетiнiн халыққа түсiндiрсiн!
    Сiздер бұл ұсынысқа қалай қарайсыздар, қадiрлi оқырман қауым?
    “Жас Алаш” газеті. `

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар