Соңғы киіз үй

651 рет қаралды
1

Жұмабай Біләлұлының (Қытайдағы қазақ жазушысы) әңгімелерін оқи бастағаныма 10 жылдың жүзі болды. 7-8 жылдың алдында «Көкжиек» журналына екі қысқа әңгімесін таныстырып жариялаған едім, едәуір дүмпу қозғады. Кейін бір қанша әңгімесін оқыдым. Шынын айтсам, Жұмабайдың әңгімелерін оқысаң құмардан шыққандай болмайсың, шығармаларындағы көшпелілер өмірінің үзік-үзік хикаяттары бір сарынды, тұтқыр болғанымен жалт етіп көрінетін  нәзік оқиға желілері сұмдық көзге түсетіндіктен, бір жолата безіндірмейді

Маған ерекше әсер еткені құсбегілік туралы әңгімесі. Әкей бір бүркітті ұстап алып, қолға үйретіп, саятқа шыққандағы қолғанаты етпекші болады, қолға көндіру әдісі өте қарапайым, яғни, бүркітті аяғынан шыжымдап ырғаққа қондырып, неше тәулік бойы көз шырымын алдырмай жуасытады. Бұл барыста әкей баласын жанынан екі елі айырмайды, бүркітті жуасыту арқылы баласын да шынықтырады, соңында, тәкәппар бүркіт жуасытылады, ал, осының бәрін бастан-ақыр көрген баласын жан түршіктірерлік аса үрейлі сезім билейді.

Жұмабай нағыз көшпелілер тұрмысын бастан кешірген қазақ азаматы, ол және оның ата-бабасының мыңдаған жылдық көшпелі өмірі  Жұмабайдың  толысқан шағында аяқталды.  Жұмабай Солтүстік Шынжаңдағы Шәуешек деген шекарадағы шағын қалашыққа ірге тепті. Басқа туыстарының дені отырықтанып, байырғы киіз үйлерін жиып, ендігәрі көшіруге келмейтін там үйге немесе тас кірпіш үйге көшіп кірді. Тек шалғай таулы өлкеде андыздаған киіз үйлер мен көшпелі тұрмыс тәсілі сақталып қалды. Жұмабайдың «Арулар» атты романы осы бір көріністі арқау ете жазылған. Романда екі бас кейіпкердің тағдырын сомдаған:  бірі малшылықтағы  киіз үйде тұратын жас жесір, енді бірі шағын қаладағы  әйелі өлген кексе судия жігіт. Екі кейіпкерге қатысты әңгімелер бастан-аяқ тоғыспайды, олардың бар қарым-қатынасы романның сірге жиярында айтылады, екеуі де Баранша шаңырағының тұқымы, сотшы жесірдің кездесіп көрмеген немересі. Араға бір ғасыр тастап жүз берген екі әңгіме бір уақытта бір орында қатар өрбиді, әңгіменің құрылымы қызықты. Сонау алыс малшылықтағы киіз үйде, жас әрі сұлу жесір келіншек тән мен жанның әр алуан аздыруларын тойтарып тастап, бір ұлыстың ауыр жүгін арқалайды. Ал шағын қаладағы таяуда ғана жан жарынан айырылған орта жастар шамасындағы судья болса, маңайындағы  әйелдермен түгемес махаббат хикаясын бастайды.

Жұмабай бір әулеттің төрт ұрпағын, сондай-ақ, шопанмен бірге жасасқан қазақ киіз үйін көз алдыңа сәтті елестетеді. Осы бір киіз үйдің ішінде  әрі жас, әрі сұлу жесір көрпенің ішінде жападан жалғыз бүрісіп жатады. Түнімен нәпсі азабына қалады, ұйқысыз ұзақ түндерде оның құлағына ата-енесінің қорылдаған дауысы, қойшының аунақшып кекірген дауысы және қылжақтағысы кеп тіміскілеген жігіттерге үрген ит дыбысы еміс-еміс естіледі. Сыртта шыққан үнге елеңдеп, бар ауанды байқайды.

Салыстыра айтсақ, шағын қаланы мекендеген судьяның  суық жүрісі кісіні оншалық қызықтырмайды. Судья өзінің салауаты мен қызмет қолайының арқасында шағын қаладағы бір қанша жас немесе сары кідір тартқан  әйелдердің тұрмыс қиыншылығын, тән зәруін шешіп береді. Бұл – бүкілдей ашық қала, бір ғасырдың алдында байтақ далада бір жесір  әйелдің жан сала ізгі ниетпен қорғаштаған асылдары дәл осы сәтте орта жастағы судья мен оның маңайындағы  әйелдер жағынан  тәрік етіледі. Жұмабай бір ер, бір  әйел кейіпкердің тағдыры арқылы Солтүстік Шынжаңдағы байырғы көшпелілер өлкесінде қазақ ұлтының ғасырлық тарихи өзгерісін бейнеледі.

Бұл аса ден қойып сабырлықпен оқуды қажет ететін роман. Ол сонау алыстағы киіз үй өмірін тірілтті. Бүгінгі оқырмандар қауымы үшін таптырмайтын үлгі. Шынын қусақ бұл ең соңғы киіз үй. Жұмабай киіз үйдің тұрмыс-тіршілігінің бүге-шігесіне дейін қанық. Ал, осы заманғы өмір оған біраз бейтаныс, сондықтан да, романның ең татымды жері жас жесір мен киіз үй өмірі жазылған бөлім.

Ең соңында айтарым: біз оқыған «Аруларды» қазақ жазушысы Еркеш Құрманбекқызы қытай тілінде сөйлетті. Осындай  үздік аз санды ұлт жазушысының  романын оқуымызға мүмкіндік жасағаны үшін Еркешке мың алғыс.

Лиу Лияң Чың

(Шинжиаң жазушылар қоғамының орынбасар төрағасы )

Қытайшадан аударған: Мәдениет Мұқатайұлы, әдебиет сыншысы, ақын

Дайындаған Мейіржан ӘУЕЛХАНҰЛЫ

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Жарайсың Мейіржан бауыр. Осындай дүниелерді бұл жақтағы біреу білсе, біреу білмейді. Ұлы әдебиеттің басын өздерінен бастағысы келетіндер де жоқ емес. Жалғастырыңдар Мінберліктер!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар