/

Ең қауіпті мамандық…

962 рет қаралды

Соңғы 10 жылда жұмыр жерде 546 журналист қаза болған

«Астана саммитінен» кейін 2011 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасау міндетін қабылдап алған Литва іске кірісіп кеткен. 7-8 маусымда Литва астанасы Вильнюсте ЕҚЫҰ-ның төрағасы, Литва Сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалистің жетекшілігімен халықаралық кеңес өтті. Күн тәртібі күйіп тұр: «ЕҚЫҰ аймағы елдеріндегі журналистердің қауіпсіздігі!». Кеңеске ұйымға мүше елдердің барлық тараптары шақырылыпты. Ресми тұлғалар, қоғамдық ұйымдар өкілдері, журналистер, тек Түркістан мен Өзбекстаннан өзгесі бәрі келді.

ЕҚЫҰ-ға мүше 56 елдің 200-дей өкілі бас қосқан Кеңеске Қазақстан тарапынан Парламент депутаттары, үкіметтік тұлғалар, ҚР Жоғары сотының судьялары, қоғамдық ұйымдар өкілдері, журналистер қатысты. Кеңесте ұйымға мүше елдердің ресми өкілдері мен қоғамдық ұйымдар мүшелері бір үстел басында журналистердің қауіпсіздігі туралы ашық пікір алысты. Журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің нақты қадамдарын қарастыруды ұсынған ЕҚЫҰ-ның төрағасы, Литва Сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалис жиынның ашылуында «Бұл форумда халықаралық міндеттемелерге қол қойған кез келген мемлекетте журналистерді қуғындауға жол берілмеуі тиіс» деп мәлімдеді.

Сондай-ақ, ол Кавказ елдері мен Орта Азия республикаларында журналистердің кәсіби қызметіне кедергілердің көп екенін атап өтті. Бұл пікірді ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясының төрағасы Петрос Эфтемиу кеңірек сараптай келе, кейінгі жылдары жер шарында ой еркіндігі мен баспасөз бостандығының жай-күйі әлсірегенін, жалпы журналистерге қауіп төнген жерден еркін ақпараттық кеңістікті, сөз бостандығын күту бекер екендігін жеткізді. ЕҚЫҰ жанындағы сөз бостандығы бюросының басшысы Дуня Миятович жұмыр жердегі журналистердің басынан өтіп жатқан қиян-кескі оқиғаларды санамалай келе, «журналист мамандығы – бүгінгі кезеңдегі ең қауіпті мамандық болып тұр, сондықтан оларды қорғауға бар күш-жігерімізді салуымыз керек…» деген тұжырым жасады Қазақстан тарапынан сөз алған ҚР Байланыс және ақпарат вице-министрі Нұрай Оразов Елордада өткен саммитте сөз бостандығы жоғары деңгейде талқыланғанын, жалпы қауіпсіздікке қатысты қабылданған 13 бөлімнен тұратын «Астана декларациясының» бір бөлімі адам құқы және сөз бостандығы мәселесінің қоғамдық өмірдегі әсер, ықпалы туралы атап өтті.

Халықаралық «Әділ сөз» қорының басшысы Тамара Калеева мен журналист Зарина Ахматова Қазақстандағы ақпараттық кедергілер жөнінде өз ойларын ортаға салды. ҚР Жоғары Сотының судьясы Жолымбет Бәйішев сөз алып, Қазақстандағы журналистердің қауіпсіздігі мен құқы заңмен реттелініп, жалпы кез келген іс-әрекет құқықтық бағаға ие болатынын атап өтті. Сербияда криминалдық топтар мен мафияның іс-әрекетін зерттеумен айналысатын журналистер қауіпсіздігі үшін күні-түні полиция жалдауға мәжбүр екен. Соңғы 10 жылда жұмыр жерде 546 журналист қаза болған. Ал соның 41-і ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің тілшілері көрінеді. Бұл деректі Еуропа кеңесінің адам құқықтары жөніндегі комиссары Томас Хаммемберг келтірді. Ол ТМД, соның ішінде Ресей аумағында арнайы тапсырыстың құрбаны болған журналистерге кеңінен тоқталды. Ол өз пікірін ТМД аумағындағы үкімет мүшелерінің бюрократтық сипаттан арылып, журналистердің еркін ақпарат алуына жағдай туғызуға шақырумен аяқтады.

«Журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мемлекеттің өзі мүдделі болу керек. көптеген елдерде жұмыс істеуге қолайлы заңдық-құқықтық және ақпараттық кеңістік болғанымен, саяси ерік-жігер жетіспейді». Кеңесте жасалған баяндамалардың түйіні осы. …Ал жекелеген қаржылық топтардың, жеке тұлғалардың мүддесін қорғауда ештеңеден тайынбайтын, ел ішін лаңдап, өз «нәсібін» тапсырысты мақалалар арқылы табатын «жалдамалы журналистердің» қауіпсіздігі… ашық күйінде қалды. Алматы – Вильнюс P.S. Жалпы, біздің қоғамға жуналистердің мәртебесін анықтайтын арнайы құжат керек. Бұл, біріншіден, тілшінің жоқ-жітігін түгендеу үшін. Және «ауладағы академиялардан» шыққан «тілшілерді» тізгіндеп, журналистиканың сапасын арттыру мақсатында. Сондай-ақ, бұл құжат – «ерінбегеннің ермегіне айналған» бүгінгі журналистикаға тосқауыл болар ма еді?…

Жанарбек Әшімжан,

 «Қазақ әдебиеті» газетінен

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар