/

Біз Тәуелсіздіктің қадірін бағалай алмай жүрміз

1413 рет қаралды

«Алаш» тарихи–зерттеу орталығының президенті, алғашқы ұлттық теңгенің авторы, тарих ғылымының кандидаты, профессор, белгілі қоғам қайраткері  Хайролла Ғабжәлелмен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Тәуелсіздік алғалы 20 жылдың ішінде елімізде рухани сілкініс, қоғами өзгерістер болды ма,  жалпы біз тәуелсіздігімізді толықтай қалыптастыра алдық па?

– Ата-бабаларымыз мыңдаған жылдар бойы армандаған тәуелсіздігіне Алла нәсіп етіп,  бүгінгі  ұрпақ  қол жеткізіп отыр. Тәуелсіз мемлекет атанып, өз әнұранымыз, елтаңбамыз, туымыз, шекарамыз бар деп еркіндікке қол жеткіздік, азат ойлы болдық деп қуандық, ұлттық теңгемізді шығардық. Бұл әрине үлкен жетістік, алайда осы тәуелсіздіктің қадірін қоғам түсініп, бағалап отырғанына көзім жетпей отыр. Біз әлі тәуелсіздіктің бағасын түсіне алмай жүрміз бе  деп күмәнданам.

Қазір Кеңес заманын аңсайтындар көп, бұған не себеп болып отыр, әрине біздер Кеңес заманының көзін көргендіктен оның барлық жақсы-жаманын, өткені мен бүгінін, дамыған және артта қалған елдермен салыстыра отырып баға береміз. Тәуелсіздікке дейінгі Қазақстан қандай еді, бүгін қандай? Тәуелсіздік алғалы неден ұттық, неден ұтылдық, міне мәселе осында. Кеңес заманы біздерге өте жоғары деңгейде білім берді, ол кезде қазіргі кезде жетіспей жататын әділдік болды, қарапайым халықтың  құқығы қорғалатын, ал қазір біз осының бәрінен айырылып қалдық.

Сол уақытта ауылшаруашылығы жақсы дамыған еді, Қазақстан ірі аграрлық мемлекет болды, шикізат өндіретін өндіріс орындары көптеп  ашылды. Мысалы айта кетсек, Балқаш комбинаты, Кармет комбинаты, Екібастұз, Қарағанды көмір шахталары сияқты ірі гиганттар бар еді, енді олардың қызығын шетелдіктер мен жеке тұлғалар көруде. Қазір де өндіріс орындары ашылуда, бірақ бұрынғыдай көп емес, шағын ғана, бұлар мемлекетті толықтай қамтамасыз ете алмайды. Тұтас бір мемлекетті қамтамасыз етуі үшін бұлардың саны жүз есе көп болуы тиіс, алайда, біздегі бюрократтық жүйе оларға жұмыс жасатпайды. Жұмыс істеудің орнына түкке тұрмайтын қағаз жұмыстарымен әр есікке жүгіртіп сандалтып қояды. Бүгінгі заман қолынан іс келетін, тепсе темір үзетін азаматтардың жігерін құм қылып бітті. – Қазіргі білім беру жүйесінің кеңес дәуірімен салыстырғанда қандай айырмашылығы бар?

– Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, Кеңес дәуірінде білім, медицина саласы өте жоғары деңгейде болды. Бүгінгі күні батыстың білім жүйесіне көшерімізді  көшіп алып, оны дұрыс игере алмай жатырмыз. Білім министрі жыл сайын ауысып отырады, содан шыққан нәтиже бар ма? Білім беру алып-сатарлық, бизнестің көзіне айналып кетті, мен бұл саланы 100 пайызға құлдырап кетті деп айта аламын.

Медицина  саласы да дамымай қалды. Қазір қалталы азаматтар, зиялы қауым өкілдері, шенеуніктер өзіміздің дәрігерлерге сенімсіздік танытып, шетелдерде емделіп жүр. Ал, жағдайы жоқ, қарапайым халық емшіге, көріпкел-тәуіпке барып емделеді, әрине амалы жоқтықтан. Міне, бұл тәуелсіздік алғаннан кейінгі тұрмысымыздың бір көрінісі. Егер бізде білім жүйесі, медицина  саласы жақсы дамыған болса, халық олай жасамас еді. Бұл жағынан біз ұтылдық. Сондықтан,  жастардың санасын көтеру керек, тәрбиесіне көбірек мән берілуі тиіс, жастар міндетті түрде білімді болуы шарт. Қазақ халқын көтеретін де білімді азаматтар.

Ұтқан жеріміз шетелге емін еркін шыға аламыз, қандай ғимараттар саламын, қанша жалақы аламын,  қалай байып кетем десең өз еркіңде. Қазір Астана мен Алматы қалаларын қараңыз, керемет ғимараттар, көп қабатты үйлер салынып  жатыр. Ертеңгі күні бұл жердегі зәулім үйлерде кімдер тұрады, біздің мемлекет кімдер үшін салып жатыр, міне бізді осы мәселе ойландыруы тиіс.

Қазір жастарымыз дінге бет бұра бастады. Дін қаншалықты дұрыс насихатталуда?

– Қазіргі кезде жастар дінге жақсы бетбұрыс жасап келеді. Бұрынғыдай емес қазір мешіттердің саны да көп, бірақ діндегі ұрпақ тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлінуде? Дін мемлекеттен бөлек деп, дінді қараусыз қалдырдық, соның салдарынан әр түрлі діни секталар елімізде қаптап кетті. Мешітке барып жатқан жастарға имандар тәрбиелі, жоғары деңгейде  уағыздар айтуы тиіс.

Егер мен мұсылман болатын болсам, мешітке барып құлшылық жасайтын болсам, менің құлшылығымнан халқым бүлінбеуі керек, халыққа құт-береке келуі тиіс, мемлекетімнің болашағы мықты болуы керек. Ал, егер елдің ішінде араздық, Ақтөбедегідей атыс-шабыс болатын болса, бұндай құлшылықтың  бізге бір тиынға керегі жоқ.

Мен «біздің діни басқарма дұрыс жұмыс жүргізбейді,  халық арасында дінді дұрыс бағытта насихаттамайды. Қазаққа діннен қауіп төніп тұр» – деп жиі айтамын. Бұған дәлел, кешегі Ақтөбедегі, Алматыдағы қарулы қақтығыстар, өңкей сақал қойғандар мешітке кіріп өз уағыздарын жүргізіп жүр. Ал діни басқарма не қарап отыр? Бұл үшін діни басқармалардың қызметкерлері жауап беру керек.

Кейбір ата-аналар балаларына кішкентай кезінен бастап бір жақты діни тәрбие береді. Мұндай тәрбиеде өскен балалар ұялшақ, момын, жігерсіз тіпті адамның бетіне тіке қарап сөйлей алмайтындай болып өсуі мүмкін. Бала деген балалықты біліп, аунап-ойнап, күресіп, жарысып, емін-еркін өсуі қажет. Балада мінез қалыптасуы тиіс. Егер біз оларға анаған қарама, бұлай істеме дей беретін болсақ, ол бала жасық болады, құлдық санада өседі. Құлдық санада өскен баланы ертеңгі күні  қолынан жетектеп, өз істеріне пайдаланады. Сондықтан да отбасында дұрыс тәрбие берілсе, ол бала ешқайда кетпейді, дұрыс жолмен жүреді. Жастар діни сауатты болуы үщін дін басқармасының жанынан рухани өмір мен материалдық өмірді ұштастыратын ғылыми орталықтардың болғаны жөн.

Еліміздің ертеңі де, болашағы да жастар. Тәуелсіздігіміздің туын ары қарай желбіретуге жастарымыз дайын ба? Оларға қандай жағдай жасалған?

Қазақ халқының тарихына үңілетін болсақ қазақ халқы өте мықты, тарихы терең, жаудан беті қаймықпаған халық болған. Біз сол батыр халықтың ұрпақтармыз. Ел боламыз, алға жылжимыз десек, экономикамыз даму керек, осы экономиканы ұстайтын, жалғастыратын жастар мықты болуы тиіс, сол жастарға рухани, отан сүйгіштік тәрбие берілуі керек. Бірақ ондай тәрбие өкінішке орай беріліп отырған жоқ, қолынан іс келетін жастарымыздың көпшілігі шетелге кетіп, сонда жұмыс істеп жатыр. Міне, бұл да мемлекетіміздің дұрыс емес саясатының бір тұсы.

Қазіргі кезде кім бай – шенеуіктер бай, олардың арасында жарыс басталды, ананың 7 млрд-ы бар, мынаның 3 млрд-ы бар, бұл кімнің ақшасы, әрине халықтың ақшасы. Ал қазақ жастарының тұрмыс-тіршілігі қандай? Жастарымыздың көбінің басында баспанасы жоқ, неге үкімет баспана бермейді, үкіметке баспана беру қиын ба? Неге бюджетте жұмыс істейтіндерге ғана  ипотекаға үй беріледі? Ауыл шаруашылығында, өндіріс саласында, ауыр  жұмыс істейтіндерге неге берілмейді? Жаңағы миллиардтарды осы жастардың игілігіне неге жұмсамайды?

Бізде құрылысты ең арзан салаға айналдыруға болады. Біз таудың етегінде тұрмыз, тас пен құм тегін, цемент пен арматураны салып бетоннан құя береді. Үйлерді километрлеп салып тастап жастарға берсе, ары қарай өздері жөндеу жұмыстарын жүргізіп алады. Өзіңнің үйің, жұмысың болмаса, қалай өсіп, қалай өнеміз, қалай бала табасың, қалай тәрбиелейсің, қалай күн көресің? Мемлекетті өсіретін де, өшіретін де жастар, соның ішінде біздің қазақтың қаракөз қыздары. Сондықтан да қазақтың қыздарын есепке алу керек, бұларға жақсы жағдай жасалу керек, мемлекет тарапынан тегін оқытылуы, шәкіртақы берілуі тиіс. Себебі олар ертеңгі ана, ана жоғары білімді болмаса, ойлау деңгейі кең болмаса, баласына дұрыс тәрбие бере алмайды.

Сіз сәулет, сурет өнерінің қыр-сырын жақсы білесіз.  Бүгінгі Астана мен Алматының құрылысына қандай баға берер едіңіз?

– Бұрынғы кезде қалалық құрылыс комиссиясы  жұмыс істейтін, мысалы бір сәулетші жоба сызса, оны үлкен мамандар жиылып талқылайтын. Қазіргі кезде жүйе өзгерді, сәулетшілердің түк беделі жоқ, барлығын әкім шешеді, себебі жерді беретін де әкім, құрылысқа рұқсат беретін де әкім, сондықтан ол не дейді, сол орындалады, оған айтар уәж жоқ. Сәулетшілерге еркіндік берілу керек. Астананың көшуі өте ақылды, дұрыс шешім. Себебі Астананың құрылысы қазіргі заманға сай, көрікті, өте әдемі салынған қала. Орта Азия елдерінің ішінде алғашқы рет үлкен ғимараттар салу жағынан жақсы көрсеткіш көрсетті. Бірақ, сол құрылысқа қазақтың ұлттық нақыштарын қосу керек, алыстан қарағанда  мынау қазақтың жері, елі дейтіндей. Осыған көңіл бөлінсе деймін.

Сәулет өнері – өте нәзік жұмыс, оны ауызбен айтып жеткізе алмайсың. Мысалы, сен сондай әдемі киіндім дегеніңмен,  сырт көзге бірдеңе жетіспей тұрған сияқты, сұлулықты да ашатын осы жетіспей тұрған нәрсе. Бізде қазақ елін таныту десе ою-өрнек дейді, ол болмайды оны қолданатын жері де бар, қолданбайтын да тұстары болады. Сол сияқты біздің жасаған әр затымызда ұлттық идеология болу керек, мысалы, алғашқы ұлттық теңгеміз қандай еді, қазір қандай, бұрынғы элементтерінен бірде-бір із жоқ, өзімізге тән ұлттық белгілердің көзі жойылуда, бұл рухани азғындықтың заманы келді деген – сөз.

XVII ғасырда Мөңке би осы заманды мына бір өлең шумағымен сипаттап айтып кеткен:

Құрамалы қорғанды үйің болады,

Айнымалы төкпелі биің болады.

Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,

Ай сайын бас қосқан жиын болады.

Ертеңіне сенбейтін күнің болады,

Ала шұбар тілің болады.

Дүдәмалдеу дінің болады,

Әйелің базаршы болады

Еркегің қазаншы болады.

Міне, осы өлеңдегі заман – бүгінгі заман.

– Халқыңызға айтар тілегіңіз!

-Әрине мемлекеттің жақсылықтары көп, жаман деп айтуға болмайды, бірақ біздің потенциалымыз, біздегі мемлекеттің күші, жердің асты мен үстіндегі байлықтарымыз мұндай өмір сүруге татымайды, біз бұдан да артық, жоғары өмір сүруге міндеттіміз. Себебі,  бүкіл еуропа мемлекеттерінің байлығын жинағанда Қазақстанның байлығына жетпейді. Біздің мұнайымыз, көміріміз, уранымыз, алтынымыз, газымыз бар. Бүкіл Менделеев кестесіндегі элементтердің барлығы бізде. Осыны тиянақты, берекелі қылып шығарып, халықтың игілігіне жұмсауымыз қажет. Халықты көтеруіміз керек, егер мықты халық болмайтын болсақ, экономикамыз дамымаса, болашағымыз күмәнді болмақ. Ертеңгі ұрпақтарымыз өз Отанында емін-еркін жүретіндей, елдің, жердің иесі болатындай, байлығын пайдалана алатындай қоғам құрсақ, халықтың да көңілі тоқ болады.  Еліміз аман, заманымыз тыныш болсын. Жастарымыз мықты болсын.

– Әңгімеңізге рақмет, еліңізге қажымай еңбек ете беріңіз.

Гүлназ Смағұлова

Роза Өтелова

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар