/

Ақтөбелік бас тақырыптың бас қатырар төркіні жайында

685 рет қаралды

Ақтөбедегі әсіре діндарлармен соғыс елдегі бас тақырыпқа айналды. Ол мазмұны сипаты жағынан аса маңызды да саяси мәні бар тақ мұрагерлігі тақырыбын да күн тәртібінен ығыстырып шығарды. Тақтағылардың да, бастағылардың да басын қатырған бұл тақырып, елдің батысындағы ең ірі қала саналған Ақтөбеден басталғанымен, қыркүйекке қарай ауқымы кеңи түсті. Сондықтан да бұл тақырыпты үңги отырып, үңілу бүгінгі БАҚ-тардың да басым бағыты болып отыр, біздің де назарымызды бұрғаны сол себепті.

Былай қарағанда, оқиға жекелеген топтың діни көзқарасы мен сенімі болғанымен, үңіле қарағанда, оның аталмыш өңірдегі саяси-әлеуметтік, рухани-экономикалық үдерістердің соңғы ондаған жылдар ішіндегі тоғысының нәтижесі деп қараған жөн. Сондықтан қолға алған сарабымыз алуан тарап пен тақырыптың ауласына еріксіз апаратын жолдармен ғана шынайы болмақ.

Ақтөбе – елдің батысындағы экономикалық жағынан да, мәдени-әлеуметтік жағынан да ең ірі қала әрі аумағы ең үлкен облыс орталығы. Бұл жағынан өңірдегі Орал да, Атырау да, Ақтау да, Қызылорда да бұл қаламен үзеңгілесе алмайды. Ақтөбе – географиялық жағынан да ең ыңғайлы әрі елді Ресейдің іргелі Орынбор өлкесіне байланыстыратын қақпасы. Климаты мен экологиялық жағынан Оралға орын бергенімен, өңірдегі өзге аймақ азаматтарын магниттей тартатын, жастарын жоғары оқу орындарына, зейнеткер шалдарын жеке үй салып не сатып алып, алаңсыз демалуға итермелейтін батыстағы тұрғындық қоры төрт жүз мың адамды құраған мегаполистік мекен.

Ақтөбе – елдің мерейін хроммен өсіретін облыс қана емес, мұнайы арқылы елдің шығыстағы саясатын батысқа қарай көктей өткізген, шикізатын үңгіп, алуан алпауыт елдердің мүддесін тоқайластырып, олардың көкейлерін тестіріп, көздерін тіккізген Қазақстанның санаулы облысының бірі. Егемен елдің облыстағы алғашқы инвесторы француздармен басталып, Қытаймен аяқталып отыр. Жуырда күштік құрылымдармен болған шайқас та өңірдің мұнайлы жерінде орын алғаны белгілі.

Мұнай демекші, облыстың қара алтыны атқылаған кіндігі – Кеңқияқ аталатын бұрыннан да  атағы жайылған мекен. Бұл кент Кеңес одағы кезінде де мұнайымен бірге, тұрғындары мен жұмысшылардың мүддесі қитұрқы ойын алаңына айналған, түрлі тараптар тартысы болып тұратын облыстағы қызулы нүкте саналады. 1993 жылы қаңтарда болған Кеңқияқтағы жұмысшылар ереуілі де соның бірі болатын. Кеңқияқтың мұнайшы тұрғындары сол кезде «Ақтөбемұнайгаз» басшылығымен көңілдерін көншітпеген әлеуметтік жағдайға наразылықтарын білдіріп, салдары жергілікті дүрбелеңге ұласып, орталық биліктің назарын аударып қоймай, аталмыш өндіріс ұйымына талаптарын біршама орындатқаны бар…

Алайда, биылғы оқиғаның жөні де, сипаты да, салдары да бөлек. Оқиғаға түрткі болған жергілікті азаматтар рухани өмірлік бағдарын күрт өзгерткен. Шетелдік «нағыз» исламға бой ұрған және оны өздерінің қорғанышы боларлық идеологиялық тірекке айналдырған. Таза қазақы құндылықтан алыстап, өздеріне ғана мәлім орта жасақтап, сенім жүйесін таңдаған, еңбекке жарамды олар шешім қабылдағыш, әрі қойған мақсат жолында жанқиярлық топ жасақтаған. Қысқасы, бұлар – ішінара кездесетін адамдар тобы емес, болуы мүмкін экстремалдық жағдайға алдын ала қалыптасып, өмірлік мақсатқа өздерін барынша әзірлеген қарапайым азаматтардан құрылған, бізге беймәлім аса шектеулі психологиялық сезімге берілген әрі қауқарлы идеологиялық үдерістен өткен жасақ. Олардың өткен ол үдерісі қандай? Осы сұраққа жауап берсек, діни лаңкестік діңгегіне де үңілгендей болар едік. Бұл сұраққа жауап табу қиын және әдеттегідей діни секталық немесе рухани интервенциялық әрекеттен көру жеткіліксіз.

Біздің ойымызша, мұндай үдерістен өтіп, адамның ішкі жандүниесі мен рухани құрылымы шұғыл өзгеру үшін ол адамның жеке рухани әлемінің қарабайырлығы мен жұтаңдығы алғышарт болады. Бұл алғышарт бірнеше сипаттың жиынынан (коллекция) тұрады:

–         Әлеуметтік әлжуаздық;

–         Мәдени жұтаңдық;

–         Рухани жүйесіздік;

–         Адамдық қабылетті жүзеге асыру;

–         Қоғамдық әділдікті сезінбеу;

–         Этностық мақтаныштың төмендігі;

–         Мемлекеттік қамқорлықтың жеткіліксіздігі.

Бұл аталған факторлар тек қана ұшқары діни орта жасақтаушыларға ғана тән емес, жалпы қоғамдағы аутсайдерлік сипатқа ие жұртшылықтың саяси-әлеуметтік азапты бастан кешу сатылары болып табылады. Сондықтан осы сатыларға тоқталу арқылы біршама сұрақтарға жауаптың басы қылтияры сөзсіз.

Әлеуметтік әлжуаздық. Ақтөбе облысының мұнайлы өңірі негізінен Мұғалжар,Темір, Байғанин аудандарының аумағын қамтиды. Кеңестік дәуірде бұл аудандар мұнай өндірісімен бірге облыстың негізгі малды-егінді шаруашылығы гүлденген маңай болатын. Кәзіргі кезде мыңдап мал айдаған жайлау мен қыстақтар тыйпыл болып, ішінара әр жерде бір әупірімдеген жеке шаруалар ғана қалды. Ондаған шақырым айдала малсыз, иесіз, мекенсіз қалып, аумақты экологиялық қалпын дал-дұлын шығарған мұнайшылардың техникасы еркін кезіп, айқыш-ұйқыш қара жолдар мен мұнай-газ айдауыштары, құбырлары оңды-солды тартылып, қаптаған ұңғымалар басқан. Ағып-тамған мұнай қалдықтарына былыққан жерлер мен газға тұншыққан елді мекендер баршылық.

Өңірдің материалдық-рухани жағдайы ел егемен болғалы өзгере бастады. Жағдай «Ақтөбемұнай» кәсіпорнын сатып алған қытайлардың келуімен күрт өзгерді. Бұрын өз жерінің қара алтынына өздері қожайын сезінетін жергілікті тұрғындар енді қытайдың қолына қарап, соған еткен қызметпен нәпақа табу үшін емпеңдейтін күйге түсті. Тіпті, ауыл бойжеткендерінің бірқатары «айранқыз» аталып, мұнайшыларға айран ала келген болып, жезөкшелікпен табыс табатындары туралы да гу-гу ақпарат тараған.

Бұрынғы ауыл шаруашылығы мен мұнай өндірісі қатар, үйлесе дамыған бұл маңайда жұрттың негізгі күнкөрісі мұнай саласына ауысты. Тіпті, мұнай өндірісі кенжелеу қолға алынған, өркениеттен шалғай Байғанин ауданының бұрынғы Абай, Ақжар совхоздарының бүгінгі тұрғындары шетінен мұнайшы деуге болады. Кешегі малшының ұрпағы бүгінде санаулы малын бағуға емес, ұңғыма жұмысына ауысымға баруға әбден бейімделген.

Әрине, өңірде қытайдан басқа да еуропалық инвесторлар бар. Алайда, жалақы мен әлеуметтік жағдай жасауға келгенде ең сараңы қытайлар екенін жергілікті жұрт жақсы біледі. Дегенмен, «СНПС-Ақтөбемұнай» кәсіпорны келісімшарт бойынша жергілікті жерге белгілі бір мөлшерде әлеуметтік жағдай жасауға қатысып отырғаны рас. Мәселен, мұнай алауының бірқатарын сөндіріп, газ өңдеу зауыты салынып, аталмыш маңайдағы ауылдарға ілеспе газқұбырлары тартылуда. Алайда, әлеуметтік бұл қарқынды сорылып атқан шикізат қорының көлеміне шаққанда болмашы екенін аңғару қиын емес.

Өңірдегі қазіргі әлеуметтік әлжуаздық көрінісіне айғақ іздемей-ақ, биыл ғана Байғанин ауданына кеңес дәуірінен қалған қара жолмен сапарлап қайтқан «Нұр Отан» партиясының хатшысы бастан кешкен жол азабын келтірсек те жеткілікті. Дегенмен, аз-кем инвесторлар тарапынан облысқа берілетін әлеуметтік қоржын турасында жалпы көрініс бере кеткен абзал.

Қытайлық кәсіпорын тарапынан әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы облыстық әкімдік құзырында, яғни инвестор жергілікті билікке біржақты түрде қаржы бөліп, оның қандай мақсатқа, қалай жұмсалатынына бас ауыртпайды. Сондықтан да мұнайлы аудандардың өздерінің тарапына айтылатын сыны мен наразылығы инвестор үшін түсініксіз – өйткені, ол өз міндетін атқарып отыр. Ал, әкімдік уысына түскен қытайлық және басқа да мұнай-газ саласындағы инвесторлардан бөлінетін қаржы ашық жолмен жұмсалып жатқандығына күмән бар, себебі, бұл қаржының демократиялық жолмен жұмсалу құрылымы жоқ: жұмсалған ақша туралы мәслихат алдында да, халық алдында да облыс басшылығы бүге-шүгесіне дейін есеп берген емес болмаса қоғамдық негізде жасалған жобалар конкурстық жолмен таратылған емес. Сондықтан оның тиімділігін тек қана сол құзырды молынан пайдаланып отырған жергілікті атқару билігі ғана біледі.

Мәдени жұтаңдық. Ақтөбе облысы – қазақ халқының өнері мен ғылымына сүбелі үлес қосып келе жатқан өңір. Қазақтың күй-жыр фольклор өнерінің классиктері саналатын Қазанғап пен Нұрпейісті былай қойғанда, мұнайлы Темір ауданында дүниеге келіп, бірі тіл ғылымының негізін салуға, енді бірі қазақ топырағына музыкатану ғылымының нәрін сіңірген Құдайберген мен Ахмет Жұбановтар туылса, Байғанин ауданының Жарқамыс кенті Алматыдағы дуалы ауыздармен «кіші жазушылар одағы» аталып кетті. Өйткені, мұнда осы заманғы қазақ әдебиетінің классиктеріне айналған Тобық Жармағамбет, Өтежан Нұрғали, Бәкір Тәжібай, Есенбай Дүйсенбайлар туып өскен. Бұған оймауыттық сырбаз ақын Сағи Жиенбайды қосыңыз… Топырақ құнарсыз ба еді?  Ендеше бүгінгі өнерпаздарға жағдай неге жоқ? Олар неге өңірдің мақтаны мен көзайымы бола алмайды? Өткен ғасырдың 90-жылдарында облыстық мәдениетті басқарған Қази Жасекеновтың арқасында «Айтыстың астанасы» аталған Ақтөбеден бүгінде неге жөні түзу айтыскер шықпайды? Мұнайы ағып-тамбаса да, қазақтың көкпарын дүбірлеткен Шымкент жыл аралатып Шәмшінің фестивалін елдік ауқымға шығарды, мұнайы мен хромы ағыл-тегіл Ақтөбенің ең болмаса Ахмет Жұбанов атындағы аймақтық фестивальді өткізбеуін қалай түсінеміз? Қырымның қырық батыры жерленіп, жырланған өлкеде ең болмаса жыршы-термешілердің байқауы неге өтпейді? Қазаққа «Тамаша» аталатын эстрадалық театр сыйлаған Лұқпан Есенов оқыған Мәдени-ағарту училищесі бар Ақтөбеде эстрада жұлдыздары неге тумай қалды?

Жарайды, классиктерді былай қояйық. Тіпті, Алаштың абызына айналған көзі тірі Амангелді Айталы туралы да, оның ізін басып келе жатқан жасамыс философ Алтай Тайжанов туралы да, өңірдің ғылыми әлеуеті туралы да ауыз ашпайық. Тіпті, осы өңірге тән өндіріске қажетті маман даярлайтын оқу орындарының сықпытын да сөз етіп жарытпаспыз. Себебі, олардың әлгі әсіре діндарлар шығатын қазақтілді ортаға қырын қарайтыны белгілі болып отыр. Мәселен, Ақтөбедегі көпсалалы техникалық білім беретін Политехникалық колледждің (АПК) бірінші курсынан кейін қазақ балалар орысша топтарға топырлай ауысып, қазақ бөлімдері қараң қалатыны несі?АПК–ның былтырғы 1-курс бітірген студенттері биыл не орыс топтарына болмаса басқа салаға ауысып тентіреуге мәжбүр, адам саны жетіспегендіктен! Сонда облыстағы сексен пайызға жуық қазақтың балалары қайда жүр? Бәрі орыс болып кетті ме? Насихат қайда? Жағдай қайда? Ішкі саясат қайда? Ұлттық кадрмен қамту жоспары қайда? Егемен болған елдің, ұлттың мәдени сипаты қайда? Ақтөбелік интеллектуалдық әлеуетті соңынан ертіп, облыс басқарған Пачинмен ұлттық құндылық үшін шайқасып мерт болған Мұхтар Арындардың ізі мен ісі қайда? Сонда қазақтілді жас ұрпаққа дінге барып көңіл жұбатудан басқа не қалады?

Әрине, қаптаған сауалдың жауабы да жалғыз болуы мүмкін, жауап ретінде елдің егемен болған жиырма жылында Ақтөбе облысындағы әлеуметтік саланы басқарған облыс әкімінің ішінде қазақтілді орынбасар тек қана Амангелді Есіркепов болғанын еске алсақ та жеткілікті. Облыстағы кәзіргі орынбасарлардың бір де бірі мемлекеттік тілді меңгермеген пенделер. Бұл халық бір жақта, басшылық өзімен өзі екенін білдіретін ахуал болса керек.

Рухани жүйесіздік. Мұны рухани жүгенсіздік деуге де болады. Өйткені, талай ғасырлар бойы талай рухани басқынға төтеп берген қазақтың руханияты бүгінде шала жансар күйге түсті. Қазаққа білгішсінбейтін молда да, діндар да, араптанушы да қалмады. Кешегі кеңестік заманның талай құқайынан қалған-құтқан азын-аулақ рухани құндылығымыз әр ауылдың қорымына жерленген қожа-молдамен,иманды ақсақалмен бірге жерленгендей. Оны кеңестік механизатор болған шал да, ауылда ұстаздық етіп қартайғандар да бойларына сіңіре алмады…

Егемен елдің жаңа буыны жаңа руханиятты керексінді, сол кезде үріп-үріп бере қоятын алтындай құндылығымызды жас ұрпаққа ұсына алмадық. Оның есесіне әркім әр жаққа шапқылап, онсыз да тоз-тозы шығып, бір бірімен қырық пышақ исламдық идеологияның пұшпағын қуалатып жастарды оқуға шапқылаттық. Сөйтіп, олар қазаққа керек құндылық емес, араб пен ауғанның шөлдаласына қажет қуаң тартып, ортағасырлық кезеңді құбыла еткен, кеңестік қызыл идеологияның өңін айналдыра ұлтсыздыққа ұмтылдыратын ұрығын алып келді. Алып келген жоқ, өздері сол идеологияның миссионері ретінде үлкен дайындықтан өтіп келді. Бұл үшін ізденімпаз топты жазғырудың жөні жоқ, өйткені, қаңыраған жандүние мен аңыраған рухтың қажетін өтеуге деген талпыныстан туған қадам еді. Бұл жағдайды сараптап, бағалау мен тиісті шешім қабылдауды ойламаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының міндетін былай қойғанда, оның жамағат алдындағы шарасыз кінәсі өз алдына.

Оның есесіне егемен ұлтты төл мазмұнға толы ұлттық құндылықты жаңғырта ұсынатын рухани элита болмады, болғаны кешегі қызыл империяның насихатшылары еді. Ақырында мешіт пен медресені де жайлаған соның о жақ бұ жағындағы топтар болды. Дін мен арабтық құндылыққа қазақтың руханияты мен құндылығын отын етіп ошақ жағудан арыға бармайтындар осыдан шықты. Сөйтіп, жиырма жыл бойғы діни қадамымыз мешіт салу мен оның қарабайыр атрибуттарын түзеумен жүріп, мазмұны мен миссиясы ұмыт болды және әркімнің қолжаулығына айналмауын құнттайтын рухани-құрылымдық жүйе де қалыптаспады.

Осы сәтте шеттегі дайын рухани жүйелер қазақ құндылығын ту-талақай етуге лап берді. Руханиятты өз міндетінен шығарып тастаған мемлекет оған мойын бұрмады. Ақыры қазақ топырағында қазақтың төл рухына қайшы алуан жүйелер қалыптасып жатты. Діни қорғаныс турасында заң қабылдау жөнінде соңғы бес жыл бойы қанша ұсыныс түссе де, билік тарапынан оған байсалды көзқарас болған емес. Соның ішінде, қайта қаралуға жататын, он адам бірігіп діни ұйым құра салуды құзыреттеп қойған қарабайыр заңсымақ та бар.

Қазақ халқының идеологиялық қаңғуға ұшырауы Ақтөбе облысына ғана тән емес. Қазақстанның конфессиялық жұмақ екендігі турасындағы арзан жарнаманың, Батыс тарапынан демократиялық дәстүрдің босаңдығына қатысты айтылатын құқайдың өтеуі ретіндегі насихат екендігі ешкімге құпия болмайтын. Оның есесіне елге ерінбеген діни миссионерлер ат басын бұрумен ғана емес, идеологиялық тың игеруді құшырлана жүргізуге әрі құнарлы топырақты қопаруға ешбір кедергі болмаған еді. Тіпті, бейдәстүр діни ұйымдарды былай қойғанда, елдегі небәрі жиырма пайыздан аспайтын православтардың діни тұрғыдан Қазақстанды емін-еркін бой жазу алаңына айналдырып алғаны да қалыптасқан саяси салтқа айналды. Ақтөбенің қақ ортасындағы Орталық саябаққа салына бастаған «Нұрғасыр» мешіті бірнеше рет жұрттан жылу жинаумен зорға салынып бітсе, оған қарама қарсы бетке орын тепкен православ шіркеуі ешбір қиналмастан уақытында, жып-жинақы, ың-шыңсыз тұрғызыла салды. Оған қаржының қайдан келгені, солтүстіктегі көршінің егемен ел ісіне діни жолмен араласуының бар-жоқтығы ешкімді елең еткізбеді. Мұндай біртұтас сәулеттік шіркеулер барлық облыс орталықтарында дерлік ең көрнекті де жайлы орын теуіп, саңырауқұлақтай қаулап келетіні ресми билікті ойландырмайтыны өз алдына бөлек тақырып.

Адамдық қабылетті жүзеге асыру. Адамның өзін бақытты сезінуі, айналасы мен отанына, ұлтына деген ардақтау сезімі шын мәнінде, оның бойындағы адамдық сапасын жүзеге асыруымен өлшенеді. Өз қабылетін өз бақытына жұмсай алмаған адамның өмірін сәтті сезінуі неғайбыл, тіпті, сезіну былай тұрсын, ол айналасынан жиреніп, көңіл қошын алыстан іздейтіні табиғи. Сол себепті де, қазақтілді қазақтар өз қабылетін діни құлшыныстан жаппай іздеу жүзеге аса бастады. Мешітке қазақ жастары ағыла бастады, оны жұрт жақсыға балады, рухани тазару құбылысы көрді. Бұл жаратқанға деген сұраныстан гөрі, рухани ішкі дағдарыстың салдары ма, әлді адамның қабылеті егемен Қазақстанда қалай еркін жол табатыны турасында ғылыми зерттеуді былай қойғанда, ток-шоу тақырыбы да болған емес.

Елдегі экономикалық және саяси үдерістердің қарапайым бұқараны қалай айналып өтетіні онсыз да белгілі. Бұқараның өз тағдыры үшін заң жүзінде де, қоғамдық негізде де қорғанатындай тетігі жоқтың қасы. Ауыл әкімінен бастап, облыс әкіміне дейін, аудан-облыс мәслихаттары бұқараның қатысынсыз құрылып, сайланып солардың тағдырына қатысты шешімді сырттай қабылдайтын үдеріс тетігі болып алды. Ал, адамдық қабылетті шыңдайтын да, жұмсайтын да – осы үдеріс еді. Елдің бұл үдерісі халқынан тыс өтіп жатыр… Демек, адам қабылетіне жол жабатын мұндай үдерістер бұқараның кейбір тобын өгей идеология мен өзге руханиятқа иек арту мен жол іздеуге мәжбүр етуі табиғи емес пе?!

Қоғамдық әділдікті сезінбеу. Елдегі орныққан қоғамдық формация жабайы капиталистік мазмұнға негізделген деуге болады. Қарапайым адамдардың жеткілікті өмір сүруге қажетті ақпарат пен материалдық игіліктерге қол жеткізуі мүмкін емес. Бұл жағдай Қазақстандағы уытты да, аса жүйеленген жемқорлық тетікпен барынша нығая түскен. Ауыл шаруашылығында фермерлер мен шағын-орта бизнестің дамымауы, билік пен байлық құрылымдарының барған сайын сыбайластық құрығына түсуі қоғамда безбүйрек билік пен берекетсіз байлықтың салтанат құруына жол ашып отыр. Осының нәтижесінде қарапайым бұқараның негізін құрайтын қазақтілді азаматтар мейлінше пессимистік психологияға ұшырап, депрессияға түсіп, өмір сүруден алыстап, бірқатары діни жалбарынудан пенделік қанағаттану сезімін ғана дағдыға айналдыра бастады.

Ақтөбедегі ғана емес, жалпы елдегі мұнай саласына қатысты әділетсіздік алуан сипатқа ие және түрлі деңгейді қамтыған. Бұдан бірнеше жыл бұрын Темір ауданының кейбір мұнайшылары иегіне сақал қойғаны үшін басшылық тарапынан қудаланып, түртпекке түсіп, сот арқылы құқықтық қорғанысқа шыққаны бар. Осындай сүргінге түскен адамның көзқарасы бұзылмай, қаны қараймай қайтер еді?! Ал, тасымал қызметімен табыс табатын «СНПС-Ақтөбемұнай» кәсіпорнына қарасты көлік айдаушылар өздерінің қитұрқылықпен тасымал қызметінен аластатылу мүмкіндігі барын біліп, биыл облыс басшылығына наразылық білдіруге мәжбүр болды.

Әрине, қоғамдағы әділетсіздік пен берекесіздікке қарап отырмағандар да болды. Өз жерінен көрінген келіп өз үлесін алып отырғанда, оның улы ауасын ғана жұтумен келіспейтіндер де табылатыны белгілі еді. Олар дереу топ құрып, керекті адамдармен байланысып, мұнай құбырын тесіп, шикі мұнай ұрлап сатуды кәсіп етті. Оған белгілі бір құзырлы адамдар да мүдделі болды.Әр беріден соң ол белгілі бір қарқын алып, жүйесін қалыптастыры. Оның арасында тәртіп сақшыларының да болғаны ешкімге жасырын емес. Бұл да әсіре әділетсіздікке қарсы тұрарлық халықтық шараның бірі болса керек.

Қоғамда түрлі әділетсіздік пен даудың болып тұруы – заңдылық, алайда оның шешілетіндей әділетті жолы мен жүйеге негізделген құрылымы болуы керек. Болмаған жағдайда, өмірде небір келеңсіз әрі қылмыстық әрекетке толы шешімдер жүзеге аса бастайды. Басқа мұнайлы өлкеге қатысты жағдай, жұмысқа тұру жолында пара берумен іске асатын жүйе Ақтөбеде де әбден орныққаны белгілі. Талай адам алдын ала жиған-терген парасын беріп, жұмыссыз алданғаны бар.Мұның барлығы зайырлы мемлекеттік органдарға деген қарапайым адамдар тарапынан әбден көңіл қалдыруға апарып соғып, олардың аспанға ғана алақан жайып, әсіре діндар болудан басқаға құлқы да қалмайтыны рас.

Облыстағы басты табыс көзі мемлекет үшін де, азаматтар үшін мұнай саласы екені рас бола тұра, мыңдаған жергілікті азаматтарды әділ түрде жұмысқа алуды ұйымдастыра алмау, ойластырамау, оған арнайы жүйе мен кең тараған мамандар мәліметін құрып, тестен өткен жұртты кезекке қою арқылы бұқараны биліктің шынайылығына, адалдығына сендіретіндей әрекет етпеу – бір жағынан дәрменсіздік болса, екінші жағынан мемлекетті зиян шектіру екені айтпаса да белгілі. Бір қызығы, бұл мәселе ешуақытта қай деңгейде болса да қаралған емес!

Этностық мақтаныштың төмендігі. Бұл жағдай Ақтөбе облысын былай қойғанда елдегі мемлекеттік тілдің жағдайынан айдай анық көрінетін ахуал. Қазақы мақтаныштың төмендігі дертке айналып, ушыққаны сондай, тіпті, Атырау облысында қазақ-түрік этносаралық адам қырғынына апарып соққан жағдайдың орын алғаны белгілі. Басты себеп – қазақтардың өз жерінде бейшара халды бастан кешуінің шеттен келгендердің көзіне айқын түсуі, соның салдарынан инвесторлар мен шетелдік жұмысшылар тарапынан қазақтарға деген жек көрініш сезімінің қозуы еді. Арап жұмысшылары тарапынан Ақсай газ кенішінде де қазақтарды менсінбей, оларды рухани қорлауға жеткізген талай оқиғалардың орын алғаны рас. Әлі де бар.

Ақтөбедегі қытайлық кәсіпорында қазақ тарапынан жоғарғы эшелонда істейтіндер турасында сөз басқа. Олар  туралы кезінде қазақтың алты қанат ақ ордасына қытайдың музыкасын сарнатып, ауабаптағышты қосып, аяқтарынан тік тұрып, қол қусырып, қытай мұнайшыларын жаңа қожайындардай қалай қарсы алғаны жөнінде талай әңгіме қозған еді. Бертін келе еркінсіген қытайлар қазақтарды сапқа тұрғызып, өз мемлекетінің гимндерін қосып қойып, қорлайтыны туралы да жария болған. Бұл енді инвестор тарапынан болған қазақ ұлтына деген рухани басыну мысалы болғанымен, этностық мақтаныштың орнын құлдық сезім басқан көрініс деуге болады. Мұның барлығының арғы жағында – ұлттың мүддесін қорғай алмайтын, оны қолжаулық етіп, биліктің биігін бағындыратын кездейсоқ адамдардың ұлт байлығы мен билігін ұстау мәселесі тұр!

Қандай ұлттық мақтаныш болмақ, егер де Ақтөбе облысындағы барынша объективті ақпаратпен қамтитын тәуелсіз «Диапазон», «Эврика», «Среда» газеттерінің үшеуі де орыстілді болса да, шалғай қазақтілді ауданға ешбір кедергісіз тарауда! Өңірдегі қазақ жұрты өгей тілде ақпаратқа қарық болуда! Өз тілінде еркін ақпарат алудан жұрдай халықтан қандай мақтаныш күтуге болады?

Мемлекеттік қамқорлықтың жеткіліксіздігі. Әрине, аталған алғышарттардың қасында атасындай көрінетін басты бір фактор бар, ол – мемлекеттің өз азаматтарына деген ерекше қамқорлығын жасай әрі соны сездіре алуы. Ол болмаған жағдайда, жұрттың өзі де, шетелдік сырт көз де оны оп-оңай көреді және соған сәйкес түрлі әрекетке толы реакция орын алады. Мәселе – мұнайлы өңірлердегі мемлекеттік қамқорлықты жергілікті жұрттың барынша жете сезінуі үшін қажетті саяси шешімдер мен экономикалық реттегіштердің болуында. Ішкі жалпы, өнімінің ширегін құрайтын мұнай саласы Ұлттық қордың арқасында мемлекеттік қамқорлықты сезінуі әбден тиісті жайт еді, алайда, ол орын алмай отыр. Тұрғын үй қоры әбден тозған, мыңдаған ауылдары қараң қалып, тұрғындары тентіреген өңірлерге ең болмаса жеңілдікпен баспана салып беру мәселесі шешілмей отырғанда, әрине, ондай әрекеттің орнын жалған жарнама мен нақұрыс насихат басатыны белгілі. Алайда, халықтың миллиондаған көзін қарықтыру Күннің де қолынан келмейді – бәрі көрініп тұр!

Қорыта келгенде, Ақтөбеде басталып, елдің батысын түгел шарпи бастаған мемлекетке қоқан-лоққы көрсетіп, лаң салу әрекеті – соған қатысушылардың соңғы он-он бес жыл бойғы өмірінен түзілген елге деген суу сезімі мен мемлекетке деген өгейсу мен кектену үрдісінің салдары. Оны пірдің сөзімен ұйыту, діндардың дұғасымен ыдырату мүмкіндігі аз. Тіпті, бақайшағына дейін қаруланған сарбазың да кекке толы жанын құрбан етуге әзір жанкештіні жолдан тайдыра қоймас және оның тамырына балта шабыла қояр ма екен? Дұрысы – біз қарастырған мәселелерді көктей шолып, зерделеп, сәйкес шешім мен тиісті жағдайды тереңдете қолға алу керек. Өйтпесек, бұған дейінгі жыйған-терген мемлекеттік абыройға әлем алдында дақ түсері хақ.

Сергек Ерқосай

Ақтөбе

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі