/

Радиостанциялардың болашағы бар ма?

1231 рет қаралды
3

Жаңазамандық талаптар

Жаңазамандық портативтік құрылымдардың қарқынды дамуына байланысты медиа-тұтыну да айтарлықтай өзгерістерге тап болды. Қазіргі радиотыңдаушылардың негізін жеке көліктер мен қоғамдық көліктердегі адамдар, ал, жасы жағынан жастардың көбірек құрайтындығы анық. Радио секілді ақпарат құралы қоғамдық формациямен бірге өзгеріп отыратын сұраныспен қатар  дамып отыруға тиісті. Бұл күнде кеңестік кезеңдегі сияқты ас үйде немесе кеңселерде отырып, радионовелла, радиоочерк, радиоэссе сияқты ұзын-сонар әрі жасанды дауыстармен оқылатын радиохабарларды тыңдайтындар аз, бар болғанда да олардың жасы 60-80 жас аралығындағылар. Радио жастар тыңдауға қолайлы БАҚ болғандықтан, соңғы оншақты жылдарда еуропалық радиолар 19-49 жас аралығындағылардың ақпараттық  сұранысына айырықша жұмыс жасаумен жоғары рейтингке ие болды. Бүгінде жалпы әлем бойынша тақырыптық және  музыкалық -ақпараттық  радиолар алға шығып отыр, таза мемлекеттік тапсырысқа жұмыс істейтіндер өте аз. Мемлекеттік тапсырысқа жұмыс жасау мүмкіндігі бар радиолар бірінші кезекте мемлекеттік идеологияны жастардың қабылдауына сәйкес насихаттау жағын қарастыруға тиіс. Қазіргідей қай салада болсын әлемдік тенденция өзімен  есептестірмей қоймайтын  уақытта  өмір сүріп отырғандықтан, бүгінгі радиөнімдер тек ақпарат пен музыкаға айналып кеткен ғасырдың уәжімен  келісуге тиіспіз. Десе де жаппай ұқсастық қарқын алып кеткендіктен, талай жылдар бойғы ізденіс пен еңбектің нәтижесінде пайда болған классикалық радиолардың болашағы әлеуметтік зерттеушілерді алаңдата бастаған сыңайлы. Сондықтан да, соңғы жылдары Батыста жаңа медиақұрылымдардың дамуы классикалық радиоларды тыңдауға қаншалықты әсер ететіндігі және радиоаудиторияны қалай сақтап қалу турасындағы мәселелер салмақты мәселе ретінде қоғам назарына қойыла бастады. Өйткені,  жаңа медиалардың дамуы, интернеттік экспансиялар  радио секілді дәстүрлі БАҚ-ты амалсыз және қатаң түрде ысырып шығаруда. Бұл адам санасының  қандай ақпаратты болса да, тиімді әрі тез қабылдауға бейім тұратындығын және соған сәйкес қызмет көрсете алатын ақпарат құралын таңдайтындығын көрсетеді. Мұндай жағдайда классикалық радионы сақтап қалудың ең тиімді амалдарын қарастыру қажет. Бірақ, бүгінгі жастар  кеңес заманындағыдай құлаш-құлаш романдар оқып өскен буын секілді  қабылдау психологиясы  соған сәйкес қалыптасқандардан емес. Кеңестік кезеңдегі қоғамдық таным мен әлеуметтік өмір сүру деңгейіне негізделген радиожанрларды дәл сол қалпында пайдалану замана талабының шаңына тұншығып, көштен қалу. Әр ақпарат құралының түріне сәйкес уақыт талабымен қатар жұмыс жасап отырған радиостанциялар бүгінде күллі елге мәшһүр рейтингке жетіп отырса, тыс қалғандары алдағы күндердегі болжамдардан қаперсіз қалғандықтан күйреу дүбара кезеңді бастан кешіріп отыр. Сонымен жалпы радиоарналардың болашағы қандай болмақ?

Жалпы радиостанциялардың болашағы қандай болмақ?

Расында да, жойқын күшпен дамып келе жатқан ғаламтор экспансиясы  радио секілді көне ақпарат құралын мүлдем ығыстырып шығаруы мүмкін бе? Портативтік  құрылымдардың жаңа түрлерімен тіресе жүріп, өзін аман есен сақтап қалуға тырысып жатқан радиостанциялардың мамандары бүгінде жаңа кезеңге дайындалу үстінде. Жаңа бренд-жобаларды жеткізу тәсілдерін ойластырып, жаңа маркетингтік стратегияларды жасау үстінде. Өйткені, алдағы оншақты жылда тыңдармандардың радиоға деген қызығушылығы азаяды деген болжам айтылуда. Әртүрлі ақпараттық құрылымдардың көбейетіндігі сондай, алдағы 10 жылдың айналасында тыңдарман кез-келген аудиоконтенттен, кез-келген әлемнің нүктесінен дәл сол кезеңде ең жылдам ақпарат алуға қолайлы жасалған  құрылымды жаппай таңдауға болады. Қазіргі күнде Америкада спутниктік радио жедел даму үстінде.  2010 жылы олардың саны жиырма миллионға жетті. Кез келген ақпарат құралының заман талабына қаншалықты ілесіп отырғандығын анықтайтын 18-34 жас  аралығындағы аудитория болса, осы жастағылар спутниктік радиоларды жиі тыңдайтындығы айтылған. Америкада  жасалған әлеуметтік зерттеулерде алдағы жылдары спутниктік радиолардың тұтынушылары айтарлықтай өсетіндігі,  2010 жылы олардың саны   20, 1 миллионға жеткендігі анықталды.  Сондықтан да,  жас аудиторияның (18-34)  арасында «Жаңа аудио-технологияның ролі қаншалықты?» деген  мақсатта зерттеу батыста үнемі жүргізілумен келеді. Қазіргі  тенденция бойынша радиотыңдармандардың жергілікті оқиғаларды жоғары бағалайтындығы хақ. Яғни, радио тыңдармандарға өтіп кеткен қырық немесе жүз жылғы оқиғалардан гөрі дәл бүгінгі немесе ертеңгі  ақпараттық қажеттілік өтімді. Олай болмағанда, мемлекеттік статусы болса да, форматы ауыл қазақтары ғана тыңдайтын деңгейдегі радиолар қалалық қазақтардың сұранысынан тыс қала бермек.

Егер алдағы жылдарда аудиторияның қызығушылығынан айырылатын болсақ, әсіресе қоғамның белсенді мүшелері жастардан  айырылсақ, шамасы 10 жылдың ішінде бүкіл әлем бойынша  радио туралы мәселе қоғамдық сұрақ  болудан қалатын болар? Және бұл тақылеттес болжамдар да айтылуда. Қазіргі күнде барлық радиотаратушылар соған сәйкес қамданып, әрекеттеніп жатыр.

Қазақстандық радиостанциялардың болашағы қалай болуы мүмкін  және  не істеуі қажет?

Радионың өз кәсіби мамандары мен іскерлері жауапкершілікті қолға алып отырған радиостанцияларда бұл мәселе бойынша жаңа уақыттың брендіне сәйкес жаңа маркетингтік стратегияларды ойлап табуда. Бізде ше? Радиода өңі түгіл түсінде жұмыс жасап көрмеген  әрі кешегі буын өкілдерінің  күн көретін мекеніне айналған дүбара кезең отандық жетекші радиоларымыз «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» ұлттық арнасын жаңғыртуды талап етіп отырған жағдайда. Қазақстандағы отандық радиолар үшін  «Қазақ радиосының» қалыптасу функциясын ескере отырып, аралас жанрды көбірек дамытуды қолға алған жөн. Себебі, онда хабар таратудың барлық түрлері пайдаланылатындықтан, барлық аудиторияның көңілін табуға мүмкіндік бар. Шығармашылық процессті уақыт талабына сәйкес жүргізу үшін басқа салаларда қолданылатын маркетингтік (сараптап-талдау, тыңдарманға өткізу) тәсілдің  радиоөнімдерге қолданылмай отырғаны өкінішті.   Қазақтілді радиостанциялар ендігі жерде отандық радионарықтың даму тарихының бүгінгі күн үшін жаңа да қызықты болып табылатын жаңа бренд жобаларын ойлап тауып, өзіндік бренд жүргізушілерін тәрбиелеп баулуы қажет. Қазақстан секілді қарызға батып отырған мемлекеттің хал -ахуалы  қаржыны  ақтай алмаған мемлекеттік БАҚ – тың масылдығын көтере алмайтын жағдайда. Демек, мемлекеттік каржыны ақпарат құралының қоғамдағы ықпалды орын алуына тиімді пайдалана алмай отырған радиоларға бұдан былай үкімет бюджет шашпау жағын ойластыратыны  хақ.  Қазіргі Қазақ радиосы бұрынғы кезеңдерде  жасалған тәжірибені талғажау етіп отыр. Әрине, халқымыздың табиғи болмысына сәйкес біз радиоға тек ақпарат көзі ретінде ғана емес, адамдардың жан дүниесін баулитын ақпарат құралы ретінде де қарауымыз шарттылық.  Бірақ, ақпаратты жеткізу тәсілі, ақпаратты алу көздері қазіргідей шай ішіп, бауырсақ жеп жүре беру арқылы емес әрине. Қазіргі күнде  қалалық радиолар басым танымалдыққа да, сұранысқа да  ие. Радионарыққа тән  тенденциялар ретінде медиахолдингтер мен медиакомпаниялардың нығаюының  арқасында арнайы эфирлік форматтардың ойлап табыла бастауын бөліп атауға болады. Себебі, одан түсетін  табыс та  жақсы.  Жоба да, эфир де табыс әкелуге бағытталуы тиісті. Бұл тенденциялар барлық елдерге ортақ   Ал, ақпарат құралы  үшін формат, стиль, стилистика деген талаптар өзгеріссіз қалпында пайдалана беретін цифр емес. Өкінішке орай, ол-біздің маңызды БАҚ алдындағы қаншалықты кәсіби және адами ар ұятымыздың саулығын немесе мешеулігін  анықтап отыратын көрсеткіш! Адамдар өздеріне қажетті рухани кеңістіктің орынын толтырғысы келген кезде радионы қосады. Қазіргі қазақтілді тыңдарман үшін  әрбір тақырып эфирге салалық сауатты жүргізушімен шыққаны қажет. Әлемдік тенденция бойынша бүгінде  жоғары рейтингке ие болып отырған радиолардың барлығының да 70-80  пайызын тікелей эфир  иеленеді. Отандық радио десек, бірден ауызға ілігетін «Қазақ радиосы» мен «Шалқардың» тікелей эфирі  әлі күнге дейін 40  пайызға жеткен жоқ.  Қазіргі жастардың миы қабылдамайтын әбден жауыр болған ескі дикторлық  дауыстардың күндізгі уақытта эфирде жүруі адам таңғаларлық. Уақыт болса өтіп жатыр… Эфирден ұзыннан ұзақ берілумен келе жатқан концерттерді  үнтаспадан да дәл солай тыңдауға болады емес пе? Оның радио эфирінен өтіп жатқандығын байқататын форматтық ерекшелігі болмаса, несі радиоконцерт.  Бұл біздің өнімді ақпарат құралының ерекшелігі арқылы өтімді етуден күні бүгінге дейін бей жай отырғанымызды  көрсетеді. Қорыта айтқанда,  қазірде  отандық  тақырыптық радиостанциялар ашыла түсуге тиісті кезеңде өмір сүріп отырмыз. Болашақта отандық радионарықтың күшеюіне, өзара бәсекелестік тудыруға мүмкіндік сонда жасалады. Тәуелсіздік кезеңіндегі электронды ақпарат құралдарына қойылатын талап табиғилық, тездік, қарапайымдық, жаттандылықтан қашу екенін ұмытпасақ болғаны..

Десе де,  салалық топ-менеджерлер, маркетингтік жүйе енбейінше мұның бәрі түсініксіз болып қала береді…

Қорытынды

Қазіргі ақпараттық атмосфераны жасаушы контингент әлдеқашан ауысқан. Әлемдік тенденция бойынша, алға озып кеткен  заманауи ақпарат құралдарында салтанат құрып отырған да сол жас буынның жетістігі. Бүгінгі күн үшін радио деген жедел ақпарат, музыка және көңіл көтеріп ой пікір бөлісу. Бұрынғы уақытта қазіргідей мол ақпараттық құралдар болмағандықтан, радио да газет, телеадидармен бірге үлкен тақырыптарды көтеруге мүмкіндік болды. Бірақ, біз қазір ақпараттық небір құрылымдардан аяқ алып жүре алмай қалдық емес пе? Өкінішке орай, жалғыз «Қазақ радиомызды»  қосып қалсаңыз, кеңестік кезеңдегі дикторлар немесе солардың  нақышымен қойылған  жасанды дауыстар  амандасып жатады. Дәл бір ретро радиодай. Қалай болғанда да, қазіргі  радиолар өзге БАҚ та жоқ мүмкіндіктерге басым назар аударғанда ғана  жалпы  ақпараттық базардағы өз өтімділігін арттыра алады

Ақсұңқар Ақынбабақызы,

Отандық радио саласы бойынша «Жыл Адамы-Алтын адам  2010» атағының иегері.

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. Қазіргі Қазақ радиосының бағдарламалары мен жүргізушілері кісінің қарынын аштырады. Бірде құлағымызды радиоға түре қалып ек, жүргізуші “сайдың тасындай іріктелген қыздар” деп ұрып жатыр екен. Сосын бірде, “он саусағынан өнер тамған жігіттер” дейді. Құдай-ау, сайдың тасындай жігіттер, он саусағынан өнер тамған қыздар деп айтпаушы ма еді атам қазақ. Сөзіде, әуені де қуып кеткен әндерді келсе-келмес эфирден жібере береді. Талғамсыз.

  2. Сіз оны айтасыз, мен “терең қайғырып көңіл айтады” дегенді де естіген едім. Ең әуелі радиожурналистердің сөйлеу мәдениетін қалыптастыру керек

  3. осы қазіргі заманда радиостанциялардың біздін елге қаншама пайдасы бар журналисттерге кім осыны толық жауабын айта алады

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері