/

Толық нұсқасы табылды

870 рет қаралды

Азанбай абыздың «ауызын» аңдып отырсаң алтын саулап түсіп жатқандай. Өткен күндердің тасқа жазған өшпес белгі-бітігіндей тұнып тұрған тұма тарих. Тарих болғанда анау-мынаудың қисынына қарай қисайтып құрастыра салған, өңделіп, күзеліп, ойдан шығарып, жамап-жасқаған шын-өтірігі араласып кеткен, артқы ұрпақты адастыратын ала-құла тарих емес, еш қоспасыз, бұзылмаған, бұрмаланбаған  таза тарих. Алтын – сөз. Құлақ қойып тыңдап, тап жылмай отырғанымызға да ырза болғаны болуы керек, сөз арасында абыз «біздің жастардың ішінде сөзіңе ықылас қоятын жеткіншектер тым сиреп кетті» деп назын да ірікпейді. Алды алыс Америкадан, мұндағысы мұхит аспай-ақ туып-өскен елінде еңбек етіп, ғылым мен техниканың озық үлгілерін жалықпай үйреніп, заманымен қатар жетілген жастарға қарап көңіл тояды. Ата сөзін “әке балаға сыншы” дегенге сайдық.

Түркия қазақтары өздерін «қазақ түркілеріміз», «біз де түрікпіз» дейді. Өздері түрік екендіктерін мақтан тұтады. Жөн ғой. Тегі бір, түбі бір. Діл мен тілі бір. Дінін айтпай отырған себебім; олардың – түріктердің шын мұсылмандығы дүбәра ма деп қалдым. Ол жайында кейін бір тоқталармын. Алайда қазақтың түрік болуы үшін тілдік қана емес түрлік өзгеріске ұшырап, сіңісіуі қажет екен. Өйткені, қасқа маңдайыңда «қазақ түрік» деген жазудан гөрі монголоидтігің мен мұндалап тұрғандықтан сексен миллионға жуық түріктің қайсысының құлағына сыбырлап жүресің, «мен қазақ түрікпін» деп?  Содан болар, қазақты білмейтін түріктер әуелі «сенен жапонбысың, не шинамысың (қытаймысың)» деп сұрайды екен. «Қазақ түркілеріміз» дегенде «а, қазақ түркілерімісіз» деп жылы қабақ танытып, «атаиуртымыздан» (ата жұрт) келген мүсәпірлеріміз екенсіздер ғой» деп түп тұқияныңызға бойлайды. Бірақ қазбалап, сонырқаламайды, болды. Әуелі «мүсәпір» дегендері құлағымызға жайсыздау естілді. «Мүсәпір» сөзі түрік тілінде «қонақ» деген мағынада қолданылатынын, «аңдаусызда ағайындардың аузынан шығып қалып жатса көңілдеріңе алмаңдар» деп Азанбай абыз алдын ала ұқтырып қойған еді.

Бір сөзінде абыз «тек жүрсең, тоқ жүресің» деген мәтелді қиюы келген орайда айтып қалды. Айтқанда «тек жүрсең, тоқ жүресің» деп біздің қазіргі пайдаланып жүргеніміздей шолақ қайыра салған жоқ, оның толық нұсқасын өлеңдетіп жіберді. Ал біздің айтып жүргеніміз сол бір шумақтың бірінші жолының бір үзігі ғана екен.  Бұл мәтелдің толық нұсқасы былайша айтылады екен:

Тек жүрсең, тоқ жүресің ашта болсаң,

Көресің талай нәрсе жас та болсаң.

Жалтаң көз ел ішінде атанасың,

Қылығың өз басыңнан асқаннан соң,– деп келетін тәлім-тағылымдық мағынасы зор топ-толық өлең екен. Қазақ мақал-мәтелдері дегеніміз кезінде осындай аузы дуалы ақылгөй, данышпан ата-бабаларымыздың айтқан өсиет, жыр-шумақтарынан ғасырдан-ғасыр асып, кейінгі ұрпағына жеткен құнды жәдігерлер екеніне тағы да көзіміз жете түседі. Мінеки,  Азанбай абыздың «абдырасынан» асыл сөздің осылай толық нұсқасы табылды.

(жалғасы, басы 21,26-қыркүйекте).

Бурылалтай

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар