//

Харун Токак: Тулайды тамырымда түрік қаны

1512 рет қаралды
4

Харун ТОКАК

жазушы

Диалог Еуразия Платформасының тең төрағасы

Қоңырау соғылды. «Кешіктім-ау» деп мектепке асыға жөнелді. Мұғалімдер бөлмесінен портфелін алып сыныпқа қарай жүгірді. Ежелгі Алтын Орда орналасқан тарихи жерге алғаш келуі болмаса, оқушыларымен қоян-қолтық араласып, олардың сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерген-ді. Әбілхаяттың орнына сүйіспеншілік суынан дәм татты Ыбырайым. Шілтердей тоқылған жер жүзіндегі ең көрікті сағада құрылған Астрахан қаласы…

***

Әсем қала Астраханның екі нәрсесін ұнататын: оқушыларымен бірге болу және күн батар алдын Волганың Каспийге құйылып аққанын тамашалау. Анасына қауышқан баланың қол созып тұрғанындай дәл осы жерде құшақ жая қарсы алады Волга өзені. Және күннің сәулесіне балқыған алтындай иірімдеп ағып Каспийдің құшағына тығыла түседі. Екі судың етене қосылуы алыстан арман куып келген мұғалімге дем беріп, қиялындағы бейбіт өмірді елестеткендей.

Сынып журналына қол қойып, тақтаға келесі сабақтың тақырыбын жаза бастап еді. Орнынан тұрмай, мұңға батып отырған оқушысын байқап қалды. Анадолының әндеріндей мұңлы, сүйкімді оқушысының қасына келіп сұрады:

–  Коля, бірдеме болып қалды ма?

–  Шешем ауруханаға түсіп еді, соны ойлап отырмын.

–  Әкең қайда, ауруы қандай?

–  Әкем құрылыс жұмыстарымен басқа қалада жүр. Нәпақасын жеткізу үшін күндіз-түні жұмыс істейді. Дәрігерлер шешемнің ауруы әбден асқынып кеткен дейді. Үміт жоқ сияқты.

Бала жауар бұлттың жалтылындай еді. Сөзін әрең бітіріп, екі алақанымен бетін басты. Екі иығы селкілдеп, кемсеңдеп жылады. Ыбырайым не айтарын, не істерін білмей дал. Өзі де өмір бойы қара жұмысшы болған әкеден туған.  Коляның жібектей сары шашынан сипай бергенде, өз шешесі ойына оралды.

«Аяулы анашым аз да болса сауығып емделді ме екен? Мені шығарып салғанда, қалай ғана еңіреп жылап еді?» Шешесін бір ғасыр бойы көрмегендей қатты сағынды.

Сонан болар, сағыныштың ащы сезімін алқызыл алау таңда тынбай аққан Волганың тылсым тұңғиығына батырып, Каспийдің тау толқындарына тұншықтырғысы келетін. Терең ойынан қайта оянып:

– Коля, алаңдама. Сабақтан кейін мамаңа бірге барып, көңілін сұрап қайтайық, – деді. Бала қуанып қалды.

Сабақ аяқталысымен «жүр кеттік» деп, Ыбырайым Колямен бірге мұғалімдер бөлмесіне келіп, кітаптарын сөреге қойып сыртқа беттеді.

Ауруханаға жақындай бергенде Коляның қобалжи бастағанын байқады. Аурухана бөлмесінің алдында тұрып: «Әуелі сен кіріп ал. Менің келгенімді алдын ала айтып қой,» – деп ескертті Ыбырайым. Мамасы ұлын көрер көрмес төсегінен көтеріліп құшақ жайды. Коля зып етіп анасының құшағына еніп кетті. Бала анасының жылы құшағын жібергісі келмеді. «Бұл соңғы көрісуіміз шығар» деп ойлады. Бірден есін жиып: «Мама, мұғаліммен бірге келіп едім. Көңіл сұрайын деп келді,» – деді. Шешесі ыңғайсызданып, сорғалап аққан көз жасын сүртіп, ағарған шашын жөндеп қойды. «Келсін, әлбетте,» – деді мұғалімнің келгеніне таңғалып.

«Мұғалімнің не жұмысы бар еді? Балам бірдеме бүлдіріп қойған шығар, сірә? Әлде, көптен мектепке бара алмай жүргенімнен болар, мектепке де бірдеме қажет болып қалған шығар?» деп ойлады шешесі.

Ыбырайым езу тартып амандасып, ішке кірді. «Алла шипасын берсін, апай. Ести салысымен қал-жағдайыңызды білейін деп келдім,» – деп қолындағы гүлдерді жастықтың үстіне қоя салды. Гүлді көріп қуанып кеткен Коляның мамасы:

–  Әуре болып керегі не? Жалғыз ұлым сіздерге аманат. Жалғыздықты сезбесе болғаны. Күйеуім екеуіміз сізге аманат қылып бергенбіз о баста. Менің жағдайым осы; бірнеше күндік өмірім қалды. Сізден бір ғана өтінішім бар. Коляны күніне бір рет жіберіп тұрсаңыз. Ең болмағанда осы санаулы күндердің ішінде жалғыз болмайын, – деп, ауыр қайғыдан езіліп, қан қақсап отырды. Ыбырайым мұндай сөз естимін деп ойлаған жоқ-ты. «Қайда асығасыз, апай-ау. Алладан күдер үзуге болмайды. Мен дәрігерлермен сөйлесіп көрейін,» – деп жұбатты.

– Жоқ, әуре болмаңыз. Дәрігерлер бір литр қан мен операцияның ақысын тауып беруімді сұрап отыр. Дәл қазіргі жағдайымыз мәз емес, – деп дәрменсіздігін білдірді. Ыбырайым сөніп өшкен үміт отын қайта жаққысы келгендей:

–  Сіз әлі жассыз. Үмітсіз – шайтан. Коляға келін тауып беру керек, – деп кішкене әзілге бұрды. «Өлемін деп тұрған әйел елуге толмаған ғой» деп ойлады ішінен. Бірақ бейшара әйелдің тартқан тауқыметі оңай емес тұғын. «Қойыңыз, жыламаңыз енді,» – деп жұбатып қойған соң, Коляға бұрылып, «Сен мамаңмен қал, мен қазір келемін,» – деп бөлмеден шығып кетті.

Кезекші медбикеге жолығып, науқас әйелдің қан тобын сұрады. Алған жауабына қуанып қалды. «Демек қанымыз сәйкес екен» деді. Содан кейін қала телефонынан мектептегі достарына хабар берді. Бір сағаттың ішінде төрт жігіт ауруханаға келді. Екі жігіттің де қаны сәйкес болып шықты. Ендеше қан ісі тәмам. Келесі мәселе ақша тұғын. Мұғалімдерден ақша жинап алып төлейміз деп ойластырды және осы жақсы хабарды науқас әйелдің жатқан бөлмесіне кіріп жеткізді.

Мұндай жақсы хабарды әйел мүлдем күтпеп еді. Қуанғаннан жылап жіберді. Алғыс айтайын десе, жылауы тоқтамай көз жасына тұншыға берді. Сорғалап аққан көз жасын сүртумен болды. Төрт жігіт төрт жақтан жұбатып, жылы сөз айтып отырды. Коляның қуанышы қойнына сыймай, «Жаса анашым, жаса!» деп мамасын құшақтады. Әйел баласын кеудесіне қысып, «Ұлдарым-ау, сендер қандай адамсыңдар? Сендердің жасаған жақсылықтарыңды бұл жерде бөтен тұрмақ туған баласы да жасамайды ғой», – деді.

Мұғалімдердің жүрегі сыздап қоя берді. «Ұлым» деген ананың ауызынан ғана шығатын сөзді естімегелі біраз болып еді.

–  Сіздерге қарыздармын, – деді еріндері дірілдеп еңірей жылаған әйел.

–  Ол жағын ойламаңыз, – деді Ыбырайым. – Бізге анамыздай боласыз.

Операция амандықпен аяқталды. Дәрігерлер бөлмесіне алып келгенде әйел ұйқылы күйде жатыр еді. Сол күні мемлекеттік теледидарда қызмет ететін журналист әйел де ауруханаға түсіп, сол бөлмеге екінші төсек орынға жайғасқан болатын.

Наркоз тарай бастағанда, Коляның мамасы ұйқылы-ояу сандырақтап сөйлеп жатты: «Құдайым-ау, мың шүкір айтамын, менің тамырымда түріктің қаны бар».

Операциядан кейін есін жинағанда көрші төсекте ербиіп жатқан әлгі журналист әйел: «Сен сандырақтап не айтқаныңды білесің бе? Тамырымда түріктің қаны бар дегенің не? Сен мұсылман емес, орыссың ғой,» – деп сұрады намыстанып. Науқас әйел болған оқиғаны егжей-тегжейлі айтып беріп еді, мұқият тыңдап жатқан көршісі растап, бәрінің амандықпен аяқталғанына шүкіршілік танытты.

Ауруханадан жазылып шыққан соң екеуі түрік мектебінде кездеседі. Коляның мамасы осы жолы түрік мұғалімдерінен көрген жақсылығын теледидар арқылы бүкіл Ресей Федерациясына жайып, сөзін былайша аяқтайды: «Құдайға күніге шүкіршілік етемін, тамырымда тулайды түріктің қаны…»

Сүйіспеншілікке арқа сүйеген жандар өзгені бақытқа жеткізу үшін міндетті түрде жолын табады. Осы идеяны өмірбақи арқалап келген абыздың айтқанындай: «Мыңдаған әскерлер қиратып-бұзып кіре алмаған қорғандарды сүйіспеншілік пен сыйластықтың саңлақ сардарлары оп-оңай жаулап алады».

Сүйіспеншіліктің сәйгүлігіне мініп жеткен бұл жігіттер қаншалаған жүректі жаулап алып жатыр, десеңші…

Түрік тілінен тәржімалаған

Мәлік ОТАРБАЕВ

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. Тамаша әңгіме екен. Қарапайым оқылғанымен желісі бөлек. Иә Нұржан қан берген гой…

  2. Бос мылжың Шынайы емес жасандылық бар Түрік лицейлердің мақсаты сол мұсылмандарды мәңгүрттендіріп христиандармен қандас жасау

  3. казірге дейін мәнгүрттенген лицей түлегін көргенім жок. кокжиегі тар кейбір ұлтшыл сымактылар осылай түсінеді. мұсылманды христианмен калай кандас жасайсын, акымагымау

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар